Сәу 13, 2016 18:03 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (44)

Әр қаланың жобасы мен оның негізгі құрылымдық элементтері көптеген факторларға байланысты. Экономикалық жүйе және қаржы көздері, ауа райы және географиялық жағдай, мәдениет пен дін – осының барлығы қала құрылымына әсер ететін факторлар қатарына жатады. Өйткені әрбір қаланың сәулет өнерінде осы ерекшеліктер бар.

Иранда бұрынғы замандарда барлық қалаларда бірнеше басты орын болған. Олар көбіне қаланың ортасында орналасқан. Бұл орындарға Үкіметтік қамал, базар мен орталық мешіт жатады. Оның айналасында тұрғын үй аудандары орналасатын.

Үкіметтік қамал үнемі шектеулі кеңістікте толықтай қорғалған ауданда орналасқан. Бұл қамалдың дуалы мен дарбазасына көңіл аудара отырып, оны қаланың басқа ғимараттарынан айыру оңай. Осы шектеулі ауданда әдетте билеуші немесе патша, оның жанұясы мен сарай маңындағылардың тұрғын үйлері, сондай-ақ, бүгінгі тілмен айтқанда кеңселік бөлімдер салынған. 

«Арг» «үлкен қамалдың ішіндегі кішкентай қамал» деген мағынаны береді. Онда мұнаралы дуал бар. Мұнарада қамалды күзететін күзетшілер орналасатын. «Хұрасабад» сынды ең ежелгі қамалдар Ассирияның ежелгі қалаларында болған. Бірақ қазір олардың тек аты ғана қалды. Тарих бойында Ислам елдерінің түкпір-түкпірінде көптеген қамалдардың үлгілері салынған. Қазіргі Иран, Мысыр, Сирия, Түркия және тіпті Бейт ол-Мұқаддас аймағындағы қамалдардың архитектуралық жобасын сипаттау олардың көлемі мен маңыздылығының әралуандығына байланысты қиынға соғады. Өйткені олар әртүрлі тарихи дәуірде жөндеуден өткізіліп, өзінің бастапқы қалпындағы ерекшеліктерінен айырылған. 

Бірақ қамалдардың әскери сипатта салынғандығы және әскерилердің жиналатын арнайы орны болғандығы айқын. Сондықтан қамал жобасының патшалар тұратын және ресми қабылдау рәсімдері мен үкіметтің күнделікті істері атқарылатын сарайлардан айырмашылығы болған. Қамалдың беріктігі пен сұсты сыртқы қалпы патша билігінің құдіретін білдірумен қатар, халық жүрегінде қорқыныш сезімін ұялату үшін пайдаланылды. Қорғандар мен қамалдардың мұздатқыштары, құдықтары мен жасырын бөліктері жайлы қорқынышты әңгімелер кең таралған. Бұл халықтың өз жандарында, тіпті қаланың қақ ортасында осындай құрылыстардың орналасуынан қорыққандығын көрсетеді. 

Қамалдардың қабырғалары, мұнаралары мен дарбазалары әдетте биік етіп салынып, әскери мақсатта пайдаланылды. Сондықтан сырттан қолжетімді болмады. Оның кішкене саңылаулары биікте орналасқан. Қамал тұрғындарын қорғайтын қалың қабырғалар әдетте кіріп-шығу жолын жауып тұрған. Дарбазалар да тек ресми рұқсатпен арнайы адамдар арқылы ашылып-жабылатын. 

Қос өзен мен Пенджабсенд абадтандырылған алқаптарының арасында орналасқан Иран таулы үстіртінің географиялық жағдайына байланысты бұл жерден әртүрлі тайпалар мен ұлттар өтетін болған. Кейде осы тайпалардың көші-қоны қақтығысқа ұласып отырған немесе тіпті кейде Иран жерін жаулап алу мақсатында жүзеге асырылған. Каспий теңізінің шығыс жағынан Иранға келген массагет тайпасы, моңғол шапқыншылығы, шығыстан Ақсақ Темір мен өзбектердің шабуылы осындай қақтығыстардың бірі болды. Батыстан Александр Македонскийдің шабуылы, Рим империясы мен Осман үкіметінің шабуылдары үнемі Иранның саяси-экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіріп отырды. Сондықтан осындай қауіпті аймақта өмір сүру ирандықтарды берік қамал салуға мәжбүрледі. 

Иранның қамалдары салынған жеріне байланысты жазықтық жердегі және таудағы қамал болып екіге бөлінеді. Бұлардың құрылысында пайдаланылатын материалдар да әртүрлі болған. Жазық жердегі қамалдардың басты жобасы төртбұрышты немесе тік төртбұрышты пішінде болған. Қамалға жету үшін қозғалмалы көпірлерді пайдаланған. Тіпті алыс аймақтарда да ауыл адамдары мен егіншілер қауіпті жағдай туындағанда қамалды паналайтын болған. Қауіптің беті қайтқанға дейін сол қамалда өмір сүретін болған. 

Иранның орталық аймағында Натанзға жақын жердегі "Хенжен" қамалы осыдан біраз жыл бұрын жергілікті халықтың өмір сүрген қамалдарының бірі болды. Оның мұнаралы дуалдары өте қалың әрі үлкен. Оның ішінде бұлтарыс-қалтарысы көп ирелеңдеген көшелер бар. Бұл көшелердің барлығы қамалдың негізгі бөлігіне немесе оның кіреберіс есігіне барып тіреледі. Қамалдың бір бөлігінде екі қабатты үйлер бар. Олардың төменгі қабаты мал ұстауға, азық-түлік сақтайтын қойма немесе аспазхана ретінде қолданылған. Үстінгі қабатта демалатын бөлмелер орналасқан. Мұндай қамалдардың қала ішіндегі қамалдардан ішкі жоба мен әлеуметтік байланыстар тұрғысынан айырмашылығы көп. 

Қамалдардың тағы бір түрі "деж" деп аталған. Мұндай қамалдар таулы жерлерде салынған. Оны салуда әдетте алебастрмен аралас тау немесе өзен тастары сияқты қашалмаған тастар қолданылған. Тау қамалдарының сыртында дұшпандардың кіруіне жол бермеу үшін терең ор қазылған. Мұнаралы дуалдың ұшар басында мергендерге арналған кертештер (зубцы) салынған. Мергендер осы тістердің арасынан дұшпандарды нысанаға алатын болған. Иранның солтүстігінде Гилан облысындағы "Рудхан" қамалы – осындай жобамен салынған таулы қамалдардың бірі. 

Барлық қамалдарда билеуші тұратын бөлік жартас басына салынған. Ал тұрғын үйлер, қоймалар, әскери бөлім (сарбазхана) мен мешіт сияқты басқа құрылыстар төменде, кіреберіс есікке жақын салынған. 

Дүние жүзінен, соның ішінде Ираннан да аталған қамалдарға ұқсамайтын қамалдың тағы бір түрін көруге болады. Оның қорғаныс қабілеті жоғары. Бұл қамалдар екі қабатты, кейде үш не төрт қабатты болып келген. Олардың жобасы төртбұрышты пішінде болған. Төменгі қабаттардың қабырғалары қалың, тастан жасалған. Онда бір кіреберіс есік болған. Жарық пен ауа алмастыруға арналған өте кішкентай терезелер қол жетпейтін жерге салынған. Олардың көлемі әдетте бір кірпіштен аспайтын. Баспалдақтар ғимараттың ішінде орналасқан. Жоғарғы қабаттар ағаш қаңқадан ағаш бағандардың үстіне тұрғызылған. 

Бұл қамалдардың ішкі архитектуралық жобасы тұрғын үй жобасына ұқсас болған. Оның ішінде қамал сыртының сұсты суықтығынан ешбір белгі жоқ. Мұндай құрылыстар Балкан аймағы, Сирия, Иранның кейбір оңтүстік аймақтарында салынған. Олардың кейбір үлгісі әлі күнге дейін сақталып қалған. 

Исфаханға жақын жердегі "Құртан" қамалы – Заяндеруд өзенінің бойына салынған өте үлкен әрі биік қамал. Варзане аймағында орналасқан бұл қамал – шикі кірпіш пен балшықтан жасалған әлемдегі екінші ең үлкен құрылыс. 

Бұл қамал "Құртан" немесе "Гуртан" ауылында салынған. Оның тарихы х.қ.ж.с.б. 4 ғасырдан басталады. Әрине онда кейбір қыш ыдыстарының қалдықтары табылғаннан кейін, кейбіреулер оның тарихын Ахеменидтерден бастау қажет деп есептейді. Иран тарихында Бахрам V-нің билігі кезінде осы аймақта "Барам шах" деп аталған қамал болған делінген. Осы әскери қамалда өте үлкен көлемдегі қару-жарақ қоймасы болған. Қазір де осы аймақтан сол қойманың белгілерін көруге болады. 50 жыл бұрын Құртан ауылының барлық тұрғындары осы қамалда өмір сүрген. Содан соң біртіндеп қамалды босатып, оның сыртында қоныс тепкен. Қамалдың сақталып қалған бөліктерінен халықтың өмір сүру салты мен оларды дұшпандар мен қарақшылардан қорғауға арналған нақты жобаны айқын көруге болады.