Сәу 13, 2016 14:22 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (22)

Иран сәулет өнерінде осы елде өндірілетін және жергілікті климаттық жағдайға сәйкес келетін құрылыс материалдары қолданылады. Кей жағдайда Жерорта теңізінің ауа райына ұқсайтын Иранның әралуан климаттық жағдайы үнемі дәстүрлі сәулетшілердің назарында болған.

Қала құрылысын салушылар географиялық жағдайға сәйкес тұрғын үйлерді салуда жергілікті материалдарды пайдаланған. Ирандық зерттеуші Мұхаммад Хасан Абришами осы жайында былай дейді: "Кашан, Натанз, Кошмәр, Шахруд сияқты шөлді аймақтарға жақын тұратын адамдардың үйлері толықтай ауа райы жағдайына сәйкестендіріліп салынған. Кірпіштен салынған биік дуалды үйлерде "сардаб" – су сақтайтын орын болған. Бұл орындағы су жазда салқын, қыста жылы болған. Төбелердің саз балшықтан жасалған күмбезі болған. Бұл күмбез үйді жазда салқын ауамен қамтамасыз етіп отырған. Тіпті Иран сәулетшілері күннің қозғалысы мен оның жылуының мөлшеріне көңіл аударып отырған. Сондықтан үнемі жылы мен суық температура салыстырмалы түрде теңестіріп отырған. Сәулет өнерімен қоса, адамдардың ыдыстары әртүрлі аймақтағы климаттық жағдайға сәйкес келетін қыштың ерекше түрінен жасалатын болған."

Ағашты пайдалану – Иранның дәстүрлі сәулет өнерінің тағы бір ерекшелігі болып табылады. Ағаш көбінесе Иранның солтүстігінде Каспий теңізінің жағалауы мен Гилан және Мазендеран облыстарында қолданылған. Бұл аймақтарда ағашты есік пен терезе, төбені тірейтін баған мен бөдеге және үйдің қаңқасын жасауға пайдаланған. Ғимараттардың қаңқасымен қоса, ағаш ғимараттарды безендіруге кеңінен пайдаланылады. Осы аймақтардағы ең көп таралған дәстүрлі үйдің түрі – "галипуш" деп аталады. Үйдің төбесі "гали" деген шөппен жабылады. Гали – тоған маңында өсетін шөптің бір түрі. Осы аймақтарда салынатын үйлер айналадағы ағаштар сияқты биік. Бұл үйлер әдетте екі қабатты болып келеді. Горизонталды түрде ауланы айнала салынатын Иранның орталық аймақтарына керісінше солтүстікте үй бөлмелері бірінің үстіне бірі салынады. Күріш алқаптары жанындағы нулы ормандар құрылыс материалымен қамтамасыз ететін ең маңызды қор болып табылады. 

Үйдің шатыры Иранның солтүстігіндегі жауын-шашынның ұдайы әрі қатты түсетіндігі себепті бірнеше қабатты әрі еңістеу салынады. Иранның солтүстік аймақтарының кейбірінде ағаштың үстіне қыш төсеп отырған. Бүгінде еден салу, төбені безендіру және үйдің ішкі декорациясын жасау мен әдемі нақышты есіктер жасау үшін ағаш қолданылады. 

Иранның орталық, солтүстік-батыс пен солтүстік-шығыс аймақтарын аралаған адам осы аймақтардағы үйлердің құрылысы Иранның оңтүстігіндегі қалаларда салынған дәстүрлі ғимараттардан айырмашылығы барлығын бірден байқайды. Иранның дәстүрлі сәулетшілері ауа райы өте ыстық әрі ылғалды осы аймақтарда өте қызық бастамалар мен жаңалықтарды қолданды. Селге ұласатын жауын-шашындар, аптап ыстық пен қатты ылғалға төтеп бере алатын жаңа бастамалар ғимараттардың беріктігін арттырады. Осындай бастамалардың бірі - кесек алебастр тастарды пайдалану. 

Иранның оңтүстігіндегі әртүрлі ғимараттардың қабырғасы көбінесе алебастр тастармен жабылған. Төбелердің биіктігі шамамен 5 метр болатын. Тіпті торлы терезелер алебастрдан жасалған. Бұл терезелер әдемі геометриялық нақыштармен безендірілетін. Мұндай терезелердің маңызды қызметтерінің бірі - салқын ауаны ғимарат ішіне бағыттау болып табылады. Осы аймақтағы үйлердің есіктері "сирасам" немесе "коһур" атты ағаштан жасалған. Бұл ағаш ыстық пен ылғалға берік және бетіне ойылған әдемі өрнектер арқылы үйдің кіре берісіне тартымды көрініс береді. 

Базарлар мен мешіт сынды кейбір қоғамдық орындардың төбесі ши тоқыма немесе қамыспен жабылады. Бұл ауа мен жарық айналымына көмектеседі. Ши тоқыманың түсі қызыл, қара, сары түсті болып келеді. Бұл үйдің әдемілігін арттыра түседі. 

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған және Ислам дәуірінің әртүрлі кезеңдерінен бізге жеткен кейбір құрылыстарда Иранның дәстүрлі сәулет өнерінде түрлі түсті шыны қолданылғандығы анықталды. Бұл шынылар жарықпен қамтамасыз ету, есік пен терезе, күмбездер мен шабестанды көмкеру үшін пайдаланылды. Тіпті б.з.д. 1 мыңжылдыққа жататын "Зигурате Чоғозамбиль" ғибадатханасында құбыр мен спираль іспеттес шынылар төменгі қабаттарға жарық түсіру үшін қолданылған. Бұл шыны ескерткіш бүгінде Иранның ұлттық мұражайында сақталынып тұр. 

Ахеменидтер заманында шыны жасау өнері ғимараттың әр жеріне түрлі түсті жіптерді ілу арқылы көрініс тапқан. Ислам келгеннен кейін Сефевидтер дәуірінде "Чехелсутун" және "Хашт бехешт" сияқты ғимараттарда әртүрлі геометриялық пішіндегі айнаның беті мен астына сурет салу пайдаланылды. Бұл өнер Қаджар дәуірінде өзінің шарықтау шегіне жетті. Көптеген жабық галереялар, имамзадалардың кесенелері мен қасиетті орындар, сарайлар өте әдемі айна сынықтарымен көмкерілді. 

Шыны – бүгінде Иранның құрылыстарындағы негізгі құрылыс материалдарының бірі. Шыны ғимараттардың сыртқы келбетін ғана емес, олардың ішін безендіруде де маңызды рөл атқарады. 

Құрылыстың әдемілігі мен беріктігін арттыруда сырлы кірпіш пайдалану Селжұқтар кезеңінен басталды және одан кейінгі ғасырларда Тимуридтер мен Сефевидтер дәуірінде өзінің шарықтау шегіне жетті. Сырлы кірпіш Ислам дәуіріндегі ғимараттарды безендіруде басты рөл атқарды және сырлы кірпіш жасаушылар арқасында әртүрлі тәсілде пайдаланылды. Ғимараттарды безендіруде бір түсті, жеті түсті, Құран аяттары жазылған сырлы кірпіштер мен оның кірпішпен араласқан түрін пайдалану кең таралған. Сырлы қышпен күмбездер мен мұнараларды жабу, ішкі қабырға мен михрабтың бетін безендіру Иранның діни ғимараттарына ерекше тартымдылық сыйлады. 

Иранның дәстүрлі сәулет өнерінде ғимаратты әдемілеу үшін қолданылған тағы бір құрылыс материалының түрі – бояу немесе сыр. Б.з.д. 3-4 мыңжылдықтарда тұрғын үйді, тұрмыс заттары мен адамдардың беті мен денесін безендіру үшін бояу қолданылған. Ахеменид дәуірінде ғимараттың қабырғаларын бояумен қоса, еден жасауда да сыр қолданылған. Құм, әк және қызыл түстің қосындысын Персеполистегі Дариуш сарайының еденінен көруге болады. Бірақ Ислам дәуірінде ғимараттарды безендіру шарықтау шегіне жетті. Бұл заманда минералды бояуларды пайдалану, кафельмен көмкеру және алебастр үстіне сурет салу кең қолданылды. Ғимараттарда өсімдіктер пішініндегі суреттердің түрлері әралуан бояуларды пайдалану арқылы салынды. Мұның үлгілері қазір де бар. Бүгінде сурет салу мен сырлау бір ғимаратты салудың аяқ кезіндегі жұмыстардың бірі болып саналады. 

Қазір бояулар өнеркәсіптік жолмен алынады. Әрине оларда ешқандай табиғи қасиет жоқ. 

Тарихи деректер бойынша, сасанидтік сарайлардың қабырғалары суреттермен көмкерілген. Тисфун сарайында алебастр бетіне сурет салынған. Бұл суреттердің көбінде қонақ күту мен сарай маңындағылардың әртүрлі рәсімдері өте салтанатты түрде салынған. Кейбір мәтіндерде ирандықтардың қабырға бетіне салған суреттері мен олардың тақырыптары жайлы айтылған. Фердоусидің "Шахнамасында" Залдың әйелі әрі Рустамның апасы Рудабені былай сипаттаған: 

"Бұл үй шаттыққа толы көктемдей болды 

Онда ұлы тұлғалардың бейнесі салынған" 

"Шахнаманың" басқа бір жерінде Сиявуш сарайы террасасының қабырғасындағы суреттер былай сипатталған: 

Қала пейіштей көмкерілген 

Дала гиацинт пен қызғалдаққа толы. 

Террасада патшалар, той-томалақ пен егістіктің суреттері салынған 

Әр бұрышта төбесі көкке өрлеген күмбез салынған. 

Тегтер