Сәу 13, 2016 14:25 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (23)

Иранның түкпір-түкпіріндегі базарлар, мешіттер, сарайлар, қорғандар, керуен сарайлар, көпірлер, тіпті моншалардың үлгілері ирандық сәулет стилімен салынған. Бұл ескерткіштердің кейбірі мәдени мұра ретінде қорғауға алынған, ал кейбіреулері әлі де өздерінің дәстүрлі қызметін атқарып келеді.

Тарихи базарлар Иран қалаларының көбісінде әлі де халықтың экономикалық қатынастары жүргізілетін орындар болып табылады және салыстырмалы түрде өздерінің бұрынғы сипатын сақтап қалған. Базар кейбір сөздіктерде "вазар", яғни тауар мен азық-түлік сатылатын орын деп берілген. Сондай-ақ, Деһхода сөздігінде "базар" сөзі пехлеви тілінде алыс-беріс орнына қатысты айтылған. Франциялықтар мен португалдықтар бұл сөзді ирандықтардан алған.

Базар деп ежелде екі қатарда бір-біріне қарама-қарсы тізілген дүкендерді айтқан. Бұл дүкендердің төбелері бір-бірімен тұтастырылып жасалатын. Кейбір жазушылар оны алыс-беріс алаңы және саудагерлердің ауданы деп атаған. 

Иранның базары өзінің айрықша ерекшеліктерімен үнемі әлемнің назарында болып келген. Дастандар мен әпсаналарда базар жайлы тартымды сахналар сипатталған. Жазушылар мен саяхатшылардың көбісі Иранды сипаттай бастағанда міндетті түрде Иранның базарларының есімін атап отырған. 

Иран қолөнершілерінің шыншылдығы мен кәсіби ұжданы олардың бір-біріне жақын орналасып, әр өнер саласына қатысты тауар түрін ұсыну үшін арнайы бөлімдер ашуға итермелейді. Олар шын мәнінде сатып алушыға (клиентке) әртүрлі тауарларды көріп, оларды бір-бірімен салыстырып, өзіне қажетті тауарды таңдап алуға мүмкіндік беріп отырған. 

Иран базары осындай құрылым мен тәртіп негізінде әкімшілік-діни кешендер, қала және ауыл жолдары, алаңдардың айналасында салынған. Олардың айналасында тұрғын үйлер орналасқан. Егер базар жайлы әртүрлі тарих пен рауаяттарға көз салатын болсақ, экономикалық мәселелер тарихшылар көңіл аударып, оның өзгерістерінің әртүрлі кезеңдерін баяндаған маңызды тақырыптардың бірі болғандығын байқаймыз. Базар экономика тұрғысынан көбіне өндіріс тәсіліне байланысты. Азиядағы, әсіресе Ирандағы базар қалалық, ауылдық немесе көшпелі өмір сүру тәсіліне байланысты әртүрлі қалыпта көрініс тапты. Мысалы, қаладағы базарлар қалалықтардың қажеттіліктерін өтеумен қоса, ауыл тұрғындарының да қажеттіліктеріне жауап бере алатындай етіліп жасалынған. Бұл базарларда ауыл тұрғындары өз өнімдерін қала тұрғындарына сатып, оның орнына өздеріне қажетті тауарлар мен заттарды сатып алып отырған. 

Қазвин даласындағы "Таппе Зағе" деп аталатын жердегі құдықтар б.з.д. 5-6 мыңжылдығына тиесілі. Бұл аталмыш төбенің өркениетті адамдардың өмір сүрген ауданы болғандығын көрсетеді. Деректер бойынша, олар ауылшаруашылық өнімдерін көп өндірген, металл және қыш заттарды өндіру саласында кәсіби шеберлікке қол жеткізген. Мұны бізге жеткен үлгілерден көруге болады. Бұл деректер бойынша, олар бұл заттарды орталық базарда сататын болған. 

Кашандағы Сиалк төбесінде қызықты үлгі табылды. Осы тарихи төбеде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде Парсы шығанағы жағалауына тиесілі үлкен қабыршықтар (ракушкалар) мен теңіз ұлулары табылды. Осы ауданда табылған кішкентай қабыршақтардан жасалған моншақтар ежелгі базарларда сауда-саттықтың дамығандығын көрсетеді. 

Археологтардың көбісі табылған осы заттарға қарай отырып, сол замандағы сауда-экономикалық және әлеуметтік жағдайды сипаттап берді. Олардың пайымдауынша, базарлардың табылуы міндетті түрде қаланың пайда болуымен қатар жүрмейді, тек адамдардың бір жерде шоғырланып, тауар алмасқандығын көрсетеді. Олар базарлардың көбінесе алыс-беріс жолдарымен жапсарлас болатындығын айтады. 

Бұл деректер бойынша, Ирандағы тұрғылықты жерлердің айқын үлгісі - базар. Базар Иран қалаларының негізгі ошағы. Онда қаланың әлеуметтік-экономикалық, мәдени тынысы орналасқан. Базар қаланың негізгі дарбазаларын бір-біріне жалғастырып тұрған. Осылайша, тұрақты базарлар қаланың ішіндегі ең негізгі жолдың бойында орналасқан. Ол қаланың кіре беріс дарбазасынан басталып, оның ортасына дейін созылып жатқан. 

Базар үш бөліктен тұрған: өндіріс, сауда-саттық және қызмет көрсетуге арналған қолданбалы кеңістік; сатып алушылардың жүріп-тұратын орны, сондай-ақ дүкендерді бір-бірінен бөліп тұратын кеңістік; базар ішінде адамдардың жиналатын орындары, мысалы, мешіт пен шайхана. Тіпті Иранның бұрынғы базарларында әртүрлі цех жұмысшыларының жаз бен қыз мезгілдерінде жиналатын орны назарға алынған. 

Басқа қырдан алып қарағанда, базар бірнеше бөлікке бөлінеді: росте – негізгі арналар (бағыттар), рәсте – қосалқы арналар, дәліз, сарай, тимче – тауардың бір түрін сататын орын және қойма. Осы элементтерді пайдалану сатып алушыларға қызмет көрсетіп, олардың ризалығына ие болуға айтарлықтай әсер етіп отырған. Мысалы, әрбір негізгі арна (қатар) белгілі бір тауар түріне арналып отырған және тауарларды баға және сапа жағынан бір-бірімен салыстыруға мүмкіндік берген. Осы себептен адамдар базардың әртүрлі бөлігінде адасып жүрмейтін болған. 

Иранның дәстүрлі базарлары үнемі қалалық және ауылдық кешендер, монша, мешіт, медресе және т.б. сияқты орындардың жанына салынып отырған және осы әлеуметтік орындармен үйлесімді байланыста болған. Бірақ қазіргі замандағы жаңа өзгерістерден кейін базардың архитектуралық жобасы да айтарлықтай өзгерді. Мысалы, "Хиабан" (даңғыл) деп аталатын кіреберіс арнасына жапсарлас моторлы көліктердің өтетін жері немесе метро салу базардың құрылымын өзгертіп жіберді. Қала салу жобасында күрделі өзгерістер орын алғандықтан, базардың басқа әлеуметтік орталықтармен қатынасы өзгерді. 

Бұрын базар көлемінің белгілі бір мөлшері болмаған. Ол қаланың ауданы мен базардың белсенді қызметіне байланысты болған. Кішкене және орташа қалалардағы базаралардың негізгі арнасының ұзындығы бірнеше жүз метрді құраған, ал үлкен қалаларда 1 шақырымнан астам қашықтыққа созылып отырған. Базардың ені 5-10 метр болған. Базарлардың ғимаратында ең жақсы құрылыс материалдары мен ең тиімді архитектуралық тәсілдер пайдаланылған. Ғимараттың бағандары мен қабырғалары тас пен кірпіштен жасалған, ал төбені жабуға алебстр мен кірпішті пайдаланған. Базардағы ең үлкен жолайрықтарының төбесін жабу үшін күмбез салып отырған. Күмбез базардың биіктігін арттырып, ондағы тесіктер арқылы жарық пен ауаның кіруіне жағдай жасаған. Базарлардың төбесі көбінесе саз былшықпен жабылып отырған. Өйткені саз балшық жылылық пен ылғалдылыққа қарсы оқшауландырушы қасиетке ие болған. Базардың едені бұрын ештеңемен қапталмаған. Жер уақыт өтісімен тапталып, қатайып кететін болған. Әрине, біртіндеп тас пен кірпіш базар мен дүкендердің еденін жабуы үшін пайдаланылды. 

Қаланың негізгі алаңының жанына салынған базарлардың кіреберіс есігі алаңға қаратылып салынған. Бұл есіктердің маңдайшасы өте тартымды етіліп жасалынатын. Базар есігінің маңдайшасының салыну жобасын Иранның басқа тарихи ғимараттарының маңдайшасымен салыстыруға болады. Олардың көбісі сырлы кірпіш, қыш кірпішпен безендіріліп, жартылай күмбез іспеттес қалыпта, жазба тақташалармен өрнектелген. Осындай маңдайшалардың бірі - Теһранның үлкен базары. Оның кіреберіс есігі архитектуралық өрнектермен безендірілген. Бұл маңдайша әлі күнге дейін көрген адамның көзін қызықтырады. 

Бұл маңдайшалар базардың негізгі арналарына жол бастайды. Бұл арналар ені 4-6 метрді құрайтын дәліз іспеттес болған. 

Оның төбесі күмбез және жартылай күмбезбен жабылған. Оның екі жағында ерекше тәртіппен дүкендер орналастырылған. Бұл орындар өзінің қызмет түріне байланысты әртүрлі жоба және нақышпен салынып отырған. Осындай дүкендердің бірқаншасында жертөле, қойма және балкон болған. Олардың төбесі мен есігі көбіне ағаштан жасалған. Олар соңғы жылдары біркелкі жаңа есікпен ауыстырылды. Дүкеннің ішіндегі жарық төбедегі тесіктер арқылы қамтамасыз етіледі.