Сәу 13, 2016 19:15 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (59)

Иранның қоғамдық және тарихи ғимараттары Ислам сәулет өнерінің мақтануға тұрарлық ескерткіштері мен Иранның бай мәдениетінен хабар беретін үлгілер болып саналады.

Осындай ғимараттарды жобалауға, салуға, безендіруге жұмсалған ерекше шеберлік салушының ізгі ниетімен бірге оларды басқа ғимараттардан ерекшелендіріп тұрады. Алланың ризалығын алу және халыққа қызмет ету Иранда вакфқа берілген ғимараттарды салудың ең маңызды дәлелдері болған. Бұл – елді-мекендердің абадтандырылып, қоғамның экономикасының дамып, халықтың денсаулығының жақсаруында маңызды рөл атқара алды. Бізге жеткен жазба тақташалар, құжаттар мен деректерден қоғамдық орындарды салушылардың саудагерлер, байлар, билеушілер мен қоғамның әртүрлі таптарына жататын қайырымды адамдар болғандығын көреміз. Бұл адамдар өз байлығының бір бөлігін осындай ғимараттар салуға жұмсаған. Кейде өз мал-мүлкінің бір бөлігін осы ғимараттарды басқару, жөндеу және сақтау үшін вакфқа беріп отырған. Тарих көрсеткендей, вакфқа берілген дүниелер үнемі қоғамдық қажеттілікке байланысты туындап отырды. Шөлді және жартылай шөлді аймақтарда су қоймаларын салып, халықты тұщы сумен қамтамасыз ету – вакфтік шаралардың қатарына жатады. Керуендердің жолында керуен сарайлар салу, ғылыми ортада медресе салу, шалғайдағы аудандарда аурухана мен емхана салу – осының барлығы вакфқа беруші ирандық мұсылмандардың істерінің қатарына жатады. Осылайша, вакфқа берушілер әрбір заман мен мекеннің қажеттілігіне қарай вакфтық істер атқарған. Мысалы, Қаджарлар дәуірінде ең алғашқы политехникалық жоғары орны – Дар әл-Фунун құрылмас бұрын ғылымды дамыту үшін ғылыми медреселер салып, оны вакфқа беріп отырған. Сол заманда вакфқа берушілер үшін медресе салудың маңыздылығын осы медреселердің архитектуралық жобасы мен безендіру үлгісінен және осындай орындарды салдырған вакфқа берушілердің көптігінен көруге болады. Дар әл-Фунун салынып, жаңа ғылыммен таныстық пайда болғаннан кейін жаңа стильдегі медреселер салынып, вакфқа беріле бастады. Бұл үдеріс әлі күнге дейін жалғасып келеді. Вакфтың дін, мәдениет, экономика саласындағы ескерткіштерімен қоса, географиялық үлгілері де бар. Вакф құбылысы кең таралған аймақтардың кейбірінде жердің географиялық жағдайы өзгерді. Мұның жарқын мысалы, қалаларда вакф қайырымдылық дәстүрі таралғаннан кейін олардың сыртқы келбеті мен географиялық көкжиегі өзгерді. Бұл өзгеріс өткен ғасырда вакфқа қатысты істерді реттейтін «Вакф Сотының» құрылуына себеп болды. Исламдық қалаларда базар, діни және ғылыми орындардағы вакфқа қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, вакфқа берілген мүліктер өз айналасындағы аудандардың жұмысына әсер етіп, қоғамдық орындардың табыс табу үшін емес, халыққа қызмет ету үшін жұмыс істеуіне себеп болады. Ислам әлеміндегі ең үлкен вакфтық мүлік Тебриз қаласында қалыптасты. Тебриз ол кезде қаржы және экономика тұрғысынан қарқынды дамып тұрған еді. "Раб-е Рашиди" – Тебриз қаласының құнды тарихи ғимараттарының бірі. Ол шамамен 700 жыл бұрын Рашид ад-Дин Фазлулла Хамадани тарапынан салынған. Ол дәрігер, тарихшы әрі сол замандағы билеушілердің бірі Ғазанханның уәзірі болған. Хамдани ғылым мен білімге ерекше көңіл бөлген. Раб-е Рашиди қалашығында кітапхана, медресе, мешіт, жетімдер үйі, монша, қонақ үй, аурухана, жоғары оқу орындары мен өнеркәсіптік цехтар болған. Фазлулла Хамадани осы орталықтың қаржысын қамтамасыз ету үшін Иранның әртүрлі жерлерінде көптеген мүлікті вакфқа берген. Бұл мүліктер Иранның ежелгі географиялық аумағында орналасқан. Бүгінде олардың кейбіреулері Ирак, Ауғанстан, Грузия, Әзірбайжан мен Сирия жерінде. Қажы Рашид ад-Дин Фазлулла Хамадани вакфтық мүліктердің ісін тәртіпке келтіру үшін вакфнама жазып қалдырған. Ол "Раб-е Рашиди вакфнамасы" деген атпен әйгілі. Бұл тарихи құжаттың қазір тек бір нұсқасы сақталып қалған. Ол Тебриз қаласының орталық кітапханасында сақтаулы. Бұл нұсқа х.ш.ж.с.б. 1386 жылғы хордад айында (2007 жылғы маусым айында) ИИР тарапынан ЮНЕСКО ұйымына ұсынылды. Ол тарихи-мәдени құндылығына байланысты әлемнің жазба мұралар тізіміне тіркелді. Рашид ад-Дин Фазлулла Хамаданидің ойы мен мүлікті вакфқа берудегі мақсатын түсінуге көмектесе алатын ең жақсы дереккөз осы кең түрде жазылған құнды вакфнама болуы мүмкін. Бұл тарихи дерек Раб-е Рашиди қалашығының негізін қалаушы Рашид ад-Дин Фазлулла Хамаданидің қолымен жазылған. Оның алғысөзінде вакфтың екі дүниедегі пайдасы мен басқа адамдарға тигізер жақсылығы жайында жазылған. Хамадани осы алғысөзде: "Жастайымнан ғалымдар мен ойшылдар жиналатын кешен салуды армандаған едім. Сол арқылы ғылымды дамытып, өзім де ғылымға жақын адамдардың ортасында болып, біліммен сусындасам деп едім", -деп жазған. Вакфнамада келтірілген кейбір мәселелердің тақырыбы: халықтың вакф және оның пайдасы жайлы сұрақтарына жауап беру; вакфқа берілген мүліктерді таныстыру; вакфты сақтап, басқаратын адам мен оның міндеттерін белгілеу; Раб-е Рашиди қалашығының табысын мұқтаж адамдар арасында бөлу және садақаны пайдалану тәсілі. Бұл құжаттағы нақтылық мүлік иесінің даналығын білдіреді. Ғасырлар өтсе де бұл құжат вакфнама жазудың көрнекті үлгісі болып саналады. Бұл құжатта қандай ғимараттар қарастырылған? Өте үлкен құрылыс кешенінде әртүрлі махаллелер, даңғылдар, көшелер, керуен сарай мен монша сияқты 24-тен аса қоғамдық орын болған. Мұнымен қоса, бұл қалада қағаз жасау, мата тоқу мен тиын шығару шеберханалары мен базар да болған. Бір қызығы, осы қала ерекше жоспармен салынған. Әрбір махалле бір әлеуметтік топқа немесе белгілі бір кәсіп түріне арналған. Рашид ад-Дин Фазлулла осы қала құрылысы жүргізіліп жатқан кезде жазған хаттарында: "Үкімет аппаратында жұмыс істейтін қызметкерлер тұрмыстық жағдай жөнінен ештеңеге мұқтаж болмауы қажет. Әйтпесе жақсы жұмыс істей алмай қалып, қиындық туындайды", -деп жазды. Рашидие немесе Рашидиабад қаласында салтанатты сарайлар салынған "Рабаз Рашиди" деп аталатын ақсүйектер өмір сүретін махалле болған. Бұл сарайларда Рашид ад-Дин Фазлулланың жанұясы, үкімет шенеуніктері, инженерлер мен сәулетшілер өмір сүрген. Әрине, осы махалленің ең жақсы жерінде вакфқа берілген мүлікті сақтап, бақылайтын адам өмір сүрген. Бұл қаланың айналасында бірнеше ауыл мен үлкен бақтар болған. Олардың әрқайсысында жұмысшылар топ-топпен өмір сүріп, қалада жұмыс істейтін болған. Ал осы ізгі ниетті адамның тағдыры не болды? Иранда көптеген істердің бастаушысы болған Рашид ад-Дин Фазлулла х.қ.ж.с.б. 718 жылы саяси қастандықтың салдарынан Илханилер әулетінің қолынан қаза тапты. Оның өлімінен кейін Раб-е Рашиди талан-таражға салынып, қиратылды. Бүгінде Тебриз қаласының Аббаси махаллесінде одан мардымсыз қалдықтар ғана қалды. Рашидие тарихи қаласы біраз уақыт бұрын вакфнама мәтіні негізінде ирандық өнерпаздардың бірінің қолымен қайта жасалды. Ирандық жас бастамашы әрі өнерпаз Азита Балали Эскуи ханым осы тарихи қаланың жобасын жасады. Ол осы жоба арқылы қызығушыларды аталмыш тарихи орынның техникалық және архитектуралық ерекшеліктерімен таныстыра алды. Бұл зерттеуші ханымның пайымдауынша, аталмыш қала бірегей исламдық-ирандық сипатқа ие болған және бір замандарда әлемнің басқа жерлері қараңғылық пен надандықта өмір сүріп жатқан кезде Раб-е Рашиди қаласы алғашқы университеттік қалашық ретінде жұмыс істеп тұрды. Сондықтан да қазіргі сәулетшілер мен өнерпаздар Иранның осы бірегей архитектуралық құрылысымен көбірек танысуы қажет. Бұл жоба Тебриз қаласының Исламдық өнер университетінде дайындалып, қазір осы университеттің кітапханасында сақтаулы.