Сәу 13, 2016 16:11 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (33)

Мешіттердің сыртқы келбетіндегі өзгешеліктер олардың басқа ғимараттардан ерекшеленуіне себеп болды. Баған, арка, күмбез, үшбұрышты үш жақтау сынды элементтер Ислам сәулет өнерін құраса да, бұл өнердің, әсіресе мешіт құрылысындағы ең көрнекті элементі күмбез болып табылатындығы анық.

Ислам жерлеріндегі алғашқы күмбездер көлемі жағынан өте кішкентай болған. Олар құбыланың бағытын анықтап, шабестанның ішіне жарық түсіру мақсатында салынған. Одан кейінгі кезеңдерде күмбездің көлемі артып, құбыланың айналасын, кейде бүкіл шабестан мен намаз оқитын залдың төбесін түгелдей қамтып отырған. Осылайша, мешіттердің салтанаты артып, күмбез, былайша айтқанда, намаз кезінде Жер тұрғындарының үстіне саясын түсіретін көк аспанның нышанына айналды. Әрине кейбір зерттеушілердің көзқарасынша, жұмақ бағы мен ондағы аспанның нышаны болып есептелінетін күмбездің мешіттің мұнарасына қарағанда қадірі ерекше.

Арка, күмбез бен жарты ай пішіндес арка Иранда ежелден-ақ қолданыста болған. Ежелгі заман сәулетшілері мұның таңғажайып үлгілерін Иранның әртүрлі аймақтарында, атап айтқанда, Иранның батысындағы жеті төбеге жақын жердегі Дуранташ қаласының кесенелері мен Чоғозанбиль ғибадатханасында, Иранның шығысындағы Систан ауданында, елдің солтүстік, солтүстік-шығысындағы Дамған аймағында салған. 

Бұл тарихи ғимараттардың қалдықтарынан үлкен залдардың үстіне саңылауы үлкен күмбездер, ағаш бөренелер мен көптеген бағаналардың салынғандығын көруге болады. Иранның сәулет өнерінде төрт бұрышты ғимараттың төбесін күмбезмен жабу үшін ғимарат қабырғасын алдымен сегіз бұрышқа, содан соң он алты бұрышқа, соңында шеңберге ұластырып отырған. Бұл іс тек қабырға қырларын біртіндеп жою арқылы жүзеге асқан. 

Ирандық сәулетшілер бұрыштарды жабу үшін екі тәсілді ойлап тапқан. Оның бірін "секөндж", ал екіншісін "төрөнбе" деп атайды. Бұл қабырға бұрыштарын жасау үшін ағаш пен алебастр қолданылған. Осы тәсілмен бұрыш жасау тәсілдерінің Ираннан әлемнің түкпір-түкпіріне таралғанын біліп жүргендеріңіз жақсы. Тіпті еуропалық тілдердің өзінде бұл тәсілдер негізгі атауларына ұқсас аталады. 

Әртүрлі тарихи кезеңдерден қалған күмбездерді зерттеу нәтижесі мынаны көрсетеді: ирандық сәулетшілер жартылай сфера мен шеңберді күмбезді жабуға қолайлы пішіндер деп есептеген. Олар жұмыртқаға ұқсас пішінді таңдап алған. Бұл пішін нақты математикалық негіздегі қажетті беріктікке ие. Сондай-ақ, бұл пішін жер сілкінісіне де жоғары дәрежеде төтеп бере алады. Күмбездің мұндай түрін "һолучин" немесе "элимпс" деп атаған. Ол жұмыртқаның жартысына ұқсап келеді. Күмбез салынып біткеннен кейін, өте берік әрі төзімді болған. 

Ирандық күмбездер ешқандай қалыпсыз салынған. Ауланың ортасына ұзын бөрене тұрғызған, оны қозғалмас үшін доңғалақтың шабағындай басқа ағаштармен айналдыра тіреп қояды. Содан соң қабырға жағынан бастап күмбез салуға кіріседі. Ирандық күмбездерде екі жамылғы (екі қабат) бар. Оның ішкі қабаты элипс түрінде (жұмыртқаның жартысы іспеттес) салынады, ал сыртқы қабатының пішіні әртүрлі болып келеді. Ирандық күмбездердің сыртқы қабаты конус немесе пирамида, жұмыртқа, пияз немесе беде (жоңышқа) іспеттес пішінде салынады. Күмбездің екі қабаты кейде бір-біріне жабыстырыла, кейде бөлек салынады. Бұл ыстық пен суықтың күмбез ішіне енбеуіне септігін тигізеді. Андре Годар Ирандағы күмбездің архитектуралық стилін Иранның шынайы өзіндік сәулет өнері деп атап, оның ерекшеліктерін санамалай келіп, еуропалық сәулетшілердің Иранның күмбез салу стилінен әсер алғандығын айтып, бірнеше мысалдар келтірген. 

Сұлтание күмбезі – кірпіштен жасалынған әлемдегі ең үлкен күмбез. Ол моңғолдың Илханиан әулетінен шыққан Олжайтудың кезінде салынған. Бұл күмбез Иранның маңызды архитектуралық ескерткіштерінің бірі болып саналады және әлемдік мұралар тізіміне алынған. Сұлтание бір кездері үлкен әрі әдемі мешіт болған және сәулет құрылысы мен көлемі жөнінен әлемге әйгілі болған. Сұлтание ғимараты Иранның солтүстік-батысындағы Занджан қаласына жақын жерде орналасқан. Бұл - сегіз қырлы ғимарат. Әрбір қырдың ұзындығы шамамен 17 метр. Күмбездің айналасында сегіз мұнара орналасқан. Иранның екі қабатты ең ежелгі, әрі ең үлкен күмбезі Сұлтание күмбезі болып саналады. Оның биіктігі 54 метр, ал саңылауының диаметрі шамамен 26 метр. Күмбез көгілдір түсті сырлы кірпіштермен көмкерілген. Күмбез бен төбенің айналасында Құран аяттары мен Алланың аттары көркем жазумен жазылған. Мешіт пен кесенені салуда қолданылған тәсіл мен безендірулер сол замандағы сәулет өнерінің озық үлгісі болған. Мешіт х.қ.ж.с.б. 702 жылы (1302 жылы) салынған және негізгі үш бөліктен – кіреберіс, торбатхане және жерасты бөлмесінен тұрады. Италиядағы Флоренция қаласының үлкен күмбезін салуда Сұлтание күмбезінен үлгі алынған деп айтылады. 

Көптеген мамандардың айтуы бойынша, Иранның шығысы, әсіресе үлкен Хорасан аймағы Иранның өзіндік ерекше сәулет өнерінің ордасы болып табылады. Бұл сәулет өнерінде терраса мен күмбез салу және алебастр жапсыру кеңінен пайдаланылады. 

Семнанның үлкен мешіті, Форумадтың орталық мешіті, Зузанның үлкен мешіті, Савенің үлкен мешіті Иранның өзіндік ерекше архитектуралық негіздеріне сәйкес салынған мешіттер болып табылады. Олардың арасында Иранның шығысындағы Форумадтың үлкен мешіті Иранның текті де өзіндік сәулет өнері бойынша салынған үлгілердің бірі болып саналады. 

Хорезмшах дәуірінен қалған құнды архитектуралық ескерткіштердің бірі Форумадтың үлкен мешіті Шахруд қаласынан 165 шақырым жерде орналасқан. Бұл мешітте екі терраса бар. Оның солтүстік және оңтүстік террасаларының айналасына үлкен шабестандар салынған. Мешіттің кіреберіс есігінің маңдайшасынан кірпіш пен алебастрдан жасалған әдемі өрнектер мен Құран аяттары жазылған жазбалар мен әдемі геометриялық нақыштарды көруге болады. Шабестанның ауласы тік төртбұрышты пішінде салынған. Бұл мешіттің қысқа күмбезінің төменгі бөлігі алебастр жапсырмалары мен сталактиттермен безендірілген және арабеска өрнектері, геометриялық пішіндермен көмкерілген. "Мәриям" мен "Ағраф" сүрелерінің аяттары күмбездің дөңісті қабырғасын айналдыра жазылған. Бұл құрылыс қысқа бірнеше күмбез бен жарты ай пішіндес төбелердің болуымен ерекшеленеді. 

Йездегі Фахрадж мешіті - архитектуралық ерекшелігі мен салыну уақыты жөнінен көңіл аударуға тұрарлық мешіттердің бірі. Фахрадж - Йезд қаласына жақын жердегі бір ауыл. Ондағы мешітке 1400 жыл болған. Бұл мешіт Иранның Исламға дейінгі сәулет өнерін Ислам дәуіріндегі сәулет өнерімен ұштастырады. Мешіттің орталық ауласы мешіттің басқа элементтерін өз айналасына жинаған негізгі кеңістік болып табылады. Бұл қарапайым кеңістік Ислам пайғамбарының Мәдинедегі мешітін үлгі етіп салынған. Аркалар мен портиктердің пішіні жарты ай іспеттес. Портиктердің төбесін жабуда күмбез пішіндес тәсіл қолданылған. 

Бұл мешітте бір мұнара бар. Мұнара алыстан көз тартады. Күмбез бен мұнара шикі кірпіштен жасалған. Оның ешбір қабырғаларында терезе жоқ. Бағаналар қарапайым шикі кірпіштен жасалса да, қалың әрі көлемді болып келеді. Және осы күнге дейін күмбез бен төбені тіреп тұр. Мешіттің ішкі бөлігінің біразы алебастардан жасалған жұқа сылақпен сыланған. Бұл күмбезді салудағы қызық жайт мынада: ол бір-біріне симметриялы екі бөліктен салынған. Күмбез бірі-біріне қарама-қарсы екі қабырғаның үстіне салынған. Сондықтан осы екі бөліктің симметриясын оп-оңай көруге болады. 

Иранда күмбездер көбіне піскен немесе шикі кірпіштен салынған. Олардың ішкі сылағы алебастрдан, ал сыртқы жамылғысы кірпіш немесе сырлы кірпіштен жасалған. Күмбездің ішкі-сыртқы безендіруінің қолданылу аясы кең.

Тегтер