Сәу 13, 2016 18:28 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (48)

Иран қамалдары мен қорғандарының архитектуралық жобасы сол замандағы білім мен таным негізінде жау шабуылынан қорғану үшін жасалған. Әдетте олардың ішкі кеңістігі әрбір дәуірдің жергілікті дәстүрі бойынша безендіріліп отырған.

Тарихи дәуірлердің бастапқы кезеңдерінде Иранның қорғаныс бекіністерінде Қос өзен аймағының стильдік ықпалының белгілері байқалады. Одан кейінгі ғасырлар бойы қамалдар бір-біріне ұқсас болып салынған. Бірақ х.қ.ж.с.б. 13 ғасырда Иранның сәулет өнеріне кейбір еуропалық стильдер енді. Соның салдарынан қамал салуда да өзгерістер пайда болды.

Қамалға оңай ену мүмкіндігінің болмауы, оның төбесінен дұшпандарға шабуыл жасау мүмкіндігінің болуы ғасырлар бойы сақталып келген аса маңызды принцип болды. Бұл мәселе Ирандағы қамалдар аймаққа қауіп-қатер төнген кезде халықтың паналайтын жері болғандығын білген кезде аса маңызды болып көрінеді. Осы тұрғыдан халықты қорғап, ерлік жасаған сарбаздар мен батырлар жайлы әңгімелер Иран тарихында көбінеct қамалдармен тығыз байланысты. 

Заххак - Айдаһар қамалы Иранның Әзірбайжан аймағындағы Урумие көлінің шығыс жағалауында орналасқан. Бұл қамалдың 3 мыңжылдық тарихы бар. Ол Мадтардың маңызды мекені болған. Аталмыш қамал теңіз деңгейінен 2300 метр биіктікте салынған. 

Бұл қамал алғаш рет 1971 жылы анықталып, онда зерттеулер жүргізіле бастады. 

Заххақ қамалы - берік бекініс. Ол үш жақтан биік жармен шектеліп жатыр. Оның ішінде тас қоймалары, су қоймалары, диірмен, кеңес залы, монша мен ондаған бөлме бар. Қамалдағы бөлмелердің жартысының төбесі ашық. Ал қалған жартысы тау ішіне ойылып салынған. Осы бөлмелердің көбіне су сақтайтын қоймалар, қабырғаларға кішкене аркалар ойылып салынған. 

Заххақ қамалы дарбазасының екі жағында жартылай цилиндр пішіндес екі мұнара салынған. Олардың сырты трапециялы тастармен жабылған. Бұл қамал Сасани заманында салынған. Бірақ табылған қыш бұйымдар онда х.қ.ж.с.б. 7-8 ғасырларда да халықтың өмір сүргендігін көрсетеді. Тау етегінде ағып жатқан бұлақ қыш құбырлар арқылы осы қамалға жеткізіліп отырған. 

Иранның солтүстік-батыс аймағында қамалдар көп. Бұл таулы аймақтағы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды болғандығын көрсетеді. "Джумхур" қамалы немесе "Бабак" қамалы – Бабак Хорраминнің өмір сүрген жері болған. Бабак х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда (10 ғасыр) Аббаси үкіметіне қарсы көтеріліс жасап, ұзақ уақыт бойы осы қамалда бекініп жатқан. Бабак қамалына жету жолы қауіпті өткелдер мен асуларға толы. Бұл қамалға кіру үшін дәліз сияқты тастан жасалған жерден өту қажет. Бұл дәліздің ұзындығы 200 метр. Оған тек бір адам сыяды. 

Бабак қамалы теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікте салынған. Оған жету жолының қиындығы мен құрылыстың салтанаттығы көрген адамды қызықтырады. Қамалдың төрт жағында қарауыл мұнаралары орналасқан. Онда сарбаздар тұратын болған. Бұл мұнаралардан бірнеше шақырым қашықтықтағы әрбір қозғалыс айқын көрініп тұрады. Адам қамал ішіне жапсарлас бағандар ішіне салынған баспалдақтар арқылы кіреді. Бұл қамал үш қабаттан тұрады. 

Бабак қамалында бір негізгі зал мен оның айналасында 7 бөлме бар. Олардың барлығында жарты ай пішіндес аркалар салынған. Су қоймаларының қабырғасы ылғал өткізбейтін қоспамен сыланған. Бұл қамалда қашалған кішкене тастарды бір-біріне жалғастыру жақсы дамыған. Оның тарихи тамыры Сасани дәуіріне дейін жетеді. Бабак қамалынан әртүрлі Ислам дәуірлеріне тиесілі заттар, әртүрлі құралдар мен тиындар табылды. 

Бұл әскери қамалдың орналасу жағдайы стратегиялық тұрғыдан маңызды, қорғаныс жағынан берік болған. Сондықтан да тарихта: "Кей жағдайларда қамалдағы 20 адам жүз мың сарбаздан тұратын дұшпан әскеріне төтеп беріп, аз ғана шығынмен қамалды қорғап қалып отырған",- делінген. 

Иранның тарихи ескерткіштер тізіміне алынған кешендердің бірі – "Теһран цитаделі" кешені. Бұл цитадель мен оның ішіндегі кейбір ғимараттар – Сефеви дәуірінің ескерткіштері. Ол қазір Теһран қаласының тарихи бөлігінде орналасқан. "Теһран цитаделі" кешені шамамен 45 га ауданды алып жатыр. Қала аумағы дамытылғаннан кейін соңғы жүз жыл ішінде онда өте көп өзгерістер болды. "Теһран цитаделі" кешенінің айналасына жаңа көшелер мен ғимараттар салу аталмыш кешеннің сәулет стиліне де өзгерістер енгізді. Теһрандағы алғашқы жаңа ғылым медресесі – Дар ул-Фунун, алғашқы қоғамдық саябақ, алғашқы мұражай, үкімет үйі мен өз заманының ең биік ғимараты Шамс ул-Эмаре үйі "Теһран цитаделі" кешенінің аумағында салынды. Бұл бір қаланың маңызды қоғамдық орындарында бір-бірінің жанында белгілі бір ауданда салынып отырған Иран сәулет өнерінінің ерекшелігін көрсетеді. 

"Теһран цитаделі" кешені қаланың басқа да қорғандары сияқты қорғаныс қабілетіне ие болған. Оның дуалы мен мұнараларының бір бөлігі әлі күнге дейін сақталып қалған. "Теһран цитаделі" дуалының айналасына ені үлкен ор қазылған. Қаджарлар дәуірінде бұл ор толтырылып, оның орнына жаңа көшелер салынған. Тарихи деректер бойынша, Мұхаммадәли шах Қаджар билігі кезінде "Теһран цитаделі" дуалының артындағы жерлер сатылған. Сатып алушылар ол жерлерді сауда-саттық орындарына айналдырған. 

"Теһран цитаделі" кешенінде ішкі қатынас жолдары мен тек екі дарбазасы – кешеннің солтүстігінде "Доуләт" дарбазасы мен оңтүстігінде "Наққаре хане" дарбазасы болған. Басқа дарбазалар кейінгі жылдарда салынған. Қала салудың жаңа жобасы орындалғаннан бері аталмыш дарбазалар алаң немесе ғимаратқа айналдырылды. 

Бүгінде "Теһран цитаделі" кешенінің аумағында тек бірнеше бөлек-бөлек ғимарат қалды. Олар мыналар: Радио ғимараты, Әділет үйі, Қурхане есігінің маңдайшасы, Дар ул-Фунун медресесінің ғимараты, Арг мешіті мен тағы да басқа бірнеше ғимарат. Бұл ғимараттар Иранның ұлттық мұра тізімінде тіркелген. Өткен онжылдықтарда "Теһран цитаделі" кешенінің бастапқы маңыздылығы жоғалды. Қазір бұл тарихи кешен жүргіншісі көп шулы ауданға айналды. Теһранның ескі тарихи базарының "Теһран цитаделі" кешенімен жапсарлас орналасуы бұл аймақтың тарихи-экономикалық маңыздылығынан хабар береді. 

Тегтер