Maм 14, 2020 21:25 Asia/Almaty
  • Иранның туристік тартымдылықтары (12)

Бүгінгі бағдарлама Коһкилуе мен Буйер Ахмад облысына арналады.

 

Сарқырамалары көп Ясудж қаласына қош келдіңіздер! Ясудж қаласына кіре берістегі маңдайшада осылай жазылған. Осы сөйлеммен арман қалаға сапар басталады. Табиғи ерекшелігіне байланысты қалаға шетелдік туристер көп келеді. Ясудж – Иранның оңтүстік-батысындағы қалалардың бірі, Коһкилуе мен Буйер Ахмад облысының орталығы. Онда көбінесе лурлар тұрады. Лурлар – Иран үстіртін бағзы замандардан бері мекен етіп келе жатқан ирандық ұлыстардың бірі. Қала салынардан бұрын мұнда Буйер Ахмад хандары билік еткен «Тел-Хосроу» деген көне елді мекен болған. Оның 2 мың жылдан астам тарихы бар. Алайда қазіргі таңда әлгі көне қаладан шашыраңқы төбелер мен бір ауылдан басқа белгі қалмаған. Ясудж Башар өзенінің жағасында орналасқан. Бұл өзен бірнеше облыстан өткеннен кейін Парсы шығанағына құяды. Ясудж суық белдікте орналасқандықтан қоңыр салқын ауа райына ие. Қар мол жауып, жылдың ұзақ уақытында тау басын қар басып жатады. Су көздері мол. Ясудж немесе Ясидж «Ақтамақгүл көп өсетін жер» деген мағына береді. Сарқырамалар мен ірілі-ұсақты өзендер, әдемі шатқалдар Ясудж қаласының табиғи орындарының қатарына жатады.

 

Ясудждың көрнекті жерлері

Ясудждың ең негізгі туристік орындарының бірі – Ясудж сарқырамасы. Бұл сарқырама немесе «Абшар» орманды саябағы Ясудж қаласының солтүстігінде орталыққа жақын жерде орналасқан. Загрос тауларынан сарқырай ағатын бұлақтар Ясудж қаласының солтүстігінде биіктігі 10 метр сарқырамаға айналады. Сарқыраманың әдемі көрінісі, ирелеңдей аққан өзендер, миуалы бақтар, түрлі түсті гүлдерге толы көк орай шабындық жерлер туристердің бұл аймақты көруге құштарлығын арттырады. Ясудж сарқырамасының айналасында әдемі демалыс орны бар. Емен, шынар, жаңғақ пен алма ағаштарынан тұратын орман  аймақтың сұлулығын арттырады. Саябақтың айналасына туристер мен жолаушылар демалу үшін орындықтар мен күркелер салынған. Саябақтың әрбір бұрышы аймақтың жергілікті және дәстүрлі өнері мен мәдениетін танытуға арналған.

 

Ясудж сарқырамасы

Ясудж күре жолының 26 км жерінде «Дәштрум» деп аталатын жасыл желекті ауылдан өтіп, ирелең жолдарды артта қалдырғаннан кейін «Таморади шатқалы» деп аталатын тропикалық ауа райына ие және әдемі сарқырамаларға толы жерге жетесіз. «Таморади» шатқалының сарқырамалары – Иранның ең әдемі сарқырамаларының бірі. Шын мәнінде бұл шатқалдың ең негізгі көрнекті жерлері – биіктігі 8-15 метрді құрайтын 4 сарқырама. Бұл ауданда биіктігі 50 метрлік сарқырама да бар. Бірақ оған бару өте қиын болғандықтан, әдетте туристер оны тек жолдың шетінен тамашалауды қанағат тұтады. Сарқырамалардан басқа көрнекті жерге сулы үңгірлер жатады. Олардың жанынан топ-топ болып ұшқан қарлығаштарды көресіз. Құстар үңгірлердің ішіндегі ұяларына кіріп-шығып жатады. Үңгірлердің жанында табиғаттың көркін арттыра түсетін көлшіктер бар.

 

«Таморади» шатқалы

 

Шатқал Зәравар мен Савар тауларының ортасында орналасқан. Онда аю мен тиін сияқты жануарлар тіршілік етеді.  Шатқалға кіреберістен Ахеменилер дәуірінен қалған тарихи ескерткіштерді көруге болады. «Таморади» шатқалына кіре берісте жартасқа ойылып салынған әдемі мазар бар. Ол Ахеменилер әулеті ақсүйектерінің біріне тиесілі.  Әдемі табиғатпен бірге осы тарихи жерді де тамашалаған қызық. Кейбір рауаяттар бойынша, Ахеменилер заманындағы ержүрек ирандық сардар Аривбарзан өзінің әскерімен «Таморади» шатқалына келіп, Александр Македонскийдің шабуылына төтеп берген.

Сарқырамалармен қоса, Ясуджда бірнеше әдемі орман мен жағалаулы саябақ бар. Мысалы, Ясудж орманды саябағы мен Башар өзені жағалауындағы саябақ.  Ясудж орманды саябағы немесе Ясудж үлкен таулы саябағы қаланың солтүстік-шығысында мыңға жуық гектар ауданды алып жатыр. Бұл елдің оңтүстігіндегі ең ірі орманды саябақ саналады. Осы көлбеу саябақтан қаланы жоғарыдан тамашалауға болады. Орманда көбінесе ирандық емен ағашы, тау бадамы, пісте мен басқа да сирек кездесетін ағаштар өседі. Саябақтың тауға өрлеген жоғары жағы бұталарға толы.  

 

Ясудж орманды саябағы

Башар өзені жағалауындағы саябақ қалаға кіреберісте орналасқан. Ол қаланың ең әдемі әрі ерекше демалыс орындарының бірі. Саябақтағы баяу ағатын Башар өзені есте қаларлық сәттерді өткізу үшін айрықша кеңістік тудырды. Бұл өзен Ясудждың тіршілігіне шаттық сыйлайды.

«Меһриан» шатқалы деген атпен танымал Ясудждан Исфаханға барар жолдың 1 шақырымында имамзада Хасанның (ғ.) мазары орналасқан. Оған елдің түкпір‑түкпірінен зияратшылар келеді. «Меһриан» шатқалында ақтерек, емен, үйеңкі, шынар, шырша, жабайы жүзім мен пісте ағаштары өседі. Бұл шатқал – қыс кезінде шаңғы тебуге қызығушылардың қатынайтын жері. Қыс мезгілінде имамзадаға қарама-қарсы жартастың үстіне қалың мұз қатады. Қыс біткенде ол бірнеше шақырымға естілетін дыбыспен сынып, жартастан құлап, қала тұрғындарына көктемнің келгенін хабарлайды. Меһриан өзенінің таза, мөлдір суы Башар мен Карун өзендеріне құяды.

 

Имамзада Хасанның (ғ.) мазары

«Шейх Серке» немесе «Шейх Садуқ» ауылы да Ясудждың көрікті жерлерінің бірі. Қоңыржай ауа райына ие ауылда акант, рауғаш, саңырауқұлақ өсімдіктері мен жаңғақ, алма, шабдалы мен жүзім ағаштары өседі. Шейх Серкенің мазары жабайы алмұрт ағаштарымен қоршалған төбенің үстінде орналасқан. Аймақтағы суы мол бұлақтар ауылдың көркейіп, өркендеуіне себеп болды.

 

Шейх Серке ауылы

Ясудждың атырабында теңдессіз сай бар. Оның аты – Аламун. Бұл сайды көру үшін Ясуджден бірнеше шақырым сыртқа шығу керек. «Аламун» сайы таулы ауданда орналасқан. Оның әрбір бұрышында бұлақтар мен өзендер ағып жатыр. Сайдың әдемі табиғаты, жайлы ауа райы, мөлдір, тұщы суы Иранда өте танымал. Бұл сайдан емен орманы мен төңкерілген қызғалдақтарды көре аласыздар. Қызыл және сары гүлдер теңдессіз сұлулық тудырған.

Алайда бұл аймақтағы жалғыз әдемілік емес. Қысқы спорт түрлеріне қызығушылар Ясудждан бірнеше шақырым жердегі «Какан» ауданын жақсы таниды. Суық ауа райы, қарлы қыс пен биік таулар шаңғы тебушілер үшін Ясуджды жұмаққа айналдырды. Тіпті шаңғы тебе алмасаңыздар да, Загрос тауы мен Дена шыңының етегінде шаңғы тебушілерді тамашалау мен күн нұрының қар ұшқындарымен шағылысып жарқырауынан ләззат аласыздар.

 

«Какан» ауданы

Мұнымен қоса, Дена шыңының төменгі бөлігі мен Башар өзенінің жағасында «Маздак Дарта» атты әдемі ауыл бар. Алабалық өсіретін бассейндер мен жазда күріш өсіретін алқаптар ауылға ерекше тартымдылық сыйлайды.

«Маздак Дарта» ауылы

Ясудж тек табиғи сұлулықтарды көретін жер емес, ежелгі замандардан қалған ескерткіштерді де тамашалайтын жер. «Лема» атты көне зират Элам дәуіріндегі ірі мәдениетті таныстыруға негіз бола алады. Ол Ежелгі Иран тарихы мен мәдениетін тануға қызығатындарды  өзіне тартады.

«Дена» ауданында Башар өзеніне жақын жердегі «Чал Шаһин» деп аталатын кішкентай алқапта «Лема» көне зираты орналасқан. Ол Элам дәуіріне тиесілі. Онда жазғы көш кезінде Фарс пен Хузистаннан келіп, қайтыс болған адамдар жерленген.

 

 «Лема» көне зиратындағы қазба жұмыстары

Қазба жұмыстары барысында төрт қабырғасы көтерілген және төбесі жабылған 60 жанұялық қабір мен құлпытас, бұзылмаған бас сүйектері табылды. Теңдессіз архитектураға ие бұл зираттан нәзік әрі нақышты қыш ыдыстармен қоса, әдемі әшекей бұйымдар да табылды. Олардың арасында әдемі білезіктер, сақиналар мен сырғалар бар. Ақық, мәрмәр мен алтыннан жасалған заттар да кездеседі. Бұл шынымен мақтаныш тудырады. Біліп жүргендеріңіз жақсы, Ясудж мұражайында осы заттардың көбі жұрт назарына ұсынылған.  

Жалпы бұл мұражай біздің заманымызға дейінгі, біздің заманымыз бен Ислам дәуіріне тиесілі заттарды қамтиды. Б.з. дейінгі замандарға тиесілі заттар көбінесе осы «Лема» көне зиратынан алынған. Біздің заманымызға тиесілі заттарды Сасанилер дәуірінің тиындары құрайды. Олардың әралуандығы мен жасалуындағы шеберлік шынымен таңданыс тудырады. Осы дәуірге қатысты заттардың арасында Шапур I Сасанидің тас бетіне қашалып салынған бедерлі суреті мұражайдың беделін арттыра түсті. Ислам дәуірінің заттарына Сефевилер мен Қаджарлар заманына тиесілі тиындар, фарфор ыдыстар мен қымбат тастар жатады.  

 

Ясудж мұражайының заттары

Қысқасы, Ясудж қаласы жыл сайын көптеген отандық және шетелдік туристерді қабылдайды. Көктем мезгілінде бұл қаланың сұлу табиғатын көру ерекше ләззат сыйлайды.  Оның қыста да өзіндік туристері бар. Бұл қаладан жылдың әрбір айында төрт мезгілді бір мезетте көріп, әдемі табиғаттан ләззат алуға болады.