Иран мәдениеті және сәулет өнері (32)
Ислам сәулет өнері тарихындағы көңіл аударуға тұрарлық тақырыптардың бірі – мешіттер мен олардың архитектуралық стилі. Мешіттер мен олардың қызықты құрылысы өз заманының айқын көрінісі болып табылады. Бұл арқылы мұсылман халықтары арасындағы эстетикалық талғамды бағамдауға болады. Мешіттердің құрылысы қоғамдағы діни мәдениеттің әсерімен салынады.
Михраб - алғашқы мұсылман сәулетшілердің енгізген жаңалықтарының бірі. Бұл жайында көптеген зерттеулер жүргізілген. Алғашқы михраб х.қ.ж.с.б. 24 жылы (644 жылы) және екінші михраб х.қ.ж.с.б. 53 жылы (672 жылы) Мәдине қаласында ән-Нәби мешітінде салынды. Қазіргі пішіндегі михраб х.қ.ж.с.б. 90 жылы (708 жылы) исламдық сәулет өнеріне енді. Сол заманнан бері михраб құбыланы анықтау үшін пайдаланылып келеді.
Михраб - құбыланың бағытын анықтау белгісі. Ол үнемі мешіт, медресе және кесене сияқты діни орындарда салынған. Михраб сыртқы пішіні бойынша мешіттің намаз оқитын залының құбылаға қараған қабырғасындағы ойық болып табылады. Ол арнайы құрылыс материалдарымен салынатындықтан, басқа бөліктерден ерекшеленіп тұрады. Жамиғатпен оқылатын намаз кезінде имам саптың алдында тұрып, намаз оқиды. Михрабтың жалпы жобасы Исламның барлық тарихи дәуірлерінде шамамен бірдей болып келеді. Олардың тек безендіру стилінде өзгеріс байқалады. Бедерлі нақыштармен жасалған алебастр жапсырма, глазурлы қыш тақташа, сырлы кафель, мәрмәр тас пен кірпіш сияқты безендіру құралдары қолданылған.
Жарты ай пішіндес аркалы ғимараттардың үлгілерін Иранда б.з.д. дәуірлерден-ақ көруге болады. Иранның кейбір аймақтарында 3-4 мың жылдық тарихы бар ғибадатханалар бар. Олардың жарты ай пішіндес аркасы мешіттердегі қазіргі михрабтарға ұқсайды. Тарихи ғимараттардағы ең ежелгі жарты ай пішіндегі арканың мешіттегі михрабтың құрылысына ықпал еткендігін көруге болады. Осы тұрғыдан михраб салу Иранның мұсылман сәулетшілерінің бастамасы болуы мүмкін. Олар Иранның ежелгі сәулет стилін Исламның сәулет өнерімен үйлестіре білген.
Әрине, мешіттердің михрабын оның басқа ғибадатханалардағы қызметімен салыстыруға болмайды. Өйткені михраб құрбандық шалуға немесе тәубеге келу сияқты рәсімдерге арналған мешіттен бөлек кеңістік емес. Михрабтың жалғыз қызметі - құбыланың бағытын анықтау. Михрабтың бос әрі ойық кеңістігі шіркеулердің михрабындағы әртүрлі затпен толтырылған кеңістігінен сыртқы сипат және ішкі мазмұн жағынан ерекшеленеді. Михрабтың құбылаға қарай салынуы мүминдердің намаз оқығанда соған қарап тұруына себеп болады. Шіркеудегі михраб Иса мен оның жолдастары, сондай-ақ Інжілдің дастандары желісімен салынған суреттермен безендіріледі. Онда мүсіндер де қойылады. Ал мешіттердің михрабына ештеңе қойылмайды және адамның суреті мүлде салынбайды.
Әрине, михраб (adytum) сөзі сөзбе-сөз аударғанда "шайтанмен күресу орны" деген мағынаны білдіреді, ал сәулет өнерінде намаз оқушының отыратын кеңістігі, құбыланың бағытын анықтайтын арка іспеттес ойық болып табылатындығын айта кеткен дұрыс.
Мешіттің жүрегі – михраб. Оның геометриялық пішіні адамдарға намаз оқитын кезде Қағбаға қарау бағытын көрсететіндей етіліп салынған. Михраб үнемі шабестанның кіреберіс есігіне қарама-қарсы орналасады. Намаз оқушылар сабы осы бағытта реттеліп тұрады. Иран мешіттерінің ішкі бөлігіндегі михрабта әртүрлі өнер түрлері қолданылған. Әрине, михраб орналасқан қабырғада терезе салынбайды. Бірақ ол айналадағы кеңістік арқылы жеткілікті дәрежеде жарықтандырылады. Ирандағы ең әдемі михрабтар Исфахан, Йезд, Ардестан, Фарстағы Нейриз бен Кашанның Мирамади мешіттерінде орналасқан.
Бірақ Иран сәулетшілерінің жоғары өнер туындыларының үлгісі Исфаханның үлкен мешітіндегі "Олжайту михрабында" көрініс тапқан.
Исфаханның үлкен мешіті ирандық жобамен салынған Иранның ең атақты ғимараттарының бірі болып табылады. Әрине, әртүрлі тарихи дәуірлерде бұл мешіттің алғашқы ғимаратына әртүрлі бөліктер қосылып, қазіргі қалыпқа ие болды. Мешіттің ең ежелгі бөлігі х.қ.ж.с.б. 481 жылы (1088 жылы) Селжұқтар кезінде салынған. Мешіттің негізгі ауласында 4 терраса бар. Оның батыс бұрышында кірпіштен салынған кішкене шабестан бар. Оны "Олжайту" деп атайды. Франциялық археолог Андре Годард мешіттің осы бөлігі жайлы: "Мұны салуға Олжайту есімді бір билеуші бұйрық берген. Бұл мешітте моңғол стиліндегі нақыштармен өрнектелген бірегей михраб бар. Бірақ моңғолдық нақыштар онша берік сақталмаған. Одан кейін Але-Мұзаффардың кезінде михраб қайта жөндеуден өткен және ирандық-исламдық стильмен безендіріліп, исламдық сәулет өнердің бірегей туындысына айналған",-деп жазды.
Олжайту шабестанының оңтүстік бұрышында алебастр жапсырмалармен өрнектелген михраб пен ағаштан ойылып жасалған мінбер көрінеді. Бұл мінбердің салынған уақыты белгісіз. Бірақ оның тәртіпке келтірілген геометриялық жобасы өте тартымды. Олжайту михрабы х.қ.ж.с.б. 710 жылы (1310 жылы) салынған. Оның бетінен асқан шеберлікпен алебастрдан салынған гүл мен бұтаның суреті мен әртүрлі жазбаларды көруге болады. Бұл михраб архитектуралық стилі мен алебастр жапсырмаларының жобасы тұрғысынан сол дәуірден қалған басқа михрабтардан ерекшеленеді. Алебастрмен жазылған жазбада михрабты салу бұйрығы мен сол замандағы биліктің ерекшеліктері жайлы мағлұмат жазылған. Негізі жазбаның айналасында Ислам пайғамбарының (с.ғ.с.) мешіттерге құрметпен қарау жайындағы хадисі мен сәулетшінің аты-жөні жазылған.
Франциялық саяхатшы Мадам де Лафой 1881 жылы аталмыш михрабты көргеннен кейін оның алебастр жапсырмаларын өте әдемі әрі шебер жасалған деп сипаттап, оны жасаған кәсіби маманды мадақтаған. Бұл тарихи туынды уақыт өте келе өрт сияқты әртүрлі апаттарға ұшырады, бірақ осындай оқиғалардың көбісінен аса көп зиян шекпеді, аз ғана жөндеуден өткізілгеннен кейін, өзінің бұрынғы әдемі қалпын сақтап қалды. Исфаханның үлкен мешіті мен оның тарихи михрабы осы қаланың туристік тартымдылықтарының біріне жатады. Күн сайын көптеген отандық және шетелдік туристер осы тарихи орынды тамашалайды.