Сәу 14, 2016 13:12 Asia/Almaty
  • Балалар мен жасөспірімдердің тәлім-тәрбиесі: Ислам көзқарасы тұрғысынан

Адамның тұлғасы материалдық және рухани тұрғыға ие болғандықтан, оның көптеген материалдық және рухани қажеттіліктері бар.

Ең мұқтаж әрі ең әлсіз адамдар балалар болып табылады. Олар өз алдарына қиыншылықтарды шешіп, өздерінің қажеттіліктерін өтей алмайды. Бірақ балалардың қажеттіліктері тек материалдық қажеттіліктер ғана емес, сонымен қатар, олардан әлдеқайда маңыздырақ болып табылатын рухани қажеттіліктер. Ислам діні өзінің тағылымдарында балалардың физикалық, рухани және әлеуметтік қажеттіліктерін жан-жақты түрде қамтамасыз ету, сондай-ақ, жылы, сау әрі қауіпсіз отбасы кеңістігінде баланың тұлғасына қатысты құрмет пен заңдарды сақтау мәселелеріне басты орын береді.

Адамның өмірлік қажеттіліктерінен кейінгі ең маңыздысы махаббатқа деген қажеттілік екендігі сөзсіз. Махаббат баланың өмірінің жалғасуы үшін қажетті күш. Оның көмегімен бала тыныштық пен сабырлыққа жетеді. Баланың қамқоршысы отбасы болғандықтан, ата-ана баланың осы қажеттілігіне ерекше назар аударуы қажет. Олар осы қажеттілікті дұрыс өтеудің бала тәрбиесінің тірегі мен негізі екенін білуі керек. Балаға деген махаббат оның психикалық тыныштығына, ойлау өрісінің қауіпсіздігіне, өз-өзіне деген сенімділігіне, ата-анасына деген сенімділігіне тіпті физикалық саулығына да себеп болады. Ұзақ уақыт бойы балаға деген махаббат пен психикалық тыныштықтың болмауы баланың өзіне және басқаларға қатысты сенімсіздігіне, әлсіздік пен жеккөрініш сезімінің пайда болуына, физикалық және психикалық ауруларға, сондай-ақ көптеген қоғамдық ауытқушылықтарға себеп болады.

Ислам діні тұрғысынан махаббат пен мейірім – бала тұлғасының қалыптасуының негізі және іргетасы.

Діни ғұламалардың тәжірибелері мен сол үлкендерден қалған рауаяттар исламның тәрбиелік мектебінің осы негізгі қажеттілікке ерекше көңіл бөлгенін көрсетеді. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) өз балаларын, әсіресе ардақты қызы Фатиманы, немерелерін, сахабалары мен мұсылмандардың балаларын, тіпті мұсылман емес балаларды да жақсы көрген. Ол басқаларды балаларды жақсы көруге шақырған. Ибн Аббас былай дейді: «Айша Алланың елшісінің алдына келгенде пайғамбар Фатимаға мейірімін білдіріп отырады. Сонда Айша: «Уа, Алланың елшісі! Оны жақсы көресің бе?» деп сұрайды. Пайғамбар оған: «Білгенің жөн! Алламен ант етемін, егер менің қызыма деген махаббатымның мөлшерін білгенде сен де оған өз махаббатыңды арттырар едің» дейді.

Балаға деген мейірімділіктің әсерлері мен пайдалары өте көп. Соның ішінде, баланың табиғи қажеттілігінің алғашқы қадамы махаббатпен қамтамасыз етіледі. Махаббат оның рухани-психикалык тепе-теңдігін қалпына келтіріп, баланың өзіне деген сенімділігіне себеп болады. Бір адамның жеке және қоғамдық өмірде табысты болуының факторы өзіне деген сенімділігі екені белгілі. Себебі махаббатты сезінген бала өзінің құндылығын сезінеді. Керісінше, егер ол махаббатты көрмеген болса өзін керексіз сезініп, өзі мен басқаларға күдікпен қарайтын болады. Басқа жақтан балаға деген махаббат оның басқаларға деген сенімділігіне де себеп болады. Сол себепті ол ата-анасының сөздерін тыңдайтын болады. Имам Әли бұл жайында: «Махаббат жүректерді баурайды» дейді.

Ата-анасының махаббатын жақсы сезген бала басқаларға тікелей түрде махаббатты білдірудің тәсілдерін үйретеді. Бірақ, егер бала махаббатты сезбей өскен болса, физикалық, рухани және психикалық ауытқушылықтарға душар болғанымен қатар, жақсы көруде де қиындықтарға тап болады. Ондай бала болашақта өз перзенттеріне және басқаларды жақсы көруде әлсіз болады. Балаға мейірімді болу арқылы оның көптеген ықтималды ауытқушылықтарының алдын алуға болады. Себебі махаббаттың аздығы әдетте балалар мен жасөспірімдерді жаман істерге итермелейтін өте күшті факторлардың бірі болып табылады. Сондықтан махаббат тәлім-тәрбиеде басты рөл ойнайды. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) ансарларды көруге барғанда, олардың балаларымен амандасып, бастарынан сипап, оларға дұға тілеген екен.

Бірақ балаға деген махаббат әсерлі болуы үшін дұрыс қалыпта жеткізілуі керек. Барлығынан бұрын махаббат тіл арқылы жеткізілуі тиіс. Тіл – адамның жүрегі мен жан дүниесінің сөйлеу құралы. Адамның жүрегі мен жан дүниесінде бір оқиға орын алса, тіл оны басқаларға жеткізеді. Балаларға тілмен айту арқылы махаббатты жеткізу өте әсерлі болатыны белгілі. Имам Әли (ғ.с.) өзінің баласы Имам Хосейн Моджтабаға қатысты жүрегінің сезімдерін былай жеткізеді: «Сен менің бір бөлігім екеніңді көрдім. Оған қоса сен менің жаным мен тәнім екеніңді білдім. Егер саған бір зарар тисе, маған тиген болады. Егер саған ажал жетсе, маған келіп, менің өмірімнің негізін жұлған болады».

Балалармен ойнау – мейірімді білдірудің тағы бір құралы. Балалар ойнағанды жақсы көреді. Егер бір адам онымен ойнаса, бала сол адам өзін жақсы көреді деп түсінеді. Кейбіреулердің ой-пікіріне қайшы, балалармен ойнаудың ешқандай сөкеттігі мен айыбы жоқ. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) да өз балаларымен ойнаған. Джаббар бен Абдолла былай дейді: «Бір күні пайғамбардың (с.ғ.с.) алдына барғанымда пайғамбардың еңбектеп, Хасан мен Хосейннің оның арқасына шығып алып отырғандарын көрдім. Сол кезде хазірет: «Сендердің түйелерің қандай жақсы! Сендер де өте жақсы түйеге мінуші екенсіңдер».

Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.) өте мейірімді болған. Ол осы мейірімділігін үнемі көрсететін. Ол тіпті басқалардың балаларымен ойнап, оларға мейірімді болудан бас тартпаған. Рауаяттарға сәйкес, бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) намаз оқу үшін мешітке барады. Жолда бір топ бала ойнап жүр екен. Олар хазіретті көрген бетте оның айналасына жиналып, хазіреттен өз немерелерін көтергендей оларды да иығына отырғызып, көтеруді сұрайды. Балаларды ренжіткісі келмеген пайғамбар оларды иығына отырғызып, ойнатады. Біләл Хабаши мешіттен шығып, пайғамбарды іздейді. Біраз уақыттан кейін, ол хазіретті бір топ балалармен ойнап жүрген жерден тауып, жағдайды түсінеді. Ол балалардың ойынын тоқтатпақ болады, бірақ пайғамбар оған рұқсат бермей былай деді: «Намаз уақытының аз болуы мен үшін балаларды ренжіткеннен жақсы. Сен одан да үйге барып, жаңғақ пен құрмадан тапқаныңды алып кел. Мына балаларға беріп, өзімді өтеп алайын». Біләл барып, біраз іздегеннен кейін сегіз жаңғақ тауып алып келіп, пайғамбарға береді. Пайғамбар балалардан: «Түйелеріңді мына жаңғаққа сатасыңдар ма?» деп сұрайды. Балалар оны қабыл алғаннан кейін пайғамбар жаңғақты балаларға бөліп береді. Балалар кетіп қалады. Пайғамбар (с.ғ.с.) осы тәсілмен балалардың саналарында жақсы естелік қалдырып, оларды жақсы көретінін көрсетті. Ал үлкендерге балалармен ойнау және оларға мейірімділік танытудың маңыздылығын түсіндірді.

Балаларға мейірім мен махаббатты білдірудің тағы бір ықпалды тәсілдердің бірі – оларды беттері мен маңдайларынан сүю. Баланың пәк жүрегі – жарқыраған айна болып табылады. Ата-ананың балаға махаббат сыйлауы, әсіресе оны сүюі баланың рухын көтереді. Жалпы алғанда, ата-ананың мейірімділігі баланың саулығы мен эмоциялық тепе-теңдігінің кепілі болып табылады. Сәбиді сүю оның эмоциялық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, ата-ана үшін де көптеген сый жазады. Исламның ардақты пайғамбары (с.ғ.с.): «Өздеріңің перзенттеріңді сүйіңдер әр сүйгені үшін ата-анаға жұмақта жоғары дәреже беріледі» деп баса айтқан.

Рауаяттар бойынша, имам Казем (ғ.с.) баласы Әлиді (имам Реза) тізесіне отырғызып алып, мейірленетін. Оны иығына отырғызып, құшағына қысып: «Иісің неткен хош еді! Болмысың неткен пәк! Қасиеттерің неткен айқын!» дейді екен.

Балалардың алдында уәдеге берік болу ата-ананың махаббаты мен мейірімінің белгісі. Ислам қуаттаған тапсырмалардың тағы бірі әке-шешенің баласына берген сөздері мен уәделеріне берік болуы. Уәдеде тұрмау перзенттердің болмысын қорлап, олардың өтірік айтуды үйренуіне себеп болады.

Исламның ардақты пайғамбары(с.ғ.с.) былай дейді: «Балаларды сүйіңдер. Оларға өздеріңнің мейірімдерің мен махаббаттарыңды көрсетіңдер. Егер оларға сөз берген болсаңдар, оған берік болыңдар. Себебі олар өздерінің нәпақалары мен ырзықтарын сендердің қолдарыңда деп санайды».