Батыстың өмір салты (7)
"Бүгінде Батыс әлемінің ең үлкен қиындықтарының бірі – жанұяның күйреуі. Батыс тура осы мәселеден ең ауыр соққы көріп отыр. Жылтыраған материалдық өркениет осы жерде шытынады".
"Бүгінде Батыс әлемінің ең үлкен қиындықтарының бірі – жанұяның күйреуі. Батыс тура осы мәселеден ең ауыр соққы көріп отыр. Жылтыраған материалдық өркениет осы жерде шытынады".
Осы аптадағы бағдарламамызды Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеидің сөзімен бастадық. Бұл сөз бүгінде Батыс елдерінің мәдени-әлеуметтік мәселелер саласында жанұя негізінің құлдырауына қатысты туындаған дағдарыс туралы. Құлдыраудың ең маңызды факторы – ажырасу. Ажырасу құбылысы қазіргі заманғы әлемнің әлеуметтік ауруларының бірі. Бұрынғы заманда ажырасу жазғырылатын жағымсыз іс болған. Адамзат қоғамында өте сирек кездесетін. Алайда бүгінде мәдени және ақпарат құралдары, жаңа байланыс технологиялары Батыс өмір салтын жарнамалап, тарату арқылы көптеген қоғамдарда ажырасудың сұрқия келбетін жойды. "Батыстың өмір салты" атты бағдарламамыздың бүгінгі аптасында Батыс қоғамындағы ажырасу мен оның көптігі тақырыбын талқылаймыз.
2018 жылдың статистикалық мәліметіне сәйкес, әлем елдері кестесінің басында тұрған модернистік-материалдық мәдениетке ие 10 ел ажырасудың жеке өмір мен қоғамға тигізіп жатқан салдарларымен күресіп жатыр. Белгия елі 71 пайыздан астам ажырасумен рекорд жасады. Португалия 68 пайыздан астам ажырасумен екінші орында тұр. Венгрия, Чехия республикасы, Испания, Люксембург, Эстония, Франция мен АҚШ – осы тізімдегі келесі елдер.
Ұлыбританияда некелердің жартысы ажырасумен аяқталады. 2019 жылдың алғашқы алты айында Англия мен Уэльсте тіркелген некелердің 42 пайызға жуығы ажырасумен аяқталды. АҚШ-тағы бір ресми орталық жариялаған мәлімет бойынша бұл елде тіркелген некелердің 50 пайыздан астамы ажырасумен аяқталған. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік қиындықтар мен дағдарыстар әлеуметтік осы теріс құбылыстың артуына себеп болды. Егер АҚШ үкіметі елінің әлеуметтік қиындықтарын шешу үшін шара ойластырмаса, алдағы онжылдықта некелердің 80 пайызынан астамы ажырасумен аяқталады. Осындай жағдайда Батыс елдерінде дәстүрлі үйлену айтарлықтай азайды. Оған керісінше, өкінішке орай, адамның табиғаты мен табиғи үдеріске қайшы әрқилы жанұялар көбейді.
Ажырасу – бірнеше қырлы құбылыс. Әлемнің әралуан елінде көптеген факторлар мен салдарлар ажырасуда түрлі рөл атқарады. Солардың ішінде әлеуметтік және экономикалық мәселелер, адамдардың агрессия, ашушаңдық, қобалжу сияқты психикалық қиындықтары, әлеуметтік үмітсіздік, міндеттер мен болжамдардан хабардар болмау, виртуалды ақпарат құралдары мен арналар, қиянат және т.б. бар. Бұл факторлардың жанында түрлі қоғамның мәдениеті де ажырасуды көбейту немесе азайтуда әсерлі болады. Мысалы, ислам елдерінің көбінде ажырасу деңгейі ислам дінінде айыпталатын болғандықтан төмен. Бірақ Батыста ажырасу құбылысы батыс адамының өмір салтына байланысты артып келеді. Ләззат қууды Батыс мәдениеті принциптерінің бірі деп атауға болады. Осы принципке сәйкес Батыстың заңдары әйел мен ер адамның нәпсілерін еркін қанағаттандыруға мүмкіндік жасайтындай қалыптасқан. Осындай көзқарастың салдарынан Батыс мәдениетінде ләззат алуға, жеке бас пайдасын ойлауға, жеке талап-тілектерін орындауға ұмтылған адамдар тәрбиеленіп жатыр.
Батыста әлеуметтік салдарларды зерттеу тобы бұл қоғамда жанұя құрылымының тұрақсыздығын Батыстың ләззат қуған мәдениеті мен идеологиясының теріс әсері санайды. Энтони Гидденс "Социология" (Sociology) кітабында Нью-Йорк журналына тоқталып: "АҚШ заңдарының ажырасқан әйелге беретін мүмкіндіктерінен шығатын қорытынды 10 немесе 20 жылдық некелердің ажырасу себебі үйлесімсіздік емес, бұрынғы үйлесімсіздіктерге төзуді қаламау және басқа адамдармен көбірек ләззат алуға құмарлану",-деп жазады.
Жүктілікке қарсы дәрілер заманында, жыныстық революция дәуірі мен феминистік идеология дамыған шақта әйелдер арасында қуаныш пен ләззат жанұя ошағын сақтаудан артығырақ деген ой қатты тарады. Қазіргі замандағы америкалық әйелдің қызығушылығы кешегі әйелден әлдеқайда артық. Қазіргі әйелдің жоқшылыққа төзімі өз әжесінен азырақ".
Бірақ Батыс адамдарының өміріндегі ләззатқа ұмтылушылық тек әйелдермен шектелмейді, еркектер де осындай ойлау тәсілін ұстанады. Батыстағы ерлердің мақсаты жанұя құру емес, ләззат қуу. Олардың жеке өмірі мен ләззат іздеу сезіміне қайшы н кез келген нәрсе оп-оңай өмірден шеттетіледі. Олар аятолла Хаменеи айтқан мына нәрседен қапы қалды: "Егер адамдар өздерінің жыныстық түйсіктерін қалаған тәсілмен қанағаттандыруға ерікті болса, жанұя құрылмас еді немесе қауіп-қатерге төзе алмайтын және кез келген желден құлап қалатын әлсіз жанұя құрылар еді. Қазір әлемнің кез келген жерінде жыныстық еркіндік бар. Сол себепті жанұя әлсіз. Негізінде әйел мен еркек осы түйсіктерін қанағаттандыру үшін бір ошаққа тоғысуды қажет етеді".
Тұрақты өмірді қалайтын батыс зерттеушілерінің кейбіреуі құқықтық құрылымдар өзгерісі мен әйел мен еркектің теңдігі заңының ресми түрде танылуын ажырасуды арттырған факторлардың бірі санайды. Сол себепті Батыс елдерінде, соның ішінде АҚШ-та бұл заң бекітілген соң ажырасу саны қатты артып кетті. Қоғамтанушы Шельски (Helmut Schelsky) бұл іс жанұядағы міндет бөлінісінің (иерархияның) бұзылуына себеп болды деп санайды. Жанұя басқа бір құрылым сияқты өзінің сақталуы үшін мүшелерінің әртүрлі рөлдерді қабылдауын қажет етеді. Шын мәнінде рөлдердің әралуандығы өмірдің ошағын жылытып, ләззат беріп, оның жалғасуын кепілдендіреді. Егер бір топта рөлдер бірдей болса, бұл топ ұзаққа бармайды.
Батыстықтардың өмірінде орын алып, қазіргі индустриалды қоғамдардағы ажырасу факторларының бірі болған нәрсе – әйел мен еркектің рөлдерінің араласып кетуі. Қазіргі таңда Батыс қоғамында әйел немесе ер адамға ғана арналған іс жоқ. Өткен заманда әйел мен еркек арнайы тәлім-тәрбие алып, өздерінің болашақтағы рөлдеріне дайындалатын. Алайда бүгінде тіпті бұл қоғамдардың тәлім-тәрбиесі феминистік тағылымдар негізінде өз міндеттерін араласқан рөлдер күйінде орындауға үйретуде. Сондықтан бұл қоғамда адамдардың жанұядағы өз рөлдерін қабылдау үшін тәрбиеленбейтінін көреміз. Мұның өзі жанұяда текетірес тудыратын факторлардың бірі.
Ажырасу – бір-біріне байланысты оқиғалардың тізбегі. Ол өз құрбандарының өмірін мәңгіге өзгертеді. Ажырасу әйелдер мен еркектерге, әсіресе балаларға ауыр салдар тигізеді. Әлеуметтік сыншы Кирк Патриктің пайымдауынша, "Ата-ананың ажырасуы перзентке олардың біреуінің өлгенінен артық әсер етеді". Зерттеулер көрсеткендей, ата-ананың ажырасуы балалардың бойында психикалық ауытқушылықтардың туындауымен тікелей байланысты. Ұлыбританиядағы 6 мыңнан аса бала мен жеткіншекке жүргізілген зерттеу көрсеткендей, ата-ананың ажырасуы балалардың, әсіресе 7 жастан асқан балалардың психикалық соққы алуына себеп болған. Бұл олардың күйзеліске ұшырап, өскенде психикалық ауруларға шалдығу ықтималын арттырады. Әсіресе жанұяда әкенің болмауы қыздарға өте жаман әсер етеді.
"Екі рет асырап алынған" (Twice Adopted) атты кітаптың авторы Майкл Рейган ата-ананың ажырасуы туралы: "Ажырасу кезінде ересек екі адам бір баланы маңызды барлық нәрседен айырады. Үйі мен жанұясының болуы, қауіпсіздікті сезінуі, ата-анасының махабаты мен қорғалғанын сезінуінен айырып, быт-шытын шығарып, бөлшектерін лақтырып кетеді. Бала сол бүлінген дүниелерді жинастыруы керек",-деп жазды.
Ажырасу – ең түйткілді әлеуметтік мәселелердің бірі. Батыс елдері ажырасудың тікелей және жанама салдарларын тек ерлі-зайыптылардың, балалардың, туыстар мен достардың психикалық тепе-теңдігінің бұзылуынан ғана көріп отырған жоқ. Оның экономикалық жүйеге, тұрғындар құрамының саны мен сапасына, мәдени жүйеге теріс әсерлерін де жоққа шығара алмай отыр.
Тура осы жағдай Батыс үкіметтерін бұл құбылысты бақылау және азайту үшін шара қолдануға итермеледі. Батыстың өміріне шолу олардың әлеуметтік мәселелерді бағдарлауда, әсіресе тұрақты жанұя құрып, оны сақтауда сәтті әрекет ете алмағанын көрсетеді.