Сәу 13, 2016 14:29 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (25)

Иран тарихында базарлар қаланың ең маңызды кеңістігі және қарым-қатынас орталығы болған. Қаланың негізгі әрі тұрақты базарлары әдетте қаланың ең маңызды көшесінің бойына салынған. Басқаша айтқанда, қаланың адам көп жүретін негізгі жолының бойында сауда-саттық орталықтары, ал кейде өндіріс орындары орналасқан, сөйтіп біртіндеп базар пайда болған.

Ежелгі абадтандырылған қалаларда кейде базарлар белгілі бір жобамен салынған. Мұндай базарлар әлі күнге дейін сауда-саттық орны болып табылады және салыстырмалы түрде өзінің дәстүрлі қалпын сақтап қалған. Иранның орталық бөлігіндегі Шираз қаласының "Уәкіл" базары - Иранның ең атақты дәстүрлі әрі тарихи базарларының бірі. Бұл базар х.қ.ж.с.б. 1180 жылы (1766 жылы) Кәрімхан Зендтің бұйрығымен салынған. Қазір Шираз қаласының орталығында орналасқан. Уәкіл мешіті мен моншасы да осы базардың жанында орналасқан.

Уәкіл базары – Кәрімхан дәуірінің ең құнды ескерткіші. Бұл базар әлі де сол қалпында қызмет етуде. Кәрімхан қаладағы "Лар" атты ескі базарды аралағаннан кейін жаңа базарының жобасын ұсынған деседі. Тарихи деректерде, барлық сауда-саттық жұмыстары, атап айтқанда, отандық және шетелдік тауарларды сату, сатып алу, ақша айырбастау осы базардың дүкендерінде атқарылған. Шын мәнінде Уәкіл базары Шираз қаласының жүрегі іспеттес болған. Базар Исфахан қақпасына жақын жерден басталып, Шираз қаласының орта шеңіне дейін созылып жатыр. Онда кең орындықтары бар құжыралар мен дүкендер қатар-қатар тізілген. Базардың төбесі кірпіштен жасалған әрі белгілі бір аралықта салынған 74 күмбезден тұрады. Қосалқы базарлар Уәкіл базарының негізгі арнасына келіп қосылады. 

Осы базарды салуға алебастр, кірпіш және әк сияқты құрылыс материалдары жұмсалған. Бұлар қашалған тас фундаменттің үстіне бекітілген. Базар төбесінің қиылысатын тұстары өте биік әрі әдемі жобаланған кірпіш және кафельмен жабылған. 

Бұл базардың әртүрлі бөліктері онда сатылатын тауар түріне байланысты әрқалай аталған: мата сатушылар базары, хрусталь ыдыс сатушылар базары, тігіншілер базары, қылыш жасаушылар базары, бас киім тігушілер базары және т.б. 

Форсат од-Доуле Ширази "Иран ескерткіштері" атты кітабында Шираздың Уәкіл базары жайлы былай деп жазған: "Уәкіл базары - Уәкіл мешітіне жақын базарлардың бірі. Оны салуда кірпіш пен алебастр өте жарасымды қолданылған. Иранда мұндай берік негіз бен үйлесімді жобамен салынған базар кемде-кем. Әр базардың өзіндік өлшемі бар. Бұл базардағы әрбір цех өз жұмысын атқаруда. Олардың арасында бас киім тігушілер көп. Олар базардағы құжыралардың көбісін иемденген". 

Уәкл базарының ені басқа базарлардан кеңірек, оның төбесінің биіктігі шамамен 11 метрге жетеді. Бұл Ирандағы ең биік базар төбесі болып табылады. Базар архитектуралық құрылысы жағынан үш кеңістіктен тұрады: сатып алушылардың қатынайтын орны, негізгі қатынайтын жолдан жоғарырақ орналасқан дүкендер аумағы мен дүкендердің ішкі кеңістігі. Уәкіл базары солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс бағыттағы екі арнадан тұрады. Бұл арналар бір-бірімен қиылысып жатыр. Базардың екі негізгі арнасының қиылысқан жерінде төбесі жабылған үлкен жолайрық бар. Оны "чахар соуқ", яғни төрт алаң деп атайды. 

Бұл төрт алаңда үлкен берік арка бар. Арканың күмбезінде кірпіштен жасалған нәзік өрнектер бар. Базарда ылғалдан сақтану үшін дүкендерді жер деңгейінен шамамен бір метрге жуық биіктікте салған. Олардың көбісі екі қабатты болып келеді және әрқайсысының өз қоймасы бар. 

Уәкіл сияқты кең базарда демалыс орындары да назардан тыс қалмаған. Үлкен төрт алаңның астында мәрмәр тастан жасалған хауыз бар. Оның суы жерасты сулары арқылы қамтамасыз етіледі. Бұрын бұл хауыздың айналасындағы ауа өте салқын әрі жанға жағымды болған. Айналасында адамдар демалатын болған. Су арығы кірпіш пен әктен жасалған. Су өзен сияқты төбесі жабық жолдың кейбір бөліктерінен ағып жататын болған. 

Ауа алмастыру жүйесі төбенің биік болып, онда желдеткіштер орнатылғандықтан өте жақсы дамыған. Қазір де базардың төбесінде тәртіппен салынған тесіктер бар. Әр тесіктің бетіне қақпақ жасалынған. Қақпақ ашық тұрған мезгілде базар ішіне жеткілікті түрде ауа кіріп, жарық түсіп тұрады. Бұл қақпақтар "жамхане" немесе "күн нұры" деп аталады. 

Осы әдемі базар Ираның тарихи ескерткіштерінің тізіміне алынған және Шираз қаласының көрнекті орындарының бірі болып табылады. Жыл бойы ирандық және шетелдік саяхатшылар Уәкіл базары, мешіті мен моншасын тамашалауға келеді. 

Иранның солтүстік-шығысында Шығыс Әзірбайжан облысы орналасқан. Осы облыстың орталығы Табриз қаласы - Иранның ежелгі қалаларының бірі. Оның қақ ортасында үлкен базар орналасқан. Табриз базары әлемдегі төбесі жабылған ең үлкен базар болып табылады. 

Табриз қаласы Ұлы жібек жолының бойында орналасқандықтан, ежелден-ақ Қиыр Шығыс пен Еуропа арасындағы тауар айналымының орталығы болған. Бұл базардың сипаттамасы көптеген саяхатшылар мен саудагерлердің естеліктерінде келтірілген. 

Франциялық саяхатшы Жан Шардин Табризді Азиядағы ең жақсы базарларға ие қала деп атаған. Ол Табриз базарының әдемі күмбездері мен тартымды аркаларына таңданыс білдіре келіп, "Қейсарие базарын" Табриз базарының ең әдемі бөлігі деп атады. 

Х.қ.ж.с. 8 ғасырында (14 ғасыр) өмір сүрген тарихшы әрі географ Хамдолла Мастуфи Табриз қаласындағы дәнді-дақылдар мен жеміс-жидектердің көптігін мадақтай келіп, осы қаланың халқын алыс-беріске икемді әрі бай деп сипаттаған. Ол сол замандағы ең маңызды қалалардың қатарына Табризді жатқызып, ондағы көрнекті жерлердің бірі ретінде базарды атаған. 

Табриз базары Иранның бірегей архитектуралық туындыларының бірі болып саналады. Ол шамамен Ислам дәуірінің алғашқы жылдарында салынған. Бірақ тарих бойында Табризді көп шығынға ұшыратқан 11 жерсілкінісі болғандықтан, бұл базар бірнеше рет қирап, халық пен билеушілер тарапынан қайта жөнделген. 

Табриз базарының негізгі арнасы шамамен 1 шақырымға созылып жатыр және әлемдегі ең ұзын төбесі жабылған базар болып саналады. Алебастр мен кірпіш қолданылып салынған өрнектермен безендірілген күмбездер мен аркалар бұл базарды Ислам елдеріндегі ең жоғары архитектуралық үлгіге айналдырды. Өйткені дүкендер санының көптігі мен олардың маңдайшасындағы безендірулер мен онда әртүрлі кәсіп түрлерінің болуы осы қаладағы өнер мен мәдениет және әлеуметтік өмірдің дамығандығын көрсетеді. 

Осы базардың сауда сарайларының жанында көптеген мешіттер мен медреселер орналасқан. Бұл қала халқы үшін сауат ашып, діни ғылым үйренудің қаншалықты маңызды болғандығын көрсетеді. Базардың ең үлкен күмбезі – "Мұзаффарие тимчесінің" күмбезі болып саналды. Бұл тимче қазір де Ирандағы кілем сататын ең үлкен орталықтардың бірі болып отыр. Табриз кілемі негізгі қолданылатын материалдың сапасы мен жобаның тектілігі тұрғысынан әлемге әйгілі. Оның ең жақсы үлгілерін Табриз базарының қақ ортасындағы Мұзаффарие тимчесінен табуға болады. Бұл тимчені салу жұмыстары х.қ.ж.с. 1305 жылы (1887 жылы) аяқталды. 

Табриз базары қазір де салыстырмалы түрде өзінің бұрынғы сапасын сақтап қалған. Әлі күнге дейін Табриз халқының үштен екі бөлігі осы базардан керек-жарағын сатып алады. Табриз базарының қосалқы арналары аяқ киім базары, йемени базары, бас киім тігушілер базары, мысшылар базары, кеңесшілер базары, бояу базары және т.б. деп аталады.