Иран мәдениеті және сәулет өнері (55)
Иран жерінің көп бөлігінде климаттың құрғақ немесе жартылай құрғақ болуы осы ұлан ғайыр далада әртүрлі архитектуралық ескерткіштердің туындауына ықпалын тигізді. Иранда жауын шашын мөлшерінің салыстырмалы түрде аз болуына байланысты ежелден ақ кең ауқымды даланың көп бөлігінде су табуға үлкен талпыныстар жасалды және ирандықтар өз күш қабілеттерін пайдалану арқылы ондаған шақырым қаннат жерасты су каналдарын қазды.
Олар қаннат қазып, бөгет салумен қатар, ыстық кездерде пайдалану үшін қыстың күні жауатын жаңбырды сақтауға көп көңіл бөлген. Осы істі орындау үшін су қоймаларын жобалаған. Су қоймалары халықтың күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарумен қоса, осы елдің мәдениеті мен салтында ерекше орынға ие болған. Ислам келгеннен кейінгі дәуірлерде Иранда су мен діни рәсімдер арасындағы байланыс арта түсті. Таза су тазалық, дәрет алу мен басқа өмірлік істерге қажет болды. Су қоймалары құмды аймақтардағы қалалардың құрылысында көптеген абадтандырылған жерлер мен тұрғын аудандары – «махаллелердің» орталығы болды. Ол көптеген махаллелерде ең көзге түсерлік архитектуралық құрылыс болып саналған. Су қоймаларын салудағы архитектуралық тәсілдің маңыздылығы ерекше. Өйткені осындай құрылыстарды салушылар нақты есеппен су қысымының мөлшері, қойманың ішін сылау, вентиляция, суды тазалау және ластанудан сақтау сияқты басты мәселерге толық көңіл бөлген. Су қоймаларының сыртқы келбетінің безендірулері, әсіресе оның кіреберіс есігінің маңдайшасын безендіру және кей жағдайларда маңдайшаға жазылатын тақташаға қызықты ұрандарды таңдау оның айналасындағы адамдардың өмір сүру салты, рухы мен көптеген ерекшеліктерімен тығыз байланыста болғандығын көрсетеді. Су қоймалары, төбесі жабылған хауыз немесе бассейн суды жер астында сақтау үшін салынып отырған. Суы аз шөлді аймақтарда су қоймасын жаңбыр суы немесе маусымдық жылғалардың суымен толтырып отырған. Су әдетте қыста жиналып, жазда пайдаланылатын болған. Суды тазарту үшін физикалық және химиялық тәсілдерді қолданып отырған. Артық заттардың су түбінде тұнуы, оларды ыдырату үшін белгілі бір көлемде түз қосу, микробтарды өлтіру, жағымсыз будан арылу үшін әк қоспалары мен көмір қапшықтарын пайдалану – осының барлығы аталмыш тәсілдердің қатарына жатады. Су қоймаларын екіге бөлуге болады: махаллелер, керуен сарайлар мен ауылдар немесе керуендердің жолында орналасқан қоғамдық су қоймалары мен үйлердің ішінде орналасқан жеке су қоймалары. Қоғамдық су қоймаларын салғызушылар жергілікті бай адамдар, билеушілер немесе қайырымды адамдар болған. Олар су қоймасын салу қаржысын не ортақ есеп – «бейт ол мольден» немесе жеке мүліктен төлеп отырған. Қалаларда су қоймалары махаллелердің орталығында, діни, оқу және сауда орындарының жанында салынған. Бізге жеткен үлгілер қоғамдық су қоймаларының көлемі басқа түрлерге қарағанда үлкенірек болғандығын және ұзақ уақыт бойы халық көп тұратын махаллелерді сумен қамтамасыз ете алғандығын көрсетеді. Қала немесе ауылдағы үйлердің жеке су қоймасы көбіне ғимараттың астында немесе аула деңгейінен төмен салынған. Мұндай қоймалардың сыйымдылығы бір жанұяны ұзақ уақыт бойы сумен қамтамасыз етуге жеткілікті болған. Су қоймасының негізгі бөліктері су жинау орны, оның төбесі, вентиляция мен желдеткіш, баспалдақ пен безендірілген маңдайшадан тұрады. Қойма төрт түрлі – текше, тік төртбұрышты текше, сегіз бұрыш және цилиндр пішіндес салынған. Оның бүкіл бөлігі немесе жартысы жер астында орналасатын болған. Кейбір цилиндр пішіндес қоймалардың сыйымдылығы 3 мың текше метрге дейін жетіп отырған. Басқа қоймалар сыйымдылығы жүз мың текше метр болатындай өте үлкен көлемде салынған. Мұндай қойманың ішінде төбені үстап тұруға арналған бағандар да орнатылатын болған. Қойманың төбесі күмбез, конус, бесік немесе тегіс пішінде жобаланған. Суды салқындату үшін су қоймасының төбесіне желдеткіштер салынған. Сол арқылы ауа айналымы жүзеге асырылған. Желдеткіш – күйдірілген кірпіштен шаршы пішіндес салынатын құрылыс. Оның төрт бұрышында төрт тесік бар. Ауа осы арқылы су қоймасына немесе жертөлеге еніп, судың салқындауына себеп болған. Салқын ауа тесіктер арқылы айналадағы бөлмелердің ішіне еніп отырған. Бұрынғы замандарда шөлді жердің үйлерінде төрт негізгі бағытта төрт желдеткіш орнатылатын болған. Бұл қоймадағы судың салқын сақталуына көмектесіп отырған. Су қоймасының жанында маңдайшаның қақ ортасында әдетте баспалдақ салынған. Бұл баспалдақ «пашир» – су алатын орынға бастап баратын болған. Баспалдақтың еңістігі кейде тік болып отырған, бірақ ені үнемі кең болған. Мұндай құрылыстың түрі қолдарында шелек, құмыра немесе торсығы бар адамдар бір бірінің жанынан еркін өтуге мүмкіндік береді. Су алатын жерге бірнеше кран салып отырған. Су крандары қойма түбінен бір метр биіктікте салынатын болған. Бұл қойма астындағы лайдың сумен бірге шығуына жол бермейді. Тағы бір қызықты жайт, кейбір су қоймаларында екі баспалдақ бар. Біреуі мұсылмандарға, ал екінші басқа дін өкілдеріне арналған. Йезд қаласындағы "Риг" су қоймасы осындай қоймалар қатарына жатады. Су қоймаларының маңдайшасы олардың ең көзге түсерлік, безендірілген бөлігі болып саналады. Баспалдақтың үстінде көбіне кең тас орындық орналастарылатын. Бұл халықтың жиналуына тиімді орын болып саналған. Франциялық ирантанушы Андре Годар "Иран ескерткіштері" атты еңбегінде су қоймаларын салуда пайдаланылған құрылыс материалдары жайлы: "Су қоймасының су сақтайтын жері көбінесе сол аймақта бар тастардан немесе күйдірілген кірпіштен салынатын болған. Судың ағып кетуінің алдын алу үшін қойманың едені мен қабырғасын саруджбен сылап отырған. Арка немесе төбені жабу үшін алебастр қалыптары пайдаланылған. Қалыптардың арасын күйдірілген кірпішпен жауып отырған", деп жазған. Хұсейн Мемариан да осы жөнінде: "Су қоймасын салуда лимон түстес "су қойма кірпіші" деп аталатын кірпіштің ерекше түрі пайдаланылған. Бұл кірпіш тек су қоймасын салуда қолданылған. Кірпішті қолданбас бұрын суға салып, жақсылап сулап алатын болған. Қабырға үшін құм, балшық пен саруджтан жасалған қоспа пайдаланылған", дейді. Құрылыс біткеннен кейін қойманы суға толтыру, суды тазарту және оны таза сақтаудың мезгілі мен тәсіліне баса назар аударылған. Су қоймасының баспалдақтары тастан жасалған. Өйткені тас келіп кетушілердің жүріс тұрысынан туындайтын бұзылуға берік келеді. Маңдайшаны безендіруде сырлы кіршіптер, көркемдеп кірпіш қалау тәсілі, сталактиттер жасау мен насталиқ және «сұлс» жазуымен жазылған тақташалар пайдаланылған. Бұл тақташаларда су қоймасын жасатушы мен сәулетшінің аты жөндері, салыну уақыты жазылатын болған. Тақташалар былайша айтқанда су қоймасының куәлігі болып саналған. Тарихи деректерге қарағанда, әлемдегі ең ежелгі су қоймасы Ирактағы Басраның маңындағы "Ур" қаласының су қоймасы болып табылады. Ол б.з.д. 2150 жылы Ур патшасының бұйрығымен қалалық ғибадатхана платформасының үстіне салынған. Б.з.д. алтыншы ғасырда да Шығыс Рим императоры Юстинианның (Юситанус) бұйрығымен Константинопольде су қоймасы салынған. Бұл су қоймасында екі су сақтайтын орын мен 1001 баған болған. Сондықтан да ол «1001 бағандық су қойма» деген айтпен әйгілі болған. Иранның ең ежелгі су қоймасы Хузистан облысындағы Чуғозамбильде билік еткен Эламдықтар дәуірінде салынған. Оның тарихы шамамен 3500 жылға жетеді. Ислам келгеннен кейінгі дәуірлерге тиесілі су қоймалар ретінде х.қ.ж.с.б. 4 ғасырда (10 ғасырда) Азад ад Доуле Дейламидің бұйрығымен Фарс аймағында салынған су қойманы атауға болады. Су оның маңындағы бөгеттен алынады және жылына мың адамды сумен қамтамасыз етуге жеткілікті болған. Теһрандағы Сейед Исмаил су қоймасы х.қ.ж.с.б. 5 ғасырда салынған және кейіннен бірнеше мәрте жөндеуден өткізілген. Қазір ол ұлттық мұра ретінде қорғауға алынған.