Қар 05, 2019 17:40 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (4)

Бүгінгі бағдарламаның жалғасында Керманшаһ облысынан шығып, көршілес Һамадан облысына жол тартып, осы облыстың кейбір көрнекті жерлерімен танысамыз.

Алланың атымен бастаймыз!

Иранның батысына жол тартқан әрбір жолаушы Һамаданды көруге барады. Һамадан Иранның алғашқы патшалығы, яғни Мадтардың алғашқы астанасы болған. Бұдан бөлек, ондаған кесене мен тарихи ескерткіштер бізді Иранның ең көне қалаларының бірімен таныстырады.

Һамадан қаласында серуендеу

Әлемдегі ең ұзын су үңгірі Әли Садр туристер үшін Һамаданға сапардың есте қаларлық тартымды мақсаттарының бірі. Бұл үңгір Кабудараһанг ауданының Әли Садр ауылы маңындағы Сари Қайаһ төбесінде орналасқан. Үңгірдің ішінде ирелең жолдар, көптеген дәліздер мен үлкен көлдер бар. Үңгірдің ішін тек қайықпен аралауға болады.

Әли Садр үңгірі

Франциядағы Мулис үңгірі мен Аустралиядағы Шевалие және Букан үңгірлері сияқты әлемдегі аз үңгірлердің ғажайыптарын Һамадандағы Әли Садр үңгірінің әдемілігімен салыстыруға болады. Үңгір суының мөлдірлігі соншалықты, 10 метр тереңдікті кәдімгі жарықта көруге болады.

Көлдің суы әктастың болуына байланысты ішуге жарамайды. Бұл үңгірде ешқандай жануар тіршілік етпейді. Үңгірдің төбесіндегі кейбір бөліктер әртүрлі элементтердің қоспасынан тұрады. Әртүрлі жануарлар мен геометриялық пішіндер қалыбындағы шөгінділер шын мәнінде туристердің қиялына қанат бітіреді. Үңгірдің құрғақ жерлерінде, яғни су баспаған бөліктерінде ине, гүлді орамжапырақ, қолшатыр пішіндерінде әртүрлі сталакмиттер бар. Олар үңгірдің жаздағы таза әрі салқын, қыстағы жылы әрі ылғалды ауа райымен бірге туристер үшін өте әдемі де тартымды кеңістік тудырды. Көңіл аударарлық жайт үңгір іші кеңістігіндегі абсолютті тыныштық. Егер үңгірде шам жақсаңыз, алау қозғалмайды.

Әли Садр үңгірінің суреттері

Осы күнге дейін үңгірдің шамамен 14 км-і анықталған. Бірақ оның 4 шақырымы ғана ашылып, жарықтандырылып, тамашалауға әзірленген. Қалай болғанда да Әли Садр үңгірінде жаратылыстың бірегей туындыларының бірін кездестіресіз. Кристалмен көмкерілген ирелең жолдар мен дәліздерден өту, бұралаң бағыттармен жүру, мөлдір суда қайықпен жүзу, құрғақ жерде жаяу жүру, үшінші және төртінші аралдарда ірі сүңгі-сталактиттерді көру, мыңдаған жыл барысында бүркіттің тырнағы, екі басты арыстан және басқа да ғажайып мүсіндерге ұқсас қалыпқа енген тастар мен сүңгілерді тамашалауды тілмен сипаттау қиын. Оны тек барып, көру керек.

"Гәнджнама" аспалы жолы Һамадан қаласынан 5 шақырым жердегі Аббасабад сайында "Гәнджнама" тарихи жазба тақталары мен әдемі сарқыраманың жанында орналасқан. Үңгірді аралап болғаннан кейін Һамаданның аспалы жолында тағы бір күнді жақсы өткізуге болады. Бұл аспалы жол Алванд тауының жасыл биіктіктерінің бірі Мишан алқабына  қарай тартылған. Сондай-ақ, Һамаданның тарихи-табиғи тартымдылықтарының бірі саналатын "Гәнджнама" спорт және туристік кешенінен өтіп кетуге болмайды. Ол Һамаданның батысынан бірнеше шақырым жерде Алванд тауларында орналасқан.  

Бір туристің "Гәнджнама" спорт және туристік кешені туралы пікірі

"Гәнджнама" тарихи жазба тақталары – Дарий мен Һашаяршаһ Ахеменилердің заманынан қалған тас жазбалар. Ол Аббасабад көк майса сайының түкпірінде  тасқа қашалып жазылған. Таудың қолайлы ауа райы, Алвандтың жанға жайлы сайы мен Мишан алқабының әдемі көрінісі отандық және шетелдік туристерді баурап алатын тартымдылық тудырды. Бұл туристік кешеннен биік болмаса да, жалпақ "Гәнджнама" сарқырамасын көре аласыздар. Осы кешенде "Гәнджнама" аспалы жолына отырып, "Тарикдарре" шаңғы алаңында сырғанап, 200 метр биіктіктегі аспалы жолмен жаяу жүріп өтіп, ұзындығы 500 метр кабельмен жеке ұша аласыз.

Һамаданға барып, Баба Таһер Ориянның кесенесіне бармасаңыз, шын мәнінде өзіңізге қиянат жасағандай боласыз. Баба Таһер Ориян – х.қ.ж.с.б. 5 ғасырдың ортасында Һамаданда өмір сүрген ирандық мистик ақын әрі добейти-екі шумақты өлең жырлаушы. Кесененің ішкі ауласында өте нәзік ойып жапсырылған қыш тақташалар бар. Олар мазардың ішкі бөліктеріне ерекше тартымдылық сыйлайды. Кесененің ішінде 24 әдемі тастың бетіне 24 дубейти қашалып жазылған. Бұл кесененің жанында Һамадан облысының қолөнер мұражайы орналасқан. 

Баба Таһер Ориянның кесенесі

Сондай-ақ, Һамаданда тағы бір танымал ғылыми тұлғаның кесенесі бар. Әлемге әйгілі ирандық дәрігер, ақын, мистик Әбу Әли Синаның кесенесі осы аттас алаңның ортасында орналасқан. Эллипс пішінді алаңда көне шынар ағаштары мен субұрқақтар әдемі демалыс орнын қалыптастырды. Кесененің жобасы ислам тарихындағы ең көне ғимарат саналатын Гонбад-е Кавус қаласындағы Қабус бен Вошмгирдің мұнарасына ұқсас салынған. Кесененің оңтүстік залы мұражай ретінде тиын, қыш бұйымдары мен б.з.д. мыңжылдықтарға тиесілі заттарды сақтауға арналған. Солтүстік залда Әбу Әли Синаның өз еңбектері мен қолжазба кітаптардың сирек кездесетін жиынтығы топтастырылған.

Әбу Әли Сина кесенесінің әуеден түсірілген суреті

Һамаданның тартымдылықтары осы айтқанымызбен шектеледі деп ойлап қалмаңыздар. Һегматана төбесі – көнелілігіне қарамастан, әлі де маңыздылығын жоғалтпаған әлемдегі санаулы тірі көне қалалардың бірі.

Грек тарихшысы Геродоттың айтуынша, бұл қалада 7 дуал болған, олардың әрқайсысының түсі планеталардың біріне сәйкес болған. Соңғы жылдарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарында анықталғандай, бұл өңірдегі салтанатты сарайлар осы Һегматана төбесінде орналасқан. Көңіл аударатын жайт, бұл көне қалада жетілдірілген су жеткізу жүйесі болған.

Һегматананың қайта жасалған графикалық жобасы

Һамаданның Наһаванд ауданында аз танылған бір көл бар. Оның атауы – Гиан. Айналасын көне шынар ағашы көмкерген бұл көлді "жоғалған жұмақ" деп атауға болады. Шынар ағаштары бұл өңірдің көнелілігін білдіреді.  Гиан көлі  асау, суы мол бұлағымен осы тың, сұлу табиғатты қалыптастырды.

Қысқасы, әдемі Һамаданда табиғи, тарихи және мәдени тартымдылықтар өте көп. Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерге толы "Табиғат тарихы" мұражайы, "Морадик" түрлі түсті сайы, әдемі кірпіш күмбезі бар имамзада Хусейн мешіті мен төбесі жабылған дәстүрлі базар сияқты көрнекті орындар осы көне қаланың бір бөлігі ғана. Һамаданға сапар әрбір жолаушы үшін естен кетпес естелік болары анық.