Сәу 13, 2016 18:39 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (51)

Иранда көпір салу басқаларға жақсылық жасау мақсатында ежелден келе жатқан әлеуметтік-мәдени дәстүрлер негізінде салынатын архитектуралық үлгі болып табылады. Иранның әлеуметтік тарихында көпір, монша, медресе мен мешіт сияқты қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар салу кең таралған еді. Әлеуметтік қауіпсіздік қамтамасыз етілген әрбір заманда осындай ғимараттарды салу қолға алынып отырған.

Ежелгі дәуірде көпір салу кемелдену үдерісін басынан өткерді және кейбір дәуірлерде шарықтау шегіне жетті. Х.қ.ж.с.б. 4-11 ғасырлар аралығында Иранның мұсылман сәулетшілерінің өнерлері шарықтап, теңдессіз ғимараттар салған заман болды. Сефевилер әулеті өзінің астанасын абадтандырып, көркейтуге ерекше маңыз бергендігін айтқан болатынбыз. Бұл әулет Исфахан қаласын Иран мен Ислам әлеміндегі үлгілі қалаға айналдырды. Бұл дәуірдің сәулет өнері Исфаханның көптеген ғимараттарында, әсіресе Заяндеруд өзенінің көпірлерінде, Чахарбақ" көшесінің жайлылығы мен тыныштығы, Али Ғапу сарайы мен "Нақш-е жаһан" алаңының әдемілігі мен салтанатында көрініс тапқан. Көпірлер тек адамдардың өзеннен өтуі үшін ғана жасалмаған, сонымен қатар олардың көпір үстінде тұрып ойланып, өмірді Заяндерудтың тынымсыз ағысынан көре алу үшін жасалған.

Су ішіндегі бірегей архитектуралық құрылыстардың бірі – "Хаджу" көпірі. Бұл көпір архитектуралық жобасы мен ондағы сырлы кірпіш жабыстырып безендіру тұрғысынан Заяндеруд үстіне салынған басқа көпірлерге қарағанда әлдеқайда танымал. Бұл көпір Сефевилер дәуірінде бөген салу мақсатында салынған. Сонымен қатар ол "Шах көпірі", "Баба Рокн ад-Дин", "Хасанабад" деген атаулармен танымал болған. "Хаджу" сөзі "хадже", яғни "қожа" сөзінен алынған. Бұл сөз Сефевилер дәуірінде ірі мемлекеттік қайраткерлер мен сарай маңындағылардың лақап аты ретінде қолданылған. 

Аббас шах II х.қ.ж.с.б. 1060 жылы (1650 жылы) "Хаджу" көпірін салуға бұйрық берді. Бұл көпір ескі көпірдің іргетасы үстіне салынған. Көпірдің ұзындығы 132 метр, ені 12 метр. Оның төменгі өткелінен бастап есептегендегі биіктігі шамамен 10 метр. Оның әрбір тұғырының ені 2 метр. Хаджу көпірінде 21 саңылау бар. Олардың көлемі әртүрлі және қашалған тастан жасалған. Көпірдің орта шеніндегі саңылаулар өзен суын бөгеп қалу үшін ағаш бөгеттермен жабылған. Көпірдің тұғыры тастан, ал өтетін жолдары кірпіштен салынған. 

Хаджу көпірі бірнеше мақсатта, атап айтқанда адамдардың өтуі, арка іспеттес ойықтарда отырып демалуы, өзен суын бөгеп, ыстық та құрғақ мезгіл үшін жинау, өзен суының өтуіне арналған әдемі саңылаулар жасау және адамдардың тамашалауына әдемі панорама жасау үшін салынған. 

Хаджу көпірі төрт қабаттан тұрады. Оның негізгі өту жолының екі жағында үлкенді-кішілі 51 бөлме ал көпірдің ортасында патша мен ханзадалардың демалуына арналған әдемі ғимарат салынған. Ол сырлы кірпіштер мен қабырға бетіндегі суреттермен безендірілген. Көпірдің екі жағында тастан жасалған екі үлкен арыстанның мүсіні бар. Тас баспалдақтың жанына орналастырылған бұл мүсіндер көпірге ерекше салтанат сыйлайды. Көпірдің ортасында екі баспалдақ бар. Осы баспалдақтар арқылы көпірдің орталық ғимараты мен төменгі қабаттарына баруға болады. 

Хаджу көпірінің айналасы көктем мен жаз кездерінде, демалыс күндері мен түндердің көбінде халық пен туристердің демалып, ойын-сауық құратын жері болып табылады. Қалалық әкімшіліктің атқарған көгалдандыру шараларының нәтижесінде өзеннің екі жағы серуендеуге арналған әдемі саябаққа айналды. 

Мұхаммад Тахер Қазвинидің "Аббаснама" кітабында Хаджу көпірі бүге-шігесіне дейін сипатталған және оның ашылу рәсіміндегі безендіру мен әртүрлі мейрамдарды көпір үстінде өткізу жайлы көп әңгімеленген. Көпір тұғырларының ортасында кең жақтаулар салынған. Олардың ішінен көпірдің асты толық көрінеді. Есіктердің жанына тас баспалдақтар жасалған. Олар өзенге дейін созылып жатыр. 

Хаджу көпірін жобалаушы сәулетші нұрдың символы болып табылатын бір шамды көпірдің бір бұрышына орналастырған. Бұл үлкен шамды көпірдің екі жағындағы төртбұрыштың ішінен де, сыртынан да көруге болады. Екі кіреберіс арасындағы бос кеңістік жанып тұрған шамдай көрінеді. 

Исфахан қаласы мен Иранның басқа жерлерінде Сефевилер заманында көптеген көпірлер салынған. Олардың барлығын атап шығу ұзақ уақыт алады. Сефевилерден кейін Қаджарлар дәуірінде қала салуға көп көңіл бөлінгенімен, көпірлер аз салынды және олар әдемілік пен салтанат тұрғысынан өткен дәуір көпірлеріне жетпейді. 

Бірақ құрылыста жаңа құрылыс материалдары мен жаңа тәсілдердің пайдалануы көпір салуда да жаңа өзгерістердің пайда болуына себеп болды. Дәстүрлі тәсілдер біртіндеп ұмытылды. Темір конструкциялар мен берік бетондар алебастр, әктің орнын басты. Соңғы жүз жылда салынған көпірлер әралуан әрі сан жағынан көп. Сондықтан оларды бірнеше түрлерге бөлуге болады. 

Су бетіндегі көпір, жаяу жүргіншіге арналған көпір, доғалы көпір, кертешті көпір, болат көпір, ағаш қатарлы немесе бөренелі көпір, аспалы көпір, таразы көпірі – осының барлығы соңғы ғасырда әлемнің әртүрлі жерлерінде, соның ішінде Иранда салынған көпірлер болып табылады. Иранда көпірлерді қолданылу аясына байланысты жалпы екіге бөлуге болады: тас жолдар мен темір жолдарға арналған көпірлер. Бұл көпірлер елдің жолдары мен күрежолдарын бір-біріне байланыстырады және қарым-қатынасты жеңілдетеді. 

"Варсак" көпірі ағымдағы ғасырдың ең әйгілі көпірі. Ол х.ш.ж.с.б. 1315 жылы (1936 жылы) салынған. Бұл көпір Иранның солтүстігіндегі Мазандаран облысында орналасқан. Бұл көпір Иранның оңтүстігі мен солтүстігін байланыстырып тұратын темір жолды толықтырып тұрады. Варсак көпірі Аббасабад атты асуы қиын екі тауды бір-біріне байланыстырып тұрады. Оның құрылысында ешқандай металл конструкциялары қолданылмаған. Оны салуда құрылыс материалдарынан цемент қоспасы, қиыршық тас пен күйдірілген кірпіш қолданылған. Онда 66 метрлік доғалы есікше бар. Оның сай түбінен есептегендегі биіктігі 110 метр. Көпірдің ұзындығы 273 метр. Оның атауы көпірдің маңындағы "Варсак" ауылынан алынған. Бұл көпір бүгінде осы аймақтың туристік тартымдылығы ретінде туристердің назарына ілігіп отыр. Көпірді салудағы маңызды жайт оның табиғи апаттарға төтеп беру қабілетінің жоғары болуы және ауыр бөлігінің биіктікте орналасуы болып табылады. 

Соңғы ғасырда салынған атақты көпірдің бірі – "Карун" көпірі. Бұл көпір Иранның оңтүстігінде Имам Хомейни портынан 110 шақырым жердегі темір жол торабының бойына салынған. Ұзындығы 1100 метр болып табылатын Карун көпірі Ахваз қаласының солтүстігінде орналасқан. Карун өзені осы көпірдің астынан ағып жатыр. Көпірдің тұғырлары бетон мен тастан жасалған. Темір арқаулар осы бетон үстіне орнатылған. Көпірдің екі жағында ағаштан жасалған жүргіншілер жолы мен ағаш өрнектермен өрнектелген сүйеніш шарбақтар салынған. Бұл сүйеніш шарбақтар сыртқы сипаты жағынан көпірдің темір қанаттарымен сәйкестендіріліп салынған. 

Бұл көпір Ахваз қаласының символы болып табылатын "Ақ көпір" немесе "Аспалы" көпірмен бірге Карун өзенінің үстіне салынған ең маңызды көпірлердің бірі болып саналады. "Ақ көпір" екінші дүниежүзілік соғыс кезінде салынған. Оның ұзындығы 501 метр. Көпірдің ені шамамен 10 метр. Онда жүріп-тұруға арналған үлкен есікшелер бар. Бұл көпір металл бөлшектері, бұрандалар мен гайкалардың көмегімен бетон тұғырлардың үстіне салынған. Бұл көпір Иранның қазіргі заманғы сәулет өнерінің көпір салудағы бір үлгісі болып табылады. 

Иранның көпірлері жайлы мағлұмат өте көп. Иранның жол және көлік қатынасы министрінің құжаттарында үлкенді-кішілі бірнеше мың көпір нақты детальдармен суреттелген. Бұл құжаттарда тарихи көпірлер де, жаңа көпірлер де бар. Бұл тізімде ұзындығы 1 км-ден асатын 150-ден астам көпір келтірілген. Сондай-ақ, Иранда негізгі кіреберіс есігінің ені 50 метрден асатын 50-ге жуық көпір бар. 

Бүгінде архитектуралық техникалардың дамуы көпір салуда да өзгерістердің орын алуына себеп болды. Бұған қарамастан, өткендердің таңдаулы архитектуралық туындылары бұрынғыдай әлі де біздің көз алдымызда. Бұл таңдамалы туындыларға тарихи ескерткіштер ретінде қаралса да, олардың нақты техникалық тәсілдері әлі күнге дейін бүгінгі сәулетшілер мен инженерлердің назарларын аударып отыр.