Maм 28, 2020 15:39 Asia/Almaty

Бүгінде қарулы қатігездік – Батыс елдері, әсіресе АҚШ-тағы әлеуметтік түйткілдердің бірі. «Батыстың өмір салты» атты бағдарламаның бүгінгі бөлімінде осы тақырыпқа тоқталамыз.

2019 жылы 19 тамызда Time журналының оқырмандары басылымның басты бетке жоба таңдауындағы ой салатын бастамасына көңіл аударды. Журнал беті АҚШ-та соңғы бір жылда қанды атыстар болған аймақтардың атауларына толтырылып, «Жетер» деп жазылған. Бүгінде қарулы қатігездік – Батыс елдерінің, әсіресе АҚШ-тағы әлеуметтік түйткілдердің бірі. АҚШ-тың ақпарат құралдарында арагідік жаппай қыру туралы жаңалықтар жарияланып тұрады. Мұндай ақпараттар америкалық азаматтар мен әлем халықтары үшін қалыпты жағдайға айналғандықтан қаза болғандар саны тым көп болса ғана, назар аударылады.

 

АҚШ «мұрсаттар елі» деп аталады. АҚШ-тың өз азаматтарына беретін «мұрсаттарының» бірі атып өлтіру немесе өлтірілу болса керек. Қанды қырғын жайлы сөз болғанда әлем халықтарының ойына келетін алғашқы ел – АҚШ. Бұл ел – әлемдегі қанды атыстардың рекордсмені. Аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (CDC) мен Берди институтының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, 2013-2017 жылдарда АҚШ-та күн сайын орташа есеппен 310 адам оққа ұшып, олардың 100-ге жуығы қайтыс болған. Басқа бір статистика бойынша,  күн сайын  бұл елде 21 бала мен жасөспірім оққа ұшады. Америкалық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қару-жарақ  – осы елдің балалары арасындағы өлім-жітімнің негізгі үшінші себебі. Сондай-ақ,  АҚШ-та қарумен өзін-өзі өлтіру жайттары артты.  

Француз ұстаз әрі зерттеуші Джон Кузидің сенімінше, «Ауғанстанға соғысқа бару америкалықтар үшін АҚШ-та өмір сүргеннен қатерлі емес. Америкалықтар қатігездікке ұшырап қана отырған жоқ, оны ойынға айналдырып отыр. Римдіктер соғыс пен адам өлімін көру үшін гладиаторлар алаңы Колизейге барса, америкалықтарға өлімді көру үшін үйлерінің терезесінен қарау жеткілікті». 2017 жылғы мәліметтер бойынша, АҚШ-та әрбір 100 адамға 120-дан аса қарудан келеді. Яғни, бұл елде қару саны тұрғындар санынан артық.

Қатігездік бүгінде америкалық болмыс пен мәдениеттің бір бөлігі болып кеткен. Америкалықтар өздері туралы көрсететін болмыс ешқашан қарудан тыс, бөлек болған емес. Голливудтың кинематографиялық туындыларына шолу жасағанда фильмдердегі жақсы-жаман, сұлу мен сұрықсыз, қаһарман мен жауыздың бәрінің қолында қару барын көреміз. Америкалықтардың санасында жамандықты жеңудің жалғыз жолы жақсы адамдардың қолдарына қару алып жаман адамдарды өлтіруі сияқты. Алайда қиындық мынада: АҚШ-тың  көшелерінде жақсы-жаманның кім екені туралы бірыңғай пікір жоқ. Әдетте АҚШ-та кез келген шешім жолының соңы – қатігездік жасау мен қару қолдану. Қырып жою кез келген жерде, соның ішінде мейрамханалар,  кинотеатрлар, қонақасылар, шіркеулер, университеттер мен мектептерде болуы мүмкін.

.

АҚШ қоғамындағы қатігездік пен атыс-шабыс

 

 

Соңғы онжылдықтарда АҚШ мектептерінде алаңдаушылық  тудыратын оқиғалар болды. «Мектепте өлтіру» оқиғалары көбейіп кетті. Бұл да Голливуд пен МакДональд сияқты америкалық өмірдің бір көрсеткішіне айналып барады. Шамамен 20 жыл бұрын, 1999 жылдың 20 сәуірінде АҚШ-тың Колорадо штатындағы «Колумбайн» мектебінде 17-18 жастағы екі жеткіншек қорқынышты қырғын ашты. Олар 12 оқушы мен бір мұғалімді өлтіріп, артынан өздеріне қол жұмсаған. Осы атыста 21 адам жараланды. «Колумбайн» мектебіндегі қырғын алдын ала жоспарланған әрі таңданыс тудыратын қылмыстардың бірі болды. Олар көп уақыт бөліп, қолдан жасалған бірнеше бомбаны  қаланың әртүрлі жерлеріне орналастырып, полиция мен өрт сөндіру қызметінің назарын алдарқатуды көздеген. Олардың жоспарының басым бөлігі орындалмаса да, қанішер оқушылардың  көлемді әрекеті мен мақсаты көп адамның назарына ілінді.  Тіпті бұл оқиға туралы деректі фильм түсіруші Майкл Мур «Колумбайн үшін боулинг» және Гас Вен Сент «Піл» атты көркем фильмдер түсірді.

Осыдан біраз бұрын The New York Times газеті  Колумбайн оқиғасына 20 жыл толуына орай жариялаған мақаласында: «Колумбайн сияқты апат қайталанбауы мақсатында осы уақытқа дейін миллиондаған доллар мектептердің қауіпсіздігін арттыру үшін жұмсалды»,-деп жазды. Алайда бұл қауіпсіздік  шаралары халықтың алаңдаушылығын азайта алмады. Associated Press пен Чикаго университетіндегі NARC орталығының зерттеулеріне сәйкес, сұхбат берген ата-аналардың 74 пайызы мен  басқа адамдардың 64 пайызы 1999 жылы Колумбайн оқиғасы болған кезбен салыстырғанда мектептердің қауіпсіздігі әлсірей түсті деп санайды.   

The Guardian газетінің жазуынша, «Мектептерде оқ ату америкалық болмыстың бір бөлігіне айналған». Кейбір америкалық зерттеушілердің сенімінше, мектептердегі қатігездік бүкіл қоғамдағы қатігездіктен үлгі алады.  Осы елдің мектептеріндегі оқиғалар бүкіл қоғамда болып жатқан нәрселерден тысқары емес. Айғақтар көрсеткендей,  АҚШ-тағы әрбір қырғыннан кейін америкалықтардың қарулануға деген құштарлығы артып, көбірек қару-жарақ сақтауды талап етеді.

 

 

 

АҚШ-тағы кейбір атыстардың тізіміне шолу жасағанда әрбір шабуылда қаза болғандар санының айтарлықтай көп болғанын көреміз: 2007 жылы 15 сәуірде Вирджиния университетінде 32 адам қаза тауып, 17 адам жараланды; 2012 жылы 14 желтоқсанда Ньютаунда «Сенди Хук» мектебі оқушыларына шабуыл жасалып, 28 адам қаза тауып, 2 адам жараланды;  2016 жылы 12 маусымда Флорида штатының Орландо қаласында орналасқан біржыныстылардың түнгі клубында болған атыста 50 адам қаза тауып, 53 адам жараланды;  2017 жылы 2 қазанда Лос-Анджелесте өтіп жатқан бір концертте болған атыста 50 адам қаза тауып, 400-ден аса адам жараланды; 2019 жылдың 31 мамырында Вирджиния Бичтің әкімшілік ғимаратында болған атыста 12 адам қаза тауып, 6 адам жараланды; 2019 жлы 3 тамызда Техас штатының Эль-Пасо қаласындағы Walmart сауда үйінде болған атыста 20 адам қаза тауып, кемінде 26 адам жараланды.

Мынадай сауал туындайды: күн сайын АҚШ штаттарында,ы қарулы қанды оқиғаларға қарамастан, бұл елде неліктен қару-жарақ саудасына еркіндік беріліп отыр?

АҚШ-тың Ұлттық қару-жарақ ұйымы – осы елдің саяси алаңындағы ең ықпалды маңызды лоббилердің бірі. Бұл ұйым өзінің мақсаттарын ілгерілету үшін мол ақша мен ықпалға ие. Сенаторлардың көбі қаржы тұрғысынан қару жасаушы компанияларға тәуелді болғандықтан, тіпті қару-жарақ айналымын бақылауға алу туралы сайлауалды ұрандарына қарамастан, Конгреске келгеннен кейін қаруға қарсы заңдарға қатысты не үнсіздік танытады, не дауыс бермейді. Сондықтан АҚШ-та қару-жарақ еркіндігі заңының неліктен өзгертілмейтіні туралы сұраққа жауап беру оңай.  

Қару-жарақ жасау және экспорттау индустриясы – АҚШ-тың маңызды қаржы көздерінің бірі. АҚШ-та жеңіл қару-жарақ жасау өнеркәсібі мен саудасының жалпы құны жылына шамамен 14 млрд долларды құрайды. Оның 5 млрд 800 млн долларға жуығы осы саладан АҚШ үкіметіне салық ретінде төленеді. Бұл елде әрбір ірі қанды оқиғадан кейін сенуге қиын жағдайда қару-жарақ жасаушы америкалық компаниялардың акциялары айтарлықтай артады.

 

2017 жылы «Fortune» басылымының жазуынша,  59 адамның өмірін қиған Лос-Вегас оқиғасынан кейін инвесторлар қару-жарақ жасаушы компаниялардың акцияларын сатып ала бастады, өйткені бұрынғыдай оқиғадан кейін қару-жарақ саудасы артады деп күтеді. «Сторм мен Ругер» компаниясының акциялары келесі күні сауда басталар кезде 3 пайызға өскен. American Outdoor компаниясының акциялары 5 пайызға, Vista Outdoor компаниясының акциялары 2 пайызға артты. Әрбір оқиғадан кейін халық өзінің қауіпсіздігін сақтау мақсатында қару-жарақ сатып ала бастайды. Ал бұл қару-жарақ жасаушы компаниялардың акциялары құнының артуына себеп болады. Шын мәнінде қару-жарақ саудасы мен оны ұстаудың еркіндігі қару-жарақты басқа елдерге экспорттаумен бірге АҚШ-тың экономикалық нарығының және қару-жарақ өнеркәсібіне инвестиция салушылардың табысының бір бөлігі саналады. Сондықтан АҚШ басшылары капиталистер мен осы өнеркәсіп иелерінің мүдделерін қамтамасыз ету үшін халықтың қауіпсіздін құрбандыққа шалып отыр.

Дональд Трамп Ақ үйге келгені үшін қару-жарақ жасаушы компаниялар мен лоббилердің қолдауына қарыздар. Америкалық ақпарат құралдары бұл тақырыпқа талай рет тоқталып, елдегі қарулы қатігездікті бақылауға кедергі болып отырған маңызды факторлардың бірін Ұлттық қару-жарақ ұйымының Трамптың сайлау штабына және АҚШ Конгресінің заң шығарушыларына  пара беруі деп атады. Ол осыдан біраз бұрын Флоридада болған атыс оқиғасы құрбандарының туысқандарымен өткізген жиналыста Ұлттық қару-жарақ ұйымының мүшелерін шынайы отансүйгіштер деп атап, осы ұйымның жиналысында аталмыш ықпалды лоббиді қолдайтынын мәлімдеп, оларды өзінің шынайы достары деп атады.