Иран ертегілері мен аңыздары (4)
Халық әдебиетін әдебиет пен қоғамның байланысы нәтижесінде саяси тұрғыдан қарастыруға болады.
Себебі, бұл әдебиет - қарапайым халықтың қатігез және зұлым күш иелерімен күресінің айнасы. Бұл әдебиет Иран халқының азаттық сүйгіштік және әділет іздеген рухы мен армандары жайлы баяндайды. Иран халық әдебиеті, шын мәнісінде қара халықтың ауызша таралған әдебиеті деп айтып өттік. Әдебиеттің бұл түрі халықтың өмірі мен істері жайлы баяндайды, сол себепті, үстірт және салтанатты сарыннан алшақ. Халық әдебиетінің қоғамдық өмірге тәуелділігі әдебиеттің реалистік әдебиетке ауысуына алып келді. Халық әдебиеті қарапайым, сол себепті әдеби тәсілдермен көркемделмеген. Халық әдебиеті қарапайым халық өмірінен бастау алады, ал адамдар өзара сөйлескен кезде тек негізгі ойды жеткізеді. Бұл әдебиет қарапайым және жеңіл тілмен баяндалуы керек, өйткені, егер тіл қиын әрі көркемделген болса, айтуға жеңіл әрі оңай болмаса, аз уақыт ішінде ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға ауызша жеткізу мүмкіндігі жоғалып, ақыр соңында ұмыт болады. Осы әдебиет туындыларының көптеген ғасырлар бойы сақталып қалу себептерінің бірі – тілінің қарапайым әрі әдеби тәсілдермен көркемделмегендігінде. Халық әдебиетінің маңыздылығы дәл осы қоғам мен қоғам өміріне тәуелділігінде болып табылады. Басқаша айтқанда, халық әдебиетінің негізгі құндылығы оның көркемділік ерекшеліктерінде емес, қоғамдық ерекшеліктерінде. Халық әдебиетін әдебиет пен қоғамның байланысы нәтижесінде саяси тұрғыдан қарастыруға болады. Себебі, бұл әдебиет – қарапайым халықтың қатігез және зұлым күш иелерімен күресінің айнасы. Бұл әдебиет Иран халқының азаттық сүйгіш және әділет іздеген рухы мен армандары жайлы баяндайды. Халық ертегі-аңыздары халық әдебиетінің маңызды бөлігін алып жатыр. Халық ертегілерінің барлығында дерлік кейіпкерлер басты қаһарман және оған қарсы кейіпкерлер болып бөлінеді. Бұл адамдардың мінез-құлықтары мен істерінде ешқандай астыртын мағына жоқ және тыңдаушылар өздеріне оларды еш қиындықсыз елестете алады. Халықтық ертегі-аңыздардың өзегі – таңғажайып және ойдан шығарылған оқиғалар болып табылады. Ертегілердегі оқиғалар әдетте ойдан шығарылып, шығарманың тірегіне айналады, бірақ, кейіпкерлердің өздеріне аса көңіл аударылмайды. Басқа сөзбен айтқанда, ертегілердегі тұлғалар мен кейіпкерлер көп өзгеріске ұшырамай, көбінесе шығарманың тірегі болып табылатын ғажайып оқиғалардың құрбанына айналады. Әдетте, ертегілерде жақсылық жамандықты жеңеді; шаһтар, әмірлер, атақты адамдар, ерлер мен әйелдер ойда жоқ жерде таңғажайып әрі ғибрат беретін оқиғағаларға тап болады. Халық ертегілері мазмұны, тілі мен стилі жағынан қарапайым болып саналады. Халық ертегілерінің көлемі жағынан белгілі бір шегі жоқ. Мысалы, «Халей-е суске» сияқты ертегілер көлемі жағынан бірнеше жолдан бірнеше бетке дейін жетуі мүмкін. Бірақ, «Сәмәк айлакер» сияқты ертегілер бірнеше кітаптан тұруы мүмкін. Кейбір әдебиет зерттеушілері ертегілердің осы түрінің халықтық әдебиетке жатқызылуына күмән келтіреді. Олар бұл әдебиеттің осылай аталуына, ертегі-әңгімешілердің ертегілерін тыңдауға жиналған, жазу мен оқу білмейтін сауатсыз халыққа арналғаны себеп болғанын айтады. Бірақ, шындығына келсек, бұл дастандар қарапайым халыққа да, жоғары лауазымды адамдарға да арналып айтылған. Халық ертегілері формасы жағынан қарапайым болып келеді. Бұл ертегілердің тілі сол заманда кең таралған ауызекі тілге жақын болып, халық арасында тараған мақал-мәтелдер мен сөз тіркестерін қамтиды. Халық ертегілерінің негізінде, әдетте, таңғажайып оқиғалар жатады, бірақ, кейде қисынды мазмұнды оқиғалар таңғажайып оқиғаларды ысырып тастап, ертегілер реалисттік мазмұнға ие болады. Осы топқа жататын тағы бір ертегілерде кездейсоқ оқиғалар басым болады, бұл жағдайда туынды қиял-ғажайып мазмұнға ие болады. Зерттеушілердің пікірлері бойынша, кейінгі кезде пайда болған ертегілерге қарағанда, көне ертегілер өмір шындығына жақынырақ. Кейінгі ертегілерде, көп жағдайда, қисынсыз және қиял-ғажайып оқиғалар басым болып келеді. Бұның себебін бұрынғы заман қоғамының хал-жағдайы мен жаңа заман тарихының оқиғаларынан іздеу керек. Құрметті достар, парсы халық әдебиетімен танысуды келесі бөлімдерде жалғастырамыз, ал қазір «Иран халқының аңыздар сөздігі» жинағынан сіздер үшін таңдап алынған хикаяны ұсынамыз. Бір кемпірдің екі ұлы болыпты. Біреуі – ауыл әкімі, ал екіншісі Беһлүл атты данышпан болыпты. Бір күні қараңғы батқан кезде кемпірдің үйіне бір саудагер келіп, кемпірден үйінде түнеп шығуды өтінеді. Кемпір келісіп, үйіне кіргізеді. Біраз уақыт өткен соң, саудагер: «Жейтін тамақ бар ма?» деп сұрайды. Кемпір: «Бар, он жұмыртқа бар» дейді. Саудагер: «Маған сол он жұмыртқаны пісіріп бер» дейді. Кемпір он жұмыртқаны пісіріп, қонақтың алдына қояды. Саудагер тамақтанып болған соң: «Кемпір, қанша ақша берейін?» деп сұрайды. Кемпір: «Он жұмыртқа бір риал, нан жарты риал. Барлығы бір жарым риал болады» деп жауап береді. Саудагер: «Жақсы, ақшаңды кетер кезде беремін» деп, ұйықтап қалады. Таң атқан кезде кемпір үйден ертерек кетіп қалады. Саудагер оянған кезде, кемпірдің кетіп қалғанын көріп: «Келесі жылы келгенде, ақшасын берермін» деп, жүріп кетеді. Келесі жылы саудагер кемпірдің үйіне келіп: «Кемпір! Былтыр жұмыртқанын ақшасын берейін деген кезде үйде болмадың, енді бір жарым риалдың орнына, он риал беремін» дейді. Кемпір он риалын алып, қуанышы қойнына симай көршісіне барып, болған жағдайды баяндап береді. Көршісі: «Сені жер соқтырып кетті. Сол он жұмыртқаны тауықтың астына салып қойғаныңда, тауығың балапан басып шығар еді, ал балапандар тауыққа айналып тағы да жұмыртқалайтын еді. Әлем ақшаның астында қалар едің... Саған берген он риал не болады? Аялдамастан, ауыл әкімі – ұлыңа барып, шағымдан» дейді. Кемпір ауыл әкіміне барып шағым түсіреді. Басшы саудагерді зынданға салады. Кездейсоқ Беһлүл дана жолы түсіп, ағасының зынданына келеді. Саудагерді көріп, одан не болғанын сұрайды. Саудагер болған жағдайды Беһлүлге баяндап береді. Саудагердің әңгімесінен Беһлүл өзінің анасын таниды. Саудагерден: «Жұмыртқалар піскен бе еді, жоқ әлде шикі ме еді?» деп сұрайды. Саудагер: «Жұмыртқалар піскен болатын» деп жауап береді. Беһлүл: «Алаң болма, мен сені босатамын» деп кетіп қалады. Беһлүл ағасына барып: «Маған бір қап бидай бер, бидай егемін» дейді. Ағасы қуанып: «Саған бір қап емес, екі қап берейін, барып ек» дейді. Беһлүл екі қап бидайды алып анасының үйіне барып: «Апа, маған екі үлкен қазан бер» дейді. Анасы: «Не істемекшісің?» деп таң қалады. Беһлүл: «Екі қап бидайды пісіріп, егейін деп жатырмын. Піскен бидай жақсырақ көктейді» дейді де, екі үлкен қазанды алады. Су құйып, ішіне бидайды салып, пештің үстіне қояды. Бұл жағдайды көрген анасы екінші ұлына барып: «Сенің бауырыңның есі ауысқан, өзің берген екі қап бидайды жерге егудің орнына, үлкен қазанға салып, пісіріп жатыр. Пісірілген бидайды екпекші» дейді. Әкім мен анасы Беһлүлге келеді. Басшы: «Сен не бүлдіріп жатырсың? Піскен бидай көктеуші ме еді?» деп сұрайды. Беһлүл: «Он пісірілген жұмыртқадан балапан шықса, неге пісірілген бидай көктемейді екен?!» деп жауап береді. Әкім ағасы үндеместен зынданға барып, саудагерді босатады. Беһлүл дана анасынан он риал ақшаны алып, саудагерге береді: «Мынау сенің зынданда жатқаныңнын өтемақысы» дейді. Саудагер Алладан Беһлүлдің жаны үшін тілек тілеп, жөніне кетті.