Иран ертегілері мен аңыздары (16)
Өткен бағдарламамызда мақал-мәтелдерді халық әдебиетінің бір түрі ретінде қарастырып, оның бірқатар ерекшеліктеріне тоқталдық.
Мақал-мәтелдер халық арасында кең таралған қысқа, танымал, кейде әуенді қысқа сөйлем және жаңылтпаштар мен мысалдар сияқты белгілі бір ұлттың мәдени тарихының бір бөлігі, сонымен қатар, сол ұлттың ауызекі тілінің құрамдас бөлігі болып саналады. Мақалдар дана ойлар, ақыл-кеңестер мен қоғамдық тәжірбиелерге толы. Олар қарапайымдылығы мен мәнділігінің арқасында халық арасында кең қолданысқа ие болды. Адамдар мақалдардың формасын өзгертіп немесе өзгертпестен пайдаланады. Мақал-мәтелдің ең басты ерекшелігі – оның қысқа да нұсқа болуы. Зерттеушілердің пікірінше, мақалдардың қысқа болуының басты себебі – уақыт өте келе олардың желінуі. Бұл қысқалықты мақалдың түп мағынасынан да, айтылу формасы мен тілінен де көруге болады. Бірақ кейбір кездері уақыт өте келе негізгі формасы өзгеріске ұшырамай, халық арасында түпнұсқа күйінде қолданылып, тамырын кең жайған мақалдар мен мәтелдерді кезіктіреміз. Мақал-мәтелдердің кейбіреулері уақыт өте келе қысқара түскен. Бұл қысқалықты көбінесе өлең жолдарынан көруге болады. Өлеңнің мәтелге айналған бір жолы көп қолданылса, қалған бөлігі ұмытылып қалады. Бір сөйлемнің мақал-мәтелге айналуының тағы бір себебі – халық тарапынан қолданысқа ие болуы. Енді "халық қандай сөйлемді пайдаланады және таңдау критерийлері қандай?" деген сұрақ туады. Зерттеушілер осы сұраққа жауап беру үшін халық арасында кең қолданысқа ие болған мақал мен мәтелдерді зерттей келе мынадай нәтижеге келді: бір сөйлемнің мақал-мәтел ретінде ел арасында таралуының бірнеше шарттары бар. Бір сөйлемнің мақал-мәтел ретінде халық арасында таралуының бірнеше шарты бар: біріншіден, сөйлем мәнді болуымен қатар, ойды, ақиқат пен тәжірибені айқын жеткізіп, ең бастысы қысқа болуы керек. Мақал-мәтелдің қысқа болуы оның адамның санасында берік сақталып қалуына себеп болады. Ұзын мақалдар есте сақталмайды, ал қысқа сөйлемдер аз уақыт ішінде тез таралып кетеді. Мақал-мәтелдің қысқалығы мен мәнділігі зерттеушілерді мынадай нәтижеге жеткізді: мақал-мәтелдер артық сөзді керек етпейді. Назарларыңызға халық арасында мақалға айналып кеткен "Ұры болсаң да, адам бол" атты ғибратқа толы хикаяны ұсынамыз. Бұрынғы заманда қонақүйлер болмаған кезде жолаушылар түнеп, тынығу үшін жол бойында керуен сарайлар болыпты. Осы керуен сарайлардың арасында айналасы биік дауалдармен қоршалған әскери қамалға ұқсайтын бір керуен сарай болыпты. Керуен сарайдың болаттан жасалған есігінен ешқандай ұры кіре алмапты. Осы керуен сарайға жолы түскен саудагерлердің ұйқылары тыныш болыпты, себебі, олар ешқандай қарақшы мен ұрының ол жерге келе алмайтынына сенімді болатын. Осылайша керуен сарайдың ісі оңға басып жүріп жатты, бірақ бір күні үш ұры бас қосып, қайтсе де бір түні керуен сарайға кіріп, оның «қауіпсіз мекен» деген аңызын жоюға бел буыпты. Олар мыңдаған жоспар құрып, ақыр соңында керуен сарайдың артынан бір жерасты жолын қазып, биік әрі берік дауалдардың астынан өтпек болады. Үш ұры көп күн жер қазып, керуен сарайдың сыртынан оның дәл ортасында орналасқан құдыққа дейін жол ашып алады. Одан кейін бір түні сол жерасты жолы арқылы ақырын керуен сарайға кіреді. Олар үнсіз келіп, саудагерлер мен жолаушылардың дүние-мүліктерін тонап, келген жолдарымен іздерін суытады. Таң атқан кезде «ұры түсті» деген хабар қамалдай берік керуен сарайдың ішінде керуеншілерді бастарына жай түскендей есеңгіретіп, тіпті бұл хабар әкімнің құлағына да жетеді. Әкім өзі атқа мініп, керуен сарайға келеді. Ол бір ұрының қамалдың биік дуалдарынан, не оның болат есігінен кіре алады дегенге сенбеді. Әкімнің қызметкерлері барлық жерді мұқият қарап шығады, бірақ ешқандай із таба алмайды. Әкім: "Онда ұры керуен сарай қызметкерлерінің арасынан шықты" деген тұжырым жасайды. Керуен сарайдың іші у-шуға толады. Әкімнің бұйрығымен керуен сарайдың күзетшілерін ұрлық жасағанын немесе ұрылармен сыбайлас болғадықтарын мойындату үшін жұдырық астына алады. Енді ұрылардың хикаясын тыңдайық. Ұрланған мүлікті қауіпсіз жерге жеткізгеннен кейін ұрылар керуен сарайда не болып жатқанын көру үшін қайтып келеді. Олар күзетші бишараларды қамшымен сабап жатқан кезге дәл түседі. Олардың жан дауыстары аспанға жетіп жатты. Ұрылардың басшысы бұл көріністі көріп, қатты қапаланып, ішінен: "Мына бейшаралардың өздері жасамаған істері үшін азапқа түскендері дұрыс болмас" деп ойлайды да кішкене ілгері барып: "Тоқтатыңдар!" деп айғай салады. Барлығы не болғанын білу үшін ұрылардың басшысына қарайды. Ол бір қадам алға басып: "Оларды босатыңдар. Олардың кінәсі жоқ. Керуен сарайды тонаған менмін!" дейді. Әкім оған бұрылып: "Сен бе тонаған? Қалай?" деп аңтарыла қарайды Ұрылардың басшысы: "Мен керуен сарайдың құдығынан шығатын жерасты жолын қаздым" дейді. Барлығы құдыққа қарай барады. Әкім: "Жолаушылардың заттары қайда? Егер айтып тұрғаның шын болса, ұрланған мүліктің жатқан жерін көрсет!" дейді. Ұры: "Осы құдықтың ішінде. Бір адам түсіп көрсін" деп жауап береді. Бірақ құдықтың ішіне түсуге ешкімнің батылы жетпейді. Ақыр соңында ұрылардың басшысы өз ұсынысымен беліне арқан байлатып, құдыққа түседі. Ұрылардың басшысы жерасты жолына жеткен кезде арқанның ұшын бір тасқа байлап өзі қашып кетеді. Оның сыбайластары да ақырын ғана керуен сарайдың есігінен шығып кетеді. Жолаушылар біраз уақыт күтеді, бірақ, құдыққа түскен ұрыдан еш хабар жоқ еді. Барлығы ақылдасып көріп, ақырында әкімнің бұйрығымен қызметкерлердің біреуі қорыққанынан дірілдеп, құдыққа түседі. Түскен кезде жерасты жолын көреді. Осы жолмен жүріп дуалдың ар жағынан бір-ақ шығады. Қызметкер айқайлап керуен сарайдың есігінен кірген кезде жолаушылар мен әкім әлі құдықтың басында тұрған еді. Барлығы ұрының рас айтқанын және құдықтан сыртқа шығатын жолдың бар екендігіне көздері жетті. Бейшара күзетшілер шынжырдан босайды. Әкім күбірлеп, ары-бері жүрген еді. Бір уақытта заттарының біразы тоналған жолаушылардың бірі: "Мен мүлкімді сол ұрыға бердім. Кештім оны. Ол – осындай жол тауып, осындай берік керуен сарайдың ішіне кіре алған ақылды ұры! Бәрінен маңыздысы – оның адамгершілігі. Ол кінәсіз күзетшілерді нақақ азаптан құтқару үшін өзінің басын қатерге тікті. Ұрлық – жаман іс, бірақ жаман іс жасап жүрген болса да, осындай адамгершілігі болғаны жақсы" деп айғай салады. Осы күннен кейін жаман қылық жасаған, бірақ адамгершілігі бар адамға "Ұры болсаң да, адам бол" деп айтылатын болыпты.