Иран ертегілері мен аңыздары (2)
Иран халық әдебиетінің көп бөлігі, қарапайым адамдарың бірі-біріне, әсіресе, апалар мен әжелердің кішкентай балаларға айтатын қысқа қисса, ертегілерден тұрады.
Авторы белгісіз бұл ертегілер осылайша, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Бұрынғы заман қиссашыларының қисса айтқандағы ең басты мақсаттары адамдардың көңілін көтеру болатын, сол себепті ертегілері тартымды болуы үшін әр қиссашы өзі айтатын қиссаға өз жанынан жаңалықтар қосатын. Құрметті достар, сіздердің назарларыңызға «Иран ертегілері мен аңыздары» бағдарламасының екінші бөлімін ұсынып отырмыз.
Иран әдебиетінің маңызды бір бөлімі болып табылатын халық ауыз әдебиеті – қарапайым және сауаты жоқ халықтың туындысы. Әдебиеттің бұл түрінің форма мен мағынасы жағынан парсы тілінің дәстүрлі әдебиетінен айырмашылықтары көп. Қарапайым тіл мен сарын, қарапайым халықтың ойы мен жағдайы – халық әдебиетінің басты ерекшеліктері болып саналады. Қазіргі кезде де халық әдебиеті Иранның барлық аймақтарының әр түрлі диалектілерінде халық арасында кең таралған. Парсы халық әдебиеті классикалық әдебиет сияқты проза және поэзияға бөлінеді және әдебиеттің осы екі түрінен де көптеген туындылар сақталып қалған. Иран халқы көне заманнан бері халық поэзиясына қанық болған. Бұл жырларды жергілікті диалектілерде «фәһлавиат» деп атаған. Фәһлавиат – көше мен базарларда айтылатын және осылайша атадан балаға ауызша жетіп, тіпті кейбіреуі қазіргі кезге дейін жеткен жырлар. Жыршылардың есімдері белгісіз, бірақ кейбіреулерінің есімдерін кейбір жырлардан кездестіруге болады. Халық жырларында теңеулер мен метафора және басқа да әдеби тәсілдер аз кездеседі және бұл жырлар қарапайым халықтың ойлары мен сезімдерін баяндайды. Халық жырларында көбінесе ауызекі тіл мен жергілікті диалектегі сөздер қолданылған. Бұл жырлардың тақырыптары негізінен ғашықтық, ғашығымен қосылу немесе одан айрылу жайлы. Халық өлең-жырларынан қарапайым халықтың өмірлік нышандарын да көруге болады, тіпті кейбіреулерінде тарихи оқиғалар да келтірілген. Иран халық әдебиетінің көп бөлігі, қарапайым адамдарың бірі-біріне, әсіресе, апалар мен әжелердің кішкентай балаларға айтатын қысқа қисса, ертегілерден тұрады. Авторы белгісіз бұл қисса, ертегілер осылайша, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Бұрынғы заман қиссашыларының қисса айтқандағы ең басты мақсаттары адамдардың көңілін көтеру болатын, сол себепті ертегілері тартымды болуы үшін әр қиссашы өзі айтатын қиссаға өз жанынан жаңалықтар қосатын. Халық әдебиетіндегі ертегілердің кейбіреулері падишаһтардың көңілін көтеру үшін айтылған болатын. Осындай кітаптардың ең көне үлгілерінің бірі, дастандарының көбі халық арасында таралған қиссалардан бастау алған «Мың бір түн» шығармасы болып табылады. «Мың бір түн», «Ескендірнаме» сияқты кейбір шығармалардан басқа туындыларда қысқа ертегі, хикаялар кейінгі кездерде қағаз бетіне түсірілген. Бұл қиссалардың тілі қарапайым және құрғақ болып келеді, бірақ, кейбіреулерінде көне тілдегі сөздер де кезігеді. Халық әдебиетінің қысқа ертегілерін мазмұны мен мағынасы жағынан екі топқа бөлуге болады: бірінші топқа қиял-ғажайып ертегілер жатқызылады және бұл ертегілерде көбінесе сиқыр, дуа, дию мен пері жайлы айтылады; екінші топқа азды-көпті реалистік бағыттағы туындылар жатқызылады. Ертегілердің бұл түрі қарапайым халық арасында болған оқиғалар, олардың армандары мен қайғы-қасіреттері жайлы баяндайды және олар негізінде бір қаһарманның тағдыры мен өмірін әңгімеге өзек етеді. Мұндай қиссалар көбінесе шаһтар мен шаһзадалар немесе зардушттер, дәруіштер, етікшілер сияқты кедей адамдар жайлы айтады. Кейде киімдерін ауыстырып, қарапайым халықтың арасына шығатын Сұлтан Махмуд Ғазнави немесе шаһ Аббас Сафави сияқты тарихи тұлғалар да кездеседі. Кейбір ертегілердің халыққа өмір сүру жолдары мен рәсімдерін жеткізетін, астыртын үгіт-насихат мағынасы бар. Басты кейіпкері Беһлул мен молла Насреддин болып табылатын тағы бір ертегілер халық арасында әзіл-сықаққа айналып кеткен. Қысқа ертегілер әр түрлі аймақтарда жергілікті диалектілермен араласып кеткен. Қадірлі достар, парсының халық әдебиетімен танысуымызды келесі бағдарламаларда жалғастырамыз, ал бүгінгі бағдарламада сіздердің назарларыңызға «Мың бір түн» шығармасынан алынған бір хикаяны ұсынамыз. Синдбад атты бір падишаһ болыпты. Оның қолға үйретілген қыран құсы болыпты. Қыран құсын жақсы көргені соншалықты, тіпті, бір мезетке де қасынан тастамайды екен. Синдбад патшаның бұйрығы бойынша, қыран шөлдеген кезде су ішу үшін қызметшілері алтыннан кішкентай кесе жасап, ішіне су құйып, қыранның мойнына іліп қойған екен. Бір күні Синдбад шаһ уәзірі және қызметкерлерімен бірге аң аулауға шығады. Әдеттегідей өзімен бірге қыранын ала шығады. Ауларына бір елік түседі. Падишаһтың серіктері елікті қоршап алады, бірақ елік ауды жыртып, қашпақшы болады. Синдбад патша: «Егер кімде-кім елікті өткізіп алса, өлім жазасына кесіледі» деп айқай салды. Шаһ сөзін аяқтамай жатып, елік падишаһқа қарай жүгіріп, басынан бір секіріп қашып кетеді. Шаһтың қызметшілері уәзірге бір қарап, үндемей қалады. Уәзір ақырын ғана падишаһтың құлағына сыбырлап: «Елік сіздің басыңыздан қарғып өтіп, қашып кетті. Енді не істейміз?» деді. Синдбад патша уәзірдің не айтқысы келгенін түсінеді. Шаһ: «Еліктің артынан қуамын, ұстап алмайынша, қайтпаймын!» деп, атқа секіріп мініп, еліктің артынан қуып кетеді. Шаһтың иығында отырған қыран да қанаттарын жайып, ұша жөнелді. Елікті қуып жетіп, өткір тұмсығымен еліктің көзін шоқып тастайды. Елік көздерінен айырылған соң, жүгіре аламай, тоқтап қалады. Синдбад патша еліктің басын кесіп, олжасын аттың қанжығасына байлап қояды да тынығып алайын деп бір ағаштың көлеңкесіне отырады. Ағаштың жоғарғы бұтақтарынан су тамшылап тұрғанын көріп қуанып кетеді. Себебі шаһ қатты шөлдеген еді. Қыранның мойнындағы алтын кесені алып, суға толтырып алады. Патша суды ішейін деп ауызына апара бергенде, қыран қанаттарын жайып кесені қағып түсіреді. Падишаһ қыранға қарап, мейіріммен: «Сен де шөлдедің бе? Кішкене шыдай тұр!» дейді. Кесені қайтадан суға толтырып, қыранның тұмсығына апарып тосып: «сен бірінші іш, содан кейін мен де ішермін» дейді. Бірақ қыран қайтадан кесені қағып түсіріп, суды төгіп тастайды. Шаһ ішінен: «Алдымен атты суғарғанымды қалап тұрған шығар» деп, кесені қайтадан суға толтырып, аттың алдына апарып қояды. Бірақ, ат су ішуге ұмтыла бергенде, қыран суды үшінші рет төгіп тастайды. Бұл жолы патша ашуға бой алдырып: «Ақымақ құс! Не өзі су ішпейді, не жылқыма. не маған да ішкізбейді» деп, қылышын суырып алып, қыранның қанаттарын шауып түсіреді. Айнала қанға толып кетеді. Жаралы қыран өзінің қайғылы көздерімен Синдбад шаһқа қарайды. Одан кейін басын бұрып ағаштың жоғарғы жағына меңзейді. Синдбад патша түсініп, құстың нұсқаған жағына қараған кезде қорқынышты нәрсені көреді. Ағаштың басына үлкен әрі қорқынышты жылан оралып алған екен. Әлгіндегі тамшылар тұрған су жыланның аузынан төмен қарай тамшылап тұрған у екен. Синдбад патша өкініштен айғай салады. Жаралы қыранды қолына алып, зақымданған қанаттарынан сүйіп: «Менің мейірбан құсым, сен мені өлімнен құтқардың, ал мен болсам саған қатыгездік жасадым» дейді. Одан кейін қыранды құшағына алып, атқа мініп, сарайға қарай шаба жөнеледі. Сарайға жеткенде, еліктің етін асханаға беріп, қыранды құшағына алып төсегіне отыра кетеді. Қыран соңғы демін алып жатқан еді. Синдбад патша қайғырып, қыранға қарап, қанаттарын сипалай береді. Ақыр соңында қыран соңғы рет тыныстап, патшаның қолында жатып жан тапсырады, ал падишаһ қалған өмірін өкінішпен өткізеді.