Жел 22, 2021 02:44 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 867-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Ғафир" сүресінің 53-54-аяттарына құлақ түріңіздер:

«وَ لَقَدْ آتَیْنا مُوسَى الْهُدى‏ وَ أَوْرَثْنا  بَنِی إِسْرائِیلَ الْکِتابَ»، «هُدىً وَ ذِکْرى‏ لِأُولِی الْأَلْبابِ»

 

Аяттардың аудармасы: Расында Мұсаға (Ғ.С.) тура жол беріп, Израил ұрпақтарын Тәуратқа мұрагер қылдық. (53)

Ақыл иелеріне тура жол әрі үгіт. (54)

 

Өткен бағдарламада айтқанымыздай, Құдай пайғамбарлар мен олардың ізбасарларына міндетті түрде жәрдемдесетінін айтты. Бұл аяттарда Алланың жәрдем беретіні туралы дәлелдердің біріне тоқталып: "Мұсаны пайғамбарлыққа таңдаған кезде оны перғауын мен Бәни Исраилді бір Құдайға табынуға шақырып, жолдауымызды жеткізуге міндеттедік. Сондай-ақ Таурат кітабын түсірдік. Ол Мұсадан кейін Бәни Исраил арасында жол сілтеуші болады. Кітап оқып, ғапылдық ұйқысынан оянып, өз міндеттері және жауапкершіліктерімен танысуға асығатын болады",-делінген.  

Илаһи кітап – ақыл иелері үшін жетекшілік пен еске салу құралы. Бірақ ақылсыз, қырсық та қыңыр (соқыр сенімге берілген) адамдар одан еш пайда көрмейді. Шын мәнінде істерін нәпсі мен хайуандық талап-тілектер емес, ақыл мен қисынға салып істейтін адамдар ғана илаһи кітаптан шынайы пайда көреді. Барлық адамға ақыл берілгенімен олардың көбіне ақыл емес, нәпсіқұмарлық пен соқыр инстинкт үстемдік етеді. Құранда айтылғандай, көп адамның Құдайы – олардың нәпсіқұмарлығы мен физикалық талап-тілектері. Мұндай адамдар ләззат алуды ғана ойлап, кез келген жолмен көбірек пайдаға жетуді көздейді.  

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Барлық адамдар, тіпті пайғамбарлар илаһи жетекшілікті қажет етеді. Әрине пайғамбарлар бұл жетекшілікті тікелей қабылдайды. Басқа адамдар жанама түрде пайғамбарлар арқылы алады.
  2. Пайғамбарлардың мирасы – сарай, бақ пен мал-мүлік емес, халыққа жетекшілік етуге жіберілген илаһи кітаптар.
  3. Адам барлық жағдайда еске түсіруге зәру. Жетекшілік те еске салынып отырмаса, уақыт өте келе ұмытылып кетеді.
  4. Ақыл адамды уәһиге бастайды. Бұл екеуі адамды бақыт пен кемелдікке жеткізеді.

"Ғафир" сүресінің 55-аятына құлақ түріңіздер:

«فَاصْبِرْ إِنَّ وَعْدَ اللَّهِ حَقٌّ وَ اسْتَغْفِرْ لِذَنْبِکَ وَ سَبِّحْ بِحَمْدِ رَبِّکَ بِالْعَشِیِّ وَ الْإِبْکارِ»

Аяттардың аудармасы: (Мұхаммед Ғ.С.) ендеше сабыр ет. Шын мәнінде Алланың уәдесі хақ. Ертелі-кеш күнәңның жарылқануын тіле. Раббыңды дәріптеп, мақта. (55)

Бұл сөз пайғамбардың өзіне айтылғанымен оның үкімдері жалпыға бірдей. Бұл аятта бірнеше жайт айтылған:

Бірінші жайт, қазір Құдайдың бұрынғы пайғамбарларға жетекшілік етіп, көмектесемін деген уәделерінің шын болғанын көрдіңіз. Демек, сіз де халыққа жетекшілік етіп, оларды хаққа шақыру жолында сабырлы болыңыз. Дұшпандардың жүгенсіздігі мен қырсықтығы, бүлдіргі әрекеттері алдында әлсіздік пен үмітсіздік танытпа. Өйткені сендердің барлық сахналардағы жеңістеріңнің кілті – кедергілер мен қиыншылықтар алдында сабырлық пен табандылық. Әрине беріктік пен сабырлық танытқан жағдайда сендердің жеңіске жететіндерің туралы Алланың берген уәдесі орындалады. Алла уәдесінің шындығына иман келтіру адамды хақ жолына бастайтыны және қиыншылықтардан өтуді жеңілдететіні шүбәсіз.  

Екінші жайт, егер осы жолда шыдамсыздық танытсаңыз, Алладан кешірім сұрап, жүректің бетін күнә мен ластықтан тазартыңыз. Алла елшілерінің бейкүнә екені, күнә жасамайтыны анық, өйткені егер олар Алла үкіміне бас имесе, халыққа «күнә жасама, бүлік шығарма» деп қалай айтады, олардан абсолютті түрде бағын деп қалай талап етеді. Демек, пайғамбарлықтың басты шарты – тазалық пен пәктік.

Егер Құранның аяттарында Ислам пайғамбары немесе басқа пайғамбарларға қатысты «күнә» сөзі қолданылса, ол басқа адамдар жасайтын күнә деген мағынада емес. Халықтың күнәсі сол – Құдайдың үкімдеріне мойынұсынбау. Ал пайғамбарларға қоғамда жоғары орын мен терең танымға ие болғандықтан бір сәтке де  қапы қалуға болмайды.

Шын мәнінде пайғамбарлардың күнәсі – Құдайға бағынбау емес, өз міндеттерін Құдай қуанарлықтай атқармағанын сезіну. Ұлы тұлғаны үйіне шақырып, оны күтуге барын салса да, артынан одан кешірім сұрайтын адам сияқты. Өйткені қанша тырысса да, жоғары мәртебелі қонағын тиісті деңгейде күтпегендей сезімде болады. Аятта айтылған соңғы жайт мынау: әрбір күннің басында Жаратушыны еске алып, мадақтап, дәріптеу адамның иманын нығайтады.

Шүбәсіз, Алланы мадақтап, дәріптеу, Оны кез келген айып пен кемшіліктен ада санау адамның жаны мен жүрегін өзгертіп, оған биік сипаттар береді.

Осы аяттан үйренетініміз:

  1. Егер Алланың уәделеріне иман келтірсек, діни міндеттерді орындауда берік те табанды болуымыз керек. Жолдың қиындықтары бізді мақсатымыздан бұрмауы керек.
  2. Барлық адамдар, соның ішінде пайғамбарлар истиғфар етуге (жүректі тазалауға) міндетті. Өйткені қарапайым адамдардың кемшіліктері немесе пайғамбарлардың мүмкіндіктерінің шектеулі болуы оларға өз міндеттерін Құдайға лайықты қалыпта атқаруға мұрсат бермейді.
  3. Күндіз-түні тынбай Құдайды еске алып тұру керек. Сонда адамның жақсы қасиеттері артып, иман негіздері нығаяды.   
  4. Мақтау мен тәспі тарту қатар жүру керек, сонда берген нығметтері үшін Аллаға алғыс айтылады және оның өз пенделеріне зұлымдық жасамайтыны айтылады.  

"Ғафир" сүресінің 56-аятына құлақ түріңіздер:

«إِنَّ الَّذِینَ یُجادِلُونَ فِی آیاتِ اللَّهِ بِغَیْرِ سُلْطانٍ أَتاهُمْ إِنْ فِی صُدُورِهِمْ إِلَّا کِبْرٌ ما هُمْ بِبالِغِیهِ فَاسْتَعِذْ بِاللَّهِ إِنَّهُ هُوَ السَّمِیعُ الْبَصِیرُ»

Аяттардың аудармасы: Алланың аяттарына байланысты өздеріне бір дәлел келмесе де тартысқандардың көкіректерінде өздері әсте жете алмайтын бір менмендік бар. Енді Аллаға сыйын. Күдіксіз Ол, толық естуші, аса қырағы. (56)

Бұл аят дінді жоққа шығарып, онымен жауласудың тамырына тоқталады. Онда былай делінген: Ешқандай дәлел-айғақсыз Құран аяттары мен пайғамбарлардың мұғжизаларын теріске шығарып, қисынсыз дау-жанжалмен басқаларды діннен бездіретін адамдардың болмысында тәкаппарлықтан басқа ештеңе жоқ. Олар өздерін ұлы, иман келтіргендерді кіші санайды. Сондықтан олар пайғамбарлардың шақырауын қабылдамайды, керісінше басқаларды хақ жолында жүруге шақыратын ұзақ сұхбаттан тыюға күш салады. Сөйтіп, өздерінің ойларынша қоғамда пайғамбарлардың орны жоғарылауына жол бермейді. Ал Құдай осындай кедергілерді жоюға, қарсыластарды сұрқия мақсаттарына жеткізбеуге уәде берген.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Көптеген адамдардың күпірлігі мен теріске шығаруының тамыры Алла сөзінің растығын түсінбегендіктен емес, өз-өзін артық санау және хақ алдындағы тәкаппарлығында.  
  2. Тәкаппар адам қоғамды басқарғысы келеді, бірақ өз мақсатына жетпейді. Сырттай жеткенімен абыройы төгіліп, қор болып, қоғамнан қуылады.
  3. Барлық жағдайда дінге дұшпандардың түрлі жоспарлары мен қастандықтарына қарсы тұру үшін Құдайға арқа сүйеу керек.

Бүгінгі бағдарламамыз аяқталды. Сіздерді бір Аллаға тапсырамыз.