Қыр 30, 2023 23:39 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (28)

Бүгінгі бағдарламада Керман тарихи қаласын аралауды жалғастырып, қаладағы сырға толы ғимаратттардың бірі Тастар мұражайына немесе Джебелие күмбезіне барамыз.

Керман облысы "Мұражайлар облысы" деген атпен танымал. Бүгінгі бағдарламада Керман тарихи қаласын аралауды жалғастырып, ондағы сырға толы ғимаратттардың бірі Тастар мұражайына немесе Джебелие күмбезіне барамыз. Ұзақ жылдар өтсе де, Джебелие күмбезі аз-маз жөндеумен әлі де өз қалпында тұр.

Джебелие күмбезі

Бұл құнды ғимарат сегізбұрышты пішінде тастан салынған. Ғимараттың әр қырының ені 2 метрден тұрады. Қазіргі таңда ғимараттың беріктігін арттыру үшін 7 есік таспен жабылып, бір есік қана ашық қалдырылған. Джебелие күмбезінің төбесі кірпіштен салынған, оның іші әдемі алебастр жапсырмаларымен безендірілген. Қабырғаға қолданылған материал – қиыршық тастар. Қабырға сырты сылақ ерітіндісімен және іші әкпен сыланған. Өкінішке қарай, зерттеушілер осы күнге дейін Джебелие күмбезінің тарихы мен салынған уақыты жайлы нақты да дәлелді мәліметтер таба алмады. Бірақ оның құрылысынан Сасанилер дәуірінің соңында салынып, Ислам дәуірінің бастапқы кезінде жөндеуден өткізілгенін көруге болады немесе Ислам дәуірінің бастапқы кезіндегі сәулетшілер оны Сасанилер заманының архитектуралық стилінен шабыт алып салған болуы мүмкін. Джебелие күмбезі х.ш.ж.с.б. 1316 жылы Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.  

Бұл ғимарат х.ш.ж.с.б. 1383 жылы қолданыс аясын өзгертіп, Керманның Тас мұражайына айналды. Онда түрлі тарихи кезеңдерге қатысты 120-дан аса қашалған тас, соның ішінде Рабер мыңжылдық тасы, Селжұқтар кезіне қатысты Қожа Атабек құлпытасы, тас жазбалар сияқты вакфке берілген  маңызды бірнеше тас қойылған.

 

Керман облысы – Иранның ең үлкен облысы. Әртүрлі тарихи кезеңдерде түрлі этнос өкілдері, соның ішінде түрік, лур, ләк пен бәлуч өкілдері Керман облысына қоныс аударғаннан кейін облыстың түрлі аудандарынан әрқилы диалектілерді көруге болады. Этникалық топтармен бірге Керман қаласында бірнеше мың зороастр мен яһуди азшылығы өмір сүреді. Қалада діни азшылықтар діни рәсімдер мен мерекелерді еркін өткізеді. Зороастрлардың ең ірі мейрамы саналатын "Сәде" көне мейрамы жыл сайын бахман айында Керманда өтеді. Бұл мейрам х.ш.ж.с.б. 1390 жылы Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген.

 

Аташкаде немесе Керман зороастрларының ғибадатханасы х.ш.ж.с.б. 1303 жылы салынды. Кірпіштен қаланған ғибадатхана есігінің маңдайшасына үш сөз жазылған. Һуммет – ізгі ой, һухат – ізгі сөз – һурәшт – ізгі іс. Аташкаденің алғашқы ғимараты 4 мың шаршы метр ауданды алып жатқан жерде салынған. Кейіннен ондаған зороастр ғалымның талпынысымен бұл кешен 8 мың шаршы метрге үлкейтілді. Қазір онда конференц-зал, асхана, кітапхана, компьютер орталығы, Иран зороастрларының ассоциациясы нысанының техникалық қолдау орталығы, этнографиялық мұражай, ассоциация хатшылығы, директорлар кеңесінің конференц-залы, діни оқу орталығы орналасқан. Бұлардың барлығы Иран зороастрлары ассоциациясы тарапынан басқарылады. Зороастр ғибадатшыларының пікірінше, атташкедегі от бірнеше мың жыл бұрын Үндістаннан осы жерге әкелінген екен.  

 

Иран зороастрларының мұражайы – әлемдегі зороастрлардың алғашқы құжаттар және этнографиялық мұражайы. Х.ш.ж.с.б. 1370 жылы мұражайға экспонаттар жинала бастап, 1380 жылы аяқталды. Ол 1384 жылы 10 тирде ресми түрде ашылды. Мұражайдың бір бөлігі түрлі от және май жағатын ыдыстар, қызғалдақ шырағдандарға арналған. Мұражайдың ең көне заттарының бірі – 200 жылдан аса тарихы бар "Гата" қолжазба кітабының бір нұсқасы және 1207 жылы жасалған тұтқасы бар от жағатын ыдыс. Бұл мұражайдың құнды бөліктерінің бірі – жиһаз және құжаттар бөлімі. Мұнда 50 жылдан 150 жылға дейін көнелігі бар зороастр әйелдердің киімдері сақталған. Зороастр әйелдердің киімдері туралы ақпарат Ахеменилерден Сасанилерге дейінгі құжаттарда бар.

Керман аташкадесі х.ш.ж.с.б. 1380 жылы 4190 нөмірімен Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелген. Қазіргі таңда бұл кешен – Керман зороастрларының ең ірі әрі ең қадірлі қоғамдық орны. Зороастрлармен бірге жыл сайын 10 мыңнан аса турист осы ғибадатхананы зиярат етеді.

Керман аташкадесі

 

Керман қаласымен таныстыруды жалғастыра келіп, Санати мұражайына барайық. Бұл кешен – шын мәнінде ирандық өнерпаздардың заманауи туындылары қойылған мұражай. Әрине онда ирандық танымал тұлғалардың ғана емес, әлем өнерпаздарының бірқатар танымал туындылары қойылған. Мұражай атауы оның иесі ұстаз Әли Акбар Санатидің атымен аталған. Мұражайдағы экспонаттардың жартысы осы ұстазға тиесілі.

 

Мұражайдағы 83 туынды Иранның бұрынғы және қазіргі өнерпаздарына, 16 туынды кейбір шетелдік өнерпаздарға тиесілі. Кәсіби мүсінші ұстаз Әли Акбар Санати мүсін жасау және бейнелеу өнерінде теңдессіз туындыларға ие. Ол Керман облысының қайырымды адамдарының бірі әрі политехникалық ғылыми-зерттеу орталығының негізін қалаушылардың бірі болған. Көрнекті ұстаз 1353 жылы дүниеден озды. Оның немересі мен өнерпаздардың бір тобының талпынысының арқасында Санати заманауи өнер мұражайы ашылды.  

Керман – Иранның ең әдемі қалалардың бірі. Қаланы міндетті түрде тамашалап, оның таңғажайып тартымдылықтарымен танысу керек. Әрине Керманның әдеміліктері тарихи ескеркіштер және өнер туындыларымен шектелмейді. Өйткені осы аймақтың қызу қанды халқының мәдениеті мен қонақжайлылығы жалпы мен жалқыға аян.  

Келесі бағдарламада Керман қаласымен танысуды одан ары жалғастырамыз.