Сәу 13, 2016 20:35 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (70)

Иран ғимараттаИран ғимараттарын, әсіресе мешіттерді безендіруде маңызды рөл атқаратын cәулет өнеріндегі безендірудің бір түрі – "мұқарнас", яғни архитектуралық сталактит (Stalactite Work) .рын, әсіресе мешіттерді безендіруде маңызды рөл атқаратын cәулет өнеріндегі безендірудің бір түрі – "мұқарнас", яғни архитектуралық сталактит (Stalactite Work) .

«Мұқарнас» төбе, төбе мен қабырғаның бір-біріне қосылған жерін безендіру үшін жасалады. «Мұқарнас» өзінің негізгі түрінде ара ұясына ұқсайды және бірінің үстіне бірі қабаттаса салынады. Бұл жобада тәртіп пен ереже қатты сақталады, өйткені ол әдемілікпен қоса, ғимараттың беріктігін арттырады. Ғимаратты безендірудің осы түрін қолданатын сәулетшілер нақты есептеу арқылы төбе немесе күмбездің ауырлығын осы бөлікке түсіреді. Садық Шамстың "Иран сәулет өнерінің көріністері" атты еңбегінде: ""Мұқарнас» табиғатта кездесетін үлгілерден алынған. Оның ең көне түрі сталактит-сүмелек сияқты болған. Сталактиттер тау үңгірі төбесінде кездесетін сүмелектер болып табылады. Олар ғасырлар бойы өте әдемі әрі қызық пішінде қалыптасып, әк тұнбасы немесе мұздан түзілген. Әрине кейбір сталактиттер өсімдікке ұқсас болып келеді. Бірақ олардың көбісі тәртіпке келтірілген геометриялық пішіндерде кездеседі", -деп жазған. «Мұқарнас» ғимараттың іші-сыртында кірпіш, алебастр немесе цементті пайдаланып жасалады. Төбе мен қабырғаның қосылған жері – «мұқарнас» қолданылатын ең қолайлы жер. Бірақ кейде террасаларда немесе капеллаларда, яғни бағандардың басында да бұл өнер түрі қолданылады. «Мұқарнас» пішіні жағынан төртке бөлінеді. Олардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар. Ирандағы «мұқарнас» өнерінің тарихы Хақаманшилер заманынан басталады. Сол заманнан бізге жеткен ғимараттардан «мұқарнас» өнерінің үлгілерін көруге болады. «Мұқарнас» өнерінің ең ежелгі танымал үлгісі Мадтар дәуіріне тиесілі "Дакан-е Давуд" атты ғимаратта салынған. Бұл жер тарихи зират болған. Ол Иранның батысындағы Захаб көпіріне кіреберістен анықталды. Ғимараттың сыртқы тас келбеті үлкен тау үстінде көрініс тепкен. Оның террасасында тас сталактиттер бар. Б.з.д. 6 ғасырға тиесілі "Пасаргад отханасы" сияқты ғимараттарда да мұқарнас өнерінің үлгілерін кездестіруге болады. Бұл – осы өнер түрінің сол замандағы сәулет өнерінде жақсы дамығандығын көрсетеді. Ислам келгеннен кейін Иран өнерлері оның рухани құндылықтарымен біте қайнасып, мешіт сияқты ғимараттарда қолданыла бастады. Х.қ.ж.с.б. 3 ғасырда салынған Бұқарадағы шах Исмаил Саманидің кесенесінің қабырғаларының жоғары жағы мен күмбезінің астында ерекше тәртіппен салынған сталактиттер бар. Бұдан соң «мұқарнас» өнері мешіттердің кірпіш мұнаралары мен күмбездерінде қолданыла бастады. «Мұқарнас» өнерінің ең әдемі үлгісін Исфаханның "Орталық мешітінің" тарихи ғимаратынан көруге болады. Тарихи деректер бойынша, бұл мешіттің негізгі құрылысы Селжұқтар дәуірінде салынған. Орталық мешіт төрт террасалы жобамен салынған. Онда Ислам дәуірінің алғашқы ғасырларындағы көркем өнер мен сәулет өнерінің барлық жаңалықтары жинақталған. Төрт терраса мешіттің орталық ауласының төрт жағында салынған. Олардың әрқайсысынан «мұқарнас» өнерінің өте қызық үлгілерін көруге болады. Бұлар кірпіш пен алебастрдан жасалған. Олардың жиегінде салыну уақыты мен сәулетшінің есімі жазылған жазба тақташалар бар. Моңғолдардың Иранға жасаған шапқыншылықтарынан кейін Иранның көркем өнері белгілі бір уақыт ішінде тоқырауға ұшырады. Бірақ бұл басқыншы тайпа Иран мәдениеті мен өркениетінің ықпалына түсіп, отырықшыға айналғаннан кейін өнерпаздар Иран өнері мен мәдениеті саласында қайтадан теңдессіз туындылар тудыра бастады. Табриз қаласындағы "Әлишах" мешітінің архитектуралық сталактиттері және Натанз ауданындағы "Шейх Абдулсамадтың" кесенесінде салынған «мұқарнас» – моңғол дәуірінен кейінгі әдемі үлгілердің бірі болып табылады. Бұл ғимараттарда мұқарнасты салу үшін керамикалық тақташалар мен мозайка қолданылған. Самарқандтағы Ақсақ Темір кесенесінде де мұқарнас өнерінің өте әдемі үлгісі бар. Ғимарат ішін жарықтандыруда сәуле осы мұқарнасқа түсіп, оның әдемілігін бірнеше есе арттырады. Төбені безендіру өнері немесе мұқарнас өнері Сафавилер дәуірінде ерекше қолдауға ие болды. Баған бастары да осы өнер түрімен безендіріліп отырды. Исфахандағы "Али Ғапу" сарайының мұқарнастары пішін алуандығы тұрғысынан осы өнердің озық үлгілерінің қатарына жатады. Бұл ғимаратта мұқарнасты жобалауда тәртіпке келтірілмеген ромб пішіндері, төрт қанатты жұлдыздар мен жіңішке үшбұрыштар қолданылған. Осы өнер түрінің ең соңғы құнды тарихи үлгілерін Теһранның шаһид Мұттахари (Сепахсалар) мешіті мен Кашандағы "Амин ад-Доуле" тимчесінен (базардың бір бөлігі) көруге болады. «Мұқарнас» өнері Ираннан басқа бірнеше елде де қолданылған. Сирия мен Түркияда «мұқарнас» өнері тастан жасалынған. Архитектуралық безендірудің бұл түрі олардың ежелгі дәстүрлерімен тікелей байланысты. Олар басқа жоба түрлеріне қарағанда тастан жасалған декорацияны таңдап отырған. Сирияда «мұқарнас» өнерінің шарықтау кезеңі 12-13 ғасырларға тиесілі. Мысырда да 9 ғасырда салынған "Ибн Тулун" мешіті сияқты ғимараттардан өте әдемі мұқарнастарды көруге болады. Жалпы алғанда, 12-15 ғасырлардағы Батыс және Андалузия сәулет өнерінде күмбездердің ішкі беті әртүрлі пішіндегі теңдессіз «мұқарнас» жиынтығымен көмкерілді деп айтуға болады. «Мұқарнас» өнерінде сәулетші әртүрлі көлемдегі тақтайларды ғимараттың қабырғасына жабыстырып, екі тақтайдың ортасына жіңішке алебастр құймасын құяды. Алебастр кепкеннен кейін тақтайлар сталактиттерді құлаудан сақтайды. Иранның кейбір ақындары да өлеңдерінде «мұқарнас» өнеріне тоқталып өткен. Көп жағдайда олардың мұқарнас туралы сөз қозғаудағы мақсаты мынада: безендірулер сырттай қарағанда таңғажайып әрі сиқырлап аларлықтай көрінуі мүмкін, бірақ олардың сыртқы әдемілігіне сенуге болмайды, берік іргетасқа арқа сүйеу қажет. Х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда өмір сүрген Иран шайыры Хафиз материалдық өмір мен оған деген құштарлықты сәулет өнеріндегі мұқарнастарға алдануға ұқсайды деп есептеп: "Мұқарнаспен көмкерілген төбеден азғындық жаңбырдай жаууда, түрегел. Осыншама апаттан құтылу үшін шарапхананы паналайық", -деп жазған.

Тегтер