Сәу 13, 2016 18:01 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті мен сәулет өнері (43)

Иран сәулет өнерін зерттей келіп, Ирандағы әртүрлі патша әулеттері кезінде салынған әртүрлі дәуірлердегі өзіндік өнер үлгісін таныстыратын салтанатты сарайлар мен зәулім ғимараттарды таныстыруға жеттік. Қолданылған құрылыс материалдарының сапасы жақсы болғандықтан, бұл ғимараттардың көбісі жақсы сақталып, Иранның әртүрлі тарихи дәуірлеріндегі саясат, әлеумет және өнердің маңызды ерекшеліктерін тануға қажетті жақсы дереккөздерге айналды.

Қаджарлар әулеті Иранда шамамен 130 жыл билік етті. Ол заманда үкімет басына лайықсыз патшалар келді. Бұл патшалар халықтың экономикалық жағдайын жұтатып, соғыс, шекаралық қақтығыстар мен көптеген әлеуметтік қиындықтар тудырып қана қоймай, сән-салтанат пен ойын-сауыққа құмар болған. Сондықтан көлемді қаржыны өздері мен сарай маңындағыларға жұмсап отырған. Олардың өз құдіретін көрсету тәсілдерінің бірі әртүрлі қалаларда, әсіресе ел астанасында сән-салтанатқа толы зәулім ғимараттар салу болды.

Теһран қаласы Сафави дәуірінен бастап абадтанып, дами бастады. Бұл қала Қаджарлар дәуірінде ел астанасы ретінде танылды. Сол кезден бастап Теһранның іші мен жапсарлас аймағында көптеген сарайлар салына бастады. Біртіндеп Қаджарлар Теһранды Иран қалалары ішіндегі "қалыңдық" деп таныстырды. 

Мамандардың пайымдауынша, сарай салудан көрініс тапқан Қаджарлар дәуірінің сәулет өнері Насырға дейінгі, Насыр кезіндегі және Насыр дәуірінен кейінгі сәулет өнері деп үшке бөлінеді. Бұл бөлініс Насыр ад-Дин шах билігі заманы негізінде жасалынды. 

Насырға дейінгі дәуір сәулет өнерінен жаңашылдық пен жасампаздық азырақ байқалады. Бұл дәуірдегі ғимараттардың ең маңызды ерекшелігі – кафельдеуді асыра пайдалану мен кірпіштен жасалған ғимараттарда түрлі түсті кеңістік тудыру болды. 

Екінші дәуір Насыр ад-Дин шах Қаджардың Еуропаға сапарымен басталды. Демалып, сауық-сайран құру үшін Еуропаға барған ол осы сапардан Еуропа сәулет өнеріне құштар болып қайтты. Оның ұзаққа созылған билігі кезінде Теһранда Ренессанс дәуіріндегі сәулет стилі негізінде мұнаралы дуалы бар ғимараттар салынды. Ғимаратқа шатыр салу осы дәуірде қолданысқа енді. Сарай құрылысы еуропалық байлардың вилласына ұқсайтын болды. Тас үстіне ойылып салынған күрделі нақыштар, бағандардың үстіндегі безендірілген алебастр жапсырмалары – осы дәуірдегі сарайлардың көрнекті ерекшеліктерінің бірі. Арыстандар, теңіз перісінің суреттері мен түрлі түсті алебастрдан жасалған тәж суреттерінен Иран дәстүрлі өнерінің белгілері көрінбеді. 

Үшінші дәуірде бұл шетелдік өнер Иран үйлерінің ішкі бөліктеріне де жол тауып, Иран сәулет өнерін өзінің дәстүрлі элементтерінен айырды. 

Иран сәулет өнерінде баған ежелгі замандарда қолданылған. Бірақ Қаджар дәуірінің аяғында бағандар қайтадан қалалық панорамада пайда болды. Осы тұрғыдан, сарайларда, ежелгі махаллелер, тіпті үйлер мен дүкендерде көшеге немесе аулаға қараған жаққа бағандар мен бағанды террасалар салынды. Бұл бағандардың діңгегі көбінесе цилиндр пішіндес болған. 

Осы сипаттамалардан кейін сол дәуірдегі сәулет өнерінің шабыт алған бастауы Батыс деп айтуға болады. Тіпті Иранның атақты сәулетшісі Әли Мұхаммадхан Санаи сынды сәулетшілер ирандық ғимараттарды еуропалық үйлердің суреттерін пайдаланып салды. Осындай сурет пен плакаттар сияқты екінші дәрежелі құжаттарға сүйену және ешқандай ресми оқудың болмауы еуропалық үлгіге мүлдем ұқсамайтын жаңа формалардың туындауына әкеліп соқтырды. 

Осындай ғимараттардың үлгісі – Гүлстан сарайы. Ол Теһран қамалының ортасына салынған. Оның айналасында басқа да тарихи ғимараттар бар. Бұл кешен Қаджарлар дәуірінде дамытылып, осы әулет билеушілерінің иелігінде болды. Гүлстан кешені көптеген ғимараттардан тұрады. Мысалыретінде Шамс ол-Амаре, Салам залы, Айна залы, Мәрмәр тағы, Алмас залы, хауызхана, Кәрімхан демалыс орны, Желдеткіш ғимараты, Тәж залы, Брильянт залы және Сандықхана сияқты ғимараттарды атауға болады. Бұл сарайдың аулаға қараған қабырғаларында әртүрлі суреттер салынған. Олардың ішіндегі ең атақтысы Иран суретшісі Камал әл-Мүлктің суреттері болып табылады. Бұл сарай Иранның дәстүрлі үйлері сияқты ішкі және сыртқы екі бөліктен тұрады. Сыртқы бөлікте Үкімет үйінің (Дар ол-Хүкума) ауласы, кеңсе мен сот бөлімдері орналасқан. Бұл бөлік төртбұрышты бақ ішінде орналасқан. Бақтың солтүстік бөлігінде ішкі кеңістік орналасқан. Онда патша мен оның жанұясының өмір сүріп, демалатын жері болған. Алдыңғы ғимаратта мәрмәр тақ орналасқан. Ресми қонақтарды осы таққа отырғызатын. 

Гүлстан сарайының залдары көп. Салам залы – солардың бірі. Насыр ад-Дин шах х.қ.ж.с.б. 1290 жылы Еуропаға бірінші рет сапарға барып келгеннен кейін үкіметтік қамал ішінде Еуропадағы мұражайларға ұқсас мұражай жасауға шешім қабылдайды. Осы мақсатпен Гүлстан бағының солтүстік-батысында Айна залы, мұражай немесе Салам залын салғызды. Бұл залдың төбесі мен қабырғаларынан көптеген безендірулерді көруге болады. Айна сынықтарын жабыстыру, алебастр жапсырмаларын жабыстыру, қабырға суреттері осы залды әдемі еткенімен, оның өнері мен архитектурасына белгілі бір стиль мен бітім-болмыс бере алмады. 

Гүлстан сарайларының залдары мен ғимараттарының сыртқы келбетінде айна сынықтарымен безендірілген бағандар қолданылды. Бұған дейін мұндай баған Иран сәулет өнерінде қолданылмаған еді. Сондай-ақ терезелер немесе есіктерге вертикалды түрде орнатылатын жылу жинайтын құрылғылар көлбей салынды. Осы жергілікті емес тәсіл күннің тура бөлме ішіне түсіп, жылуды ішке мол кіргізуіне мүмкіндік жасады. 

Ниаваран Қаджарлар заманында Теһранның маңындағы жайлауға арналған ауыл болған. Фатхәли шах Қаджар осы аймақтың жанға жайлы ауа райы мен әдемі табиғатына байланысты оны өз иелігіне алып, ондағы ғимараттарды қиратып, орнына екі қабатты жаңа ғимарат салды. Бірінші қабатта патша жайы орналасқан. Ал екінші қабатын Айна залы деп атайды. Осы залды безендірген айна сынықтарын теңдессіз деп айтуға болады. Ғимараттың айналасында патшаның туысқандары мен сарай маңындағыларға арналған бір немесе екінші қабатты ғимараттар, асхана мен сарбаздар орналасатын бөлім салынған. Бұл сарайдың кіреберіс дарбазалары әдемі жарты ай пішіндес аркалардан жасалған үш есіктен тұрады. 

Бірақ Насыр ад-Дин шах бұл сарайлармен шектеліп қалмады. Ол өз билігі кезінде "Сахебқарание" сарайын салды. Бұл сарай ресми істер атқарылатын кеңсе болды. Оның солтүстігінде Ахмад шахтың кішігірім сарайы орналасқан. 

Салтанатабад сарайы – тағы бір патшалық кешен. Онда да көптеген ғимараттар, үлкен бассейн мен көптеген субұрқақтар бар. Кең вестибюль мен орталық хауызханасы бар екі қабатты ғимараттың алебастр жапсырмалары әлі күнге дейін көруге тұрарлық ескерткіштердің қатарына жатады. Төрт қабатты мұнара ғимараттың үлкен залына жалғаса салынған. Жер асты қабаттары мен тіпті қызметшілерге арналған бөлімдер жарқыраған өрнектермен безендірілген. 

Егер бұл тізімді толықтыра түскіміз келсе, Саадабад, Эшратабад, Фируза, Сүлеймание және Бахарестан сынды сарайлар кешенін де атап өтуіміз қажет. Бұл сарайлардың барлығы Қаджарлар дәуірінде салынған. Олардың барлығы Теһран қаласында орналасқан. Ол заманда Теһран онша үлкен қала емес еді. Қаджар патшаларының бір қаланың түкпір-түкпіріне осыншалықты сарай салуы қисынсыз көрінеді. Мұнымен қоса, жоғарыда айтып өткеніміздей, Қаджар заманында Батыс сәулет өнеріне тым еліктеу өнер мәнінің бұрмалауына әкеліп соқтырды. 

Италиялық ирантанушы Жан Роберто Скарсиа (Gian Roberto Scarcia) Қаджар дәуіріндегі сәулет өнері жайлы былай деп жазды: "Осы әулеттің ғимараттары, әсіресе сарайларында ирандық стильдің қай жерде бітіп, еуропалық стильдің қай жерде басталатындығын анықтау қиын. Еуропа сәулет өнерінің принциптері мен безендіру үлгілерін көшіруден күн санап артқан құштарлық пен талғамды көруге болады. Панорама жасау, терезелердің сыртқы көрінісі, көлбеу шатырлар, Еуропа мен Ресейдің классикалық элементтері Орта Азия мен Кавказ тарапынан Иранға оңай енді. Бұл еліктеу халық өнеріне бет бұрумен қоса осы замандағы сәулет өнерін өткен дәуірлердің өнерінен сапа жағынан төмендетіп жіберді". 

Қаджар дәуірінің аяқ шені мен Пехлеви дәуірлеріндегі Батысқа еліктеу Иранның дәстүрлі сәулет өнерінің ұмытылуына әкеліп соқтырды. Көптеген ежелгі ғимараттар мен ескі керуен сарайлар қиратылды. Олардың орнына жоғары деңгейлі, бірақ тексіз жаңа ғимараттар салынды. Бұл ғимарат өнер тұрғысынан құнсыз ғана емес, сапа жағынан да Иранның ауа райы мен географиялық жағдайына сәйкес келмеді. Осындай жағдайлар Иран қоғамының қажеттіліктерін өтей алмады және әртүрлі өнер саларында, әсіресе сәулет өнерінде өкініш тудыратын құлдырауға әкеліп соқтырды.

Тегтер