Сәу 13, 2016 20:09 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (65)

Ирандық-исламдық сәулет өнерін зерттеу барысында бұл өнердің өте кең аумаққа таралғандығын көруге болады.

Бүгінде ирандық-исламдық сәулет өнерінің көптеген үлгілері Иранмен көршілес елдерде орналасқан. Көршілес елдердегі ұқсас ескерткіштер мен ғимараттар осы географиялық аумақта мәдени ортақтықтардың болғандығын дәлелдейді. Иран және онымен көршілес елдерде кесене салу ерекше маңызды болған. Сондықтан да осы аталған жерлерден ирандық стильде және соған ұқсас стильмен салынған көптеген кесенелерді көруге болады. Бұрынғы замандарда діни, ғылыми, әдеби, тіпті саяси саладағы ұлы тұлғаларға кесене тұрғызылатын болған. Олардың кейбіреулері сәулет өнерінің бірегей туындысы болып табылады. Бұхара қаласындағы "Саманиан" кесенесі, Мерв қаласындағы "Мұзаддин Санжар" кесенесі, Самарқандтағы "Гурмир" және "Тимур" кесенелері осындай кесенелер қатарына жатады. Сондай-ақ, Аградағы "Эттемад од-Доуле" мен "Тәж-Махал" кесенелері, Биджапур қаласындағы "Әділшах" кесенесі, Лахур қаласындағы "Жаһангир" кесенесі – осының барлығы Иран сәулет өнерінен шабыт алып салынған немесе ирандық сәулетшілердің қолымен жасалған. Аталмыш ескерткіштер бір архитектуралық стильдегі дәстүрдің кең аумаққа таралғандығын көрсетеді. Әртүрлі аймақтардағы бұл ғимараттар тарих бойында әртүрлі аталған. Мысал ретінде мұнара, күмбез, қабір немесе мазарды келтіруге болады. Олардың көбісі шеңбер түрінде, төрт немесе сегіз қырлы болып келген және төбесіне міндетті түрде күмбез салынып отырған. Осы ғимараттардың барлығында күйдірілген кірпішті пайдалану кең таралған. Олардан көгілдір түсті сырлы кірпіштер мен жазу жазылған тақташаларды көруге болады. Бұхара, Мерв және Хорасан қаласындағы кесенелерде үлкен кірпіштер бірдей тәртіппен пайдаланылған. Осы ғимараттардың көбі Кашан қаласында өндірілетін глазурьмен қапталған керамикалық тақташалармен көмкерілген. Үндістанның Агра қаласындағы "Этемад од-Доуле" осының үлгісі бола алады. Х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда салынған осы ғимаратта ирандық керамикалық тақташалардың жоғары сапалы үлгілері қолданылған. Бұл кесенелердің міндеті қабірді қорғап тұру болған. Көбірек зерттей келіп, осы кесенелердің кейбіреулерін адамдардың көздерінің тірісінде салғандығын көреміз. Әрине олардың көбісі марқұмның артында қалған адамдар тарапынан ескерткіш ретінде салынған. Исламдық дәстүр бойынша, осы ғимараттардың барлығы қыбылаға қаратылып салынған және әдетте мұндай құрылыста терасса мен қосалқы бөлімдер болмайды. Кей жағдайда қабірлер мен кесенелердің қолайлы аймақта немесе қалалардың негізгі бөлігіне жақын жерде салынғандығын көреміз. Мысалы, кесененің мешіт маңында орналасуы оның мешіттің рухани ықпалына түсіп, халықтың құрметіне бөленуіне себеп болады. Сондай-ақ, кейбір кесенелер қайтыс болған адамның беделі мен қоғамдағы орнына байланысты қала белгілерінің бірі ретінде танылып, атағы шығады. Мысал ретінде Иранның ұлы шайырлары Фердоуси немесе Хафиздің қабірлерін атауға болады. Бұлар Тус пен Шираз қаласының символдарына айналды. Ирандық кесенелер не бақ ортасында салынады, не қабірдің айналасына ағаш егіледі. Осылайша жанға жайлы жасыл кеңістік жасалады. Мұнда сауырағаш сияқты мәңгі жасыл ағаштар егілетін. Бұл ағаштар қабір маңына ерекше сұлулық сыйлайды. Бірнеше бағдарлама бұрын Иранның архитектуралық стильдерін таныстыра келіп, 11 ғасырда Иранда Ғазнауилер дәуірі кезінде салынған Қабус күмбезінің кесене стиліндегі мұнара екендігін айттық. Иранның солтүстігіндегі Мазандеранның жергілікті билеушісі Қабус ибн Вошмгир осы мұнараны салуға бұйрық берген. Аталмыш мұнара цилиндр пішіндегі құрылыс. Оның төбесі конус пішінде жабылған. Мұнара биіктігі 51 метрден асады. Ол күйдірілген кірпіштен салынған. Онда қолданылған жалғыз безендіру – куфа жазуымен жазылған моншақтай тізілген екі қатар жазба тақташа. Археологиялық қазбы жұмыстары көрсеткендей, бұл жерде ешкім жерленбеген. Хорасан аймағында да Иранның ең әдемі ғимараттарының бірі орналасқан. Оны "Шейх Ахмад Джамның" мазары деп атайды. Иранның солтүстік-шығысында орналасқан Торбат-е Джам қаласы х.қ.ж.с.б. 5 ғасыр мен 6 ғасырдың басында өмір сүрген ирандық мистик шейх Ахмад Джамның жерленген жері болып табылады. Бұл мазар мен оның айналасы шамамен 64 мың шаршы метр жерді алып жатыр. Көптеген адамдар осы тарихи жерді көру үшін аталмыш қалаға келеді. Бұл ғимараттың архитектуралық жобасына ағаш есігі бар босаға мен әдемі арка кіреді. Арка әдемі гүл мен өсімдік суреттерімен безендірілген. Мазарға көршілес орналасқан мешітте күнделікті, жұма күнгі және айт күндеріндегі намаздар оқылады. Сол себептен халық осы мазарға құрметпен қарайды және әдетте аяқ киімдерін шешіп кіреді. Шейх Ахмад Джам мазары ашық кеңістікте аса тартымды стильде салынған. Жер деңгейінен жоғары орналасқан мазарды салуда күйдірілген кірпіш және алебастр қолданылған. Қабірдің басында бұтағы көп ескі пісте ағашы бар. Шейх Ахмад Джам қабірінің бас жағы мен аяқ жағына екі үлкен тас қойылған. Тастардың бетінде "Аллаһ", Ислам пайғамбарының есімі мен өлеңнің бірнеше жолы ойылып жазылған. Мазардың айналасында шейх Ахмад Джамды пір тұтатын адамдар сыйға тартқан жазба тақташалары бар. Ислам елдерінің барлығында, соның ішінде шейх Ахмад Джам мазарында Құран аяттары жазылған тақташалар көп. Бұл өлімнің ақиқаттығы мен о дүниеде мәңгілік өмірдің барлығын еске салу үшін жасалған. Сондай-ақ, діни наным-сенімдерге байланысты өлеңдер, Алладан кешірім сұрау мазмұнында жазылған жолдар көзге түседі. Кесене ретінде салынып, қазір Иран мен әлемнің бірегей архитектуралық туындысы болып саналатын құрылыстың бірі – Сұлтание күмбезі. Бұл құрылыс Иранның солтүстік-батыс жағында Зәнджан қаласына жақын орналасқан Сұлтание қаласында Сұлтан Мұхаммад Хұдабанде билігі кезінде х.қ.ж.с.б. 703-713 жылдар аралығында салынған. Ол жуырда әлемдік мұра ретінде ЮНЕСКО ұйымының тізіміне алынды. Кейбіреулердің пайымдауынша, Сұлтан Мұхаммад Хұдабанде осы ғимараттың жерасты бөлмесінде жерленген. Бірақ зерттеушілердің тағы бір тобы мұнда қабірдің болуын жоққа шығарады. Кесене стиліндегі бұл ғимарат әлемдегі ең үлкен кірпіштен салынған күмбез болып табылады. Күмбез сегіз бұрышты құрылыстың үстіне салынған және көгілдір түсті сегіз қырлы сырлы кірпіштермен безендірілген. Сұлтание күмбезінің биіктігі 54 метрден асады. Бұл құрылыс салынған кезде сол замандағы әлемнің ең бірінші биік ғимараты болған. Құрылыстың корпусы күйдірілген кірпіштен салынған, бірақ тек кейбір бөліктері түрлі түсті алебастрмен сыланып, безендірілген. Бұл үлкен күмбез сегіз мұнарамен айнала қоршалған. Көгілдір күмбез осы мұнаралар арасында ерекше көзге түседі. Әрине бүгінде әлгі сырлы кірпіштердің тек бір бөлігі ғана қалды. Қазір Иранның Мәдени мұра ұйымының мамандары күмбезді қайта жөндеуден өткізіп жатыр.

Тегтер