Сәу 13, 2016 18:26 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (47)

Адамдар баспана сала бастағаннан бастап, үнемі дұшпандар мен жабайы аңдардан сақтанудың жолдарын да ойлап отырған. Сондықтан да алғашқыда қабырғасыз болған үйлерде қабырға пайда болды, кейіннен қабырғалы үйлердің айналасына дуал салынатын болды.

Уақыт өте келе жанұялар дамып, үйлер көбейген кезде тұрғын үй ауданын түгелдей қамтитын дуалдар салына бастады. Кіреберіс есік дарбазаға айналды. Содан соң дуалдардың үстіне қамалды қорғау үшін біркелкі немесе әртүрлі қашықтықта қорғаныс мұнаралары салынды.

Иранда әртүрлі жоба-жоспар негізінде дуалмен қоршалған тұрғын үй ауданын салу б.з.д. 3 мыңжылдықта басталған. Оның үлгілерін Иранның солтүстік-батыс, орталық және батыс бөлігінен әлі де көруге болады. 

Ислам дәуірінде қамалдар ірі байланыс жолдарының бойына салынған. Олардың негізгі қызметі жолды қорғау және керуендер жолында қауіпсіздікті қамтамасыз ету болған. 

Иранның кейбір қалаларында ежелгі көрнекті архитектуралық туындылар бар. Луристан облысының орталығы Хоррамабад қаласы «Фалак ол-Афлак» қамалымен танымал. Бұл әдемі әрі көруге тұрарлық қамал 5300 шаршы метр ауданды алып жатыр. Ол Хоррамабад қаласының орталығындағы бір төбе басына салынған. Қамалда 8 мұнара бар. Оның ең биік қабырғасының биіктігі 23 метр. «Фалак ол-Афлак» қамалында екі аула, 124 бөлме мен бөлмелер арасында 11 дәліз бар. Қамалдың айналасы қорқыныш сезімін оятатын орлармен қоршалған. Ор ішін қалың шөп басып жатыр. Бұл қамалға кіруді қиындатады. «Фалак ол-Афлак» сөзі «ең биік аспан» деген мағынаны береді. Ауыспалы мағынада бұл сөз қамалдың оңайлықпен қолға түспейтіндігін білдіреді. Қамалдың алғашқы құрылысы Сасани билігі дәуіріне тиесілі деп есептелінеді. Ол кездегі қаланың атауы «Шапур хаст» деп аталған. Салыну уақыты – б.з. 3 ғасыр. Бұл қамалды әртүрлі атаулармен, атап айтқанда, Шапур хаст қамалы, Хоррамабад қамалы, Мұнаралы дарбаза қамалы деп атаған. Бірақ Қаджар дәуірінен кейін ол «Фалак ол-Афлак» қамалы деп атала бастады. 

«Фалак ол-Афлак» қамалының әдемілігі мен таңқалдырарлық архитектуралық жобасы бұл ежелгі қамалдың мамандар тарапынан әлемдегі теңдессіз инженерлік-архитектуралық туындылардың бірі деп атауына себеп болды. Жүз жылға жуық уақыт бұрын қазіргі қамал құрылысының айналасында мұнаралы дарбазасы бар дуал болған. Қазір одан еш белгі қалмады десе де болады. Қамалды салуға тас, қызыл кірпіш, шикі кірпіш, алебастр мен әктің қоспасы қолданылған. 

Қамалдың кіреберіс есігі мұнараның оңтүстік бөлігінде орналасқан. Кіреберіс есік бірінші аулаға жол ашады. Осы ауланың маңы мен екінші ауладағы үлкен залдар мен бөлмелер бір-біріне жалғасып жатыр. Бұл орын қазір мұражай ретінде пайдаланылады. Бұл қамалдың оңтүстік жағы мен үлкен жер асты бөліктерінде жасырын жолдар бар. 

Ұзақ жылдар бойы "Фалак ол-Афлак" қамалы орталық қазына, билеушілердің билік жүргізетін орны, әскери гарнизон немесе зындан ретінде қолданыста болды. Бірақ х.ш.ж.с.б. 1355 жылы (1976 жылы) этнографиялық мұражайға айналдырылды. Бұл мұражайда Луристан облысы мен осы аймақтағы халықтың тарихы мен мәдениеті толық көрсетілген. Б.з.д. дәуірлерге тиесілі Луристанның қола бұйымдары осы мұражайда сақталынады. 

Қамалдың сыртында суы мол "Гүлстан" бұлағы ағып жатыр. Қамалдың ішінде тереңдігі 42 метр құдық қазылған. Ертеде қамал тұрғындары өздерін осы құдық арқылы сумен қамтамасыз етіп отырған. Құбыр арқылы ағатын су әртүрлі мақсатта, соның ішінде моншаға да жеткізіліп отырған. "Фалак ол-Афлак" қамалында кең әрі әдемі монша орналасқан. Бұл монша шамамен жүз жыл бұрын қолданыста болған. Бұл моншаның қыштан жасалған су құбырлары мен жер асты каналдарының белгілері әлі күнге дейін сақталып қалған. 

Қамалдың әртүрлі бөліктерінің ағаштан жасалған торлы терезелері мен есіктері Иранның осы бөлігінде тұратын халықтың өнер үлгілерінің бірі болып табылады. Қамалдың еденіне тас төселген. Онда қазір туристерді қабылдауға арналған әртүрлі мәдени бөлімдер мен мүмкіндіктер жасалған. 

"Рудхан" қамалы – Иранның солтүстігіндегі Гилан облысының Селжұқтар дәуірінен қалған ескерткіштерінің бірі. Рудхан аймағының табиғаты әдемі әрі таңғажайып. Рудхан қамалына жету үшін Фумен қаласы мен бірнеше ауылдан өтіп, содан соң 5 шақырым жаяу жүру қажет. Тау мен орманды қақ жарып тас пен цементтен жасалған спиральды баспалдақта 800-ден астам баспалдақ бар. Баспалдақтың басында бір тақташа бар. Онда: "Рудхан қамалы – Иранның ең таңғажайып әскери құрылысы",-деп жазылған. Бұл ұлы құрылыс бойы көкке өрлеген орманның ортасында орналасқан. Ол Гилан халқының өз жерін қорғап, сақтау үшін жасаған талпыныстарының нышаны болып табылады. Ол теңіз деңгейінен 800 метр биіктікте орналасқан. Оның екі жағынан екі өзен ағып жатыр. 

Қамал х.қ.ж.с.б. 5-6 ғасырларда (11-12 ғасырлар) Селжұқтар дәуірінде салынған. Оның кіреберіс есігінің маңдайшасында "Х.қ.ж.с.б. 930 жылы (1523 жылы) қайта жөндеуден өткізілді" деп жазылған. Бұл қамал өзен маңына салынған. "Рудхан" сөзі жергілікті тілде "рудхане", яғни өзен сөзінің қысқартылған түрі. Бірақ қамалды басқа атаулармен де атаған. Мысалы, «Мың баспалдақ» қамалы, «Хасами қамалы». Тарихи құжаттарда поляк зерттеушісі Александр Шудзков (Alexander Shvdzkv) 1830 жылы бірінші рет Рудхан қамалы жайлы сөз қозғап, оны «Гилан облысындағы ұлы қамал» деп сипаттаған. 

Рудхан қамалы темір кенінің молдығына байланысты тарих бойында геологиялық тұрғыдан көптеген өзгерістерді басынан өткерген аймақта орналасқан. Бұл аймақтан ежелгі адамдар қазба жұмыстарымен айналысқан ежелгі кен орындары табылды. 

Бір жарым не екі сағат жаяу жүрісті қажет ететін қамалға көтерілу жолында биік, әдемі әрі жуан ағаштар кездеседі. Осы ағаштардың бұтағы мен жапырақтарының арасынан күн нұры жерге түспейді. Қолайлы жер таңдап алу, әртүрлі архитектуралық тәсілдер мен әралуан геометриялық пішіндерді пайдалану бұл кешенге ерекше салтанаттылық сыйлады. Қамалдың жалпы формасы біркелкі емес. Ол батыс және шығыс деген екі бөліктен тұрады. Қамал әскери мақсатта салынған. Онда екі мұнаралы жеке кіреберіс есік, зындан, бірнеше тұрғын үй мен төтенше жағдайда шығуға арналған жол бар. 

Рудхан қамалында екі цитадель мен 16 қарауылхана бар. Шах тұратын цитадель күйдірілген кірпіштен екі қабатты етіліп салынған. Оның қабырғаларында жарық түсіру және айналаны бақылап тұру үшін көптеген саңылаулар салынған. Қамал дарбазасы оның солтүстік бөлігінде орналасқан. Оның екі жағына екі үлкен мұнара салынған. Солтүстік және оңтүстік қабырғаларда әртүрлі арақашықтықта бірнеше мұнара салынған. Олардың төбесіне күйдірілген кірпіштен сегіз бұрышты бөлмелер салынған. Бұл қамалда 65 күзет мұнарасы бар. Қабырғаларда көптеген саңылаулар бар. Олар садақ атуға немесе дұшпандарға сұйық немесе балқытылған заттар төгуге пайдаланып отырған. 

Рудхан қамалының архитектуралық жобасындағы көңіл аударарлық нәрсе оны салған сәулетшілердің нақытылығын көрсететін шырша пішіндес аркалар, кірпішті көркемдеп қалау мен тасты әдемілеп тізу өнерлері қолданылған. Қабырғалардың биіктігі әртүрлі. 3 метрден 10 метрге дейін өзгеріп отырады. Дұшпанның еніп кету қаупі бар жерлерде қабырғалар қалыңырақ әрі биігірек болған. Осы аймақтың әдемі әрі тартымды табиғаты үнемі туристердің назарында. Олар осы қамалды тамашалағаннан кейін оны салған сәулетшілердің зейіні мен қабілетіне тәнті болып, "бәрекелді" дегеннен басқа ештеңе айта алмайды.