Иран ертегілері мен аңыздары
Айтып өткеніміздей, мифологиялық ертегілердегі бейнелердің қатарына айдаһар мен самұрық сияқты таңғажайып мифологиялық тіршілік иелері де жатады.
Халық ауыз ертегілерінің кейбіреулері аңыздармен астасып жатыр. Өйткені аңыздардың өмірін жалғастыру жолдарының бірі олардың халық ауыз ертегілері әлеміне кіруі болып табылады. Құстар аңыздарда ерекше орынға ие. Өйткені аспанға ұшу жоғарылау мен кемелдікке жетуді еске түсіреді. Ұшу қабілеті, жерден көтерілу күші және аспанға шарықтау адамдық қажеттіліктерден жоғары болуды астарлы тілмен баяндап, абсолюттік шындықтарға жетуді көрсетеді. Бұл жайт халық ауыз ертегілерінде де көрініс тапқан. Халық ауыз ертегілерінде әдетте кептер болып табылатын екі құс көлеңкесінде ертегінің кейіпкері ұйықтап кеткен ағаштың басында отырып, оны болатын оқиғадан хабардар етеді.
Әдетте ертегілерде қайталанатын осы сюжет толығымен халықтың қиялынан туған әрі ертегілерде көптеп кездеседі. Мысалы, «Алтын кірпіш пен күміс кірпіш» ертегі мен «Хосейн Күрд Шабестари» атты повестің екінші бөлімінен де осы сюжетті көруге болады. «Хосейн Күрд Шабестари» шығармасында: «Шынайы өмірде Сейіт өзі саясында жатқан ағаштың басына екі құстың келіп қонғанын көреді. Бір құс екіншісінен: «Мына ағаштың түбінде жатқан адамды білесің бе?»,-деп сұрайды. Екіншісі: «Жоқ»,-деп жауап бергенде біріншісі: «Бұл жігіт – кірпіш құятын Мирбақердің ұлы Мирисмаил»,-дейді».
Кейде ертегілердің бұл түрінде құстар басты рөлге ие болып, ертегінің өн бойында оның басынан бастап, оқиғаның соңына дейін белсенді түрде қатысады. «Бақыт құсы» атты ертегі де осындай ертегілердің қатарына жатады:
«Бір күні екі кептер ағаштың басында отырып, әңгіме-дүкен құрыпты. Кептерлердің бірі:
- Апатай,-дейді.
- Ия, сіңлім,-деп жауап береді екіншісі.
- Мына ағаштың астында ұйықтап жатқан екі ағайынды Бақыт құсының басы, жүрегі мен бауырын жеген. Құстың басын жеген жігіт патша тағына қол жеткізеді. Құстың жүрегі мен бауырын жеген жігіттің жастығының астынан күнде кешке жүз ашрафи табылып тұратын болады».
Самұрық – Иранның аңыз-әңгімелеріндегі танымал құс. Ол әуеден қолдаушы ретінде үнемі Рүстемнің көмекшісі болған. «Алма ағашы мен дию» атты ертегіде самұрық кейіпкерді діттеген жеріне жеткізеді. Басқа ертегілерде пайғамбарлардың жандарында, соның ішінде хазірет Сүлейменнің қасында жүріп кейіпкерге көмекке келеді. Халық ауыз ертегілеріндегі құмай құс сияқты құстар осы таңғажайып құсты еске түсіреді. «Қыңыр қарға» атты ертегіде қарға өз қауырсынын Махрак атты кейіпкерге береді. Бұл Фердоусидің «Шахнама» атты құнды кітабындағы «Зал» әңгімесіндегі самұрықтың оқиғасын еске түсіреді.
«Саған бір қауырсынымды беремін. Қиындық пен бақытсыздыққа ұшыраған кезде қауырсынды әуеге жібер. Қауырсын қай жаққа ұшса, сол жаққа жүр. Сонда маған жетесің. Сол кезде мен сенің барлық қиындығыңды жойып, қажеттіліктеріңді өтеймін»,-дейді.
Тарсусидің «Дарабнама» атты кітабында Алланың өкілі құс кейпінде Дарабқа келіп, оны құтқарады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Самұрық» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, бір кедей адам өзін суға батырып өлтірмек болады, бірақ әр жолы самұрық оған көмектесіп, іші алтын мен асыл тасқа толы балық береді. Бір айлакер әлгі кедейдің балығын алып, оның орнына бір уыс ұн беріп жүреді. Үшінші жолы кедей адам балықтың қандай қымбат екенін түсініп, айлакерге оны беруден бас тартады. Сөйтіп екеуі керісіп қалып, патшаның алдына барады. Патша болған оқиғадан хабардар болғаннан кейін кедейге самұрықты ұстап әкелуге бұйырады. Жолда патшаның ұлы самұрықты босатып жібереді. Бұл патшаны ашуландырып, шахзаданың басын алуға бұйрық береді. Шахзада самұрықтың қауырсынын жаққанда құс сол замат пайда болып, оны басқа қалаға апарып тастайды. Сол жерде шахзада патшаның қызына үйленеді. Патша бұдан хабардар болғанда әлгі екеуін өлтіруге бұйрық береді. Осы жолы да шахзада патшадан өлер алдында әйелімен бірге екі рекет намаз оқуға рұқсат сұрайды.
Патша рұқсат етіп, әйелі мен күйеуі төбеге шығады. Алдымен екі рекет намаз оқып, содан соң шахзада самұрықтың қауырсынын жағады. Құс ілезде жетіп келеді. Жігіт: «Мені мен әйелімді бұл жерден алып кетші. Бізге қауіп төніп тұр»,-дейді. Самұрық екеуін де арқасына отырғызып алып, орманға апарады. Қыз бен жігітті орманға тастап, өзі теңізге барып қанатын жуады. Құс қайтып оралып, кептірмек болып бір қанатын ана тауға, екінші қанатын мына тауға жаяды. Бірақ күн суық болғандықтан шахзада отын жинап әкеліп, от жағып жылынбақ болады. От жалындап жанып, орманның ағаштарын шарпып, әр тараптан лапылдап көтерілгенде самұрықтың қанатын күйдіріп жібереді. Самұрық ұшып таудың басына барып, қанатын тауға ұрып, отты сөндіреді. Содан соң самұрық шахзадаға қарап: «Сен менің қанатымды күйдірдің. Енді саған көмектесе алмаймын. Осы жерде қалсаң, қал»,-дейді де, ұшып кетеді. Шахзада мен оның әйелі орманда қалады. Біраз уақыт өткен соң Құдай оларға ұл береді. Бала есінеген сайын аузынан қызыл жақұт төгіліп, жылағанда жастың орнына көзінен інжу ағатын болыпты. Оның атын «Жақұт есінеген» деп қойған екен. Шахзада азық-түліксіз және баспанасыз өмір сүре алмайтынын түсінеді. Әйеліне: «Сен баламен осы жерде отыра тұр. Мен маңайды айналып келейін»,-дейді. Шахзада жүріп отырып, теңізге жетеді. Ол қайық жасайтын адамды көріп, одан қайық жасап беруді өтінеді. Теңіздің ортасында жігіт әйелі мен баласын алып келгісі келеді, бірақ кеш болып кеткен екен. Бірнеше күн өтсе де, күйеуінен хабар болмаған әйел баласын көтеріп алып, теңіздің жағасына барады. Қайық жасаушыға бірнеше жақұт беріп, одан қайық жасап беруді өтінеді. Содан соң қайыққа отырып, теңізден өтіп, судың ар жағындағы бір қалаға жетеді. Әйел мен ұлы қайықтан түседі. Патшаның қызы қаланы аралап жүріп, баспана таба алмай әлі құриды. Баланы мешіттің алдына тастап, өзі бір кемпірдің үйіне барып, одан қайырымдылық жасап, пана беруді сұрайды. Кемпір оны жетектеп үйге кіргізеді. Патша қызы үйдің жұмыстарын атқаратын болады. Сол кезде мешіттің молдасы ертемен намаз оқиын деп мешітке барғанда оның алдында жатқан баланы көреді. Бала тоқтаусыз жылағандықтан оның бетінде көп інжу жиналып қалған екен. Молда баланы өз үйіне апарып, әйеліне беріп: «Құдай берген баланы жуып, құрғат»,-дейді. Әйел баланы тыныштандырып, жатқызады. Бала молда мен оның әйелінің етегін жақұт пен інжуге толтырады. Олар жоқшылық көрмей өмір сүреді. Бала молданың үйінде өсіп, ер жетеді. Бір күні туған анасы баланы көріп: «Сен кімнің ұлысың?»,-деп сұрағанда бала: «Молданың ұлымын»,-дейді. Патшаның қызы: «Жоқ, сен менің ұлымсың. Айнаға қарашы. Сенің түрің маған ұқсайды»,-дейді. Бала патшаның қызына бір, өзіне бір қарап: «Түрім қалай мына әйелге ұқсайды»,-деп ойлап, ештеңе айтпастан үйіне қайтып кетеді. Таңертең молданың Құран оқып жатқанын көріп, одан шындықты айтуын сұрайды. Молда барлық оқиғаны айтып береді. Сол күннен бастап есінегенде аузынан шыққан жақұтты жинап, анасына беріп отырады. Бір күні анасына: «Молда маған бір қызды айттырды. Жуырда үйленеміз. Үйлену тойы болар күні сен менің атымның басын ұста да, ұл менікі, келін де менікі деп айт. Бұл қаланың патшасы – қызық адам. Кейде көңілі қаласа, әділдік жасайды екен. Мүмкін сол кезде көңілі жақсы болып, ісі оңынан болар»,-дейді. Үйлену тойы өтетін күн жеткенде патшаның қызы үстіне жамылғысын жауып, молданың үйіне барады. Қалыңдықты әкеліп, атқа отырғызған кезде патшаның қызы жүгіріп барып, аттың басын ұстап: «Ұл менікі, қалыңдық та менікі болуы керек»,-деп айқайлайды. Осы тойға келген патша көңілі түсіп, болған оқиғадан хабардар болады. Сөйтіп, әйелді шақыртады. Әйел өзінің өмірін баяндап береді. Сөйтсе, бұл қаланың патшасы бала-шағасынан айрылып, жаңағы қаланың патшасына айналған әлгі шахзада екен. Әйелдің өмірбаянын естігенде алдында тұрған оның өз әйелі, ал молда баласының өз ұлы екенін түсінеді. Құдайға шүкіршілік етіп, патшаның қызына: «Бірнеше күн өткеннен кейін сендерді алып кету үшін орманға бардым, бірақ таппадым»,-деп, әйелі мен баласын құшақтайды. Осылайша әйелі мен күйеуі бірнеше жылдан кейін қайта табысады. Патша қаланы шырақтармен безендіріп, той өткізуге бұйрық береді. Әйелі мен баласын өз сарайына апарып, ұзақ ғұмыр кешеді.