Иран мәдениеті және сәулет өнері (30)
Қоғамдық орындардағы кіреберіс кеңістік ғимараттың ішкі бөлігін сыртқы кеңістікпен үйлестіре байланыстырады. Бұл жағдай сәулетшілердің өз жобаларында кіреберіске ерекше көңіл аударуына себеп болды, өйткені кіреберіс кеңістік бір ғимараттың негізгі ерекшелігін көрсетеді.
Иранның әртүрлі аймақтарының мешіттері үшін жобаланған кіреберістер әртүрлі болып келеді. Бұл айырмашылықтар әрбір аймақтың ауа райы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты. Мешіттің құрамдас бөліктерінің бірі "желоухан" мен "пиштақтың" кіреберіс есіктің алдында орналасатындығы туралы айттық. Яғни мешіттің кіреберіс есігі осы элементтерден тұрады.
Иранның ақыны әрі жазушысы Насыр Хосроу Құбадиани х.қ.ж.с.б. 5-ғасырда өмір сүрген. Ол өзінің сапарлары және сапарнамаларымен әйгілі болған. Насыр Хосроу өзінің сапарнамасында сол замандағы абадтандырылған қалалардың архитектуралық құрылысы жайлы кеңінен сөз қозғап, мешіттің құрылысын да нақты сипаттаған. Ол Меккедегі әл-Харам мешітінің кіреберіс есігі жайлы былай дейді: "Әл-Харам мешітінде мәрмәр тастан жасалған бағандардан тұратын 18 есік бар. Бұл есіктер үнемі ашық тұрады".
Мешіттің есіктері әдетте ағаштан жасалған және тіктөртбұрышты пішінде болған. Бұл есіктердің маңызды болғандығы соншалықты олардың беті өрнектеліп, алтынмен апталып, әртүрлі суреттер және әдемі жазумен жазылған жазбалармен безендіріліп отырған. Осыған байланысты бұл салада өте құнды әрі әдемі ескерткіштер қалды.
Ежелде кейбір қайырымды адамдар әдемі есік жасауға тапсырыс беріп, содан соң сол есіктің бір бұрышына өзінің есімін ойып жаздырып, артынан оны мешітке сыйлап отырған. Мысалы, Исфаханның Орталық мешітінің негізгі есігінде "сұлс" жазуымен жазылған Құран аяттары жазылған, содан соң сыйлаушы ұстаз Хұсейн бен Ұстадшах Мирзаның есімі ойылып жазылған.
Кейбір есіктердің бетіне өлең немесе діни мәтіндерден үзінді жазып отырған. Бұл ирандық дәстүр ретінде Иранның барлық аймақтарында байқалады.
Бұрын есікке балға іспеттес тұтқа орнатылатын болған, оның негізгі қызметінің хабар беру болғандығын айта кету қажет. Бұл тұтқалар әртүрлі әдемі пішінде темірден жасалған. Есіктің әрбір жақтауына бір тұтқа ілінетін. Бұл тұтқалардың біреуі балға іспеттес болған, оның дыбысы қатты естілетін. Ер адамдар тек осы балға іспеттес тұтқаны қолданып отырған. Екінші тұтқаны әдетте "дөңгелек" деп атаған, оның дыбысы жіңішкерек естілетін болған. Әйел адамдар осы тұтқаны пайдаланған. Осылайша үй тұрғындары есіктің сыртындағы адамның еркек немесе әйел екендігін анықтап отырған.
Сефевидтер кезінде Исфаханда екі жыл тұрған германиялық саяхатшы Энгельберт Кампфер өз сапарнамасында сол замандағы Иранның жағдайына тоқталып өткен. Ол мешіттердің құрылысы жайында: "Мешіт ғимараттарының сыртқы бөлігінде есіктің орнына әдемі терасса көрінеді. Кіреберісте суға толы хауыз бар. Адамдар онда ғұсыл алады. Ғұсыл алғаннан кейін негізгі шабестанның алдында аяқ киімдерін шешіп, құрметпен негізгі аулаға кіреді",-деп жазған.
Бұрын мешіт пен медресе сияқты қоғамдық орындардың көбісінің жанында немесе кіреберісінде тастан жасалған үлкен ыдыс қойылатын болған. Онда адамдардың шөлін қандыру үшін суық су ағып жататын. Тарихи деректерде бұл ыдыстарды "сангаб" немесе "джам" деп атаған. Ыдыстар қашалып салынған өте әдемі өрнектермен өрнектелген. Осы ыдыстарды тіпті көңіл аударуға тұрарлық толық мәндегі өнер туындысы деп санауға болады. Әдетте, олардың бетіне сыйлаушының есімі ойылып жазылатын. Кейде сангабтардың бетіндегі жазбаларда Кербала оқиғасы мен имам Хұсейннің (ғ.) шәһид болуына қатысты мәліметтер келтірілген. Бұл жантүршігерлік оқиғада Язидтің әскері имам Хұсейннің (ғ.) жолдастарын судан мақрұм қалдырған. Сондықтан ирандықтардың көбісі қай жерде салқын су ішсе де, Керабала оқиғасының шәһидтерін еске алады. Бүгінде Исфахандағы Имам мешіті, Чахарбақ медресесі мен Шах Аббас керуенсарайының кіреберістерінде сангабтар қойылған. Бірақ онда қазір ішуге боларлық тұщы су жоқ. Олар тек безендіру мақсатында қолданылады.
Алланың нығметтерінің бірі болып табылатын су - Исламда тазалық сақтаудың құралы. Сондықтан ғұсыл алатын хауыз мешіттердің құрылысындағы маңызды бөліктердің бірі болып саналады. Бұл хауыз көбіне мешіт ауласының қақ ортасында әртүрлі пішінде салынады. Оның айналасында жуынуға арналған таза суы бар крандар орналасқан. Ғұсыл мүмін адамның жуынып, тазаланатын тәсілдердің бірі болып табылады. Ғұсыл таза әрі ағынды сумен алынуы тиіс.
Ауланың ортасында орналасқан хауызбен қоса, мешіттің төменгі қабатында ерлер мен әйелдерге арналған бөлек-бөлек ғұсылханалар бар. Намаз оқитын адамдар ғұсыл алғаннан кейін аяқ киімдерін шешіп, мешіттің негізгі шабестаны, яғни намаз оқитын залына кіреді. Осылайша адам өзін Алламен байланыс орнатып, намаз оқуға дайындайды.
Ежелгі дәуірлерде мешіттердің ғұсылханалары мен хауыздарындағы су көбіне жер асты су арналарынан қамтамасыз етіліп отырған. Теһрандағы шәһид Мұтаххаридің мешіті мен медресесі Қаджарлар заманынан қалған ең маңызды ғимараттардың бірі болып табылады. Бұл ғимараттарда Иранның дәстүрлі сәулет өнері толықтай көрініс тапқан деп айтуға болады. Бұл мешітте суы жер асты суларынан қамтамасыз етілетін хауыз орналасқан.
Шираз қаласының "Атиқ" мешіті Иран мешіттерінің арасында ерекше үлгіге ие. Ол өзінің әдемі құрылысымен басқа мешіттерден ерекшеленеді. Бұл мешіттің алғашқы құрылысы х.қ.ж.с.б. 281 жылы (894 жылы) салынған. Тарихи деректер бойынша мешіттің көптеген дәліздерінде суға толы ыдыстар орналастырылған. Ауа райы ыстық болғандықтан, адамдар осы дәліздерде жалаң аяқ жүретін болған. Осы дәлізде салқын суы бар ыдыстар үнемі қолжетімді жерде орналасқан.
Марокколық мұсылман саяхатшы әрі жазушы Ибн Батута (х.қ.ж.с.б. 8 жылы/14 жылы) Шираз қаласындағы Атиқ мешітін тамашалау барысында оны мәрмәр таспен көмкерілген деп сипаттап: "Мешіттің ауласында 3 хауыз бар. Екі хауыз он екі бұрышты, ал бір хауыз сегіз бұрышты пішінде салынған. Атиқ мешітінің ерекше құрылысы осы мешіт тақырыбында әдемі суреттердің салынуына себеп болды. Бұл суреттерде мешіттің хауыздары мен ауладағы арықтар негізгі элементтер болған. Тіпті хауыздың айналасында ғұсыл алып жатқан адамдар да өте әдемі бейнеленген",-деп жазған. Иранның атақты суретшісі Камал ад-дин Бехзад осы мешіт жайлы ең атақты суреттерді салған.