Иран ертегілері мен аңыздары (9)
Бағдарламамыздың өткен бөлімдерінде халықтық аңыз-әңгімелердегі ертегішінің рөлі, қалыптан тыс таңғажайып оқиғалардың болуы, тағдырдың рөлі сияқты кейбір ерекшеліктер жайлы сөз қозғадық.
Халықтық аңыз-ертегілердің тағы бір ерекшелігі – жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің болуы. Халықтық аңыз-ертегілердің тағы бір ерекшелігі – оларда жағымды және жағымсыз кейіпкерлердің болуы. Барлық туындыларда дерлік патшалардың қызметкерлері мен уәзірлері екі түрлі топқа бөлінеді: бірінші топқа зұлым, даукес және қаскүнем адамдар кірсе, екінші топқа мейірімді, бекзат, текті және жақсылық ойлайтын адамдар жатады. Ертегілердің кейбір бөлімдерінде уәзірлер арасындағы өшпенділік, біреулерінің қастандықтары мен екіншілерінің сол қастандықтарды ауыздықтаулары жайлы айтылады. Мысалы, «Сәмәк айлакер» атты ертегіде екі уәзір бар: Хаман уәзір – данышпан және жағымды кейіпкер, ал Маһран уәзір – қастық ойлайтын жағымсыз кейіпкер. Халықтық аңыз-ертегілердің тағы бір ерекшелігі - оқырманды жалықтыратын қателердің қайталануы. Ертегілерде оқырманды жалықтыратын қайталаулар кездеседі, мысалы, соғыс алаңындағы қақтығыстарды сипаттау бірнеше рет қайталанады. Халықтық аңыз-ертегілерде техникалық қателер де кездеседі. Аңыз-ертегілер тарихынан белгілі болғандай, техникалық қателері бар мәтіндер өзіне көбірек назар аудартады. Мысалы, Сәмәк айлакер ертегісінде бір оқиға немесе дерек себепсіз берілмейді, басқа сөзбен айтқанда әрбір оқиғаның себеп-салдарлары болады. Бірақ, Ескендірнама немесе Дарабнама сияқты Сәмәк айлакер ертегісінен кейін қағаз бетіне түсірілген туындыларда бір қаһарман бірнеше рет өлген соң да ертегі сахнасына қайтып оралады. Тіпті, кейбір уақытта жазушы біле тұра осындай қателерге жол береді. Осындай авторлар бір қызықты оқиға немесе жанға жайлы әңгіме тауып алса, орынды және орынсыз оны қайталап айта береді, нәтижесінде оқиғаның қызығы кете бастайды. Осындай логикалық қателер мен қызықты оқиғалардың қайталануына әуел баста ертегілердің ауызша таралғаны себеп болуы мүмкін: ертегішілер жаңа тыңдармандардың назарын өздеріне аударту үшін сол қызықты оқиғаларды қайталап айтатын. Өткен бөлімде айтып өткеніміздей, бір падишаһтың қызы болыпты және падишаһ қызына құда түсіп келген әр жігітті сынаққа салыпты. Ақыр соңында жігіттер сынақтан өте алмай өз райларынан қайтатын. Бір күні тазша бала шаһ қызына құда түспекші болып жолға шығады. Жол-жөнекей суға құлап жатқан құмырсқалар мен біреуі аштықтан, екіншісі суықтан қалтырап отырған екі диюға көмектеседі. Олар болса әрқайсысы басына қиыншылық түскен күні көмекке шақыру үшін тазша балаға бір тал шаш береді. Тазша бала сарайға жетіп, құда түсуге келгенін айтады. Шаһ тазша баланы ішінен тірі жан иесі аман шықпайтындай өте ыстық моншаға жібереді. Тазша бала тоңғақ диюдың көмегімен моншадан аман шығады. Келесі сынақ адам баласы тауысып бітіре алмайтындай тамақты жеп тауысу еді. Бұл сынақта ашқарақ дию көмектеседі. Падишаһқа: «Тазша бала бар тамақты жеп тауысты, тіпті бір түйір күріш те қалдырмады» деген хабарды жеткізеді. Падишаһ: «Жарайды. Бұл жолы сау қалмайтындай етіп бір айла ойластырармын. 300 келі бидай, үш жүз келі арпа жармасын және үш жүз келі жасымықты араластырыңдар. Егер таң атқанға дейін бидай, арпа жармасы мен жасымықты бөлек-бөлек сұрыптамаса, басын аламыз» дейді. Шаһ бұйрығын тазша балаға жеткізеді. Тазша бала бұл істі орындауға шамасы жетпейтінін білді. Бір кезде есіне құмырсқалар түседі. Құмырсқаның мұртшасын жаққан кезде, қас қағым сәтте құмырсқалар алдына жетіп келіп: «Тазша бала! Не бұйырасың?» деп сұрайды. Тазша бала бидай, арпа жармасы мен жасымықты көрсетіп: «Егер мыналарды таң атқанша сұрыптамасам, падишаһ басымды алады» дейді. Құмырсқалар патшасы: «Сен алаңдама! Барып демал! Бұл жұмысты бізге тапсыр» дейді. Тазша бала ұйықтайын деп басын жастыққа қоя бергені сол еді, құмырсқалардың патшасы келіп: «Егер басқа әмірің болмаса, біз қайтайық» дейді. Тазша бала тұрып қараса, дәңдер сұрыпталып, үш төбе боп тұр екен. Тазша бала алғысын білдірген соң, құмырсқалар қайтып кетеді. Тазша сарайға барып шаһқа: «Мынау, міне, үшінші сынағыңыз. Тағы қандай бұйрығыңыз бар?» деп сұрайды. Падишаһ таңға жеткізбей тазша баланың дәндерді сұрыптап, үшінші сынақтан да аман-сау өткенін көріп: «Басқа сынағым жоқ. Қызым саған бұйырыпты. Ей тазша бала! Бірақ бір нәрсені білгенің жөн: сары дию менің қызыма ғашық» дейді. Тазша бала шаһ қызын алып, үйіне қайтып бара жатқанда, сары диюға хабар жетеді. Ол атқа мініп тазша баланы қуып жетіп, оның аяқ-қолын байлап, құдыққа тастайды. Тазша бала құдықтың ішінің өліктерге толы екенін көреді. Ілезде басқа өліктердің астына барып жасырынады. Дию тазшаны өлтірдім екен деп қылышын бір мәйітке сұғып алады да қызды алып, өз сарайына кетіп қалады. Бірнеше күн бойы тазша бала бар күшін салып, ақыр соңында құдықтан шығады. Біраз уақыт жүрген соң сары диюдың сарайына жетеді. Қыз тазша баланы терезеден көріп қатты қуанып: «Тазша бала, сен құдықта өлмеп пе едің?» деп сұрайды. Тазша бала: «Оны кейін айтармын. Қазір кетуім керек. Қазір дию келеді. Егер ол мені көрсе, екеумізді де тірі қалтырмайды. Бүгін кешке диюдан үш аяқты жылқыны қайдан алғанын сұрап біл» деп кетіп қалады. Біраз уақыттан кейін сары дию қызға келеді. Қыз: «Дию! Сен мына үш аяқты жылқыны қайдан алдың?» деп сұрайды. Дию: «Саған не үшін керек?» дейді. Қыз: «Бұл жылқыны қайдан алғаныңды айт, әйтпесе өз-өзіме қол жұмсаймын» дейді. Дию: «Жарайды. Тыңда онда. Мен теңізге барып, жағалауына біраз арпа шаштым. Арпа дәндері өніп, өскіндер шыққан кезде үш аяқты жылқы оттап келді. Сол кезде құрық салып, ұстап алдым. Бірақ бұл жылқының енесінің алты аяғы бар, оны ұстау оңай емес. Мына үш аяқты жылқы анасынан да жүйрік. Бірақ, егер енесі айналып кісінесе, үш аяқты жылқы үстіндегі отырған адамды жерге жетпіс метрге кіріп кететіндей етіп, жығады» дейді. Келесі күні дию кетіп қалған кезде, тазша бала келіп жағдайды сұрайды. Қыз естіген сөзінің бірін де қалдырмастан қайталап айтып береді. Тазша бала теңіз жағалауына барып, бір уыс арпа дәндерін шашып, олардың өніп, өскін шығуын күтеді. Біраз күн қараумен болды. Бір күні алты аяқты бие мен артынан үш аяқты алты жылқының келе жатқанын көреді. Тазша бала құрық салып, алты аяқты биені ұстап алады. Тазша бала сарайға келіп, падишаһ қызын атқа мінгізіп алып, кетіп қалады. Сары дию бұл хабарды естіген кезде, үш аяқты жылқыға мініп, олардың ізіне түседі. Сары дию қыз бен жігітке жете берген кезде, тазша бала алты аяқты аттың басын бұрады. Алты аяқты бие өз құлынын көрген кезде кісіней жөнеледі. Үш аяқты жылқы үстіндегі сары диюды жерге жығады да, дию жетпіс метрге дейін жерге еніп кетеді. Тазша бала қызды алты аяқты биеден түсіріп алады да жылқыны жөніне қоя береді. Бие де өз құлынын ертіп, келген жағына кетіп қалады. Қыз бен жігіт те өз қалаларына келіп, ұзақ жылдар бойы бақытты өмір сүреді.