Иран мәдениеті және сәулет өнері (34)
Әртүрлі тарихи кезеңдерден қалған тұрғын үйлер, ғибадатханалар, әкімшілік ғимараттар, алаңдар, көпірлерде көрініс тапқан сәулет өнері тамашалаушыларды ата-бабалардың талғамы, ынтасы және дүниетанымымен таныстырады. Діни ғимараттар тарихта болған өнер иелерінің наным-сенімі мен ынта-жігерін көрсетеді.
Әрбір мұсылманның діни міндеттерінің бірі - тәуліктің белгілі бір уақытында 5 уақыт намаз оқу болып табылады. Ислам қоғамында намаз оқитын уақыт арнайы сөйлемдер айту арқылы хабарланады. Мұны "азан" деп атайды. Әдетте мешіт бар жерде "муазэн", яғни азаншы азан шақырады. Ол белгіленген уақытта азан шақыру арқылы мұсылмандарды намазға шақырады.
"Мұнара" – азан шақыру үшін мешітте салынатын биік құрылыс.
"Мұнара" сөзі "белгі" және "шырақ орны" деген мағынаны білдіреді. Мұнараны жол бойына салып отырған. Ол жерде жолаушылар мен адасқан адамдарға жол көрсететін шырақ жағылатын болған. Бүгінде мұнаралар исламдық сәулет өнерінің негізгі элементтерінің бірі болып саналады. Исламға дейінгі ғибадатханаларда төртбұрышты пішіндегі кішкене мұнаралар салынған, бірақ мұсылман сәулетшілері мұнараларaдың пішінін өзгертіп, оның биіктігін арттырып, қолданыс аясын кеңейтті.
Алғашқы мұнара х.қ.ж.с.б. 45 жылы (665 жылы) қазіргі Ирак жерінде орналасқан Басре қаласының үлкен мешітінде салынған. Содан бастап Ислам елдеріндегі мешіттерде мұнара салу кең таралды және қаланың әртүрлі аудандарынан мұсылмандарды намаз оқуға шақырудың нышанына айналды.
Иранда Исламнан бұрын да мұнара салу қолданыста болған. Далада салынған адасқан адамдарға жол көрсететін биік мұнараларды – "миле" – баған деп атаған.
Бұл бағандар мешіттердегі қазіргі мұнараларға ұқсас болып келген. Бағанның басына от жағып, жолаушыларға жол көрсетіп, бағдар беріп отырған. Бірақ Ислам келгеннен кейін бұл мұнаралар мешіттердің жанына салынып, адамдарды осы қасиетті орындарға шақыратын символдық элементке айналды.
Мұнаралар негізгі төрт бөліктен - төрт, алты немесе он екі бұрыш пішіндегі іргетас, конус пішіндегі қабырға, төрт немесе сегіз бұрышты жамылғы (төбе) және қалқадан тұрады.
Ислам әлемінің түкпір-түкпіріндегі мұнаралар көбінесе осы төрт бөліктен тұрады. Бірақ олар әр аймақтың жергілікті сәулет өнерінің ықпалымен ерекше қалыпқа ие болып отырған. Мысалы, Солтүстік Африкадағы мұнаралар қалың әрі төртбұрышты болып келеді, Мысырда – бірнеше қабатты, Түркияда – көп қалқалы (балкон) қарындаш пішіндес, Иранда жіңішке, биік, конус пішінде, әдемі гүл шоғымен безендіріліп салынады. Мұнара биік әрі жіңішке болып салынатындықтан, оның іргетасының берік болуы өте маңызды. Өйткені егер іргетас немесе оның астындағы жер борпылдақ болса, бүкіл құрылыс қирап қалады. Жерді ең қатты бөлігіне жеткенге дейін қазып, оны тас және берік құрылыс материалдарымен толтырады. Содан соң мұнараның іргесі қаланады. Содан кейін әртүрлі пішінде мұнараның қабырғасын көтереді. Қабырғалар кейде кірпіштен жасалып, ешқандай әшекейсіз қарапайым салынады. Ал кейбір қабырғалар өте биік, әрі призма пішінде жасалады және оның бетіне әртүрлі нақыштар салынады. Бұл мұнара қабырғаларының көлемі биіктеген сайын, кішірейе береді.
Иран сәулет өнеріндегі симметрияның маңыздылығы зор болғандықтан, қос мұнара мешіттің сыртқы көрінісіне әдемілік сыйлаумен қатар, мешіт террасаларының тебіліс күштеріне төтеп беруде ықпалды рөл атқарады. Мамандар: "Мешіттің маңдайшасына көңіл бөлудің ең әдемі, әрі ең шебер түрі - оның екі жағына екі мұнара тұрғызу болып табылады",-дейді.
Мұнараның ішінде шиыршық (спираль) түріндегі баспалдақ орналасқан. Бұл баспалдақ мұнараның ұшар басына дейін жетеді. Азаншы азан айту үшін осы баспалдақпен жоғары көтеріледі. Әрине кейбір бастапқы үлгілерде баспалдақ мұнараның сыртында орналасқан. Бірақ мұнаралардың көбісінде баспалдақ оның ішінде орналасқан. Йезд мешітінің мұнаралары, Гүлпайгандағы Селжұқтар мешітінің мұнаралары, Хан Шираз медресесіндегі мұнара Иран мешіттеріндегі ерекше мұнаралар қатарына жататындығын біліп жүргендеріңіз жақсы. Бұл үлгілерде екі қатар баспалдақ жасалған: бір баспалдақ жоғары шығуға, ал екіншісі төмен түсуге арналған. Бұл баспалдақтардың арасында ешқандай байланыс жоқ. Мұнараның ұзына бойында бір кірпіштің көлеміндей тесіктер бар. Бұл тесіктер баспалдаққа жарық түсіру үшін пайдаланылған.
Мұнараның ұшар басы көлем жағынан кеңейтіліп, шеңбер немесе көпбұрышты пішінде жасалады. Онда азаншының орны бар. Бұл орынның биіктігі шамамен екі метр, оның айналасы қысқа қабырғамен немесе темір және ағаштан жасалған шарбақпен қоршалады.
Мұнаралардың көбісі кірпіш және алебастр қоспасынан жасалады. Бірақ Систан сияқты аймақтарда шикі кірпіштен жасалған мұнаралар да кездеседі. Бұрын мұнаралардың биіктігі әртүрлі болған. Мұнаралардың биіктігі 20 метрден басталып, кейде 100 метрге дейін жетіп отырған. Әлемдегі ең биік тарихи мұнара - Делидегі 74 метрлік мұнара. Оның 4 метрі бұзылған. Бетоннан салынатын қазіргі мұнаралар басқа мұнаралардан биігірек. Меккедегі әл-Харам мешітіндегі мұнаралардың биіктігі - 90 метр. Қолданылатын құрылыс материалы жеңіл болған сайын мұнараның биіктігі қысқара береді. Ағаш мұнаралардың биіктігі 20 метрге жетеді.
Йезд үлкен мешітінің мұнаралары Ирандағы ең әдемі әрі ең биік мұнаралар болып табылады. Мешіттің ғимараты жүз жыл бойы бірнеше тарихи кезеңдерде х.қ.ж.с.б. 6 ғасырдан (12 ғасыр) бастап салына бастады. Оның екі мұнарасының биіктігі – 52 метр, диаметрі – шамамен 8 метр. Бұл мешіт әдемі сырлы кірпіштермен безендірілген. Бұл кірпіштерде ашық көк, жасыл және қоңыр түстермен арабеска нақыштары, бұта-жапырақтар мен өсімдіктердің суреті бедерленген.
Бұл мұнаралар биіктеген сайын жіңішкере береді. Йезд облысының шебер сәулетшісі Мұхаммад Әли Дехқан Банараки осы мешіттің құрылысы жайлы сөз қозғай келіп: "Бұл ғимарат пен мұнараларды салуда темір пайдаланылмаған. Олар тек арка, сазбалшық және алебастрмен беріктендірілген. Сырлы кірпіштерді жабыстыруда да әртүрлі бояулар қолданылған. Оның михрабы мен мұнарасы Иран сәулет өнерінің ең жоғары үлгілерінің бірі болып табылады",-дейді. Бұл мешіттің ұлттық мұра ретінде тіркеуге алынғандығын айта кеткен жөн.
Исфахан қаласына жақын жердегі "Барсиан" мешітінің мұнарасы Ирандағы ең ежелгі мұнаралардың біріне жатады. Ол х.қ.ж.с.б. 491 жылы (1097 жылы) салынған. Бұл мұнара кірпіш және алебастрдан жасалған. Оның диаметрі – 6 метр, ал биіктігі – 36 метр. Мұнара тек төртбұрышты және ромб пішінді кірпіштермен безендірілген. Бұл безендіру үлгісі "хезарбаф", яғни "мыңбұрама" деп аталады. Мамандардың көбісі бұл мұнараны Селжұқтар кезіндегі кірпіш қалау өнерінің ең жақсы үлгісі деп есептейді.
Франциялық ирантанушы Андре Годар "Барсиан" мешітін Иранның төрт аркалы құрылысы мен мешіт салу жобасында жасалған өзгерістің бастамасы деп санайды. Осы мешіт пен оның әдемі мұнараларының ұтымды архитектуралық жобасы, кірпіштен жасалған көркем безендірулері мен мұнара басында жазылған Құран аяттары көрген адамның көзін қызықтырады. "Барсиан" мешітіндегі мұнара қабырғасында әдемі шынжыр мен куфа жазуына ұқсайтын өрнектер айналдыра салынған.