Сәу 13, 2016 14:35 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (28)

Мешіт – мұсылмандардың ғибадат еттетін арнайы орны. Мұнда Исламның бес парызының бірі – намаз оқылады. Исламдық үкімдердің арасында бес парыз бар.

Олар мыналар: Аллаға иман келтіру, намаз оқу, ораза ұстау, қажылыққа бару және зекет беру. Құран кәрім аяттары бойынша, әрбір мұсылман бұл парыздары орындауға міндетті. Бірақ сәулет өнері ғибадаттың екі түрі – намаз және қажылықпен көбірек байланыста. Ислам елдерінде мешіттер намазды жеке немесе жамағатпен бірге оқитын орын болып табылады. Жамағатпен бірге ғибадат ету рәсімдері бар қажылықтың негізгі бөлігі Меккедегі "әл-Харам" мешітінде орындалады. Ислам әлемінің түкпір-түкпірінде мұсылмандар намаз уақыты кезінде Қағба бағытын көрсететін құбылаға қарап, намаз оқиды. Мұсылмандар сол алғашқы жылдардан бастап намаз оқу үшін арнайы орын – мешіттерді салуға кіріскен және бұл орындардың маңыздылығына байланысты оның архитектуралық құрылымына ерекше көңіл бөлген. Біртіндеп мешіттердің саны артқаннан кейін олардың салыну жобасы да кеңейе түсті. Әрине, мешіттерді салуда қарапайымдылықты сақтау басты негіз болды.

Шын мәнінде, мешіт – исламдық құрылыс. Осы тұрғыдан мешіт исламдық сәулет өнерінің қыр-сырларының көрінісі болып саналады. Сондықтан оның тәсілдері бізді Ислам мәдениеті және құндылықтарының бір бөлігімен таныстырады. Мұсылмандардың тарихи ескерткіштерін баяндаған тарихшылар үнемі мешіттерді Ислам өркениетінің нышаны деп санаған. Әрине, мешіттердің архитектуралық құрылымын зерттеу үшін басқа да дәлелдер бар. Ежелден-ақ мешіт өте маңызды орын болған, сондықтан оның құрылысына ең жоғары сапалы құрылыс материалдары пайдаланылған. Өйткені бұл мешіттер берік сақталып, ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, халықты өз шаңырағының астына жинауға арналған. Өткен ғасырларда салынған көптеген діни емес ескерткіштер мен ғимараттар уақыт өте келе бұзылып, қирап қалса да, мешіттер өз беріктігін сақтап отыр. Тіпті Ислам дәуірінің алғашқы жылдардағы тарихын, яғни х.қ.ж.с.б. 1-4 ғасырлардағы тарихын сол заманнан қалған мешіттерді зерттеу арқылы тануға болады. 

Мешіт – Ислам дініндегі ең маңызды әрі негізгі діни орын. Мешіт, ежелден-ақ, әртүрлі мақсаттарда пайдаланылған. Ең қарапайым мешіт бір ауладан тұрады. Оның айналасын діңмаңдайша қоршап тұрады. Бұл діңмаңдайшалардың төбесі жабылған залмен жалғасып жатыр. Мәдине қаласындағы Ислам пайғамбарының мешіті Ислам әлеміндегі басқа мешіттердің алғашқы үлгісі болып табылады. Барлық мешіттер Қағбаға қаратылып салынған. Мұның өзі мешіттің архитектуралық құрылысын басқа ғимараттардан ерекшелендіреді. Демек, мешітті салуда құбылаға көңіл аудару өте маңызды. Әдетте құбыланың бағытын қабырғаға "михраб" деп аталатын қуыс салу арқылы анықтайды. Мешіттің басқа да негізгі элементтері құбыланың өзегі негізінде салынады. Бұл элементтер мыналар: мұнара, күмбез, хауыз, шабестан - намаз оқитын зал, мінбер және т.б. 

Ислам бойынша мұсылмандар қасиетті жұма күні мешітте жиналып, жұма намазы мен басқа да діни рәсімдерді бірге атқарады. Олар алдымен жұма имамының екі құтпасын тыңдайды. Содан кейін екі ракат намаз оқиды. 

Намаз оқуда негізгі үш әрекет – тұру, иілу және сәжде ету бар. Бұл әрекеттерді орындау үшін қолайлы кеңістік қажет. Намаз оқитындар тәртіппен сапқа тұрады. Қатарлардың арасында белгілі бір арақашықтық сақталынған. Бұл қатарлар құбылаға қарай қаратылған. Оның сандары кейде жүзге жетеді. Сондықтан ежелде сәулетшілер адам көп сыятын және намаз оқитындардың қатары көп болатын ғимараттар салуға тырысқан. 

Осылайша, мешіттің құрылысы бір үлкен шабестан – намаз оқитын орынның негізінде салынған. Шабестанның төбесі жабық, әдетте төртбұрышты пішінде болған. Мешіттің михрабы осы шабестанда орналасқан. Иран мешіттерінің көбісі осындай пішінде салынған. Ирандағы мешіттің кушк, яғни бағы бар мешіт, бір немесе екі террасалы мешіт және төрт террасалы мешіт сияқты түрлері бар. Франциялық ирантанушы Андре Годард төрт террасалы мешіт жайлы былай деп жазды: "Мұндай мешіттерде төрт терраса бар және Сасанидтер дәуірінің сәулет өнеріндегі төрт арка аталмыш мешітті салуда пайдаланылған". 

Екі террасалы мешіттер аты айтып тұрғандай, екі террасадан тұрады, мұндай мешіттер ежелгі Хорасанда кең таралған. 

Кушк мешітінің террасасы болмайды, пішіні сарайдың ғимаратына ұқсайды. Күмбезі мен үлкен діңмаңдайшалары бар. Мұндай мешіттер жасыл-желек алқаптар мен орманды жерлерде салынған. Суға толы хауызбен безендірілген мұндай кеңістіктерді "роузе" деп атаған. "Роузе" - Гүлістан, жұмақ бағы мен ондағы "Коусар" хауызының нышаны болған. Кейбір мешіттерде бақпен қоса, орталық ғимараттың айналасында "пайаб" деп аталатын ағынды су болған. "Пайаб" деп Иранның шөлді аймақтарында қазылған қаннаттарды, яғни жер асты су жүйесін атаған. Қаннаттың суын халық тұрмыста пайдаланған. 

Иранда ғибадатханалардың жанында жуынатын орын болған. Онда намаз оқитындар ғибадат етер алдында жуынып, дайындалатын болған. Сондықтан ғұсыл алатын жерлердің болуы өте маңызды. Ғұсыл алатын орындар Иранның ежелгі қалаларында, атап айтқанда Йезд, Найин, Заваре және Кашан қалаларында мешіттердің ажырағысыз бөлігі болған. 

Иран мешіттерінің басқа ғимараттардан бөлек салынуы оның тағы бір ерекшелігі болып табылады. Яғни ешбір ғимарат мешітке жабыстырылып салынбайды және мешіттің қабырғасы ешбір орынға жалғасып жатпайды. Мешіттердің жанына үнемі даңғыл, төбесі жабылған көше немесе базар салынып отырған. Дүкендер де мешіт қабырғасынан алшақтау салынған. Бұл аралықтың төбесін арка жауып тұрған. 

Бұрын мешітке қарасты ғимараттардың бірі май жасайтын орын болған. Бұл жерде мешітті жарықтандыру үшін шырақтар дайындалған. Оның жанында монша мен күзетшінің үйі орналасқан. Кейбір аймақтарда мешіттердің кіре берісінде тас орындықтар болған. Адамдар бұл орындықтарға отырып демалып, содан соң мешітке кіретін болған. 

Мешітте жүзеге асатын негізгі қызмет түрлеріне Құран оқу, діни қызметкерлердің ислам тағылымын үйретуі, мұсылмандардың жамағатпен бірге күнделікті намаз оқуы және басқа да ғибадаттардың орындалуы жатады. Бірақ Иранның тарихында және Ислам елдерінің көбінде мешіт көбінесе бір үлкен кешенде салынған. Бұл кешенде кітапхана, керуен сарай, аурухана, медресе және аспазхана сияқты орындар болған. Осылайша, мұсылмандар өздерінің материалдық және рухани қажеттіліктерін өтеу үшін осы кешенге келетін болған. Бұл кешен қаланың жүрегі ретінде ерекше маңызды болып саналған. 

Тегтер