Иран ертегілері мен аңыздары
Өткен бірнеше бағдарлама барысында мифологиялық ертегілер туралы сөз қозғап, сиқыршы мен сиқыршылықты осындай ертегілердің ерекшеліктерінің бірі ретінде атап, олардың кейбір қабілеттерін талдадық.
Халық ауыз ертергілерінің көрнекті әрі өте белсенді кейіпкерлерінің бірі – диюлер. Мифологиялық ертегілерде әрбір жаман әрі жағымсыз құбылыс символдық түрде дию арқылы көрініс табады. Дию – айла-шарғы, кедейшілік, тапшылық, құрғақшылық, зұлымдықтық пен зорлық-зомбылықтың нышаны. Диюлер – ирандық аңыздарда Құдайға қарсы қараниетті тіршілік иелері. Иранның ұлы шайыры Фердоуси өзінің мәңгілік туындысы «Шахнамада» диюлерді Құдай танымайтын жаман адамдардың қатарына жатқызып:
Сен дию деген жаман халықты
Құдайға шүкіршілігі жоқ адамдар деп біл, - дейді.
Диюлер мен залым тіршілік иелері адамдардың қиялынан туындаған. Оларда адамға тән қасиеттер де, адамзатқа жат қасиеттер де бар. Олардың адамзатқа жат қасиеттерінің адамдардың орындалмайтын армандарынан туындағандықтан ғажайып болатыны соншалықты, оларды атау үшін «табиғаттан тыс» дегеннен басқа амал қалмайды. Табиғаттан тыс тіршілік иелерінің адамзатқа жат ең негізгі сипаты – олардың топырақтан басқа заттан жаратылуы. Олар от, ауа немесе судан жаратылған. Өздерінің өзгеше болмысына байланысты бір мезетте қалаған жерлеріне жете алады, сондай-ақ өсімдік, жануар немесе адам кейпіне ене алады. Олар тез ұшып, шапшаң жүреді. Заматта көзден ғайып болып кете алады. Қалаған тілінде сөйлесе алады. Кез-келген құпияны, тағдырды, жасырын қазыналарды, болашақтың хабарын біледі. Осындай адамның қабілетінен тыс күштердің көмегімен олар қалаған адамына көмектеседі немесе азапқа салады. Олардың жоғары қабілеттері «табиғаттан тыс» деген сипатты иеленуіне себеп болды.
Табиғаттан тыс тіршілік иелері әрбір қоғамдағы халықтың мәдениетінің бір бөлігі болып саналады. Олар өткен қоғамдардағы халықтардың дүниетанымы, наным-сенімдері, ойлары мен рәсімдерінің бір бөлігімен тығыз байланысты. Бүгінде табиғаттан тыс тіршілік иелеріне қатысты көптеген наным-сенімдер жойылып, солғындады, өзгерді немесе басқа қалыпта көрініс табуда.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Иран әпсаналары» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Қара Мұхаммад тазша» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, анасымен бірге өмір сүріп жатқан Қара Мұхаммад есімді тазша болған екен. Бір күні ол әкесінен өзіне мұраға қалған мылтықты алып, аңға шығады. Ол бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір ғажайып жануарды ұстап алады. Патшаға хабар жетіп, ол Қара Мұхаммад тазшадан аңды алып, оның орнына уәзірлік лауазымын уәде етеді. Тазшаға орнын бергісі келмеген уәзір «Баба Колаһ» есімді сиқырлы қалпағынан ақыл сұрайды. Қалпақ Қара Мұхаммад тазша орындасын деп қайта-қайта ауыр тапсырмалар береді. Уәзір патшадан тазшаны қалпақ айтқан істерді орындауға жіберуді сұрайды. Тазша патшаның қалауымен оған қырық биені алып келіп, айдаһарды өлтіреді. Уәзірдің айласымен патша Қара Мұхаммад тазшадан көрші елдің қызын алып келуге бұйрық береді. Тазша жүріп отырып, теңіздің суын бір ұрттап ішетін адамға жетіпті. Оның есімі «Көлтаусар» екен. Ол Қара Мұхаммад тазшаны танығаннан кейін онымен еріп жүруге бел байлайды. Сапардың жалғасында үлкен диірмен тастарын мойнына іліп алып, оларды айналдырып алдында кездескен кез-келген заттың күл-талқанын шығарып жатқан адамға кезігіпті. Қара Мұхаммад тазша: «Мына ақымақты қара»,-дейді. Диірмен тасын айналдырушы: «Өзің ақымақсың. Менің мойнымдағы тастарды көре алмай тұрсың, ал алғашқы аңшылығында-ақ бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір ғажайып жануарды ұстап алған Қара Мұхаммад тазшаны көре алар ма едің? Оған кездессем, нөкеріне айналар едім»,-дейді. Көлтаусар: «Көзің қайда, мынау Қара Мұхаммад тазшаның өзі»,-дейді. Диірмен тасын айналдырушы: «Шын айтасың ба?»-дейді. Көлтаусар: «Өтірігім қайсы?! Дәл өзі»,-дейді. Диірмен тасын айналдырушы да Қара Мұхаммад тазшаның нөкеріне айналып, оларға қосылады. Олар жүріп отырып, жүріп отырып, ілмекпен үлкенді-кішілі тастарды бір жақтан екінші жаққа лақтырып жатқан адамды көреді. Қара Мұхаммад тазша: «Ей, жынды, тоқта. Кімсің? Бұл не қылған ілмекпен тас лақтыру?»-дейді. Ілмекпен тас лақтырушы (Таусоғар) тоқтап: «Менің тас лақтырғанымды көре алмай тұрған өзің жындысың. Ал алғашқы аңшылығында-ақ бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір ғажайып жануарды ұстап алған Қара Мұхаммад тазшаны көре алар ма едің? Қайда екенін білсем, тура қазір барып, өмірімнің соңына дейін оның нөкері болар едім»,-дейді. Көлтаусар мен Диірмен тасын айналдырушы оған: «Мына көріп тұрған адамың – Қара Мұхаммад тазша»,-дейді. Таусоғар: «Құдай тілеулеріңді берсін, шын айтасыңдар ма?»-дейді. Әлгілер: «Дәл өзі»,-дейді. Таусоғар да тазшаның нөкеріне айналып, олармен бірге жолға шығады. Жүріп отырып, жүріп отырып, ешбір жері адамзат баласына ұқсамайтын бір құлағын жастанып, екіншісін жамылып ұйықтап жатқан біреуді көріпті. Қара Мұхаммад тазша: «Ей, асты-үстіңді орап жатқан мынау қандай құлақ?»,-деп сұрайды. Көрпеқұлақ: «Сен қызғаныштан төсегім ретінде қолданып, 40 фарсанг жерден кез-келген дауысты ести алатын менің құлақтарымды көре алмайсың, ал алғашқы аңшылығында-ақ бір жағынан нұр төгіліп, екінші жағынан ән мен күй шығып жатқан бір ғажайып жануарды ұстап алған Қара Мұхаммад тазшаны көре алар ма едің? Жолықсам, нөкеріне айналар едім»,-дейді. Көлтаусар, Диірмен тасын айналдырушы мен Таусоғар: «Алдыңда тұрған адам – Қара Мұхаммад тазша»,-дейді. Көрпеқұлақ: «Шын айтасың ба?»,-дейді. Ол да тазшаның нөкеріне айналып, олармен бірге жолға шығады. Ұзақ жүріп, ақырында көрші патшалыққа жетсе оның дарбазалары жабық тұр екен. Көп сарбаз дарбазаның алдында арлы-берлі кезіп, күзетіп жүр екен. Ешкім олардың рұқсатынсыз өте алмайтын көрінеді. Таусоғар: «Мыналар кімдер?»-деп сұрайды. Қара Мұхаммад тазша: «Көрші ел патшасының күзетшілері. Танымаса, адамды кіргізбейді»,-дейді. Таусоғар: «Бізге жол бермеуі мүмкін бе?»-дейді. Осынып айтып, қолын созып, барлық күзетшілерді ілмекке салып, оны басынан айналдырып-айналдырып алысқа лақтырып жібереді. Бұл кезде патша өз сарайында бай-манаптармен сөйлесіп отыр еді. Кенеттен сарбаздардың әуеде қалқып, өзіне қарай ұшып келе жатқанын көреді. Көрші елдің патшасы көрген нәрсесіне сене алмай отырғанда «Ей, патша, неменге отырсың? Адамзат баласына ұқсамайтын, тіл ұқпайтын бес адам дарбазаның алдында тұр. Патшаның қызын алып кетуге келдік деп қояды» деген хабар келеді. Патша: «Барыңдар да, алдыма алып келіңдер. Қандай батылдықпен мұндай сөздерді айтып тұрғандарын көрейін»,-дейді. Диірмен тасын айналдырушы алға түсіп алып, есік пен қабырғаларды сындыруға кіріскенде қалғандары артынан ереді. Сөйтіп патшаның сарайына жетеді. Патшаның көзі оларға түскенде таңданыстан көзі шарасынан шыға жаздайды. «Бүгін барыңдар да, демалыңдар. Ертең келгенде қызымды сендерге беремін»,-дейді. Олар кеткенде патша уәзірін шақырып алып: «Ей, уәзір, біз мына ғажайып жануарларды жеңе алмаймыз. Қызымнан айрылып қалмай тұрғанда тезірек ойлан»,-дейді. Уәзір: «Бұлармен бетпе-бет келе алмаймыз. Айла қолдануымыз қажет»,-дейді. Патша: «Қандай айла?»-деп сұрайды. Уәзір: «Ертең жаршылар көшелер мен базарға шығып, үлкен-кішісі, жас-кәрісі бар барша халықты патша сарайына қонаққа шақырсын. Сол кезде бас аспазға 40 үлкен қазанға палау жасап, 40-шы қазанға у салсын деп айтамын. Әлгі бесеуді шақырып, уланған палау береміз»,-дейді.