Иран мәдениеті және сәулет өнері (38)
Керуен сарай – керуендердің орналасуына арналған ғимарат. Ондағы ауланың жобасы қарапайым. Оның кіреберіс есігі әдетте үлкен әрі ешқандай өрнексіз, қарапайым болып келеді. Керуен сарайда дөңестеніп келген бір аркасы бар бір далан бар. Ол кіреберіс есік пен ішкі ауланың арасында орналасқан.
Ежелгі замандарда бұл ғимаратта жолаушылардың демалуына арналған бөлмелер, жануарларды жайлайтын қоралар мен саудагерлердің жүгін сақтайтын қоймалар болған. Жолаушылар онда бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін тоқтайтын болған.
Бірақ осындай құрылыстардың барлығы керуен сарай деп аталмайтын. Бұл ғимараттар қолданыс аясының әралуандығына байланысты әртүрлі атаумен аталған. "Карбат", "робат", "собат" және "хан" – осы атаулардың барлығы керуен сарай типтес ғимараттарға қатысты айтылған. "Собат" – «демалатын орын» деген мағынада демалу мақсатында салынған ғимаратқа қатысты айтылған. Собат қаланың ішінде де, сыртында да салынған. Ол қазіргі жолаушы үйлеріне (мұсаферхане) ұқсас болған. Собатта бірнеше кішкене бөлме, бір ортақ зал және бір су қоймасы болған. Бұл ғимарат қысқа мерзімді демалысқа қолайлы болған. Онда 3-7 кіреберіс есік болған. Кейде оның ауласында жүргіншілердің демалуына арналған орындықтар орнатылған.
"Робат" деп қала сыртындағы жолдардың бойына салынған ғимараттарды атайды. Оның ауданы үлкен, бөлмелері көп және мүмкіндігі молырақ болған. Әдетте жолаушылар робатта бір күннен артық тоқтайтын болған. Робат деп аталатын ғимараттарда жолаушыларға көптеген мүмкіндіктер жасалған. Онда жасыл желекті аула, үлкен хауыз бен бассейн болған. Мұның өзі жолаушылардың жанына жайлы тиетін. Робатта бірнеше мұнара болған. Онда күзетшілер орналасып, робаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған. Бұл ғимараттың төбесі күйдірілген кірпіш пен басқа да берік құрылыс материалдарының көмегімен қиғаштау салынған. Франциялық ирантанушы Андре Годар робат жайлы: "Робат – қамал мен бекіністің бір түрі. Ол Ислам елдерінің шекаралық аймақтарында салынатын және әскери ғимарат болып есептелінетін. Робат бертін келе поштабайлар мен керуендердің тоқтайтын орнына айналды. Жапсарлас аймақтардың халқы қауіп-қатер төнгенде осы ғимараттарды паналайтын болған",-деп жазды.
Үлкен робаттарды керуен сарай деп атаған. "Ларус" энциклопедиясында мынадай түсініктеме берілген: "Робат Таяу Шығыстағы қонақ үйлер мен баспаналар болып табылады. Онда жолаушылар мен шетелдіктердің үлкен топтары қонатын болған."
Робат салу Ислам дәуірінде билеушілер үшін ерекше маңызды болған. Иранның шығысындағы сауда жолы және Ұлы жібек жолының маңызды өткелі болған Үлкен Хорасанда жол мен сапар саласында көптеген тарихи ескерткіштер сақталып қалған. Үлкен Хорасанда бой көтерген керуен сарайлардың саны қырыққа жетеді. Олардың кейбіреулері қиратылып, басқалары жөндеуден өткізілген. Маһи робаты, Шараф робаты, Заферание робаты, Мазинан робаты, Шах Аббас робаты және Қадамгаһ робаты Хорасан аймағының ең маңызды робаттары болып табылады.
"Шараф робаты" Мешхед-Серахс тас жолының бойында Иранның солтүстік-шығысындағы жартылай шөлді аймақта орналасқан. Оның террасасындағы кірпіште жазылған жазбаға қарағанда, бұл құрылыс х.қ.ж.с.б. 508 жылы (1114 жылы) Селжұқтар дәуірінде салынған. Бұл керуен сарайдың көлемі 109х63 метр. Онда екі кең аула мен биік терраса бар. Намазхана, күзетшілер бөлмесі, мал қоралар, ходжрелер мен кішкене бөлмелердің болуы ирандық сәулетшілердің ғимараттың ішін жобалаудағы таптырмас талғамын көрсетеді. Симметрияны сақтау, кірпіш қалаудағы архитектуралық принциптерді сақтау, терраса, аркалар мен күмбезді "мұқарнас" – сүңгі іспеттес өрнекпен безендіру – осының барлығы аталмыш робаттың ерекшеліктерінің бірі болып саналады. Террасаның асты мен намазханадағы михрабқа жабыстырылған әдемі өрнекті алебастр жапсырмалар бұл керуен сарайды Селжұқтар дәуіріндегі ең құнды ғимараттар қатарына қосты.
Сефевидтер кезінде көптеген саяхатшылар Иранға сапар шегіп, өздерінің жазбаларында сол дәуірдегі керуен сарайлар жайлы қызықты сипаттамалар мен суреттер қалдырды. Х.қ.ж.с.б. 11 ғасырда (17 ғасыр) Иранға бірнеше рет сапар шеккен франциялық саяхатшы Таверние керуен сарайлар жайлы қызықты мәліметтер береді. Ол бірде: "Әдетте Тебризден Исфаханға дейінгі жол 24 күнге созылады. Алғашқы күні асуы қиын таулардан өттік. Содан соң Сефевид патшасының бұйрығымен салынған салтанатты керуен сарайға келіп жеттік. Бұл керуен сарай – мен осы күнге дейін көрген қонақ үйлердің ең жақсы үлгісі",-деп жазған.
Таверние тіпті бұл керуен сарайды басқа елдердегі керуен сарайлармен салыстырған және мұнда өмір сүрудің османдық керуен сарайларға қарағанда жайлырақ екендігін айтқан.
Ұлыбритания мұражайында сақталынған бір бұрама қағазда Иранның қала ішінде салынған керуен сарайлары жайлы мағлұмат берілген. Бұл қағазда Исфахандағы Имам алаңының (Нақш-е жаһан алаңы) айналасында орналасқан 40 керуен сарайдың аты аталған.
"Мошир ол-Мамалек" керуен сарайы Иранның оңтүстігіндегі Баразджан қаласының ортасында орналасқан. Бұл керуен сарай х.қ.ж.с.б. 1250 жылы (1834) салынған. Оны салуда күйдірілген кірпіш пен "сарудж" - әк қоспасы қолданылған. Оның еденіне қашалған үлкен тастар төселген. Төбесі де жалпақ тастармен жабылған. Жауын-шашын кезінде жаңбыр суы тастан жасалған арнайы науалар арқылы ғимараттың сыртына шығарылып отырған. Керуен сарай ауласының кіреберісінде үлкен ағаш есік бар. Оның бетіне ойылып өрнек салынған. Керуен сарайдың екінші қабатының көп бөлігі әдемі алебастр жапсырмалармен безендірілген. Оның төбесі күмбезбен жабылған. Мұнда көбіне бай жолаушылар орналастырылатын. Бұл бөлік шах қонатын орын ретінде танымал. Мұнда керуен сарайдың сыртына қараған үлкен терраса бар.
Аталмыш керуен сарайда 68 бөлме, төрт бұрышында кірпіштен жасалған 4 мұнара бар. Бұл ғимарат алғашқыда керуеншілердің демалуына арналып жасалған, кейіннен әскерилердің орналасатын орнына айналды. Қазір таңда бұл керуен сарай тарихи маңыздылығы мен құндылығына байланысты босатылып, жөндеуден өткізілуде.
Исфахан қаласының салтанатты тарихи-архитектуралық ескерткіштерінің арасында медреселер, базарлар мен керуен сарайлар кешені сақталып қалды. Олар Чаһарбақ көшесінің бойында гаухар тастай жарқырайды. Бұл кешен х.қ.ж.с.б. 12 ғасырда Сұлтан Хұсейн Сефевидтің бұйрығымен 16 жыл ішінде салынды. Шах бұл кешенді өз анасына сыйға тартқан. Сондықтан да бұл кешенді "Шах анасының медресесі мен керуен сарайы" деп атайды. Керуен сарайды салудағы мақсат оның табысы арқылы медресе оқушыларының күнделікті қаражатын қамтамасыз ету болған.
Шах анасы керуен сарайы – ішке бағытталған құрылыс. Онда әрбір бұрышының ұзындығы 80 метрді құрайтын төртбұрышты аула бар. Әрбір бұрышта бір-бір терраса салынған. Оның жанында екі қабатты ходжрелер орналасқан. Керуен сарайдың салыстырмалы түрде кең аумағы оның қайта жөндеуден өткізіліп, қазіргі заманға сай қонақ үйге айналдырылуына себеп болды. Бұл керуен сарай қазір "Аббаси қонақ үйі" деп аталады. Ол әлемнің ең ежелгі қонақ үйі болып саналады. Аббаси қонақ үйі дәртүрлі және қазіргі деп екі бөлікке бөлінген. Бұл қонақ үй 600-ден астам адамды қабылдауға даяр. Ол ішкі жобасы, кіреберіс залы, өзіндік архитектуралық безендіру түрлері тұрғысынан бірегей үлгі болып саналады. Орталық ауланың жобасы төрт бақ негізінде жасалған. Олардың әрқайсысының ортасында субұрқақ орналастырылған. Арықтың суы керуен сарайдың ауласын басып өтіп, бақтың жанға жайлылығы мен әдемілігін арттыра түседі. Бұл қонақ үй – Иранның өнер иелері мен сәулетшілері шеберлігінің орталығы. Оның әрбір бұрышында таңқалдырарлық талғам мен ынта көрініс тапқан. Ағаш есік пен терезелер түрлі түсті шынылармен безендірілген. Олар барлық тамашалаушыларды өзіне баурап алады. Ондағы өрнектер Қаджарлар мен Сефевидтер стилінде салынған және әртүрлі алебастр жапсырмалар мен айна сынықтарымен безендірілген. Бұл қонақ үйдің ешбір бұрышы әдемі өрнектен кенде қалмаған.
Аббаси қонақ үйінің мүмкіндіктері ең соңғы әлемдік стандардтарға сай келеді. Спорт кешені, қонақ күту және жиын өткізу залдары, әртүрлі жазбалармен жазылған Құран кітаптарының көрмесі, көптеген мейманханалар – осының барлығы қонақ үйдің керуен сарай болып тұрған кезінен бері жалпыға әйгілі болған мүмкіндіктерінің бір бөлігі болып саналады. Бүгінде Аббаси қонақ үйі жыл бойы мыңдаған отандық және шетелдік туристерді қабылдайды.