Сәу 13, 2016 21:29 Asia/Almaty
  • Иран мәдениеті және сәулет өнері (77)

Иранның сәулет өнері тек Азия құрлығына ғана әсер етіп қоймай, Иранның географиялық аумағынан әлдеқайда алыс жерлерге де таралды.

Тарихтан Ислам Еуропаға, қазіргі Португалия және Испания сияқты елдерге таралғаннан кейін ирандықтардың білімі мен ғылыми технологиясы, әдебиеті мен медицинасы Еуропаға жол тартты. Ирандық мұсылмандардың білімі мен өнері Еуропада ғылым мен мәдениеттің дамуына айтарлықтай әсер етті. Тіпті, ежелгі замандарда Мадтар, Парттар және Ахеменидтер сияқты ирандық тайпалар да Еуропаға көп әсер еткен. "Орта ғасырлардағы Шығыс саудасы" атты кітапта Иранның мәдениеті мен өнерінің Еуропаға ықпалы жайында: "Ирандықтар барлық дәуірлерде Еуропаның жолдарын білген және үнемі осы бағыттарға оп-оңай сапар жасаған. Ресей, Германия, Швеция, Англия және тіпті Исландияда да Сасанилер дәуіріне тиесілі көптеген ирандық тиындар табылды", -деп жазылған. Қабырға бетіндегі бедерлі суреттер ирандық тайпалар арқылы Еуропаға, әсіресе Испанияға таралған өнер түрлерінің бірі болды. Америкалық сәулеттанушы Тальбот Райс (Talbot Rice) "Иран және Византия" атты еңбегінде: "Егер басында Иран сәулет өнерінің Византия сәулет өнеріне ешқандай әсері болмаса, бүгінде осы даму мен прогрестің куәсі болар ма едік? "София" дәстүрлі шіркеуі сияқты Византия сәулет өнерінің ұлы туындылары, егер Иранның сәулеті мен басқа өнер түрлерінен қажетті деңгейде әсер алмағанда, ешқашан кемелдікке жетпейтін еді", -деп жазған. Ол сөзінің жалғасында Иран өнеріндегі нақыштар мен жобаларға тоқталып: "Иран өнеріндегі жануарларға қатысты ең танымал жобалардың бірі – арыстан мен жабайы сиырдың күресі. Бұл жоба Батыста кең түрде қолданылды. Венгриядағы атақты қазына Иран өнерінен шабыт алудың айқын үлгісі болып табылады", -деп жазды. Иранның сәулет өнерінің тәсілдері Испанияның жергілікті дәстүрлеріне өте терең ықпал етті. Осы ықпалдың негізгі белгілері: ғимараттарда арка іспеттес ойықтар мен бесік пішіндес аркаларды қолдану, мешіттерде күмбез, мұнара мен михраб салу, мешітті алебастр жапсырмалары, сырлы кірпіштер және сұлс және куфа жазуымен жазылған тақташалармен безендіру. Ислам сәулет өнері, әсіресе Иран сәулет өнерінің ықпалын көрсететін ғимараттарды Испаниядан, әсіресе елдің оңтүстігіндегі Андалузиядан көруге болады. Бұл ғимараттарға мешіт, кесене, медресе, керуен сарай, төбесі жабық базарлар, сақахана – су ішетін жер, монша және ирандық ішкі жобамен салынған тұрғын үйлер жатады. Осы аймақта Ислам сәулет өнерінің гүлденуінің басынан-ақ ғимараттардың ішкі-сыртқы келбетін безендіруге көп көңіл бөлінген. Сондықтан да осы безендірулердің ең көрнектісі Иранның сәулет өнері мен Ислам мәдениетіндегі нақыштардан алынған. Оларды сарайлар, мешіттер, бақтар мен олардың ортасындағы ғимараттардан көруге болады. Осындай таңғажайып қосылыстың алғашқы үлгісі – Қартабе мешіті. Ол х.қ.ж.с.б. 168 жылы салынған. Мешітте мәрмәр тастан жасалған 1392 баған бар. Олар жарты шар пішіндегі аркалар арқылы бір-бірімен байланысып жатыр. Кешке мешітті жарықтандыру үшін 10 мың аспалы шырақ пен үлкен мыс шамдандар қолданылған. Осы мешіттің ең көрнекті ерекшелігі – аркалардың салынуы. Осы күнге дейін аталмыш аймақта мұндай аркалар кездеспейді. Бірнеше бөлікте салынған күмбездер мен аркалар Иранның күмбезді ғимараттарына қатты ұқсайды. Ол заманда Иранның түкпір-түкпірінде осындай ғимараттың көптеген үлгілері болған. Өсімдік нақыштары мен Құран жазбаларынан тұратын михрабтың мозайкалары да Иранның сәулет өнеріндегі әшекейлерді еске түсіреді. Генрих Клок өзінің бір мақаласында орта ғасырлардың соңындағы Еуропаның өнер жағдайын түсіндіре келіп, Ренессанстың пайда болуындағы Шығыс ықпалының көңіл аударуға тұрарлық рөліне тоқталып өткен. Ол: "Италия орта ғасырларда оңтүстіктен (Сисиль), батыстан (Испания) , шығыстан (Византия) Шығыс мәдениетінің қоршауында қалған болатын. Басында Селжұқтар, кейіннен Османдар Иранда тамыр жайып, кемеліне жеткен архитектуралық дәстүрлерді өздерімен бірге Кіші Азияға апарып, сол жерден Еуропаға тасымалдады", -деп жазған. Оның дәстүрлер деп айтып отырғаны – сол төрт терассалы мешіттер мен симметрия негізінде салынған күмбезді ғимараттардың жобасы. Генрих Клок сияқты кейбір еуропалық жазушылар әйгілі "Қасиетті Петр" шіркеуінің алғашқы жобасы ирандық сәулетші Камал ад-Диннің жобаларынан үлгі алып жасалынған деп есептейді. Осы ирандық сәулетші Иран мен Түркиядағы ғимараттарды жобалаған. Кейіннен Браманте "Қасиетті Петр" шіркеуінің алғашқы жобасы Камал ад-Диннің жобаларынан шабыт алып салған. Ақыр-соңында "Қасиетті Петр" шіркеуінде Микеланджелоның жобасы қолданылса да, оның өзі: "Егер біреу Брамантеден алшақтаса, өзін ақиқаттан алшақтатады. Мен де алғашқы жобаның негізінде жұмыс жасадым", -деп жазған. Сондықтан да, тіпті Римдегі "Қасиетті Петр" шіркеуінің күмбезді ғимараты да Иранның сәулет өнерінің ықпалынсыз салына алмас еді деп айта аламыз. Шығыс пен Еуропа мәдениеттерін салыстырғанда ең маңызды қарама-қайшылықтардың бірі деп "бақ" ұғымына қатысты түсінікті айта аламыз. Археологиялық деректер бойынша, Андалузия патшалары әртүрлі тарихи дәуірлерде шығыстық үлгіде, әсіресе Ахеменидтер дәуіріндегі Иранның бақтары үлгісінде бақтар салған. Бұларда үш негізгі элемент болған: дуалмен қоршалған кеңістік, дамытылған суару жүйесін қажет ететін ағаштар және қысқа уақытқа тұруға болатын салондар мен бөлмелер. Тіпті, егер Иран бақтарының кейбір ерекшеліктерінің Жер орта теңізі айналасындағы бақтармен ортақтығы бар десек те, мұсылмандар мен басқа дін өкілдері арасындағы "бақ" ұғымында айырмашылық бар. Исламда жұмақ – бақытты жандардың мәңгілік тұрақтайтын мекені. Ол материалдық және рухани игіліктерге толы бақ түрінде сипатталған. Жемістер мен хош иісті өсімдіктер, әдемі гүлдер, арықтарда сылдырап аққан су және ағаштардан түсетін көлеңке мұсылмандардың түсінігіндегі "бақ" ұғымының бір бөлігін құрайды. Құранда жұмақ "жәннат" деген атаумен аталған. Бұл сөз "Жәннат ол-Ареф" (Generalife) сияқты кейбір салтанатты бақтарды атауға пайдаланылған. Бұл бақтың солтүстігіндегі кіреберіс есігінің маңдайшасында "Фатх" сүресінің аяттары жазылған. Онда мүміндерді ортасынан су ағып жатқан бақтарға кіргізу уәде етілген. Марко Поло сияқты саяхатшылар мұсылмандардың түсінігіндегі бақ пен жұмақтың ұқсастығына тоқталып өткен. Бақтың ирандық үлгісінде бақ ортасында хауыз салынады, одан аққан су арықтарға құйылып, ағаштар мен гүлдерді суаруға жіберіледі. Шығыстық техникаларды пайдаланып, жер асты су жолдары немесе "қаннат" арқылы суды бақылау әлі де Қарабе сарайында сақталып қалған. "Әл-Хомра" сарайының әртүрлі бөліктерінің аулаларына көз салсақ, олардың Иранның "Жәннат ол-Ареф" бағы үлгісінде салынғандығын көруге болады. Тіпті Андалузияда жануарлар пішініндегі субұрқақтардың көптеген үлгілері бар. Мұндай субұрқақтар осыдан бұрынырақ Иранда жасалынатын болған. Еуропадағы крест пішіндегі бақ Иранның төрт бағымен байланыста болған. Мысалы ретінде 3 мың жыл бұрын салынған Пасаргад сарайы мен оның бағын айтуға болады. Хосроу II-нің (590-628 жылдар) бұйрығымен Қаср-е Ширин қаласындағы "Хосрам" ғимараты биік терассаның үстіне салынған. Бұл ғимаратқа қарама-қарсы үлкен хауыз орналасқан. Ол кішкентай көл болған. Кейіннен ол Еуропадағы көптеген сарайлар мен салтанатты ғимараттардың үлгісіне айналды. Қорытындылай келе, толықтай ирандық элемент ретінде бақ ішіндегі салондар мен залдарды атап өтуіміз қажет. Олар демалу, табиғаттан ләззат алуға арналған. Сондай-ақ бұл залдарда салтанатты қонақасылар өтіп тұрған. Кейбір ғимараттардан ирандық нақыштар мен безендірулердің ықпалын көруге болады. Бұл ғимараттар Қартабе сарайына қатты ұқсайды. Оларда табиғат пен сәулет өнерінің үйлесімдігі байқалады. Осындай бақтардың үлгісі ретінде "Мәдинат уз-Заһра" бағындағы үлкен орталық залды, Валенсиядағы Абдулазиз заманына тиесілі крест пішіндегі ауланы, Малагадағы сарай қалдықтарын, Сарагузадағы "әл-Джафарие" сарайы мен "әл-Хомрадағы" "Ширан" ауласын атауға болады.

 

Тегтер