Сәу 13, 2016 17:59 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (42)

Ежелгі замандардан бері адамзат баласы өздерінің кейбір жеке тәжірибелері, армандары мен қызығушылықтарын өнер туындысы деп атайтын дәрежеге жеткізді. Заман талабының ұлттық және тайпалық өнерге тигізер әсері зор.

Саяси-экономикалық, әлеуметтік және діни факторлар да сол замандағы халық өнеріне ықпал етеді. Егер өнерге осы тұрғыдан қарайтын болсақ, өнердің әрбір заманда өзіне тән ерекше түр-тұлға мен стильге ие екендігін көруге болады. Стиль дегеніміз белгілі бір дәуір өнер туындыларын ерекше қалыпқа енгізетін тәсіл болып табылады. Әрбір замандағы сәулет өнері, сурет салу, әдебиет, музыка мен театр сол дәуірдің ерекшеліктерімен астасып жатыр.

Зерттеушілер мен мамандардың пайымдауынша, Ислам келгеннен кейінгі Иранның ең жарқын өнер дәуірлерінің бірі – Сефевидтер дәуірі, әсіресе сол замандағы сәулет өнері. Мұның жарқын үлгісін Исфаханнан көруге болады. Ел астанасы Қазвиннен Исфаханға ауыстырылғаннан кейін бұл қала Шығыстың ең әдемі қалаларының біріне айналып, атағы шықты. Базарлар, сарайлар, мешіттер, бақтар мен көпірлер Исфаханның жаңа картасына енгізілді. Бұл құрылыстарды салу нақты әрі жылдам жүзеге асырылды. 

Сефевидтер әулеті х.қ.ж.с.б. 908 жылдан 1149 жылға дейін (1502-1736 ж.ж.) Иранда билік жүргізді. Осы аралықта барлық ғимараттар әртүрлі тәсілдермен сырлы кірпіш жапсырмаларымен безендірілді. Имам алаңындағы (Нақш-е жаһан) шейх Лүтфолла мешіті, Қейсарие базарының маңдайшасы мен Имам мешіті араб сөздері жазылған сырлы кірпіштермен көмкерілді. Бұл ғимараттардың құрылысында «жеті түс» деп аталатын төртбұрышты кірпіштер кең түрде пайдаланылды. Түрлі түсті суреттер салынған сырлы кірпіштер осы дәуірдегі ғимараттарға ерекше сұлулық сыйлады. Қабырғалар, күмбездер, террасалар, аркалар, кіреберіс есік маңдайшалары, мұнаралар мозайка мен сырлы кірпіштермен өрнектелді. Сефевидтер дәуірінде сүңгі іспеттес алебастр жапсырмалар мен сырлы кірпіштермен безендірілген үлкен маңдайшалар салу өте жақсы дамыды. 

Осы дәуірдегі Иранның қауіпсіздігін назарға ала отырып, Исфаханда «Али Ғапу», «Чеһел сотун», «Һәшт беһешт» сарайлары мен «Ашраф» сияқты зәулім ғимараттар салынды. Бұл сарайлардың қабырғалары өте әдемі сырлы кірпіштермен көмкерілді. Бұл сырлы кірпіштердің жанындағы сол заманның атақты суретшілерінің суреттері көрген адамды тамсандырады. Сефевид сарайларының төбесі мен қабырғалары әдетте ағаштан ойылған өрнектермен безендірілген. Мешіттер мен діни орындардан басқа ғимараттардағы ағаш өрнектерде табиғат, адам мен жануарлардың суреттері бедерленген. Суреттердің беті қызыл түсті сырмен боялып отырған. Иранның өзіндік сурет жобалары бөлмелердің есігі, қабырғасы, төбесі мен ішкі кеңістігінің көп бөлігінен көрініс тауып отырды. 

Али Ғапу сарайы – Имам алаңының батысында, шейх Лүтфолла мешітіне қарама-қарсы орналасқан ғимарат. Бұл сарай Иран сәулет өнерінің ең маңызды қолтума үлгілерінің бірі ретінде әлемге аты жайылған. Ғимарат х.қ.ж.с.б. 1054 жылы (1644 жылы) шах Аббас I-дің бұйрығымен салынған. Бұл сарай Нақш-е жаһан алаңында орналасқан барлық сарайларға кіретін орталық дарбаза қызметін атқарған. «Али Ғапу» сөзі «али» және «ғапу» деген екі сөзден тұрады. Ол «биік маңдайша» немесе «биік босаға» деген мағынаны береді. 

Тұтастай тастан жасалған сарайдың биік маңдайшасының астымен сарайға кіріп, екі жақтауда орналасқан баспалдақ арқылы жоғары қабаттарға көтерілуге болады. Али Ғапу сарайында жеті қабат бар. Әр қабат ерекше стильмен безендірілген. Төменгі қабатта екі зал бар. Ол заманда бұл залдарда кеңселік-уәзірлік жұмыстар атқарылған. Үшінші қабатта 18 биік бағанға сүйенген үлкен терраса салынған. Оның ортасында мәрмәр тастан жасалған әдемі хауыз бар. Мұнымен қоса, Али Ғапу сарайын Иранның салтанатты ескерткіштерінің қатарына қосатын нәрсе сол замандағы атақты өнер иесі Реза Аббасидің ең жоғарғы қабатты көмкерген алебастр жапсырмалары болып табылады. Бұл қабатта орналасқан зал «музыка бөлмесі» деген атпен әйгілі. Сарайдың бұл бөлігінде әртүрлі пішіндегі нәзік шыны ыдыстар мен бокалдардың түр-түрі қабырғаға салынған. Бұл алебастр жапсырушы өнер иелерінің жасампаздығы мен жаңашылдығын көрсетеді. Бұл архитектуралық тәсіл дыбыс жаңғыруының алдын алады. 

Али Ғапу сарайының биіктігі 48 метр. Оның жоғарғы қабаттарына спиральді баспалдақтар арқылы шығуға болады. Тарихи деректер бойынша, Сефевид патшалары сол террасада отырып, Нақш-е жаһан алаңында өткізілетін мейрамдардың ерекше рәсімдері, әскери шеру мен поло ойынын тамашалайтын болған. 

Али Ғапу сарайынан алысырақ жерде Делгоша бағының ішінде «Һәшт беһешт» ғимараты салынған. Бұл ғимарат х.қ.ж.с.б. 1080 жылы (1669 жылы) Сүлеймен Сефеви патшаның кезінде салынған. Ол өз заманында «әлемнің ең әдемі сарайы» аталған. Аталмыш ғимарат орналасқан бақ бүгінде қоғамдық баққа айналдырылды. Ал оның ортасындағы Һәшт беһешт сарайы Иран сәулет өнері салтанатының көрінісі ретінде әлі де сақталып қалған. 

Һәшт беһешт – өрнектері көп әдемі аркалары бар екі қабатты ғимарат. Бұл ғимарат бір-біріне жапсарлас төрт бөліктен тұрады. Оның орталық террасасы солтүстікке қараған. Бұл төрт бөлік тұтас бір төбемен жабылған. Бұл төбе әдемі жоабалған түрлі түсті алебастр жапсырмалармен көмкерілген. Ғимараттың бірінші қабатының төрт бұрышындағы бөлмелер алебастр жапсырмалары мен түрлі түсті суреттермен безендірілген. Екінші қабаттағы портиктер, бөлмелер мен ағаштан жасалған торлы терезелердің жиынтығы ғимараттың әдемілігін арттыра түседі. Екінші қабатта дәліздер мен бөлмелер көп. Бірақ олардың әрқайсысының безендіру стилі әрқалай. Қабырғалар айна сынықтарымен көмкерілген. Һәшт беһешт сарайы бөлмелерінің төбесі әдемі мозайкалармен өрнектелген. 

Бұл сарайдағы маңызды нәрсе – әртүрлі кеңістіктердің өзара байланысы. Бұл ерекшелік ғимаратта әралуандықтың көптігіне қарамастан, біртұтастықтың сақталуына септігін тигізді. Өйткені барлық бөлініс пен жоба, тіпті еден мен хауыздың сырлы кірпішінің жобасы жеті саны негізінде жасалған. 

Франциялық археолог Андре Годар осы жайлы былай дейді: «Һәшт бехешт сарайында әр қырынан ашық зал бар. Оның төрт бұрышында төрт ғимарат орналасқан. Бұл сарай әлі де өзінің бұрынғы замандардағы негізгі қалпы мен өзіндік тартымдылығын сақтап қалды». Годар да басқа саяхатшылар сияқты «Һәшт беһешт Еуропа елдерінің ең бай әрі салтанатты сарайларынан да жанға жағымды» деген пікірде. 

«Чеһел сотун» - Сефевидтер дәуірінде Исфаханда салынған тағы бір маңызды сарай. Чеһел сотун бағы 67000 шаршы метр ауданды алып жатыр. Сарай осы бақтың ортасында салынған. Бұл сарайдың жобасы екі айқын бөліктен тұрады. Біріншісі – бір іргетас үстіне салынған 20 бағаннан тұратын Чеһел сотун залы. Аталмыш 20 бағанның сарай алдындағы хауыз суында шағылыс табуы бұл ғимараттың «Чеһел сотун», яғни «қырық баған» деген атқа ие болуына себеп болды. Бұл залдың айна сынықтарымен көмкерілген жазық төбесін ойылған ағаш бағандар тіреп тұр. Бұл бағандардың әрқайсысы шынар ағашы діңінен жасалған. Чеһел сотун сарайының екінші бөлігі бағанды залдың артында солтүстік-оңтүстік тік төртбұрышты залдан тұрады. Оның үсті күмбез пішіндес төбемен жабылған. Сасанидтер дәуіріндегі сәулет өнеріне ұқсас бұл залдың қабырғаларында патша жиындарының суреті салынған. Мұнда Сефевид дәуіріндегі тарихи оқиғалар көрініс тапқан. Патша залының алтынмен жалатылуы осы тарихи сарай тартымдылықтарының біріне жатады. Орталық хауыздың төрт бұрышында тастан жасалған төрт арыстанның мүсіні қойылған. Бұл сол дәуірдегі мүсіндеу өнерінің сапасын көрсетеді. 

Ағылшын зерттеушісі Хилленбранд «Иран өнері» атты еңбегінде Сефевидтер сарайларының архитекуралық жобасы жайында: «Сефевидтердің сарайларында қабырғалар жұқара түсті. Сәулетші ғимараттың ішкі-сыртқы көрінісінде үлкен терезелер, дөңгелек аркалар мен саны көп бағандарды салуға ден қойды. Ішкі қабырғаларда кішкене аркалар көп. Жалған төбелер мен сүңгі іспеттес аркалар бөлмелердің әдемілігін арттырды»,-деп жазған. 

Хилленбранд табиғаттың осы сарайларға әсері жайлы былай деп жазды: «Сарайлардың көбінде сыртқы табиғат ішкі кеңістікке ықпал етіп, онымен біте қайнасып кетті. Аңшылық, той-томалақ пен бақтағы серуен бейнеленген сырлы кірпіштер ішкі кеңістікті табиғиландыра түседі. Иран сәулет өнері тарихының ешбір дәуірінде ағаш Сефевид дәуіріндегі ғимараттардағыдай көп пайдаланылмады».