Жетекшілік хадисы 43
Адамның жақсы қасиеттерінің біріне жетімдерге қамқоршы болып, оларға мейірім білдіруі жатады.
Адамдардың өмірінде тек мейірімді және қайырымды адамдар арқылы толатын бос кеңістіктер мен тапшылықтар кездеседі. Жетімдерге қайырымдылық пен қамқорлық және мейірім білдіру осындай істердің бірі саналады. Әр адамның болмысы махаббат пен өзіне назар аударуды қажет етеді. Балаларда бұл қажеттілік көбірек байқалады. Ол қажеттілікті баланың ата-анасы қамтамасыз етеді. Алайда жетім бала мұндай нығметтен мақұрым қалады. Сол себепті Ислам дінінде жетім балаға көңіл бөлуге ерекше назар аударылған. Алла Тағала «Бақаре» сүресінің 177-ші аятында жақсылық жасаудың маңыздылығына тоқталып, Аллаға және қияметке, сонымен бірге пайғамбар мен қасиетті ктіп пен періштелерге иман келтіруден кейін жетімге жақсылық жасауды маңызды деп атайды. Сондай-ақ, «Зұһа» сүресінің аяттарында Алла Тағала пайғамбарға оның жетім болғаны мен оған пана бергеніне тоқталып: «Сені жетім түрде тауып орналастырмады ма? Сені абыржуда көріп, байытпады ма? Ендеше жетімді қорлама (8)»,- дейді. Илаһи рақымның хабарын жеткізуші Исламның ұлық пайғамбары бала кезінде жетімдіктің ащы дәмін татып өсті. Хазірет жетімдерге қамқоршы болудың сауабы туралы: «Кімде-кім жетімге қамқорлық жасап, оны қажетті нәрселерімен қамтамасыз етсе Алла Тағала бұл адамның сауабына жәннәтты жазып, жетімнің мүлкіне қиянат жасаған адамды тозаққа түсіреді. Исламның ұлық пайғамбары іс жүзінде жетім балаларға қамқоршы болған. Рауаяттар бойынша, хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) бір күні Мединенің орталық жолымен келе жатып, жылап тұрған баланы қоршап алып, ата-анасының жоқтығына байланысты оны айыптап: «Сенің әкең жоқ, ал біздің әкеміз пәлен деген адам әрі сондай дәрежеге ие адам» деп айтып тұрған бірнеше баланы көреді. Исламның ұлық пайғамбары жетім балаға жақындап: «Сен неге жылап тұрсың?»- деп сұрайды. Бала: «Мен Ухуд соғысында қаза болған пәлен адамның ұлымын. Анам қайтадан тұрмыс құрып, мені тастап кетті. Қарындасым қайтыс болды»,- деп жауап береді. Пайғамбар оны құшақтап: «Егер сенің әкең қайтыс болса, енді мен сенің әкең болайын. Әйелім анаң, Фатима (ғ.с.) апаң болады»,- деді. Бала қуанып: «Әй, балалар, енді мені балағаттамаңдар. Менің әкем, анам және апам баршадан артық әрі ең жақсы адамдар»,- деп айқайлайды. Құран Кәрімнің аяттары бойынша, жетіммен мейірімді сөйлесіп, оларды тамақтандырып, киіндіріп, барлық жерде құрметтеу керек. Еш уақытта оларға қорлық көрсетуге немесе ашуланып, қуып жіберуге болмайды. Исламдық рауаяттарда жетімдерге көмектесу көп қуатталған. Исламның ұлық пайғамбары: "Мұсылмандардың ең жақсы үйі жетімдер өмір сүріп, оларға жақсылық жасалатын үй саналады. Сонымен бірге ең жаман үй жетімге қиянат жасалатын үй болып табылады»,- деп айтқан болатын. Имам Әли (ғ.с.) де адамдарға жетімді өз балаларындай тәрбиелеуге кеңес берген. Пайғамбардың сахабаларының біреуінен жеткен хадистердің бірінде: «Біз Алла елшісінің қасында отырған едік. Ер бала келіп хазіретке: «Мен жетім баламын. Қарындасым бар. Анам жесір. Алланың сізге сыйлағанынан бізге де бер. Жаратушы өзінің ырзығын сіз риза болатындай сізге де жібереді»,- деді. Сонда хазірет: «Қалай жақсы айттың, балам!»- деп, сахабасы Біләлға бұрылып: «Біләл, бізде не бар, соның бәрін әкел»,- дейді. Біләл жиырма бір құрма салынған табақты әкелгенде пайғамбар: «Жеті құрманы өзіңе қалдырып, жетеуін қарындасыңа, қалған жетеуін анаңа бер»,- дейді. Сол кезде хазіреттің Мааз бен Джабл деген сахабасы орнынан тұрып: «Алла Тағала сенің жетімдігіңе көмектесіп, сені әкеңнің лайықты орынбасары етеді»,- деді. Пайғамбар Мааздың бұл ісін көріп: «Бұл істің мақсаты не болды?»- деп сұрағанда Мааз: «Оған махаббатымды білдірдім»,- деп жауап бергенде пайғамбар: «Алламен ант етемін, жетімнің қамқоршысы болу міндетін өз мойнына алып, оны дұрыс орындап, жетімнің басынан мейірлене сипаған әр мұсылманның дәрежесін Жаратушы жоғарылатып, оның ғамалнамасына сауап тіркеп, оның күнәларының бірін кешіреді»,- деді. Осыған орай ислам мәдениетінде жетімдердің мұқтаждығын шешетін құралдың бірі ретінде оларды жанұяға алуды саналады. Имам Садық (ғ.с.) бұл туралы: «Әр адамның төрт қасиеті болуы керек. Мұндай адам үшін Алла Тағала жәннәттан орын дайындайды. Төрт қасиетке жетімді паналату, мүмкіндігіне қарай оған көмектесу, ата-анаға мейірімді болу және қол астындағылармен ымыраға келу жатады»,- деп айтқан болатын.