Сәу 19, 2016 13:23 Asia/Almaty
  • Иран ертегілері мен аңыздары (5)

Халықтық аңыз-ертегілердің мазмұны әдетте қарапайым адамдардың зұлымдар немесе сиқыршылар сияқты тылсым күшіне ие дұшпандармен қақтығыстарын қамтиды.

Халықтық ертегілердің жазылу тарихы, белгілі бір жазылған мезгілі болмайды және олар кез келген қоғамға сіңіп кетеді. Құрметті достар, алдымен, алдыңғы бөлімді жалғастырып, парсы халық әдебиетінің ерекшеліктерімен танысып, сіздермен бірге халықтық аңыз-ертегілердің түрлері мен мазмұндарын қарастырамыз. Содан кейін сіздермен бірге ирандық хикаялар әлеміне саяхат жасаймыз. Халықтық аңыз-ертегілердің мазмұны әдетте қарапайым адамдардың зұлымдар немесе сиқыршылар сияқты тылсым күшке ие дұшпандармен қақтығыстарын қамтиды. Халықтық аңыз-ертегілердің жазылған уақыты, белгілі бір мезгілі болмайды. Ең көп таралған ертегілер қатарына қиял-ғажайып ертегілер, жануарлар хикаялары және адамдардың күнделікті өмірінен алынған әңгімелер жатады. Әдеби зерттеушілердің пікірі бойынша, халықтық аңыз-ертегілердің қайнар көзі қарапайым халық болып табылады. Халық аңыз-әңгімелерінің мазмұндары әр түрлі болып келеді, "Сәмек айлакер" немесе "Хамзанама" сияқты кейбір ертегілер эпостық, қаһармандық тақырыпта жазылған. Ал Тарсусидің "Дарабнамесі" сияқты кейбір шығармалар аңызға жақынырақ болып келеді. "Мың бір түн", "Тутинаме" сияқты тағы бір шығармалар тыңдаушының көңілін көтеруге арналған. Кейбір әдебиетшілер парсы халықтық көлемді аңыз-әңгімелерді мазмұны жағынан үш топқа бөлген. Бірінші топқа сезімталдық және әділет талап ету мазмұндағы ертегілер жатады. Бұл топтағы ертегілердің кейіпкерлері өз ғашығымен қосылу үшін әр түрлі оқиғаларға тап болады. Бірақ, әдеби сыншылардың пікірінше, бұл оқиғалар осындай ертегілердің тек сырт көрінісі ғана, ал олардың негізгі тақырыбы зұлымдықпен күресу болып табылады. Әділет іздеуші аңыз-әңгімелер кейіпкерлерінің басты мақсаты – сотсыз, зұлымдықтың көзін құрту. "Сәмек айлакер", "Дарабнаме", "Атақты әмір Арслан" аңыз-ертегілері осы топқа жатады. Халықтық көлемді аңыз-әңгімелердің осы тобының маңызды қыры – олардың тақырыптары, құрылымдары мен кейіпкерлерінің бір-біріне ұқсас болғаны соншалық, ертегілер бір ертегіден бастау алып, сол ертегіден алынған көшірмелерге ұқсас болып келеді. Халықтық көлемді аңыз-әңгімелердің екінші тобы діни және мазхаби туындыларды қамтиды. Бұл аңыздарда бір шаһ немесе басшы кәпірлермен соғысып, Исламды әлемнің әр жерінде уағыздайды. Басты кейіпкер кәпірлер мен дінсіздерді түп-тамырымен құртып, шаһтар мен әмірлерді Ислам дініне алып келеді. Басқа елдердің шаһ және әмірлерімен соғыс пен қақтығыстар аңыз-әңгімелердің сюжетіне айналады, осылайша аңыз-әңгімелер пайда болады. "Ескендірнама", "Хамзанама", "Әбумуслимнама" және "Хұсейн Күрд Шабестари" осы топқа жататын аңыз-әңгімелер және бұлар бір үлгіде жазылған туындылар болып табылады. Халықтық көлемді аңыз-әңгімелердің үшінші тобына "Мың бір түн" үлгісінде жазылған әр түрлі сарынды аңыздармен ертегілер жатады. Негізінде, аңыз-әңгімелердің бұл тобы түп-тамыры үнді елінен келген ертегілердің айтылу стилі негізінде пайда болған аңыздар мен ертегілерді қамтиды. Кейбір ертегілерде жануарларға тіл бітіп, сөйлейді және осы мысалдардың көмегімен мақсат етілген сөздер айтылады. Осы аңыз-әңгімелердің бір ерекшелігі – ертегінің ішінде ертегінің айтылатындығы. Ертегілердің бір тобында шаһтар, әмірлер мен саудагерлердің өмірбаяны мен бастан өткізген оқиғалары айтылады және аңыз-әңгімелерді ұзарту үшін ертегілердің ішіне ертегі қосылады. Үшінші топтағы ертегілер әр түрлі тақырыптар мен оқиғаларды қамтиды. Осы топқа енетін ертегілердің ерекшеліктерінің бірі - адамның осы әлемдегі барлық мақұлықтармен, яғни жануар, өсімдік және жансыз заттармен байланыста болуы. Бұл ертегілерде адам басқа мақұлықтармен сөйлесіп, олардан көмек сұрап, олардың істері мен сөздерінен өзіне сабақ алады. "Мың бір түн", "Тутинама", "Білім көктемі" ертегілері осы топқа жатады. Құрметті достар, парсы халықтық әдебиетімен таныстығымызды бағдарламамыздың келесі бөлімдерінде жалғастырамыз. Бүгінгі бөлімде сіздермен бірге "Иран халық ертегілерінің сөздігі" жинағынан таңдалып алынған бір ертегіні тыңдаймыз. Ерте, ерте, ертеде жібек кұртын өсіретін бір адам өмір сүріпті. Оның әйелі дүниеге бір ұл бала әкеліп, сәбидің атын Баһрам қойыпты. Баһрамның бала кезінде әкесі қайтыс болып, шешесі жылдар бойы баласын жауаптылық пен жақсылыққа тәрбиелеуге тырысыпты. Баһрам он сегіз жасқа толған кезде, анасының қолындағы бар-жоқ байлығы бір кішкене күміс самаурын болыпты. Анасы самаурынды базарға алып барып, оны үш жүз дирхамға сатып жібереді. Ұлына жібек құрттарын сатып алып, әкесінің ісін жалғастыру үшін қолына жүз дирхамды ұстатады. Баһрам ақшаны алып, базарға барады. Базарда жібек құрттарын іздеп жүргенде, Баһрам бір жануардың үстінде асылып тұрған қоржынды таяқпен ұрып жатқан үш жас баланы көреді. Баһрам қастарына барып: "Неге бишара жануарды ұрып жатырсыңдар?" деп сұрайды. Балалар күліп: "Егер мына мысыққа жаның ашып тұрса, жүз дирхам бер, босатамыз" деп жауап береді. Баһрам еріксіз балаларға жүз дирхамды беріп, мысықты құтқарып алады. Мысық Баһрамға қарап: "Жақсылық ешқашан ұмытылмас!" дейді де, өз жөнімен кетеді. Күн батарда Баһрам құр қол үйіне қайтып келіп, болған оқиғаны анасына баяндап береді. Келесі күні таңертең анасы Баһрамға жібек құрттарын сатып алу үшін тағы да жүз дирхам береді. Баһрам базарға келген кезде, бір итті мазалап, оны дарға аспақ болып жатқан балаларды көреді. Баһрам балалардың қасына барып, өз наразылығын білдіреді. Балалар: "Егер жаның ашып тұрса, жүз дирхам бер, итті босатамыз" дейді. Баһрам тағы да жүз дирхамды балаларға беріп, итті құтқарып қалады. Ит Баһрамға: "Қандай қолдан берсең, сол қолдан қайтып аласың" деп, құтылғанына қуанып кетіп қалады. Баһрам үйіне қайтып келіп, анасына болған оқиғаны айтады. Келесі күні таң атысымен анасы Баһрамға соңғы жүз дирхамды ұстатып: "Мына соңғы ақшамызды енді өзімізді құтқару үшін жұмса" дейді. Баһрам базарға келіп, кеш батқанға дейін жібек құрттарын іздеп, соңында шаршап-шалдығып қаланың шетіне жетеді. Бір бұрышқа отырып дем алады. Бір жәшікті әкетіп бара жатқан бір топ адамдарды көреді. Бір уақытта олар тоқтап, от жағып, жәшікті отқа өртемек болады. Баһрам: "Жәшікте не бар?" деп сұрайды. Бірісі: "Бір жұмсақ, таза жануар бар" деп жауап береді. Баһрам: "Бұл күнә ғой, жәшікті ашып, жануарды босатыңдар" дейді. Топтан бір адам: "Жүз дирхам берсең, босатамыз" дейді. Баһрам еріксіз қалған жүз дирхамды беріп, жәшікті алады. Жәшікті алқапқа алып барып, бетін ашады. Ішінен үлкен жылан шығады. Баһрам қорқып, кері шегінді. Жылан: "Неге қашып барасың? Сен маған жақсылық жасадың, кел, екеуіміз дос болайық" дейді. Баһрам қайғыға беріліп, жылап жерге отыра кетеді. Себебі, соңғы ақшаны жыланды құтқарып қалу үшін жұмсап қойып, енді анасына не айтарын білмей, қайғыға батады. Жылан: "Неге қайғырып отырсың?" деп сұрайды. Баһрам болған оқиғаны бастан-аяқ баяндап береді. Жылан: "Менімен бірге жүр. Менің әкем – жыландардың сұлтаны, ал мен оның жалғыз баласымын. Сен әкеме мені қалай құтқарғаныңды айтып бер. Егер ақысына не қалайсың деп сұраса, хазіреті Сүлейменнің жүзігін сұра" деп жыландар шаһзадасы Баһрамды бір үңгірге алып келеді. Баһрам болған оқиғаны жыландар сұлтанына айтып болған соң, бұл жақсылығы үшін хазіреті Сүлейменнің жүзігін сұрайды. Жыландар сұлтаны: "Егер бұл жүзік надан адамның қолына түссе, шайтан оның жүрегін билеп алып, дүниенің астан-кестеңін шығарады" дейді. Жыландар шаһзадасы: "Бірақ бұл адамның жүрегі пәк және таза" дейді. Жыландар сұлтаны Баһрамға жүзікті береді. Баһрам жүзікті алып, алғысын айтады. Баһрам жыландар шаһзадасымен бірге қала шетіне қайтып келеді. Шаһзада: "Жүзікті оң қолыңның ортаңғы саусағына тағып, сол қолыңмен жүзіктің тасын сипасаң, жүзік жыны алдыңа жетіп келеді. Қалаған затыңды береді" дейді.

Құрметті достар, ертегінің жалғасын келесі бөлімнен оқи аласыздар.