Иран мәдениеті және сәулет өнері (35)
Мешіт – ислам мәдениеті мен өркениетіндегі ең маңызды құрылыс. Өткен 14 ғасырда мешіттің құрылысына өнер және рухани қабілеттер мен дарындылықтар, сондай-ақ өнеркәсіптік іскерлік қолданылды.
Ислам әлеміндегі мешіттердің көбінен осы ерекшелікті көруге болады. Ислам елдерінің әрбір қаласында әртүрлі архитектуралық стиль және әрқилы ерекшеліктермен салынған жүздеген мешіт бар. Бұл мешіттердің ортақ бөлігі – аула. Жоба ерекшелігіне байланысты бұл ауланы жылдың төрт мезгілінде қолдануға болады. Мешіттердің ауласында су мен субұрқақтың болуы өте маңызды болып есептелінген. Әрбір мешітте үнемі ағынды немесе тұнған су болған және оған тиісті көңіл бөлініп отырған. Хауыздағы судың тыныш беті аспанмен шағылысады. Су – тазалық пен пәктіктің белгісі. Хауыз мешіт ауласының жанға жайлылығын арттырып, ауаны салқындатып отырған. Ибн Батута сынды тарихшы ауласында екі жақтан су ағып, жасмин гүлдері мен жүзім ағашы өсіріліп, оның ауласына жұмақтай сипат берген мешіт жайлы сөз қозғаған. Ибн Батута Исфаханға жақын жердегі Аштарджан үлкен мешітін осындай әдемі мешіттердің бір үлгісі деп санайды.
Мұсылмандар үшін бақтың символдық құндылығы бар. Бақ материалдық қолданыс аясымен қоса, әдемі әрі жанға жайлы жер болғандықтан, дем алып, тынығып, дамылдауға ыңғайлы болады. Сондықтан да мешіт салуға қолайлы орындардың бірі бақ болып табылады. Тарихтан ішіне әдемі мешіт салынған көптеген бақтарды кездестіруге болады. Осындай үлгілердің бірі - Мәдине қаласындағы ән-Нәби (Пайғамбар) мешіті. Бұл мешіттің салынған жері құрма ағаштарының болуына байланысты "хадиқе", яғни "бақ" деп аталады. Тарихи деректер бойынша, осы мешіттің алғашқы салынған жылдары намаз құрма ағашының саясында оқылатын. Мароккодағы Қируан мешіті, Йезддегі Абрабад мешіті, Дамасктың үлкен мешіті әдемі бақтардың ортасына салынған мешіттердің қатарына жатады. Әрине кейбір жағдайларда алдымен мешіт салынып, содан соң оның ауласына ағаш егіліп, жасыл желекті кеңістік жасалады. Мұндай жағдайларда жеміс ағаштарының өнімі жеке бір адамға тиесілі болмаған, олар мешіттің қажеттіліктеріне немесе мұқтаждарға жұмсалып отырған.
Ислам тұрғысынан ғибадатханаларда, әсіресе мешіттерде адам мен жануар сияқты тіршілік иелерінің табиғи қалпы бейнеленген суреттер салынып, мүсіндер қоюға тыйым салынған. Әрине мешіттерде өсімдік тектес нақыштар қолданылады. Мұның ең ежелгі үлгілерін Дамаск пен Палестинадағы мешіттерден көруге болады. Бұл нақыштарда табиғи пішіндер, геометриялық сызықтар мен шырмауық пішіндес суреттер араластырыла бейнеленген. Құрма, жүзім, анар және зәйтүн ағаштарының суреті аталмыш мешіттердің іші мен сыртында бедерленген. Бұл элементтер әдетте айналадағы қоршаған орта мен әртүрлі географиялық аймақтың өсімдіктер дүниесінің ықпалымен салынып отырған. Әрине бұл өсімдік пішіндес нақыштар Құрандағы жұмақ пен оның таңғажайып әдеміліктерінің сипаттамасынан да әсер алған.
Иранның мешіттерінде ағаш егу де, сырлы кірпіш бетіне ағаш суретін салу да Иран бағының үлгісінен шабыт алып жасалған. Бақты төртке бөліп, өзара қиылысатын қатар жасау Иран сәулет өнерінің нышаны болып табылады. Бұл мешіттердің ішін жобалаудан да айқын байқалады. Мешіттерде қолданатын сырлы кірпіштер мен нақыштарда көк және көгілдір түстер қолданылады. Дамаск халқы үшін бұл түстер мәңгілік пен шексіздіктің нышаны болып табылады. Мешіттердің көгілдір күмбездері көк аспанмен астасып, өз сұлулығымен көрген адамды тамсандырады.
Тебриз қаласының көгілдір мешіті әлемге "Көгілдір Ислам" деп аталатын Иранның мәдениеті мен сәулет өнерінің синтезі ретінде танымал. Бұл мешіт х.қ.ж.с.б. 870 жылы (1465 жылы) Қара қоюнлы әулетінің ең беделді билеушісі Жаһаншах сұлтанның әйелінің бастамасымен салынды. Жаһаншах пен оның жақындарының қабірлері де осы мешіттің жер асты бөлмелерінде жерленген. Мешіт құрылысында қолданылған сырлы кірпіштердің әралуандығы мен нәзіктігі, геометриялық сызықтардың әртүрлілігі, түрлі бояулардың өзара үйлесімділігі осы мешітке "фирузе", яғни "көгілдір" деген аттың берілуіне себеп болды. Бұл мешіттің құрылысында тек көгілдір түсті сырлы кірпіштер мен алты бұрышты бөліктер пайдаланылған. Мешіттің төбесінен алтынмен жалатылған табиғаттың суреттерін көруге болады. Мешіттің үлкен бөлігі х.қ.ж.с.б. 1192 (1778 жылы) болған жерсілкінісі салдарынан қирап қалды. Бірақ содан кейін мешіт қайта жөнделді. Мешіттің негізгі маңдайшасы түрлі-түсті әдемі араб жазуы бедерленген сырлы кірпішпен безендірілген. Бұл өнер туындысы әлі күнге дейін Иранның өнері мен мәдениетіне қызығушылардың көзайымына айналып отыр.
Тарихи еңбектерде Тебриздің көгілдір мешітінің салтанатты ғимаратын "Мұзаффар ғимараты" деп атайды. Түрік географы мен тарихшысы Катеб Чәләби х.қ.ж.с.б. 12 ғасырда (17 ғасыр) "Жаһаннама тарихы" атты еңбегінде: "Мешіттің кіреберісі Касре аркасынан биігірек. Бұл – әдемі сырлы кірпіштермен көмкерілген, биік әрі үлкен күмбезі бар ғимарат. Мешітке кірген әрбір адам одан қайтып шыққысы келмейді",-деп жазған.
Тебриз көгілдір мешітінің барлық сырлы кірпіштерінде "Әли Уәлиолла" сөз тіркесі мен Пайғамбар әулетіне жататын имамдардың аттары әртүрлі пішінде жазылған. Мешіттің сырты күйдірілген кірпішпен қаланған, ал едені сырлы кірпіштермен жабылған.
Өсімдік пішіндес суреттер мен сырлы кірпіштермен көмкеру тұрғысынан аты шыққан мешіттердің бірі – Мешхед қаласындағы "Гаухаршад" мешіті. Бұл мешіт Пайғамбар ұрпақтарының бірі Имам Реза (ғ.) кесенесінің оңтүстігінде салынған. "Гаухаршад" мешіті архитектуралық нәзіктігі және ішкі жобасының әдемілігінен Тимуридтер кезіндегі бірегей архитектуралық туынды болып саналады. Бұл – толықтай ирандық жобамен жасалған төрт терассасы бар ғимарат. Мұнараларының биіктігі - 43 метр. Оның барлық бөлігі сырлы кірпішпен қапталған. Күмбездің биіктігі – шамамен 41 метр. Күмбездің екі қабатының арасы – 10 метр. Михраб тұтас мәрмәр тастан жасалған. Оның ортасына әдемі жазба жазылған. Гаухаршад мешітінің ауданы 10 000 шаршы метрге жуық. Оның сегіз шабестаны аркалармен жалғанған көптеген бағандардан тұрғызылған. Ауланы айнала салынған дуал 20 метр (20,1) биіктікте дейін қоңыр түсті таспен жабылған, ал қалған бөлігі арабеска стиліндегі сырлы кірпіштермен безендірілген. Бұл сырлы кірпіштер көк, ақ, жасыл, сары және қара түстің әралуан түрімен боялған.
Гаухаршад мешіті х.қ.ж.с.б. 821 жылы (1418 жылы) Тимурид әулетінен шыққан Шахрухтың әйелі "Гаухаршад ханшайымның" бұйрығымен Иранның ұлы сәулетшісі Қауам ал-Дин Ширазидің басқаруымен салынған. "Гаухаршад" есімі мешіттің екі жерінде түрлі-түсті араб жазуымен сырлы кірпіш бетіне жазылған. Ол жақсы қырынан сипатталған. Гаухаршад – ақылды өнерсүйер әйел болған. Оның атағы қайырымдылық істерімен шыққан. Тимуридтер кезінде ол өнер және әлеуметтік қызметтердің бастамашысы болған. Бұл әйел Ауғанстан ның Герат қаласында өзінің бұйрығымен "Гаухаршад" мешітінің архитектуралық жобасы негізінде салынған мешітте жерленген.
Гаухаршад мешітінің атағы Иранның қазіргі заманғы тарихында саяси оқиғаның орын алуы себебінен арта түсті. Х.ш.ж.с.б. 1314 жылы (1935 жылы) Иранның сол кездегі диктатор патшасы Резахан мұсылман әйелдерге хиджаптарын шешуге бұйрық берді. Ол бұл бұйрықты мәжбүрлі түрде орындауды көздеді. Бірақ Иранның мұсылман халқы Исламға қарсы осы шешімге қарсы реакция көрсетіп, елдің көреген дінбасылары мен ғұламалары наразылық білдірді. Мешхедтегі ғұламалардың айбарлы сөздері халықтың кең қолдауына ие болды. Резаханның Исламға қарсы саясаттарына наразылық білдіру үшін Гаухаршад мешітіне жиналған адамдарға қарулы күштер шабуыл жасады. Солардың атқан оқтарының салдарынан көп адам қаза болып, жарақат алды. Бірақ бұл айуандық шабуыл халықты басып тастай алмады. Осы оқиғадан кейін Иранның түкпір-түкпірінде ауқымды халықтық наразылықтар басталды.
Жыл сайын тир айында (маусым айының аяғы-шілде айының басы) осы оқиғаға байланысты Гаухаршад мешітінің шейіттерін еске алу рәсімі өткізіледі.