Қаң 13, 2021 14:57 Asia/Almaty

АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесі – миллиондаған америкалық азаматтың бас қатырып жүрген тақырыптарының бірі. АҚШ-та ондаған миллион азамат медициналық сақтандырусыз өмір сүріп жатыр. Миллиондаған адам медициналық сақтандыру полисі болса да, сақтандыру келісімшарттарының түріне байланысты ешқашан басқа дамыған елдердегідей стандартты деңгейде медициналық қызмет ала алмайды.

Қоғамдарда индустриализация басталғаннан кейін урбанизация үдерісі қарқындап, қала мен дала жаңарып, адамзат қоғамы өмір салты, әлеуметтік қатынастар, денсаулық сақтау және медициналық мәселелер тұрғысынан түбегейлі өзгеріске ұшырады. Осындай өзгерістердің бірі денсаулық сақтау саласында орын алды. Бүгінде дәрі-дәрмек қолдану заманауи өмірдің маңызды әрі ажырағысыз бөлігі саналады. Әлемде 20 мыңнан аса дәрі түрі бар. Олардың барлығы емдік әсеріне қарамастан, зиян да тигізуі мүмкін. Фармацевтика – әлемде табысы мол үшінші өнеркәсіп. Жаһандағы фармацевтика өнеркәсбінің құны туралы берілген статистикаға сәйкес, 2017 жылы оның құны 11 трлн доллардан асты. АҚШ – әлемдегі фармацевтиканың басты ойыншысы. Жаһандық фармацевтикалық  нарықтың 80 пайызға жуығы дамыған елдердің ықтиярында. Ал оның үштен бір бөлігі АҚШ-қа тиесілі. Осы аптадағы бағдарламаны АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесінің жағдайын талқылауға арнаймыз.

 

АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесі – миллиондаған америкалық азаматтың бас қатырып жүрген тақырыптарының бірі. АҚШ-та ондаған миллион азамат медициналық сақтандырусыз өмір сүріп жатыр.  Миллиондаған адам медициналық сақтандыру полисі болса да, сақтандыру келісімшарттарының түріне байланысты ешқашан басқа дамыған елдердегідей стандартты деңгейде медициналық қызмет ала алмайды. Ал бұл жағдайда АҚШ-та денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат жан басына шаққанда Экономикалық даму және ынтымақтастық  ұйымына мүше елдер бөлетін қаражаттан шамамен екі есе артық. АҚШ-та жылына кісі басына шамамен 9000 доллар денсаулық сақтау және емдеу саласына жұмсалады. Бұл әлемдегі кез келген елдің бөлетін қаражатынан артық. Алайда АҚШ халқының медициналық қызметіне ризалығы жыл сайын төмендеп барады. 2017 жылы жүргізілген бір сауалнама бойынша, АҚШ халқы медициналық күтімді өздерінің ең маңызды мәселесі санайды. Бұл тақырып әрдайым екі партия – республикашылдар мен демократтардың сайлауалды бәсекелестігінде өз маңыздылығын көрсетіп отырады. АҚШ-та әрбір сайлаудың қарсаңында денсаулық сақтау мен медициналық қызмет тақырыбы үміткерлер арасында қызу талқыланатын мәселеге айналып, халыққа сан түрлі уәде беріледі.

Тіпті АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесі аурулардың алдын алу және вакцинациялау саласында да басқа индустриалды елдермен салыстырғанда әлсіз әрекет етіп отыр. Жыл сайын АҚШ халқының айтарлықтай бөлігі грипп вирусынан жан тапсырады. 2017-2018 жылдары бұл елде 61 мың адам грипп вирусынан қаза тапты. АҚШ-тағы CDC ұйымының есебіне сәйкес,  соңғы бірнеше айда бұл елде ондаған миллион адам грипп вирусына шалдығып, соның салдарынан 12-16 мың өлім-жітім тіркелді.

АҚШ үкіметі жылына 2,8 трлн доллар денсаулық сақтау саласына жұмсайды. Егер АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесі бұл елден бөлініп шықса, өзі жалғыз әлемнің бесінші ірі экономикасына айнала алады. Яғни АҚШ, Қытай, Жапония, Германия, АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесі және Франция. АҚШ-тағы әрбір 6 доллардың біреуі медицина саласына жұмсалады. Бұл тақырып – елдің ең маңызды түйткілдерінің бірі. Өйткені  денсаулық сақтау саласына азырақ қаражат жұмсайтын елдермен салыстырғанда АҚШ-та жұмсалатын ақшаның қайтарымы маңыздырақ әрі айтарлықтай емес. Америкалықтар денсаулық сақтау саласында бұрынғыдай қоғамдағы нәсілдік, қауымдық және экономикалық топтар арасында айтарлықтай теңсіздікке ұшырап отыр.  

АҚШ-тың қара нәсілді азаматтары 40 млн-нан аса қауымды құрайды. Бұл –  елдегі жалпы халық санының шамамен 13 пайызы. PEO зерттеу орталығының есебі бойынша, 2016 жылы бір еуропатекті ақ нәсілді жанұяның табысы 171 мың долларды құраған. Алайда тура осы жылы қара нәсілді жанұяның табысы тек 17 мың доллар болды. Табыстың 10 есе айырмашылығы 2007 жылдан бері бірінші рет болған. Мұның өзі қара нәсілді және ақ нәсілді жанұялар арасындағы терең экономикалық алшақтықты көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының айтуынша,  кез келген елде денсаулық сақтау жүйесінің жеңіліс табуының басты себебі – кедейлік. АҚШ-та қара нәсілділер қоғамындағы денсаулық сақтау жағдайының ақ нәсілділер қоғамымен салыстырғанда неліктен төмен болатынын түсіну қиын емес. «Аксиус» америкалық сайтының сауалнамасына сәйкес, қара нәсілділердің 2020 жылғы президенттік сайлауға қатысуға ұмтылуының себебі медициналық күтімге жұмсалатын қаражатқа алаңдау болды.

АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесін сынаушылар көтеретін мәселелердің бірі – дәрі-дәрмектің қымбаттығы. Америкалықтар басқа елдердің халықтарына қарағанда ұқсас дәріге көбірек ақша төлейді. Мысалы,  АҚШ-та 215 доллар тұратын Nexium дәрісі Швейцарияда 60 доллар тұрады. Дәрі өндірушілер мен сақтандыру компанияларының пайдасын ойлағандықтан дәрі бағасы жоғары. Сондай-ақ, сыншылардың пікірінше, АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесіне бөлінетін қаражаттың үштен бірі халықтың денсаулығын жақсартуға әсер етпейтін мәселелерге жұмсалады. АҚШ-тағы ауруханалардың әкімшілік қаражаты осы елдің кәсіби спортшыларына жұмсалатын жалпы қаражаттан үш есе артық. Әрбір 3 америкалық дәрігерге  2 әкімшілік қызметкер жалданып, олардың әкімшілік істерін атқарады.

АҚШ-та тіпті мемлекеттік ауруханаларда тегін емдеу деген атымен жоқ. Кез келген медициналық күтім мен жедел жәрдем қызметінің құны не науқас, не оның сақтандыру компаниясы тарапынан толық төленуі тиіс. АҚШ-та экономикалық банкротқа ұшырау жайттарының жартысынан көбі тікелей медициналық шығынға байланысты. Сол себепті 1 минутта екі адам банкротқа ұшырау алдында тұрады. 2010 жылы бекітілген «Арзан емдеу қызметі туралы» Obamacare заң жобасына сәйкес, медициналық сақтандыруға ие болатын америкалықтардың саны арттырылуы тиіс еді. Алайда Обаманың президенттік кезеңі аяқталғанға дейін бұл елде медициналық қызметпен қамтамасыз ету дамыған елдер арасында ең нашар жағдайда болды. 2007-2016 жылдар аралығында кәсіпкерлердің медициналық сақтандыруы 52 пайызға, қызметкерлердікі 73 пайызға артты. АҚШ-тың халық санағы кеңсесінің статистикасына сәйкес, осы аралықта америкалықтардың орташа табысы 8 пайызға төмендеген. «Нью-Йорк Таймс» газетінің жазуынша, Дональд Трамп билік басына келгеннен кейін оның саясаты 400 мың баланың сақтандыру полисінен айырылуына себеп болды. Ол ұсынған бюджет елді жұқпалы аурулар алдында әлсіретті. Газеттің жазуынша, «Коронавирусқа қатысты кез келген оқиға – АҚШ-тың денсаулық сақтау жүйесі үшін бір апат. Бұл өткен сәтсіздіктерге тікелей байланысты. Енді Трамп оларды үдетіп отыр. Алмастыратын жоба ұсынбастан, Obamacare заңын жою жауапсыздықтың шарықтау шыңы саналады. Бұл саясат емес, диверсия».

 

Америкалық әйел Нора Морган Healthyliving сайтында «My Life Ruined» аты мақалада: «Мен бір оқыған әйелмін, тұрмыстамын, үй шаруасындамын, 4 баланың анасымын. Өмір маған жақсы ырай танытты. Бірақ бір күні ортопед дәрігермен кездескеннен кейін менің тағдырым өзгерді. Дәрігерге бармақтарым әлсін-әлсін ауыратынын айттым. Ол маған бір нұсқау жазып берді. Бұл ай сайын Оксикодон алуға қажетті сансыз нұсқаулардың басы еді. Бұл нұсқаулар мені тамұққа кіргізді. Алты айдың ішінде есірткі заттарына қатты тәуелді болып қалдым... Қысқа уақыттан кейін нұсқауда көрсетілген Оксикодон мөлшері ауруды баса алмайтын болды. Бұл дәрі менің өмірімді өзгертті. Оксикодон дәрісін басқа жолдар арқылы алсаңыз, әрбір грамы 1 доллар тұратынын білгеніңіз жөн. Сондықтан жинаған ақшамды ұстап, басқа нәрселер туралы ойлаудан қалдым...»,-деп жазды.

АҚШ-та әлем жұртшылығының 5 пайызға жуығы ғана өмір сүреді. Алайда осы халық әлемде тәуелділік тудыратын тыныштандыратын дәрінің бестен төрт бөлігін тұтынады. Америкалық дәрігерлер әрбір нұсқауға осы тыныштандыратын дәрілерді жазады. Бүгінде АҚШ-та нұсқау арқылы тыныштандыратын дәрілерді (седативті препарат) тұтынудың құрбандар саны героин мен кокаин құрбандарынан көп. Әрине америкалықтардың дәрі-дәрмек тұтынуын арттырған нәрсе тыныштандыратын дәрілер ғана емес. Түрлі дәрілердің жарнамасы АҚШ-тың барлық телеарналарында тәулік бойы таратылады. Яғни адамдар тіпті ең қарапайым қиыншылықты шешу үшін дәрі тұтынуға ынталандырылады. Статистика көрсеткендей, қан қысымы, қанның майлылығы, күйзеліс, диабетке қарсы дәрілер мен ауруды басатын және тыныштандыратын дәрілерді тұтыну соңғы жылдарда арта түсті. Осындай дәрілердің нұсқауда жазылуы америкалық фармацевтикалық компаниялар үшін пайдалы. Ауруларды емдеу және бақылауда ұстау үшін дәрі-дәрмек қолдану керектігі күмәнсіз, алайда АҚШ-та болып жатқан жағдай шындық пен медициналық қажеттіліктен өте алыс. «Why Do Americans Consume 80 Percent Of All Prescription Painkillers?» атты мақаланың авторы айтқандай, «Біз тәуелді халықпыз. Әрдайым жүрегіміздің түбіндегі бостықты толтырудың жолдарын іздейміз. Тыныштандыратын дәрілерге тәуелділік одан да тереңірек мәселенің барынан хабар береді».

Келесі бағдарламада АҚШ-тағы фармацевтика өнеркәсібінің халықтың денсаулығын сақтаудағы рөлі туралы сөз қозғаймыз.