Сәу 13, 2016 14:41 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (31)

Ислам елдерінде мешіт салуда әртүрлі стильдер, тәсілдер, құрылыс материалдары пайдаланылса да, аула салу мешіттердің құрылысындағы ортақ элементтердің бірі болып саналады. Орталық аула салу Исламға дейінігі кезеңде де қолданылса да, Исламның көзқарасына байланысты жаңа мәнге ие болды.

Ауланың маңыздылығын жақсырақ түсіну үшін мына мәселені еске сала кетуіміз қажет: Иранда ашық кеңістікте діни рәсімдерді өткізудің тамыры мыңдаған жылдар бұрын басталған. Геродот мына мәселеге көңіл аударған: Парсылар өздерінің діни рәсімдерін биік әрі ашық жерлерде өткізіп отырған. Бұл кеңістікті "паве" деп атайтын болған. Ол тіктөртбұрыш пішінде болған және алдымен сумен жуылып отырған.

Бірақ ашық кеңістікте діни рәсім өткізу дәстүрі Исламда кең таралған. Мұсылмандардың жылына бір рет Мекке қаласында ең көп жиналатын қажылық рәсімдері кезінде "тәвоф" және "арафат" сияқты маңызды амалдар ашық кеңістіктерде орындалады. Сондай-ақ, Ораза мен Құрбан айты кезіндегі намаздарды оқу рәсімдері кең әрі ашық жерлерде өткізіледі. 

Ислам қалаларының тарихын қарастырғанда онда діни рәсімдер өткізуге арналған ашық кеңістік болғандығын көруге болады. Бұл орындардың рухани мән-мағынасы шексіз-шетсіз аспанмен астасып жатыр. Мешіттердің ауласы бірнеше үлгі бойынша салынады. Енді бұлардың әрқайсысына тоқталып өтейік. Бір бағыттағы аула Мәдинедегі Пайғамбар мешіті үлгісімен салынған аула болып табылады. Исламның бастапқы кезеңдеріндегі мешіттердің көбісі осы пішінде салынған. Ауланың айналасына бір, екі немесе үш бағытқа қараған портиктер салынған. Осылайша ауланың ашық кеңістігі қоршалатын болған. Портиктердің біреуі құбыла бағытына қаратылып салынып, шабестанмен ұласып жатыр. 

Орталық ауласы бар мешіттер - Ислам елдерінде салынатын мешіттердің тағы бір үлгісі. Жабық кеңістік (шабестан) айнала салынады, ашық кеңістік (аула) ешқандай террасасыз орталық бөлікте орналасады. Төрт бұрышты пішіндегі бұл аула тұрақтылық пен беріктіктің символы болып табылады. Аула тәртіпке келтіруші элемент және негізгі полюс ретінде мешіттің ортасына салынады. Йездтің үлкен мешіті осындай үлгімен салынған мешіттердің қатарына жатады. 

Ирандағы мешіттердің тағы бір үлгісі төрт терраса жобасы бойынша салынады. Терраса аралық кеңістік ретінде аулалардың ортасына салынып, оларды шабестанмен жалғап тұрады. Бірақ аула бәрібір де мешіттің ортасында орналасады. Бұл террасаларда кейде сабақ өкізіледі. Кей кездерде онда адамдар жиналып, пікірталас өткізеді. Көбінесе егер адам жалғыз өзі намаз оқығысы келсе, осы террасаларда намаз оқитын болған. Төрт терраса ауланың төрт бұрышына салынатын болған. Құбылыға қараған террасаның басқа террасалардан көлемі үлкен немесе биіктігі жоғары етіліп салынған. Төрт террасалы ғимарат салу жобасы шығу тегі жағынан ирандық стиль болып табылады. Иранның ежелгі сәулет өнерінде Ашканидтердің залдары мен сарайларынан мұндай жоба үлгісін көруге болады. Бұл жоба Селжұқтар дәуірінен кейін мешіт салуда кеңінен қолданылды және одан кейін Үндістан мен Орталық Азияға таралды. Заваре мешіті осы сәулет стилімен салынған ең ежелгі мешіт болып табылады. 

Діни-әлеуметтік рәсімдерде мешіт ауласының рөлі ерекше маңызды. Швейцариялық шығыстанушы Адам Метз 11 ғасырдағы мешіттерді сипаттай келіп, мешіт ауласы мен қоғамдық алаңдардың ұқсастығын атап өткен. Ол "Орта ғасырдағы мұсылмандардың өмірі" атты еңбегінде: "Сол замандағы мешіттерде үлкен аула болатын. Бұл ауланың ортасында хауыз, құдық немесе бұлақ болатын. Мешіттің айналасына көптеген террасаларға жол ашатын портиктер салынатын. Мешіттердің кейбір террасалары мен шабестандарының көлемінің үлкен болатындығы соншалықты мыңдаған адам онда еркін намаз оқи алатын. Кейбір шабестандар шәкірттерге арналған. Онда сабақ өтілетін. Ал басқа шабестандар діни рәсімдер мен мұсылмандардың басқа да істерін, атап айтқанда неке қию рәсіміне арналатын. Бұл дәуірдегі мешіттердің есіктері күндіз-түні ашық болатын. Мешіттер діни рөлмен қоса, маңызды әлеуметтік қызмет атқарған. Сондықтан да қаланың ашық кеңістігіне ұқсас болған.",-деп жазған. 

Мешіттің ауласы көбінесе төртбұрышты немесе тік төртбұрышты пішінде жасалады. Иранның көп аймақтарында құбыланың бағыты оңтүстік-батысқа қарайды. Сондықтан көптеген ғимараттар құбылаға қаратылып салынады. Мешіттердің михрабы мен шабестаны құбылаға қарап тұратындай етіліп жобаланады. Сондай-ақ мешіттің жалпы құрылысы жапсарлас ғимараттармен үйлестіріліп салынады. Жамағатпен намаз оқылатын кезде намаз оқушылардың сапқа тұру тәртібі бұзылмас үшін әдетте шабестанның кіре беріс есігі намаз оқушылар сабының артында болады. 

Иранның әдемі тарихи мешіттерінің бірі - Исфахандағы шейх Лүтфолла мешіті. Бұл мешіт 17 ғасырда салынған. Шейх Лүтфолла мешіті Сефевидтер дәуіріндегі сәулет өнері мен сырлы кірпіш жабыстыру өнерінің бірегей туындысы болып табылады. Археологтар бұл мешіттің салтанатына тәнті болған. 

Шейх Лүтфолла мешітінің Иранның басқа қалаларындағы мешіттерден бірнеше негізгі айырмашылығы бар. Бұл мешітте аула мен мұнара жоқ. Оның күмбезі екі қабат немесе екі жамылғыдан тұрады. Басқа мешіттерге қарағанда оның көлемі үлкен емес. Бірақ осы мешітті салуда пайда болған құбыла мәселесін шешуде ирандық сәулетшілер жасампаздық танытты. 

Бұл мешітте құбыланың бағыты оның кіреберісіне ұқсамайды. Өйткені мешіт Имам алаңының шығысында және оның кіре беріс есігі алаңның шығысында орналасқан. Бірақ егер мешітті осы географиялық бағытта салатын болса, оның құбыласының бағыты басқа мешіттердегі шабестанның үлгісімен үйлеспейтін. Сәулетшілер бұл мәселені шешу үшін мешіттің дәлізін белгілі бір бұрышқа бұрып салған. Дәліз аз ғана қиғашталып барып, шабестанға жетеді. Осылайша мешіттің шабестаны құбылаға қаратылды. Бұл архитектуралық тәсіл мешіттің сыртқы келбеті мен күмбездің көрінісіне ешқандай әсер етпейді және алаңдағы басқа ғимараттармен әдемі үйлесіп тұр. Шабестанның ғимараты төртбұрышты іргетастың үстіне салынған. Мешіттің қабырғасы биіктеген сайын сегізбұрышқа айналып, соңында күмбезге ұласады. 

Мешіттің қабырғалары күмбездің ауырлығы мен қысымын көтеру үшін қалың етіліп салынған. Тіпті негізгі бөліктерде қабырға қалыңдығы екі метрден асады. Шейх Лүтфолла мешітінің едені алаң деңгейінен жоғарырақ. 

Мешіт маңдайшасы мен оның екі жағындағы орындықтар сапалы мәрмәр тастан жасалып, түрлі түсті сырлы кірпішпен безендірілген. Бұл безендірулерден геометриялық нақыштар мен насталиқ жазуымен жазылған жазбаларды көруге болады. Мешіт маңдайшасындағы терезенің үстінде әдемі жазумен жазылған екі тақташа ілінген. Күмбезде айнала белдік пішіндес үлкен жазбалар жазылған. Бұл жазбалар Иранның атақты каллиграфы Әлиреза Аббасидің қолымен жазылған. 

Мешіт күмбезін көмкеруде қолданылған нақыштар мен түстер Иран сәулет өнеріндегі сырлы кірпіш жабыстыру саласында жасалған ең әдемі жұмыс болып табылады. Шабестанның іші күмбезді айнала салынған торлы терезелер арқылы жарықтандырылады. Терезелерден түсетін сәуле мен көлеңке мешіттің ішкі кеңістігін әдемі әрі рухани сезімге бөлейді. 

АҚШ ирантанушысы Артур Поп осы мешіт жайлы былай деп жазды: "Бұл мешіттен титтей де ақау табылмайды. Онда қолданылған көлемдер тиімді, жобасы мықты әрі әдемі. Қорыта айтқанда, бұл мешіттегі салтанатты тыныштық пен үнсіздік дүниесі энтузиазм дүниесімен жарасымды үйлескен. Бұл асқан эстетикалық ынтаның куәсі. Бұл архитектуралық туындының Ислам өнері мен діни иманнан туындағандығы күмәнсіз."

Тегтер