Иран мәдениеті және сәулет өнері (46)
Патшалар мен билеушілер өмір сүріп, билік құрған ғимараттар қала ішінде "арг" - қорған деп аталып, қала сыртында "қалле" (қамал) деген атпен әйгілі болған. Кейде қамалдар кейбір топтар мен қарапайым халықтың өмір сүретін жері болған. Қорған билік жүргізіп, қаланы басқаратын орын болған. Иранның ежелгі қалаларындағы ескі қорған қалдықтары әлі күнге дейін сақталып қалған.
Теһраннан шамамен мың шақырым қашықтықта тамдары шикі кірпіштен соғылған, құрма ағаштарымен атақты Бам қаласы орналасқан. Бұл қалаға жақын жердегі төбе басына Бамның салтанатты қорғаны салынған. Бам қорғаны – бір жартас басына шикі кірпіш пен балшықтан салынған әлемдегі ең үлкен ғимарат. Бам Керманға жақын орналасқан. Бам қорғаны – оны айнала салынған тарихи ғимараттар кешенінің бір бөлігі. Қазіргі Бам қаласының солтүстік жағында үш мыңжылдық тарихы бар "Дарзин" атты ежелгі қаланың қалдықтары қалған.
Ислам дәурінің алғашқы жылдарына тиесілі ғимараттар мен виллаларды да осы қаланың әртүрлі жерлерінен көруге болады. Тарихи мәтіндерде Бам қорғанының салынуы Ахеменидтер дәуіріндегі патшалардың бірі Асфандияр баласы Бахманға қатыстырылып айтылған. Археологиялық зерттеулер кезінде бұл қорғанның ежелгі заманда салынғандығы және бірнеше рет жөндеуден өткізілгендігі дәлелденді. Оның нақты салынған уақыты б.з.д. 5 ғасыр. Бұл қорған б.з. 19 ғасырына дейін қолданыста болып, халық өмір сүрген мекен болған.
Бам қорғанының ауданы 200 мың шаршы метр. Ол халық тұратын және билеуші тұратын екі бөліктен құралған. Қорғанның солтүстік бөлігінде үлкен күмбезді ғимарат көзге түседі. Оның астында жазды күні мұз бен суық су сақтайтын хауыз орналасқан.
Негізгі мұнара, төрт маусым, билеуші үйі, құдық, монша, әскери бөлім, Сасани дарбазасы сынды құрылыстар Бам қорғанының маңызды бөліктері болып табылады. Билеуші тұратын бөлік биіктігі 7 метр тастан жасалған кертешті дуал үстіне салынған. Бұл дуал сазбалшықпен сыланған.
Қорғанды айнала үлкенді-кішілі 38 мұнарасы бар берік кертешті дуал салынған. Бұл дуал біркелкі әрі біртұтас. Онда саңылау да, өтер жол да жоқ. Тек қорғанның халық тұратын оңтүстік бөлігінде ғана кертешті дуалды дара бір дарбаза орналасқан. Бұл бөлікте дарбаза, базардың негізгі көшесі, орталық мешіт, дәстүрлі спорт түрімен айналысатын орын – зурхана, зират, монша, медресе мен атқора орналасқан. Бам қаласының жатын бөлігінде 400-ге жуық үй орналасқан. Бұл үйлерді ирелеңдеген көшелер бір-біріне жалғастырып тұрады. Халық тұратын бөлік пен солтүстік бөлік биік қабырғамен бөлінген. Бұл екі бөлік дарбаза арқылы бір-бірімен жалғасып жатыр.
Тұрғын үй махаллесінде үйлер жазық жерге салынған. Қала құрылысы мен қала тіршілігі тұрғысынан бұл толыққанды кешен болып саналады. Мұндағы кейбір үйлердің ауданы айтарлықтай үлкен, көп аулалы болып келеді. Оларда сондай-ақ, желдеткіш, терраса, жазғы-қысқы бөлмелер, құдық орналасқан. Олардың кейбіреулерінде арнайы монша салынған. Бам қорғанынан нан дүкенін, май тартатын орын, сондай-ақ мата тоқитын шеберхананың қалдықтарын да көруге болады.
Бам қорғаны Шығыс пен Батысты байланыстыратын жолдың бойында орналасқандықтан, тарих бойында ерекше маңызға ие болып келген. Мұнда болған ең соңғы тарихи оқиға Лүтфали хан Зендтің қорған билеушісі Мұхаммадәли хан Забули тарапынан қамауға алынуы болды.
Бам қорғаны бірнеше жыл бұрын ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне тіркелді. Бұл қорғанды жылына мыңдаған отандық және шетелдік туристер көріп қайтады. Х.ш.ж.с.б.1382 жылы 5 дей айында (2004 жылы 26 желтоқсан) бұл аймақта қатты жерсілкінісі болды. Соның салдарынан аталмыш архитектуралық туынды қатты зиян шекті. Бүгінде бұл тарихи құрылыста жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соған қарамастан, егер Бам қаласына жолыңыз түсе қалса, әлі де қорғанның бұрынғы әдемілігінің белгілерін көре аласыз.
Өткен ғасырларда Иранның барлық үлкен қалаларында қорған болған. Иран патшаларының ұзақ жылдар бойы астанасы болған Шираз қаласының ортасында Кәрімхан қорғаны орналасқан. Онда патша сарайы мен әскерилердің орналасатын жері болған. Кәрімхан Зенд – Фарстың билеушісі болған. Ол х.қ.ж.с.б. 1180 жылы (1766 жылы) қорған салуға бұйрық берген. Ол Зенд әулетінің негізін қалады. Кәрімхан қорған салу үшін сол замандағы ең шебер тас қашаушылар, сәулетшілер мен әртүрлі өнер иелерін Ширазға шақырып, оларға ең жақсы құрылыс материалдарын дайындап берді.
Шираз қаласының ең маңызды құрылыстарының бірі ретіндегі Кәрімхан қорғаны үш бөліктен тұрады: саяси, экономикалық және әскери бөлік. Бұл қорғанның архитектуралық жобасы әскери және тұрмыстық мақсатта пайдалануға арналған. Оның қорғаныс қабілеті жоғары. Қорғанды тамашалау кезінде оның ешқандай боямасыз сұсты түсі көз алдыңызға келеді. Бірақ қорғанның іші ерекше сұлулық пен нәзіктікті астастыра салынған.
Кәрімхан қорғанын салуда пайдаланылған басты материалдар – тас пен күйдірілген кірпіш. Қорған тік төртбұрышты пішінде салынған. Оның төрт бұрышында биіктігі 15 метрлік 4 мұнара бар. Қорғанның ішінде залдар мен бөлмелер алдына үлкен террасалар салынған. Террасалардың алдыңғы бөлігінде берік тас бағандар орналасқан. Әрбір террасаның алдында төртбұрышты хауыз салынған. Бұл Зендтер заманындағы сәулет өнерінің архитектуралық принципі болса керек. Қорғанның кіреберіс есігі оның шығыс жағында орналасқан. Есіктің маңдайшасына әшекейленген жеті түсті сырлы кірпіштен Рүстемнің ақ диюмен соғысу сахнасы бейнеленген.
Қорғанның дуалы мен іргетасын салуға күйдірілген кірпіш қолданылған. Терезелердің жақтаулары Йездтің мәрмәр тасы, айна сынықтары және Ресей мен Түркиядан әкелінген басқа да әсемдік заттармен безендірілген. Қорған бөлмелері мен олардың төбелері ең әдемі пішін-нақыштармен безендірілген. Онда алтын түсі, көгілдір түс және алуан түрлі табиғатта кездесетін өсімдіктер мен минералды заттардың түстері пайдаланылған. Мұнда гүлдер мен өсімдіктер және де арабеска өрнектері көп салынған. Бұл үй мен бөлме ішіне бақтың нышанын енгізгендей болады. Залдың іші ағаштан жасалған торлы терезелер мен түрлі түсті шынылармен көмкерілген.
Залдардың төбесі екі қабатпен жабылған: негізгі әрі биік төбе сүңгі іспеттес алебастар жапсырмалар мен ашық түсті нақыштармен безендірілген. Екінші төбе – «алдамшы» -«жалған» төбе. Бұл төбе кейінгі жылдары бөлме биіктігін төмендету үшін салынған болуы керек. Оның нақыштарын салуда алтын, сынап пен киноварь қолданылған. Нақыштардың салыну стилі Сефевидтер дәуірінің стиліне ұқсас болып келеді.
Кәрімхан қорғанының архитектуралық жобасы үш террасалы құрылыстар негізінде жасалған. Кәрімханнан кейін кейбір Қаджар патшалары бұл нақыштардың үстін алебастрмен сылатып, өздері қалайтын нақыштар мен өрнектер салдырған. Бірақ соңғы жылдарда бұл құрылыста аса ыждахаттылықпен жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары барысында құрылыстың өзіндік стилін сақтап, алебастр сылағы астындағы әдемі нақыштарды шығаруға күш салынып жатыр.
Қорғанның бір бұрышынан баспалдақтар көзге түседі. Бұл баспалдақ екінші қабатқа апарады. Ол жерден ғимарат артында орналасқан оқшау аулаға шығуға болады. Бұл аула Кәрімханның жеке моншасы алдына арнайы салынған. Ол аталмыш қорғанның тартымды жерлерінің бірі болып саналады. Монша екі бөліктен тұрады: алдыңғы бөлікте киім шешетін орын мен сегіз бұрышты тас хауыз бар. Оның қабырғасы мен төбесіндегі әдемі безендірулер оны көрнекті жерлердің біріне айналдырды. Арабеска мен ирандық нақыштар, сондай-ақ жануарлардың суреттері осы тарихи моншаға ерекше тартымдылық сыйлады.
Салыстырмалы түрде ұзын дәлізден өткеннен кейін негізгі бөлікке – ыстық бөлмеге, нақтырақ айтсақ моншаға кіреміз. Онда жуынуға қажетті ыстық су мен басқа да барлық мүмкіндіктер жасалған. Сарай маңындағылар бұл моншаны ұзақ жылдар бойы қолданған. Бұл бөлікте де әдемі нақыштар бар. Олар көбінесе тас бағандардың жанына салынған. Тас бағандардың өне бойы тас қашаушы мамандардың қолымен жонылып, онда әдемі арабеска өрнектері салынған.
Ыстық бөлмеде 3 су қоймасы бар. Олардың суы жуыну үшін пайдаланылған. Монша едені де ыстық су қазанынан келетін жылу арқылы үнемі жылы әрі жайлы болған.
Кәрімхан қорғанының бұл бөлігі Иранның әртүрлі аймақтарының дәстүрлі киімдерін жұрт назарына ұсынатын көрмеге айналғанына бірнеше жыл болды.