Сәу 16, 2016 18:55 Asia/Almaty

Әділет – шынайы Исламның негіздерінің бірі. Әділетке сенім арту дүниетану мен Алланы тануға әсер етуімен бірге жеке адам мен қоғамдық әділетке көп ықпалын тигізеді.

 Бүгінгі бағдарламада илаһи әділет туралы тақырыпты талқылаймыз. Илаһи әділет Исламдағы наным-сенімдердің ең маңызды негіздерінің бірі болып саналады. Имам Садық (ғ.с.) бұл туралы: «Діннің негізі – таухид пен әділет»,- деп айтқан болатын. Бір адам имамнан бұл туралы өзінің пікірін айтуды сұрағанда хазірет: «Таухид деген саған, яғни жаратылған пендеге Алланың рұқсаты болғанымен, Аллаға, яғни Жаратушыға қатысты сенің рұқсатыңның жоқтығы. Әділет – сені бір іске байланысты айыптаған кезде оны Аллаға жаппау». («Бихар әл-Анвар», 5-ші том). Қасиетті хадисте: «Пенделерім! Зұлымдықты Өзіме харам еткендей сендерге де харам еттім. Сол себепті бір-біріңе зұлымдық жасамаңдар»,- деп айтылған. Алла Тағала әр жаратылысқа оның өзіне сай нығметтер сыйлайды. «Таха» сүресінің 50-ші аятында хазірет Мұса Перғауынға: «Раббымыз әр нәрсеге бір бейне беріп, сонан соң оны тура жолға салған»,- деді. Сол себепті әрбір жаратылыс өзінің дарыны мен қабілетіне қарай илаһи нығметтерге ие болады. Шын мәнінде Алланың әділеті өзінің нығметтерін ешбір жаратылыстан аямауға негізделген. Имам Әли (ғ.с.) осыған орай: «Құқық біржақты емес. Біреудің басқаға құқығы болса басқаның да оған қатысты құқығы болады. Тек Ұлы Алланың ғана әр жаратылысқа құқығы бар, ал жаратылыстардың Оған құқығы жоқ. Жаратылыстардың Алланың алдында міндеті мен жауапкершілігі бар»,- деген. («Наһдж ул-Балағе», 214-ші құтпа). Алланың әділеті бойынша Ол ешбір жаратылыстың құқығын таптамайды және әрбір жаратылысқа арнайы тәртіппен жаратылған жүйенің негіздеріне сай мейірімділігін білдіріп, нығметтерін сыйлайды. Илаһи мейірімділік әрбір жаратылыстың кемелдікке жетуіне мүмкіндік береді. Қасиетті хадисте Ұлы Алла Жебірейілге сілтеме жасап: «Менің кейбір мүмін пенделерім ғибадат арқылы Маған жақындағысы келеді. Бірақ оларды тәкаппарлық шырмап, олар бұзақылық жасамасын деп, Мен лдардың жолдарында кедергі тудырамын. Менің басқа кейбір мүміндерімнің иманы тек кедейшілік негізінде ғана берік болады. Егер оларды мұқтажсыз етсем бұрыс жолға түседі. Сондай-ақ, кейбір мүміндерім тек бай болса ғана иманды болады. Оларды кедей етсем күнәға батады. Келесі пенделерім тек дендері сау болса ғана иман келтіреді. Ауруға шалдықтырсам имандарын ұмытады. Шын мәнінде мен пенделерімді олардың жүректерінен хабардар болып, басқарамын. Өйткені Мен әр нәрседен хабардармын»,- деп айтқан. («Садуқ тауһиді»). Имам Садық (ғ.с.) әр нәрсені өзінің табиғи жағдайында орналастыратын Жаратушының әділеті туралы өзінің шәкірті Мофазал бен Омар Джуфиге: «Мына төлдерге қара! Олардың әр біреуінің енесін іздеп тұрғанын көрдің бе? Сондай-ақ, қырғауыл мен шіл сынды құстардың балапандары жұмыртқадан шыға салысымен дән іздейді. Бірақ бірден жүгіріп кете алмайтын үй көгершіндері өте мейірімді болғандықтан олар қоректерін жинап әкеліп, балапандарының аузына салады. Олар өз балапандары өсіп, қанаттары қатайғанша бұл істерін жалғастырады. Олардың әрбіреуіне Мейірімді Алла тарапынан әділ түрде ырзық бөлінеді. («Бихар әл-Анвар», 64-ші том). Алла Тағала пенделеріне олардың ғамалдарына сай сый бөледі немесе жазалайды. Қайырымдыларға жақсылықтары үшін сый берсе жамандарды жасаған жамандықтары үшін жазалайды. Алланың әділеті еш уақытта адамды оған тапсырылмаған міндеті үшін жазалауға рұқсат етпейді. Бұл сыйдың бір бөлігі осы дүниеде, басқа бөлігі ақыретте беріледі. Алла Тағала «Зілзал» сүресінде: «Сонда кім тозаңның түйірінің салмағындай жақсылық істеген болса, ол оны көреді. Ал және кім тозаңның түйірінің салмағындай жамандық істесе, оны көреді»,- деп айтылған. Исламның ұлық пайғамбары Алланың пенделеріне жасалған зұлымдықтың жазасы туралы: «Зұлымдық жасамаңдар, өйткені әр ғамал есепке алынатын қиямет күні зұлымдық жасаған залымдардың айналасында қараңғылық батады»,- деген. («Сафинат ул-Бихар).