Сәу 13, 2016 14:37 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (29)

Имам Реза кесенесі мен оның ерекше архитектуралық құрылысына тәнті болған канадалық жазушы Ральф Бени "Иран, Фирузе көпірі" деген еңбегінде: "Мешхедтің имам Реза кесенесіндегі намаз оқитын кең залдар мен безендірілген аулалар ерекше тартымдылыққа ие.

Онда әрбір адам тыныштық пен қауіпсіздікті сезінеді. Түрлі түсті күмбез, әдемі сырлы кірпіштермен безендірілген қабырғалар мен мәрмәр еденнің арасы аспанның сыбырлаған үніне толы. Адам ирандықтардың ең қасиетті бұл зиярат орнында таңғажайып оқиғалардың шындыққа айналып жатқанын және жұмаққа барар жолдардың ашылатындығын сезінеді. Адам Жаратушының құдіреті алдында өзін дәрменсіз сезініп, танымның нұры жүрегінде жарқырай бастайды. Ешқандай кітап менің жүрегім мен рухымдай менің осы зиярат орнымен кездесуімдегі құпиядан сыр шерте алмайды",-деп жазған болатын.

Иранның исламдық өркениеті материалдық және рухани элементтерден тұрады. Соның бірі - сәулет өнері. Сәулет өнері тарихи мешіттерді салуда ерекше көрініс тапты. Мешіт – діни, саяси, әлеуметтік және оқу-білім орны. Мешіттің бұл функциялары оны шіркеу, синагога және т.б. ғибадат орындарынан ерекшелендіреді. 

Мешіт сөзі "сәджәдә" деген сөзден шыққан. Оның мәні - "сәжде ететін, ғибадат ететін орын". Құран Кәрімде "сәжде" Алла ісін қабылдау жән Аллаға шүкіршілік (алғыс) айту деген мағынаны береді. Бұл сөз Құран аяттарында барлық тіршілік иелерінің Алла тағала алдында бас июі деген мағынада айтылған. "Нахл" сүресінің 48-аятында: "Олар Алла жаратқан тіршілік иелері көлеңкелерінің оңынан да, солынан да бас иіп, сәжде етіп жатқанын көрмей ме?"-делінген. 

Сәжде – намаздың бір бөлігі және Жаратушыға құлшылық етудің ең жоғары түрі. Бұл - маңдайды жерге тигізіп, Аллаға ғибадат ету. Сондықтан да мешіт сәжде ететін орын болып табылады. Исламда мешіт тіршілік иесінің Жаратушымен байланыс орнатып, монотеистік құндылықтардың көрініс тапқан орны болып табылады. 

Мұхаммад Кәрім Пирниа "Иранның исламдық сәулет өнері" атты еңбегінде: "Мешіттің басқа ғибадатханалардан айырмашылығы Исламның басқа діндерден айырмашылығындай... Исламдық өнер, әсіресе сәулет өнері халықтық болу, өзін-өзі қамтамасыз ету және пайдалы болу негізінде құрылған. Мешітте бұл ерекшеліктердің барлығы сақталынған",-деп жазылған. 

Мешіт көрнекті архитектуралық құрылыс болумен қатар, үлкен мәдени және ғибадат ететін кешен болып табылады. Ислам тарихының басынан бүгінге дейін Ислам үмбетінің назарында болып келеді. Пайғамбар заманында мешіт кем-кетік пен жоқ-жітіктердің тұратын жері, жолаушылардың тоқтайтын орны, халықтың жиналатын жері, діни ғылымдар мен Құранды үйрету орны ретінде қолданылған. Кейіннен ғылыми қозғалыстар да мешіттерден басталып, дами түсті. Бірақ тарихтың әрбір дәуірлерінде мешіт Жаратушымен тілдесіп, сырласатын, мұңдасатын орын болған. 

АҚШ ирантанушысы Артур Поп исламдық сәулет өнері жайлы сөз қозғағанда, мешіттерді қоғамдық орындар деп атайды. Бұл құрылыстар шахтардың салтанатты сарайларының жанында бой көтерді. Қалалар кеңейіп, мұсылмандардың саны артқаннан кейін, мешіттерге деген қажеттілік артты және әртүрлі жерлерде олардың саны сол жердегі халықтың әл-ауқатына байланысты көбейді. Бірақ сәулет өнерінің көрнекті үлгісі болып табылатын үлкен мешіттер көбінесе билеушілер тарапынан немесе қайырымды адамдардың қолдауымен салынды. Осының негізінде, мешіттер мен олардың архитектуралық құрылысы былайша бөлінеді: 

- сұлтандық мешіттер. Аты айтып тұрғандай, бұл мешіттер сұлтандар тарапынан салынған. 

- ақсүйектер мешіттері. Бұл мешіттерді қаржы жағынан қамтамасыз ететін қайырымды адамдар болған. 

- халықтың қаржысына салынған мешіттер. Бұл мешіттерге діни атаулар мен имамдардың аттары берілген. 

Халық жиналатын мешіттер дұрыс жобаланған руханиятқа толы кеңістікті қажет етеді. Мысырлық ғалым Сейед Құтбтың айтуынша, осы рухани мәнге толы кеңістікке байланысты мешіттерде сәулет өнерінің ең әдемі және ең салтанатты түрлері қолданылды. Сондықтан мешіт әдемі исламдық өнерлердің көрмесі болып табылады. 

Көптеген зерттеушілердің пайымдауынша, діни өнер аллегорияға толы. Әсіресе Құраннан шабыт алған исламдық өнер аяттардың құпия-сырларын басқаларға таратуға бағытталған. Сондықтан бұл өнердегі әрбір элементтің терең мағынасы бар. Діни орындардың архитектуралық белгілерінің бірі үлкен қақпалар түрінде көрінетін кіреберіс есіктер болып табылады. Олар аулаға жол ашады. Мамандардың айтуы бойынша, үлкен қақпалар өзінің биіктігімен Алланың кең рақымының нышаны болып табылады. Үлкен де салтанатты қақпалардан өтіп, мешітке келген халықтың толқынын көрген адам Алла рақымының барлық құлдарына жететіндігін сезінеді. Алла рақымының есіктері ашылатын намаз кезінде азанның дауысы адамдарды бақыт пен қайта жандануға шақырады: "Қайта жандануға асығыңыздар!" 

Мешіттің құрылысында кіреберіс кеңістік өте маңызды. Өйткені одан Иранның дәстүрлі сәулет өнеріндегі өзгерістерді көруге болады. Бұл кеңістіктерді басында "даргаһ" деп атаған. Кейіннен бұл кеңістік жеті элементтен тұратын болды: желоухан, пиштақ, даргаһ, хешт, далан, ейван және сабат. Уақыт өте келе кіреберіс кеңістік тек байланыс кеңістігі ғана емес, мәдени-әлеуметтік функцияларға ие болды. Мысалы, "желоухан" – мешіттің кіреберісінде салынып, көше немесе алаңмен жалғасып жатқан. Бұл мешітке кіру үшін тартымды кеңістік тудырды. Кейбір жағдайларда мешіттің алдына, атап айтқанда, Теһрандағы Имам мешітінің кіреберісінде бірнеше дүкен салынған. Халықтың аз уақытқа жиналуы мен әлеуметтік-экономикалық байланыстар біртіндеп "желоуханның" көше мен мешітті байланыстырушы қалалық кеңістік болып саналуына себеп болды. "Желоуханда" кіреберіс есік болмайды. Оның қабырғалары мен корпусы өте қарапайым жобаланған, ол бір кішкене аула іспеттес болды. 

Исфахандағы Имам мешітінің "желоуханындағы" тастан жасалған орындықтар халықтың демалып, аз уақытқа тоқтауына арналған. Оның ортасында кішкене хауыз салынған. 

"Желоуханнан" кейін "пиштақ", яғни арка алды кеңістігі орналасады. Бұл кеңістіктің төбесі жартылай жабылған терассаға ұқсас құрылыс болған. Ол мешіттің алдына салынған. "Пиштақ" мешітті көшеден болып тұрады. "Пиштақтың" биіктігі басқа жерлерден, тіпті мешіттің қабырғаларынан жоғарырақ болып келеді. Бұл оның маңыздылығын білдіреді. Мешіттердің көбісінде "пиштақ" сырлы кірпішпен көмкерілген. Мұнда салыну уақыты, сәулетшінің аты мен Құран Кәрім аяттары ойылып жазылған тақташа ілінген. Тіпті халыққа арналған кейбір жарлықтар осы "пиштақтың" бір бөлігіне ілінетін болған. 

Кашан қаласындағы "Мейдан" мешіті х.қ.ж.с.б. 868 жылы (1463 жылы) салынған, ол "пиштақындағы" жазба тақташалардың көптігімен ерекшеленеді. Х.қ.ж.с.б. 10-11 ғасырларына (16-17 ғ.ғ.) жататын 10 тарихи жарлық осы кеңістікке жабыстырылған. Бұл жарлықтарда әлеуметтік, қоғамдық және экономикалық мәселелер сөз болған. 

Мешіттердің көбісінің маңдайшасындағы тақташада Құран аяттары, мешіт салудың маңыздылығы, намаз оқу, ғылым іздеу туралы мәтіндер өте әдемі жазумен жазылған. Онымен қоса, Ислам пайғамбары мен хазірет Әлидің намаздың маңыздылығы, ғылым іздеудің қажеттілігі, Пайғамбар әулетін құрметтеудің маңыздылығы жайлы хадистері жазылған. Бұл аяттар мен хадистер ғылым мен ғибадаттың маңыздылығын еске салады.

Тегтер