Сәу 13, 2016 14:26 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (24)

Иран базарларының бірнеше мыңжылдық тарихы бар. Бұл елдің ежелгі қалаларында үнемі дәстүрлі базарлар болған. Олардың кейбіреулері әлі күнге дейін халық арасында алыс-беріс орталығы қызметін атқарады.

Иранның базары екі қатарда тізілген дүкендерден тұрады. Бұл дүкендердің кірпіш төбесі бір-бірімен тұтастырыла жабылған. Бірақ бұл қарапайым сипаттама Иран базарларының әдемілігі мен әралуандығын жеткізе алмайды. Базарлардың әдемі архитектуралық жобасы, ондағы тауарлардың әралуандығы, онда қолданылатын ерекше әдет-ғұрыптар мен мінез-құлықтар – осының барлығы базарларды Иранның көрнекті жерлерінің біріне айналдырды. Мысалы, ежелгі заманнан бүгінге дейін әрбір саяхатшы немесе жолаушы Иранға сапары кезінде міндетті түрде базарларды тамашалап кететін болған.

Марокколық мұсылман жазушы әрі саяхатшы Ибн Батута (х.қ.ж.с.б. 8 ғасыр, 14 ғасыр) өз сапарнамасында өзінің Иранға сапары жайлы жазып өткен. Ол Иран базарларының үлкендігі мен нығметке толылығы, әсіресе ондағы ғимараттардың ерекше архитектуралық жобасын сол замандағы бірегей туындылардың бірі деп атап өткен. Ибн Батута: "Табриз базарын көріп, таң-тамаша қалдым",-деп мойындайды. Ол Табриздің алтын мен зергерлік бұйымдар базарын сипаттай келіп: "Ол заманда бұл базарды "Қейтарие" деп атаған",-дейді. Ибн Батута өз сапарнамасында: "Табриздің зергерлік бұйымдар базарына барған кезде бұйымдардың әралуандығына таң қалдым. Дүкендерде қымбат киімдер киген сатушылар әйелдерге зергерлік бұйымдарды көрсетіп тұрды...Табриз базарының негізгі арналары көп және олар бір-бірімен өзара байланыстырыла салынған. Базардың ішінде көп жылдық ағаштар егілген үлкен аулалар салынған. Ауланың айналасында екі қабатты ғимараттар орналасқан. Бұл ғимараттарда зергерлік цехтар жұмыс істейді",-деп жазған. 

Франциялық саяхатшы мадам Друти (Esmit Druti) 1340 жылы (1961 жылы) Табриз қаласына саяхат жасаған. Ол "Шығыс жайлы естеліктер" атты еңбегінде Табриз базарын былай сипаттайды: "Базардың төбесі кірпіштен жасалған аркалармен жабылған. Төбеде белгілі бір аралықта үлкен шыны тесіктер салынған. Базардың іші осы тесіктер арқылы жарықтандырылып тұрған. Сондықтан тіпті бұлтты күндерде де, базар іші жарық болған. Жан-жағымда дүкен. Біз базарды аралап кеттік. 50 шақты дүкенде ер адамның костюмы, әртүрлі киімдер мен мата сатылып жатты. Ондаған дүкенде аяқ киім жөндеу орны болды. Мұнымен қоса, тұрмыс заттары ұсынылып жатты. Базарда ауызы ашық қаптарда әртүрлі дәмдеуіштер сатылатындықтан, ауада хош иіс таралған". 

"Ходжре" немесе дүкенді базардың ең қарапайым, ең кішкентай, бірақ ең маңызды элементі деп атауға болады. Ходжрелердің ауданы әртүрлі, орташа алғанда 10-25 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатта орналасқан ходжрелерде тауарлар сатып алушыға тікелей ұсынылып отырған. Ал жоғары қабатта жұмыс кеңсесі, әртүрлі цехтар мен қойма орналастырылған. 

Керуен сарайларды Иран базарларында жобаланған ең маңызды архитектуралық кеңістік деп атауға болады. Олар шамамен бүгінгі сауда орталықтары сияқты болған. Керуендердің пайда болуына базар дүкендері кеңістігінің тарлығы себеп болуы мүмкін. Бүгінде егер бір сауда көшесінде жүріс-тұрыс, алыс-беріс көбейіп кетсе, дүкендердің артына біртіндеп бірнеше қабатты сауда орталықтары салынады және осылайша көшенің сауда-саттық мүмкіндігі арттырылады. Бұрын да қаланың негізгі базары қатты дамып кетсе, негізгі арналардың артына бірнеше керуен сарай салынып отырған. 

20 ғасырдың екінші жартысынан бастап, ат арбалар мен керуендер тасымал құралы ретінде айналымнан шығып қалғаннан кейін бұл сауда орындарын "сарай" деп атаған. Сарайда бір орталық алаң болған. Бұл алаңда айнала дүкендер салынған. Иран базарларының терминдерінде осы орындарды "тимче" деп те атаған. Бұл сөз қазір де қолданылады. Бұл орындардың қорғауға алынуы кілем сияқты қымбат тауарларды ұсыну үшін қолайлы кеңістік тудырды. Кашандағы "Амин әд-Доуле тимчесі", Теһрандағы "Хаджеб әс-Солтан тимчесі" және Қазвиндегі "Хадж Реза тимчесі" – Иранның дәстүрлі сәулет өнерімен салынған осындай базарлардың әдемі әрі әйгілі үлгілері болып табылады. 

Иранның базарлары бірнеше түрге бөлінеді: Теһран базары сияқты кейбір базарлар жылдар бойы қалыптасты және белгілі бір жобаға негізделмеген; бұған керісінше белгілі бір кезеңде салыстырмалы түрде біртұтас жобамен салынған базарлар да бар. Шираздағы Уәкіл базары мен Керманның Ганджәли базары осындай базарлардың қатарына жатады. 

Теһран базары 19 ғасырдың басында Фатхәлишахтың кезінде Теһран қаласының ортасында салынған. Бұл базар Теһрандағы Сангләдж бен Әудлажан аудандарының арасында салынып, Насыраддин шахтың кезінде ерекше қолданысқа ие болды. Күрделі қиылыстар, әртүрлі аркалар мен дәстүрлі ауа алмастыру жүйесі бар ерекше архитектуралық жобаны сақтап қалған базар ғимараты басында мұндай күрделі болмаған. Базар уақыт өте келе кеңейтілген. Мысалы, онда сарайлар мен бірінің ішіне бірі кіріп жатқан күрделі байланыстағы дәліздер салынған. Шайхана, зурхана-дәстүрлі спорт түрімен айналысатын орын, монша, хусейние-шиіт дініне қатысты діни рәсімдер өткізілетін орын және сақахане-су ішетін орындар сияқты қоғамдық орындар салынған. Базардың әрбір бөлігі белгілі бір кәсіп түріне арналған және онда текие-әртүрлі діни-әлеуметтік шаралар өткізілетін орын, мешіт және монша салынған. 

Базардың архитектуралық жобасы қыста жылы, жазда салқын ауаны өзінде сақтап қалатындай етіліп жасалған. Сондықтан бұрын базар адамдардың бір-бірімен кездесетін, хал-жағдайын сұрасып, мағлұмат алмасатын орны болған. Базарда саяси-әлеуметтік хабарлар жылдам таралып отырған. Осылайша, базар дербес қала ретінде Теһран қаласының дүрсілдеген жүрегі іспеттес болып кеткен. 

Теһран базарында құрылысы жағынан бір-біріне ұқсас көптеген керуен сарайлар болған. Базардың ортасында дөңгелек хауыз салынған төртбұрышты аула мен оған жапсарлас Насыраддин шахтың кезінде салынған "Хаджеб ол-Доуле" керуен сарайы салынған. Бұл керуен сарай басқалармен салыстырғанда көз қызықтырарлық тартымдылыққа ие. Өте кең аумақты алып жатқан бұл керуен сарай әртүрлі аспашамдар (люстралар) мен хрустальдан жасалған тауарларға толы. Ондағы дүкендердің есіктері жеті түсті сырлы кірпіштермен безендірілген. Бұл базар таңертеңнен кешке дейін тамашалаушылар мен жоғары сапалы әрі қымбат заттарды іздеген адамдардың жүріп-тұратын орнына айналады. Тіпті базардың осы бөлігінің кейбір сатып алушылары Иранның қымбат заттарын алуға келген шетелдіктер болып табылады. Бір тарихи кітапта осы керуен сарай былай деп сипатталған: "Өз тауарларын жарнамалаған сатушының дауысы, мінбеге шығып, өз өлеңдерін оқитын ақынның дауысы, жаңа тауардың соңынан жүгірген әйелдердің дауысы – осының барлығы аталмыш базарда естілетін үйреншікті дауыстар болып табылады. Күн батысымен ходжрелердің есігі біртіндеп жабыла бастайды да, оларға ауыр құлып салынады. Шырақтардың жарығымен адамдар базардан шығады да, онда тірі жан қалмайды. Тек базар, оның дәліздері мен кірпішті төбелерінің салтанатты архитектурасы өзінің әдемілігімен тамашалаушылардың көзін қызықтырады". 

Діни рәсімдерді орындау да базардың атқаратын қызметтерінің бірі болып табылады. Имам Хұсейнді (ғ.) аза тұту күндері базардағы әрбір кәсіподақ өзінің аза тұтушы тобын құрады. Сондықтан әрбір негізгі арнаның жанына мешіт, текие және хұсейние салынады. Мысал ретінде Теһранның үлкен базарының жанына салынған "Доулат текиесін" айтуға болады. Бұл текие Қаджар заманында дәстүрлі діни рәсімдерді орындауға арналған төбесі жабылған ең үлкен орын болған. Шираздағы "Уәкіл" базары, Керман базары немесе Исфахан базары сияқты базарлардың жанында мешіт пен мұхаррам айында аза тұту рәсімдері өткізілетін текиелер салынған. 

Аталмыш рәсімдерді әдетте базарда жұмыс істейтін адамдар өткізеді. Осы тұрғыдан діни әдет-ғұрыптар мен базардағы кәсіпкердің мінез-құлқы мен сөйлеу стилінде берік байланыс бар. Жоқ-жітікке көмектесу немесе адамдарға жомарттық жасау, саудада адал болу сияқты діни қағидалар мен әдет-ғұрыптарды сақтау қасиетін әлі де Иранның ежелгі базарларының мәдениетінен көруге болады. 

Тегтер