Сәу 19, 2016 13:22 Asia/Almaty
  • Иран ертегілері мен аңыздары (6)

Халықтық аңыз-ертегілердің тағы бір ерекшелігі – қаһарманның болуы.

Тіпті, қаһарман "Калиле мен Демне" ертегісіндегі сияқты жануар болса да, әдетте ол адамгершілік қасиеттерге ие болады. Аңыз-ертегілердің қаһармандары кейде қақтығыста жеңіліс тауып, кейде, тіпті сол қақтығыстарда көз жұмады, бірақ әрдайым құқық қорғап, адамгершілік қасиеттерді сақтау жолынан таймайды. Құрметті достар, сіздердің назарларыңызға "Иран ертегілері мен аңыздары" бағдарламасының кезекті бөлімін ұсынып отырмыз. Алдымен, әдеттегідей парсы халық әдебиетімен таныстығымызды жалғастырып, осы әдебиет түрі туындыларының ерекшеліктерін қарастырамыз. Одан кейін, сіздермен бірге, Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасаймыз.

Халық аңыз-әңгімелерінің көркем әдебиеттің басқа түрлерінен ерекшелендіріп тұратын өзіндік қасиеттері бар. Жалпылай алғанда, ертегінің мақсаты – бір ахлақтық заңды баяндау болып табылады. Сол себепті, ертегіші белгілі бір мақсатты баяндау үшін аңыз-ертегілердің көмегіне жүгінеді. Бұл пікірдің дәлелі мынада: тіпті тыңдаушының өзі аңызды тыңдаған соң, әдетте оның ойында аңыздың өзі емес, одан алған әсері мен ахлақтық нәтижесі ғана қалады. Егер тыңдаушы аңыздың өзін жаттап алса да, ахлақтық нәтижесі үшін ғана жаттайды. Ертегіші мен қаһарманның болуы, ойдан шығарылған заман мен мекен және таңғажайып құбылыстар халықтық аңыз-әңгімелердің өзіндік ерекшеліктері болып табылады.

Аңыз-әңгімедегі ертегішінің рөлі – аңыз-ертегіні баяндау. Ертегіші аңыз-ертегінің ішкі элементі болып табылады және әдетте барлық нәрсені білетін дана болып саналады. Ол – адамдардың ішкі жан дүниесін көре алады және олардың өткені мен болашағынан хабардар. Халықтық аңыз-әңгімелер қазіргі күнгі әңгімлерге ұқсамайды. Қазіргі прозада жазушылар белгілі бір жоспар бойынша жазады. Бірақ, аңыз-ертегілерде ешқандай жоспар болмайды, сол себепті, ертегіші бір жоспар бойынша баяндауға міндетті емес. Қазіргі кездегі жазушылардың өз шығармасын жазуда қолданылатын әдіс-тәсілдері аңыз-әңгімелерде кездеспейді. Халықтық аңыз-әңгімелерде қолданылатын ертегішінің ең маңызды әдеби тәсілі "қорытындылау" болып табылады. Ертегіші оқиға сахнасында бейнелеу және сипаттау сияқты әдіс-тәсілдерді өте аз пайдаланады. Себебі, оқиға сахнасын бейнелеу үшін белгілі бір уақыт пен мекен қажет, ал халық аңыз-әңгімелерінің белгілі бір мекені мен уақыты болмайды.

Халық аңыз-ертегілерінің тағы бір ерекшелігі –қаһарманның болуы. Тіпті, қаһарман "Калиле мен Демне" ертегісіндегі сияқты жануар болса да, әдетте, ол адамгершілік қасиеттерге ие болады. Аңыз-ертегілердің қаһармандары кейде қақтығыста жеңіліс тауып, кейде тіпті сол қақтығыстарда көз жұмады, бірақ әрдайым құқық қорғап, адамгершілік қасиеттерді сақтау жолынан таймайды. Негізгі қаһармандармен қатар әр түрлі оқиғалар кезінде жан тапсыруы мүмкін басқа да жақсы адамдар болады, бірақ, олардың өлімі қаһарманға ешқандай зиян келтірмейді, керісінше, кейде қаһарманның тұлғасын кемелдендіре түседі.

Абсолютизм де халықтық аңыз-әңгімелердің тағы бір ерекшелігі болып табылады. Абсолютизм қаһармандардың адамзаттың күллі қасиеттерінің символына айналуына себеп болды. Ертегілерде адамдар не жағымды не жағымсыз кейіпкерлер болады, ертегілерде орташа сызық деген болмайды. Қаһарман әрқашанда абсолютті жақсылықтың символы, ал қаһарманға қарсы кейіпкер абсолютті жамандықтың символы. Жақсы және жағымды қаһармандар зұлым күштермен соғысады, осылайша аңыз-әңгімелердің сюжеті пайда болады. Ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың соғысы тақырыбы көне, осылар әрі аңыздардың басым бөлігінің негізгі тақырыбы болып табылады. Мінез-құлқы жағымды, адамгершілігі мол басқаларға дұрыс жол нұсқаушы қаһармандар ақыр соңында зұлымдарды жеңіп шығады.

Құрметті достар, осы тақырыптың жалғасын бағдарламамыздың келесі бөлімінде жалғастырамыз, ал қазір сіздердің назарларыңызға өткен аптадағы ертегіміздің жалғасын ұсынамыз.

Бұрынғы заманда жібек құртын өсіретін бір адамның зайыбы және баласы Баһраммен өмір сүріпті деп айтқан болатынбыз. Баһрамның бала кезінде әкесі көз жұмып, анасы оны қиыншылықта тәрбиелепті. Баһрам он сегіз жасқа толған кезде анасы базарға барып, жалғыз байлығы күміс самаурынды үш жүз дирхамға сатып, жүз дирхамын жібек құрттарын сатып алып, әкесінің ісін жалғастыру үшін Баһрамға береді. Баһрам ақшаны балалар қинап жатқан бір мысықты құтқарып алу үшін жұмсап, үйге құр қол қайтады. Ертеңінде анасы Баһрамға жібек құрттарын сатып алу үшін тағы да жүз дирхам береді. Бірақ Баһрам бұл жүз дирхамды да балалар асып өлтіргелі жатқан бір итті құтқаруға жұмсайды. Үшінші күні анасы қалған жүз дирхамды тағы да Баһрамға береді. Бірақ Баһрам ақшаны бұл жолы да адамдар жәшікке салып өртегелі жатқан бір жыланды құтқару үшін береді. Жылан мен Баһрам достасады. Жылан болған оқиға мен Баһрамның барлық ақшаны жұмсап, не істерін білмей отырғанын естіген кезде оны жыландар сұлтаны өзінің әкесіне алып барады. Жыландар патшасы Баһрамның баласын құтқарып алғанын естіген кезде оған сыйлық бергісі келеді. Баһрам жыланның кеңесі бойынша патшадан Сүлейменнің жүзігін сұрайды. Жыландар патшасы Баһрамға жүзікті береді. Жыландар шаһзадасы Баһрамға жүзікті қолдану тәсілін үйретіп, үңгірге қайтып кетеді.

Қарны аш Баһрам жүзіктің тасын сипайды. Жүзіктің жыны Баһрамның алдынан шыға келеді. Баһрам оған: «Менің қарным аш, маған дәмді палау алып кел!» дейді. Қас пен көздің арасында жүзіктің жыны оған палау әкеп береді. Баһрам тамағын ішіп болған соң, үйіне келіп, болған жағдайды анасына айтып: «Мына кішкене тамды бұзып, жүзіктің жынына орнына сарай салып беруді сұраймын» дейді. Анасы: «Мына тамды маған қалдыр, өзің үшін осының қасынан сарай салдыр» дейді. Баһрам келісіп, жүзіктің тасын сипағанда жын пайда болады. Жынға: «Гүлді перделері, қызметшілері және жатын орны бар сарай дайында» дейді. Баһрамның бұйрығы орындалады. Одан кейін Баһрам үстіне ең қымбат киімдерді киіп, ең дәмді тағамдарды ішіп, ең жақсы аттарға мінетін болады. Жетпей тұрған жалғыз нәрсе – сұлу жұбай еді.

Бір күні Баһрам атқа мініп, әкімнің сарайының алдынан өтіп бара жатқанда, дәлізде тұрған әкімнің қызын көреді. Үйіне қайтып келіп анасына: «Барып әкімнің қызына құда түс» дейді. Баһрамның анасы әкімге келіп, өз қалауын айтады. Әкім өз уәзірінің кеңесі бойынша қарт әйелге шарт қояды: "Менің қызыма үйленгісі келген адам жеті түйе жүгіндей күміс, қызымның тәжі үшін жеті алмас тас және жеті құмыра таза алтын беру керек, сонымен қатар меруерттерден тоқылған жеті кілемді қызымының аяқ астына төсеуі керек" дейді. Қарт әйел естігенін ұлына келіп айтады. Баһрам әкімнің қалағанын жүзіктің көмегімен дайындап, оны патшаның алдына апарады. Сөйтіп әкімнің қызына үйленіп, жеті күн және жеті түн той жасайды.

Таулардың ар жақ беткейінде бірнеше жыл бойы әкімнің қызына ғашық боп жүрген татар шаһзадасы әкімнің қызының жібек құртын өсіруші жігітке тұрмысқа шыққанын естіп, қатты құсаланады. Ол жібек құртын өсіруші жігіттің сырын біліп келу үшін бір сөзуар қарт әйелді жібереді. Қарт әйел әкімнің қызына барып өзін жалғыз және кедей адам ретінде таныстырады. Баһрамның зайыбы оған: "Қалағаныңша осында қал" дейді. Қарт әйел өзінің жылы сөздері мен майда тілімен Баһрамның жұбайының көңіліне жол табады.

Күндердің бір күнінде қарт әйел Баһрамның жұбайынан: "Сіз күйеуіңіздің қалай байығанын білетін боларсыз" деп сұрайды. Әкімнің қызы Баһрамға барып одан қалай байығанын сұрайды. Баһрам оған сырын айтып, жүзіктің қай жерде тұрғанын да көрсетеді.

Келесі күні қарт әйел Баһрамның байлыққа қол жеткізуінің сыры мен жүзіктің жатқан жерін әкімнің қызынан алдап-арбап біліп алады. Бірнеше күннен кейін қарт әйел жүзікті ұрлап алып, татар шаһзадасына әкеліп береді. Татар шаһзадасы жүзіктің тасын сипайды. Жүзіктің жыны алдына келеді. Шаһзада оған: "Әкімнің қызы менің әйелім болып, жібек құртын өсіруші жігіттің бар байлығы бір құрттан аспайтын болсын" деп бұйырады. Шаһзаданың бұйрықтары орындалады. Сарай барлық қызметкерлерімен жоқ болып, әкімнің қызы өзінің татар шаһзадасының қасында отырғанын көреді. Далада атқа мініп, бірнеше қызметкерлерімен серуендеп жүрген Баһрам бір уақытта астындағы аты мен қызметкерлерінің ғайып болғанын көреді. Үстінде кенептен тігілген киім ғана қалады. Баһрам сарай жаққа келеді. Сарай да көзден ғайып болып, тек анасының тамының қалғанын көреді. Сол кезде ғана жүзіктің қолды болғанын түсініп, қайғыға батады. Анасы: "Желмен келген желмен кетеді. Менің біраз ақшам бар, барып жібек құрттарын сатып ал да, әкеңнің ісін жалғастыр" дейді.

Келесі күні көңілі құлазыған Баһрам қалаға келіп, күн батқанға дейін жібек құрттарын іздейді, бірақ ештеңе таба алмайды. Баһрам кішкене дем алайын деп қала дуалының түбіне келіп отырады. Сол кезде қасына өзі құтқарып алған ит, мысық пен жылан келіп, оның қайғысының себебін сұрайды. Баһрам болған оқиғаны айтып береді. Мысық пен ит жануарларға барып, олардан Баһрамның дұшпаны туралы сұрастырады. Бір құс оларға: "Жүзікті татар шаһзадасының қызметші әйелі ұрлап кетті" дейді.

Келесі күні ит пен мысық татар қаласына келеді. Мысық: "Енді не істеуіміз керек?" деп сұрайды. Ит: "Сен сарайға кіріп, әкімнің қызын тауып, одан жүзіктің жатқан жерін сұрап біліп ал да кері қайт" дейді. Қыз мысықтың күйеуі жағынан келгенін білген кезде: "Шаһзада жүзікті ылғи қолына тағып жүреді, ал ұйықтаған кезде аузына салып қояды" дейді. Мысық сарайдан шығып, итке бәрін баяндап береді. Ит жоспар құрады.

Келесі түні шаһзада ұйықтап жатқан кезде, мысық аспазханаға барып, бір тышқанды ұстап алады да, оған: "Егер тірі қалғың келсе, менің бір бұйрығымды орында. Барып бұрыш салынған ыдыстан дем тарт та, қайтып кел" дейді. Тышқан мысықтың айтқанын орындап, мысықтың артынан шаһзаданың жатын бөлмесіне келеді. Мысықтың бұйрығымен тышқан шаһзаданың кеудесіне шығып, оның мұрнының ішіне демін шығарады. Шаһзада түшкіріп қалады, сол кезде жүзік жерге ұшып түседі. Мысық жүзікті тістеп алып, терезеден күтіп тұрған итке лақтырады. Ит жүзікті алып, орманға қарай қашады. Осылайша ит пен мысық жүзікті Баһрамға алып келеді. Баһрам дереу жүзіктің жынын шақырып, әйелін, сарайын және барлық байлығын қайтаруды бұйырады. Қас пен көздің арасында бәрі орындалады. Осы оқиғадан кейін Баһрам Сүлеймен жүзігінің надан адамның қолына түспеуі үшін оны мұхиттың ең терең жеріне тығып қояды.

Құрметті достар, бағдармамыздың келесі бөлімінде кездескенше аман-сау болыңыздар! Алла сіздерге жар болсын!