Иран мәдениеті және сәулет өнері (40)
Ғасырлар бойы әлемнің әртүрлі жерлерінде салынған билеушілердің сарайлары мен үйлері өнер және әлеуметтану саласындағы зерттеулерде ерекше орынға ие болып келеді. Мұнымен қоса, бұл ғимараттарды салуда қолданылған өнер түрлерін зерттеу өткен дәуірлердің өнерін тануға және билік пен саясаттың өнерге ықпалын анықтауға мүмкіндік береді.
Ғимаратты жобалау, жұмыс күшін тиімді үйлестіру және ұйымдастыру, құрылыс пен безендіруге қажетті қымбат материалдармен қамтамасыз ету – осының барлығы барлық дәуірлерде бүкіл дүние жүзінде салынған ақсүйектер үйлерінің жалпы ерекшелігі болып табылады. Сондықтан да бұл ғимараттардың беріктігі өте күшті болған, олардың көбі әлі күнге дейін жақсы сақталған. Еуропа, Азия, тіпті Африканың кейбір жерлерінде өткен ғасырларға тиесілі әртүрлі сарайлардың болуы осы сөзіміздің дәлелі бола алады.
Бұл ғимараттарды тарихи тұрғыдан зерттеу арқылы олардың өзгерістерін анықтауға болады. Аймақтық негізде жүргізілген зерттеулерде бұл ғимараттардың бізге жеткен басқа ескерткіштерге архитектуралық құрылысы жағынан ұқсастығы баяндалған. Ал зерттеулердің басқа бір түрінде аталмыш ғимараттардың архитектуралық құрылысы белгілі бір діни көзқарас тұрығысынан қарастырылады. Бұл тәсілде Ислам және Христиан сияқты діндердің құрылыс түріне және оның архитектуралық жобасына әсері бағаланады.
"Ках" сөзінің мағынасы түсіндірме сөздіктерде "сарай, жекежай, қала сыртындағы бағы бар вилла, бөлмесі мен вестибюлі көп, бірнеше қабатты үлкен әрі салтанатты ғимарат" деп берілген. Бірақ тарихи зерттеулер жүргізгенде сарайдың тек бір ғана ғимарат болмағандығын, керісінше біртұтас кешен болып есептелгендігін көреміз. Кейде мұндай кешен бірнеше шақырымнан да көп ауданды алып жататын болған. Мұндай кешен билеушілердің барлық жеке және ресми қажеттіліктерін қамтамасыз ететіндей етіліп жобаланған. Сарайлар әдетте патша, оның жанұясы мен сарай маңындағылардың тұратын үйі ретінде болған. Бұл кешенде сарбазхана, яғни әскери бөлім, қару-жарақ қоймасы, ат қора және үкімет қайраткерлерінің арнайы кеңселері құрамдас бөлік ретінде салынған.
Иранда сарай салудың тамыры тереңде жатыр. Әрине, бұрынғы замандарда оның мән-мағынасында сәл айырмашылық болған. Ежелгі замандарда өзге құрылыстардан архитектуралық жобасы тұрғысынан ерекшеленетін ғимараттар салынған. Олардың қолданылу аясы әртүрлі болған. Мысалы, бір кездері ғибадатхана, басқа бір кезеңде қорғаныс бекінісі, ал көбіне билеушілердің өмір сүретін орны ретінде пайдаланылған. Мұндай ғимараттың жарқын үлгісі – Иранның оңтүстік-батысындағы Хузистанның Чуғозамбиль ғибадатханасы. Біртіндеп бұл ғимараттардың қолданыс аясы өзгеріп, Ирандағы әртүрлі патша әулеттерінің өмір сүретін сарайына айналды. Мысалы, Ахеменидтер заманындағы Персеполис, Ашканидтер заманындағы Ашура сарайы, Сасанидтер заманындағы Тисфун мен Сәрвестан сарайлары патшаларlың өмір сүріп, билік құратын орны ретінде салынған.
Ислам дәуірінің алғашқы ғасырларынан қалған сарай немесе салтанатты құрылыс бізге жетпеді, өйткені Ислам дәуірінің алғашқы ғасырларындағы билеушілер аста-төк байлық пен даңғаза сән-салтанаттан бойларын аулақ салып, өте қарапайым өмір сүрген. Бірақ Умавилер билік басына келгеннен кейін Ислам мемлекетінің түкпір-түкпірінде салтанатты сарайлар салынды. Оларды салуда қолданылған архитектуралық жоба Исламға дейінгі сәулет өнерінің ықпалында болды. Бұл ғимараттардың сыртқы келбетінен жалт-жұлт еткен әшекейлерді көптеп кездестіруге болады. Олардың әрқайсысында бірнеше қонақ күту залы болған. Бұл залдардың бірінде сұлтан халықпен, басқа бір залда сарай маңындағылармен, келесі бір залда әртүрлі елдерден келген қонақтармен кездесіп отырған. Жалпы халифтер, сұлтандар немесе тіпті жергілікті билеушілердің ресми рәсімдері әдетте сарайдың символдық ерекшеліктері бар таңдаулы залында өткізіліп отырған. Бұл ерекшеліктерге бастырма (қалқа) мен күмбез жатады. Олар кейде пердемен жабылып, өзге кеңістіктерден бөлініп отырған.
Сарайдың күрделі дәліздерінде тек қызметкерлер мен жұмысшылар қатынайтын болған. Бөгде адамның онда жүруіне рұқсат етілмейтін. Қазына орындары, мұрағат бөлмесі, киім-кешек сақтайтын орын және басқа да мүмкіндіктер осы сарайларда назардан тыс қалмаған.
Тарихи-географиялық еңбектерде, әдеби дастандарда сарайлар мен олардың қызметі жайлы көптеген мәліметтер берілген. Умавилердің атағы олар салдырған сарайлардың түрлі түсті үлкен күмбездерімен шыққан. Ұзын зал мен тік төртбұрыш пішіндес кең аула үкімет қайраткерлері немесе қонақтардың сарайда жиналатын орны болған.
Бұл үдеріс моңғол шапқыншылығына дейін жалғасын тапты. Одан кейін басқыншы халықтың әсерінен сарайлар да өзгеріп кетті. Моңғолдардың отырықшылық өмір мен сарайлардың ерекшеліктері жайлы хабарларының аз болуы алғашқыда қарапайым ғимараттардың салынуына себеп болды. Олар осындай ғимараттарда билік жүргізді. Бірақ кейіннен моңғол билеушілері де сән-салтанатқа бой алдырып, басып алынған аймақтың сәулет өнері мен байлығын пайдаланып, безендірілген салтанатты ғимараттар салдыруға кірісті. Самарқанд пен Иранның кейбір қалаларында сарайлар салу моңғолдардың патшалық ортаға кіруге жасаған талпыныстарының нәтижесі болды. Бірақ бұл талпыныстар айтарлықтай нәтиже бермеді. Бұл ескерткіштердің көбі моңғол билеушілері құлатылғаннан кейін қолданыстан шығып, жартылай бұзылған ғимараттарға айналды.
Бірақ Иранда Сефевидтер билік басына келгеннен кейін сарай салу жаңа кезеңге аяқ басты. Бұл әулеттің астаналарында, яғни Тебриз, Қазвин және Исфаханда сарайлардың көзтартарлық үлгілері салынды. Олардың барлығы дерлік әлі күнге дейін сақталып қалған. Исфахандағы Чеһелсутун, Һәшт беһешт, Али Ғапу, Беһшәһрдағы Сафиабад, Саридегі Фаррохабад, Тебриздегі Һәшт беһешт сарайлары Сефевидтердің салтанатты патша сарайларын салуға ерекше көңіл бөлгендігін көрсетеді.
Сефевидтер дәуірінде салынған сарайларда сырлы кірпіш, алебастр жапсырмалары мен айна сынықтарын жабыстыру сияқты безендіру түрлері пайдаланылған. Бұл осы салтанатты ғимараттардың негізгі ерекшеліктері болып табылады. Бұл сарайлардың ең маңызды ерекшеліктерінің бірі – сарайды бақ ішінде салу. Бұл дәуірде бақ пен сарай бір кешен болып есептелінген және онда үнемі су ағып жатқан. Патша тағының жанынан судың ағып жатуы басқалар алдындағы патшаның құдіретін көрсетіп отырған. Биліктің бұл символы тек Иранның сарайларынан ғана көрініп қоймайды. Әлемнің үлкен императорлықтарында да патша тағы ағынды судың жанына, жанға жайлы жерге салынып отырған. Али Ғапу сарайында патшаның халықты қабылдайтын залы жерден 25 метр биіктікте салынған. Онда суға толы хауыз бар. Бұл хауыз патшаның құдіретін қонақтардың есіне салып отыру үшін жасалған. Өйткені сол замандағы мүмкіндерді назарға алатын болсақ, суды осыншалықты биіктікке көтеру ешкімнің ойына келмес.
Қаджарлар дәуіріндегі сарайлар безендірулерге толы болды. Бұл сарайлардың кейбіреулері театр залына теңелген. Франциялық зерттеуші Жан Доминик Бертолле(?) жылдар бойы Шығыстың бақтары мен Иранның сарайларын зерттеген. Оның докторлық диссертациясы Сефевидтердің сарайлары жайлы болған. Бұл зерттеуші Сефевидтер мен Қаджарлар дәуіріндегі сарайлардың айырмашылығы жайлы былай деп жазған: "Қаджарлардың сарайы көбірек безендірілген. Сефевидтердің сәулет өнерінде көлем мен аудан маңызды. Қаджарлардың бақтары мен сарайлары баспалдақ пішінде жоғары қарай дамытылып(өрлей), салынған. Ал Сефевидтер сәулет өнерінде биіктік те, кеңдік те маңызды болған."
Қаджарлардан кейінгі сарайлардың архитектуралық құрылысы әрқилы жолға түсті. Пехлеви әулеті де патшалық әулет ретінде көптеген сарайлар мен салтанатты ғимараттар салды. Иранның әртүрлі жерлерінде олар салған сарайлар көп. Бұл ғимараттардың ортақ ерекшелігі жобаны өзгеден алуында және тәуелсіз жеке бітімінің болмауында жатыр. Әртүрлі дәуірлердегі еуропалық сарайлардың ерекшеліктерін пайдалану, Исламға дейінгі ирандық сарайлардың архитектуралық ерекшеліктеріне назар аудару және әртүрлі тарихи дәуірлердегі сарайлардың кейбір ерекшеліктерін пайдалану – осының барлығы Пехлеви дәуіріндегі ғимараттардың өзіндік бітімнен мүлдем ажырап қалуына әкеліп соқтырды. Пехлеви дәуірінде салынған сарайлар сәулет өнеріне жаңалық әкеле алмады. Олар тек сол тарихи дәуірдегі билеушілердің ой-санасын көрсетеді. Бұл сарайларды салуға үлкен қаржы, Иранның материалдық және рухани қоры мен капиталы жұмсалынды. Ал бұл кезде халықтың көбі кедейлікте өмір сүріп жатты. Пехлеви режимі халықтың қамын ойлап, жағдайын түзеудің орнына даңғаза сән-салтанатты арттырып, ежелгі Иранның ұмытылған рәсімдерін қайта жандандыруға тырысып бақты.