Парсы тілі әліппесі
Осы бағдарламалар кешеніне қатысумен сіздер парсы тілімен, және ирандық-исламдық мәдениет және өркениетпен сондай-ақ Иранмен және Иран мәдениеті және халқымен таныса аласыздар.
Шын мәнінде парсы тілі Иран жерінің тілі болып табылады және ертеде Иран қазіргіден де зор болатын. Қазіргі таңда парсы тілі тек Иранда ғана емес, Ауғанстан, Тәжікстан, сондай-ақ Пәкістан мен Үндістанның және Бахрейн тәрізді Парсы шығанағындағы бірқатар мемлекеттерде қолданылады. Осы тілде 200 млн-ға жуық адам сөйлейді. Парсы тілі әлемдегі ең көне және ең ежелгі тілдердің бірі екендігі белгілі. Осы тілде сақталып қалған жазба туындыларының қай заманда жазылғанын немесе бұл тілдегі әдебиеттің қашан басталғанын білесіздер ме? Парсы тілі көне тіл болғандықтан, оның тарихы үш кезеңге бөлінеді. Біздің дәуірімізге дейінгі 5-6 ғасырлардағы алғашқы кезең – "көне парсы" тілі деп аталады. Қазіргі қолда бар тас, қыш, тері жазбалары 2500 жылдық тарихтан мағлұмат бере алады.
Ежелгі тіл мамандары мен тарихшылары иран тілдеріндегі кейбір жазба туындыларды біздің дәуірімізге дейінгі 8-ші ғасырмен байланыстырады. Бұдан парсы тілінің қаншалықты бай екендігі аңғарылады. Көне парсы тілінен соң біздің дәуірімізге дейінгі 3-ші ғасырдан біздің заманымыздағы жетінші ғасырға, яғни Ислам пайда болғаннан біршама уақыттан кейінгі уақытқа дейін таралған екінші кезең "орта кезеңдегі парсы тілі" деп аталады. Бұл кезеңде осы тілде жазылған көптеген әдеби және тарихи шығармалар сақталып қалды. Анығында орта кезеңдегі парсы тілі "көне парсы" тілінен "жаңа парсы"(парсы-дари) тіліне өзгеруінің орта дәуірі болып табылады. Үшінші кезең яғни "жаңа парсы" тілі біздің дәуіріміздің жетінші ғасырынан осы күнге дейін қолданылып келеді және сол кезеңнен парсы тілінде жазылған көптеген әйгілі әдеби, ғылыми, тарихи, шығармалар бүгінде сақталып отыр. Адамзат тарихында ой-пікірлері мен әдеби туындылары неғұрлым көне және екі мың жылдан артық уақытты қамтитын халықтар көп емес.
Иран осындай тарихымен әлемге танылған. Әдебиет саласында ерекше орны бар және көптеген әйгілі ғалымдары оны зерттеумен айналысқандығы белгілі. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқырмандардың парсы тіліндегі әдеби шығармалармен және ирандық ақындармен танысуға құштар екендігі сөзсіз. Фердоуси, Хайям, Сағди және Хафиз тәрізді ирандық шайырлар мен Ибн Сина, әл-Бируни, Рази және әл-Фараби секілді ғалымдар мен данышпандар парсы тілінде аса бағалы туындылар жазып, әлемге танымал болды және әдебиет сүюшілердің парсы тілін үйренуіне себепкер болды. Бір жағынан, парсы тілі Ислам әлеміндегі екінші кең таралған тіл және діни, философиялық, мистикалық, тарихи салалардағы исламдық-ирандық мәдениет пен өркениет тілі ретінде қалыптасты.
Әлемнің түрлі аймақтарындағы мұсылмандардың бірқатары Ислам мен оның ілімдерін парсы тілі арқылы үйреніп, меңгерді. Қазіргі уақытта парсы тілі әлемнің көптеген елдеріндегі жоғары оқу орындарында ғылыми-мәдени және әдеби орталықтарда әдебиет пен мәдениет тілі ретінде оқытылады. Сондай-ақ көптеген мемлекеттердің университеттерінде парсы тілі факультеттерінің болуы осы тілге деген сүйіспеншілікті көрсетеді. Сонымен қатар Иран «Исламдық мәдениет және ағарту» министрлігі мен "Исламдық мәдениет және байланыстар» ұйымы шетелдерде парсы тілін үйренудің түрлі курстарын өткізіп, осы тілді таратуда маңызды қызмет атқарып жатыр. Иранның өзінде де парсы тілін үйренуге арналған оқу орындары мен орталықтары, курстары шетел азаматтарына осы тілді игеруге мүмкіндік береді. Парсы тілі ежелгі тіл болғандықтан бүгінде бұл тілге бірқатар өзгерістер енген. Парсы тілінің "ауызша" және "жазбаша" екі түрі бар. Яғни парсы тілінде оқу мен жазудың айырмашылығы бар.
Осы өзгешілікке орай және тілдің негізгі рөлі ауызша байланыс орнату болғандықтан "Парсы тілін үйрену" курсында сөйлесу тәсілдері мен танысасыздар. Осылайша сіздер ауызша тілді үйренген соң, парсы тілдес халықтармен сөйлесе және олардың айтқанын түсіне аласыздар. Тіл үйренудегі маңызды әдістердің бірі – байланыс орнату тәсілі. Бұл тәсілде тіл үйренуші ретінде сіз белгілі бір тұлғалармен танысасыз. Барлық бағдарламаларда сол тұлғалардың тұрмысында болатын оқиғалар жайында баяндалады.