Сәу 13, 2016 20:51 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (73)

Әртүрлі тарихи дәуірлерде ирандық суретшілер ғимараттардың қабырғалары мен төбелерін әдемі бояумен салынған суреттермен безендіріп отырғандығын айттық.

Олардың үлгілерін қазір де көруге болады. Осы орайда көптеген факторлардың архитектуралық кеңістікте суреттер мен нақыштар салуға әсер еткендігін айта кетуіміз қажет. Тарихи кезең бір суреттің салынуының ең маңызды факторы болып саналады. Мысалы, моңғолдардың Иранға шабуылынан бұрын ирандық суретшілер өздерінің туындыларында көбінесе адамдар немесе табиғат көріністеріне көңіл бөліп, ғимараттарды суретпен безендіруге аса назар аудармаған. Бірақ моңғол дәуірінен кейін, әсіресе Тимурилер заманынан соң ғимараттарды суретпен безендіруге ерекше көңіл бөлінді. Әртүрлі дәуірлерден қалған суреттерге шолу жасай келіп, өткен замандардағы Иран сәулет өнері жайлы қызықты жайттарды кезіктіруге болады. Бұл суреттер не кітаптар мен қолжазбалар беттері арасына немесе ғимараттардың қабырғаларына салынған. Мұндай суреттер Иранның сәулет өнері жайлы қолда бар мәліметтерді толықтыра түседі. Ол осынысымен маңызды. Көптеген нақты мәліметтер, атап айтқанда әртүрлі құрылыс материалдарын пайдалану тәсілі және қолданатын жері, ғимараттардың ішін жобалау және безендіру, сондай-ақ, сарайлар мен үйлердің ішіндегі жиһаздар жайлы мәліметтер осы суреттерден алынады. Иранның сурет салу тарихында бірнеше суретшінің бір тақырыпты әртүрлі тәсілдермен салғандығын көреміз. Бұл тақырыптар әдетте әдебиеттен алынады. Суретшілер ақын немесе жазушының түсіндірмесіне сүйене отырып, бір мекенді қағаз бетіне түсіріп отырған. Осымен бір мезгілде суретшінің кәсіби шеберлігі мен жасампаздығы бір туындыдағы ғимараттың қалайша салынатындығына әсер ететін факторлардың бірі болып табылады. Мысал ретінде "Хафт гомбад" сарайындағы Бахрам Гурдың екі суретін атауға болады. Х.қ.ж.с.б. 9 ғасырға тиесілі бір суретте суретші төбесі жеті күмбезбен жабылған біртұтас бір кеңістікті "Хафт гомбад" (Жеті күмбез) сарайы ретінде салған. Ал х.қ.ж.с.б. 10 ғасырға тиесілі суретте басқа бір суретші әрқайсысында бір-бір күмбез бар жеті ғимаратты салған. Иранның суреттері, әсіресе Иранның дәстүрлі суреттері – миниатюра архитектуралық кеңістіктер, олардың ішкі жобасы мен бақтарды зерттеуге мүмкіндік беретін маңызды құжаттардың қатарына жатады. Шын мәнінде Иранның суреттері арқылы Иранның бағын бұрынғы қалпында нақты салып шығуға болады. Иран бағының ортасында кішкене сарайдың орналасуы, бақ немесе сарай ортасында хауыз бен су бұрқағының орналасуы, сондай-ақ, ғимараттың негізгі бетінде биік терассаның салынуы – осының барлығын бүкіл суреттерден көруге болады. Ер адамдар терассада немесе төменгі қабатта отырған, әйел адамдар екінші қабатта немесе төбеде отырған. Бұл суреттердің фоны ретінде көбінесе сарайдың айналасындағы жасыл кеңістік салынған. Гүлдер мен ағаштар көмескі қалып, тек сауырағаш қана өзінің табиғи пішіні мен түсін сақтай отырып салынған. Иран бағының көше-көшеге бөлінуі және бақшалардың геометриялық пішінде жобалануы Иранның суреттерінде, әсіресе Сефевилер дәуірінде ерекше көзге түседі. Осындай суреттердің ең әдемі үлгісі – Сефевилер дәуірінде өмір сүрген суретші Сұлтан Мұхаммадтың "Айт" суреті. Бұл суретте қала әкімінің қатысуымен өтіп жатқан Ораза айты бейнеленген. Бұл рәсім бақ ішіндегі кішкене сарайдың алдында өтіп жатыр, рәсімге қатысушылар кең алаңқайды жайлаған. Суретші терассаның маңдайшасындағы тақташаларға нәзік түрде Хафиз ғазалдарының бейттерін жазған. Кішкене сарайдың ғимараты екі қабатты. Оның терассасының төртбұрышты әдемі терезелері бар. Иранның суреттерінен ауланың кірпіш немесе керамикалық тақташалармен жабылғандығын көреміз. Суреттердің көбісінен бақтың екі бөлігін бір-бірінен бөліп тұрған биіктігі шамамен бір метр шарбақты көруге болады. Жабыстырылған керамикалық тақташалар мен алебастр жапсырмалары, тіпті ғимараттардың кіреберіс маңдайшасындағы тақташалардың жазбалары Иранның суреттерінде нақты бейнеленген. Ғимараттардың ішкі кеңістігі де ирандық суретшілердің назарында болған. Тимурилер заманынан кейінгі дәуірлерден қалған суреттерде Иран сәулет өнерінің ерекшеліктері нақты бейнеленген. Қабырғалардың төменгі жағы керамикалық тақташалармен жабылған. Бұл тәсіл қабырғаны желінуден, коррозиядан сақтап отырған. Осы ерекшелік суреттерде де сақталынып отырған. Терассалар бағандармен салынатын болған. Суретшілер үйлердің ауласының деңгейін негізгі жолдан екі саты төменірек салып отырған. Үйлердің "андаруни" деп аталатын ішкі бөлігі ирандықтардың өмірінде еркше маңызға ие болған. Бөгде адамдарға онда кіруге рұқсат етілмейтін. Сондықтан да бөлмелер мен адамдардың салу стилінен ішкі және сыртқы кеңістіктерді анықтауға болады. Бірнеше әйел қатысқан әйелдер отырысы мен үйлену тойы бейнеленген суреттерде үйдің "андаруни" деп аталатын ішкі бөлігі көрініс тауып отырған. Терезелер, кілемдер мен киімдерде әралуан әдемі нақыштар мен әртүрлі бояуларды пайдалану ішкі кеңістіктің ерекшеліктері болып табылады. Шам мен қабырға шырағдандарын пайдалану суретшінің кеш мезгілін білдіргісі келгендігін көрсетеді. Мекке, әсіресе Қағба Ислам әлемінде ең маңызды қасиетті мекен ретінде көптеген суретшілердің назарында болған. Олардың әрқайсысы Қағбаны ерекше түрде бейнелеген. Қағбаны көре алмағандар оны ойша жобалап, салғанға ұқсайды. Бұл суреттер суретшінің өз туындысын тудыруда реализмге сүйенгенін немесе қиялға берілгендігін көрсететін маңызды құжат болып табылады. Мысалы, бір суретте Қағбаның қабырғалары тым биік, адам бойынан бірнеше есе артық болып салынған. Ал басқа бір суретте Қағба кішкене әрі өз өлшемінен өзгеше бейнеленген. Сондай-ақ, бір суретші Қағбаның жанына басқа да ғимараттарды бейнелеген, ал басқа бір суретші оның айналасына құрма ағаштарын салған. Мешіттің әртүрлі бөліктерінің суреттегі көріністері Иранның мешіт салу өнерін бізге көбірек таныстыра түседі. Үлкен алаң, күмбез, терасса, бағанды шабестан, онда намаз оқып жатқан адамдар Иранның суреттерінде салынған мешіттердің ерекшеліктері болып табылады. Шираздағы "Атиқ" мешіті мен ондағы "Құдайхана" ғимаратының суреті – Иранның сурет салу өнеріндегі ерекше үлгілердің бірі. Өйткені онда суретші қазір де бар бір шынайы кеңістікті бейнелеген. Бұл ғимарат х.қ.ж.с.б. 281 жылы (894 жылы) салынған. Тарихи деректер бойынша, бұл сән-салтанаты келіскен ғимарат болған, онда құжыралар мен шабестандар – намаз оқитын залдар көп болған. Х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда Ширазға сапар шеккен мұсылман саяхатшысы Ибн Батута: "Атиқ" деп аталатын Шираздың үлкен мешіті – ең кең әрі ең әдемі мешіттердің бірі. Оның ауласы мәрмәр тастармен жабылған. Бұл мешіт шикі кірпіш немесе күйдірілген кірпіштен салынған басқа мешіттерге керісінше үлкенді-кішілі тастардың сынықтарынан салынған, оның төбесін жабуға сапасы жоғары ағаш бөренелер қолданылған", - деп жазған. Шираздың үлкен мешітінде алты кіреберіс есік бар. Оның ауласының ортасында төртбұрышты ғимарат салынған. Оны "Дар ул-Мусхаф" немесе "Құдайхана" деп атайды. Әртүрлі дәуірлердің суреттерінде бұл мешіт оның ішкі ғимаратымен бірге нақты бейнеленген. Тіпті оның қабырғаларының бетіне жазылған хадистер мен Құран аяттарын салуға да ерекше көңіл бөлінген. Базар, қамал, алаң, зираттың Иранның суреттерінде бейнеленген орындар болғандығын айта кету қажет. Бұл суреттерден аталмыш орындардың архитектуралық ерекшеліктерін көруге болады.

Тегтер