Сәу 13, 2016 18:35 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (50)

Ирандағы сәулет өнері мен инженерлік іс табиғаттың төрт элементі – от, жел, су және жермен тығыз байланысты. Жер – сәулет өнерінің негізгі элементі. Әртүрлі панорамалар – күмбездер, қабырғалар мен ғимараттар сәулет өнерінің негізгі кеңістіктерін құрайды.

От құрылыс материалдардың беріктігін арттыруда ерекше рөл атқарады. Жел, оның жылдамдығы мен соғу бағыты Иранның архитектуралық стилінде, әсіресе шөлді аймақтарда өте маңызды. Ал су жуушы, тазартушы ретінде және жайлылық, абадтандырылу және жасыл желекке бөленту символы ретінде көпір салу ісінде ерекше орын алады.

Тоғандар мен бөгендердегі су, өзен суларының тазалығы мен мөлдірлігі, сай-саланы бойлап сарқырап аққан өзен суы жасыл желекті орта мен жанға жайлы кеңісттік орнатады. Ирандықтар суды Алланың берген нығметі деп санайды. Сондықтан «суды ластауға болмайды» деген көзқараспен көпір салуға кіріскен. Әр аймақтың өзіне сай құрылыс материалдарымен тиімді жоба-жоспарлар негізінде өзендердің екі жағасы немесе терең сайларды бір-біріне байланыстыру – Иранның көпір салу өнерінің бір ерекшелігі. Әртүрлі тарихи дәуірлерді көпірлер саны мен жол салудың белсенділігіне байланысты бір-бірінен ажыратуға болады. 

Ғазнавилер билігі кезінде Махмұд Ғазнави ауқымды жорықтар жасап отыруына байланысты Иранды гүлдендіру жолында онша көп еңбек сіңірген жоқ. Ол уақытының көп бөлігін ел аумағын кеңейтумен болды. Оның билігі тұсында сауда-саттық саласы назардан тыс қалды. Сол себепті байланыс жолдары мен көпірлер де қараусыз қалды. Соған қарамастан, Иран географиясындағы ең маңызды жолдар мен көпірлер Аббаси халифатының орталығы Бағдадқа барып тірелетін. Бұл жолдар Тус, Рей, Хамадан, Исфахан мен Шираз сияқты қалаларды басып өтетін. 

Тус – Үлкен Хорасандағы қала. Бұл қаладан Герат, Балх сынды Хорасанның басқа да қалаларына баруға болатын еді. Тус қаласына жақын жердегі «Кәшфруд» өзенінің үстіне бір көпір салынған. Оның тарихы Ғазнави дәуіріне жатады. Тарихи еңбектер мен сапарнамаларда осы көпірдің әдемілігі, ерекшеліктері мен оның салынуы жайлы көптеген мағлұматтар айтылған. Бірақ Артур Поптың пайымдауынша, бұл көпір Фердоусидің өмір сүрген уақытында салынған және кейіннен жөндеуден өткен. 

Моңғолдардың Иранға шапқыншылығы кезінде көптеген қалалар мен елді-мекендер қиратылды. Бірақ бірнеше жыл өткеннен кейін көпір мен жол салуға қайтадан көңіл аударыла бастады. Бұл көпірлер Сасанилер дәуірінен қалған көпірлердің үстіне салынды. Бұл дәуірдегі көпір салудың архитектурасында аса көп жаңалық жоқ. 

Моңғолдық Илханилердің ирандық уәзірі Хадже Рашид ад-Дин Фазлолла Хамадани Иранды көркейтуге көп күш салды. Ол Амир Әлішер Науаи сынды адамдармен бірге көпірлерді қайта жөндеуге күш салды. Бір рауаят бойынша, 14 көпір салу туралы бұйрық осы дәуірде берілген. Тарихи деректер бойынша, Сафави заманының бірегей туындысы болып саналатын Исфахандағы «Хаджу» көпірі Илханилер дәуіріне жататын ескі көпірдің іргетасының үстіне салынған. 

Илханилер дәуіріне «Абришам», «Абу Асхақ», «Асби», «Табан», «Беренджи», «Джаджарам» және «Зангуле» сынды ең маңызды көпірлер тиесілі. 

Илханилердің астанасы Иранның солтүстік-батысында орналасқан Сұлтание қаласы болған. Маңызды елді мекендер мен берік көпірлер осы аймақта салынған. «Дохтар» көпірі - Қыз көпірі Миане қаласының оңтүстігіндегі «Қызыл өзеннің» үстіне салынған және оның жанында жазба тақташа орналастырылған. Сол бойынша бұл көпір х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдың аяғында салынған. 

Бұл көпір бірнеше рет жөндеуден өткізілген. Иранның басқа жерлерінде де тура осы атаумен көпірлер салынған. Бірақ бұл көпірге ат қою жөнінде қызық бір дастан бар. Франциялық саяхатшы Деляфой ханым өз сапарнамасында бұл дастанды жергілікті халықтың атынан баян еткен. Қысқасы, дастан желісі мынадай: «Иран патшаларының бірінің сұлу қызы болыпты. Бұл қыз сарай маңындағылар мен халықтан жырақта болу мақсатымен тау ішіне қамал салуға бұйырады. Ол қамалды «Бүркіттің ұясы» деп атайды. Қыз әлгі қамалға жеткеннен кейін қамалға бастап баратын жолды бұздыртып тастайды. 

Бір күні тау етегінде қой бағып жүрген шопан қамал қабырғасының үстіндегі патшы қызын көріп, оған ғашық болып қалады. Қамалға кіреберіс жолдың жабық екендігін көргенде өзінің сырнайын қолына алып, ұзақ күндер бойы қайғылы әуендер шертеді. Патша қызы біраз уақыт өткеннен кейін қамалдан шығып, әлгі шопанға тұрмысқа шығу үшін өзен үстіне көпір салуға бұйырады». Сол заманнан бері бұл көпір «Дохтар» (Қыз) көпірі деген атпен әйгілі. 

Исмаил шах Сафави билік басына келгеннен кейін Иранның бұрынғы салтанаты мен көркі біртіндеп қайтып келді. Сафави патшалары, әсіресе Аббас шах сауда-саттық мақсатындағы сапарларға ерекше ықылас тынытып отырған. Басқа жағынан, шетелдік саяхатшылардың Иранға келуі де Сафави дәуірінен бастап арта түсті. Сондықтан ирандық жолдар әлемдік сауда жолдарымен байланыстырылды және керуен сарайлар мен көпір салуға көңіл бөлінді. Сафавилердің астанасы Исфахан қаласын қақ жарып Заяндеруд өзені ағып жатыр. Иран сәулет өнерінің бірегей туындылары болып саналатын көптеген әдемі көпірлер осы өзеннің үстіне салынған. Қала көркі осы көпірлермен ашыла түскендей. 

«Аллавердихан» көпірі – Исфахандағы көрнекті архитектуралық ескерткіштердің бірі. Бұл көпірде су өтетін 33 арка болғандықтан, «Си о се пол», яғни «Отыз үш көпір» деген атпен танымал болып кеткен. Көпірдің ұзындығы 300 метр, ені 14 метр. Онда біркелкі 34 тұғыр мен 33 арка бар. Көпірдің ортасында көлік жүретін, ал оның екі жағында төбесі жабылған жаяу жүргіншілерге арналған жол бар. Көпірдің аркалары күйдірілген кірпіштен жасалған, бірақ оның іргесі тастан қаланған. Бұл көпір Аббас шахтың бұйрығы негізінде Аллавердихан есімді қолбасшының қаржысы және тікелей бақылуымен х.қ.ж.с.б. 1005 жылы (1675 жылы) салынған. Бұл көпірдің екі жағы «Чахарбақ» атты әдемі көшемен жалғасып жатыр. Сафавилер кезінде кейбір мейрамдар осы көпірдің маңында өткізілетін болған. 

17 ғасырда Иранға келген франциялық саяхатшы Таверние (J.B. Tavernier) Исфахан қаласы мен «Си о си пол» көпірін сипаттай келіп, былай деп жазған: «Көпірдің екі жақтауына төбесі жалған жол салынған. Кейбіреулер ауа жұту үшін осы жолдың төбесімен де жүріп өтеді. Бірақ қарапайым жүргіншілер төбесі жабылған жолмен жүреді. Бұл жолдың өзенге қараған беті ашық. Осы ашық беттен жанға жайлы салқын ауа еніп тұрады. Ал көпірдің басқа бір жолы жаз кезінде өзен суы төмендеген кезде пайдаланылады. Бұл жол негізгі көпірдің астында, өзеннің ішінде салынған. Мұнда тас тақталар бір-біріне жақын орналастырылған. Солардың үстімен жүріп өтуге болады. Көпір астындағы барлық саңылаулардың есіктерін ашып өтіп кетуге болады. Көпірдің екі жағына баспалдақтар салынған. Ол жоғары және төменгі бөлікті бір-бірімен байланыстырып тұрады. Шындығында, бұл көпір – өнер мен шеберлік негізінде салынған Иран сәулет өнерінің ең әдемі үлгісі». 

Таверниемен қоса, франциялық Фландин (E. Flandin) де Таверниеден 200 жыл өткеннен кейін «Си ос се пол» көпірін көріп, оны: «Көпір маңында халыққа шай сататын дүкендер орналасқан. Кешқұрым осы көпір үстінен Исфаханның әдемі күмбездері мен мұнараларына қарау ерекше сезімге бөлейді» ,-деп сипаттап жазған. 

Әрине қазір көпір үстінен көлік өте алмайды, жаяу адамдарға ғана жол ашық. «Си ос се пол» көпірінің Исфахан қаласының ортасында орналасуы оның күндіз де, түнде де осы қала тұрғындарының көбісі, жолаушылар мен туристерді қабылдауына себеп болып отыр. Исфаханға сапар шегетін адамдар Заяндерудтың түнгі әдемілігін көру үшін «Си ос се пол» көпірінің жанына барады. Осы көпірдің айналасы мен астындағы шайханалар мен кофеханалар да туристерді қабылдайды. Кейде көпір маңынан әннің дыбысы немесе «тар» атты саз аспабының ырғақтары құлаққа шалынады. Қазір де «Си ос се пол» көпірі бұрынғыдай сән-салтанатқа ие. Заяндеруд өзенінің мөлдір суының баяу ырғалып ағуы көпірдің тартымдылығын одан ары арттырады.