Жел 28, 2021 23:07 Asia/Almaty

Аса қамқор әрі ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймыз! Армысыздар, ардақты ағайын! Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айта отырып, «Нұрлы жол» бағдарламасының 868-бөлімін назарларыңызға ұсынып, Құран Кәрімнің аяттарына жасалған жеңіл тәпсірмен таныстыруды одан ары жалғастырамыз.

"Ғафир" сүресінің 57-59-аяттарына құлақ түріңіздер:

«لَخَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ أَکْبَرُ مِنْ خَلْقِ النَّاسِ وَلَـکِنَّ أَکْثَرَ النَّاسِ لَا یَعْلَمُونَ»، «وَمَا یَسْتَوِی الْأَعْمَى وَالْبَصِیرُ وَالَّذِینَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَلَا الْمُسِیءُ  قَلِیلًا مَّا تَتَذَکَّرُونَ»، «إِنَّ السَّاعَةَ لَآتِیَةٌ لَّا رَیْبَ فِیهَا وَلَـکِنَّ أَکْثَرَ النَّاسِ لَا یُؤْمِنُونَ»                                                      

Аяттардың аудармасы:

Әлбетте көктер мен жерді жарату, адамдарды жаратудан зор. Бірақ адамдардың көбі түсінбейді. (57)

Соқыр мен көруші тең емес. Сондай-ақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер мен жамандық істеушілер де тең емес. Аз ғана түсінесіңдер. (58)

Расында қиямет сағаты келеді. Онда шәк жоқ. Бірақ адамдардың көбі сенбейді. (59)

 

Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, дінге қарсылар пайғамбар және мүміндермен дауласып, хақ сөзге тоқталмайды. Аяттарда былай делінген: Қиямет күні болатынын теріске шығаратындарға айтыңыздар: Аспан мен жерді жаратқан маңызды ма, әлде адамдарды қиямет күні қайта тірілткен маңызды ма? Осындай орасан зор галактикалар мен аспан денелерін жаратуға құдіреті жеткеннің өлгендерді қайта тірілтуге қауқары жетпейді деп ойлайсыңдар ма?  

Бұлай ойлау көпшілік халықтың надандығы мен хабарсыздығынан туындайды. Олар Құдайдың құдіретін өз күшімен салыстырып, Құдайдың қуаты шектеулі деп ойлайды.

Аяттың жалғасында былай делінген: Көзі көретіндер мен зағип жандар бірдей емес. Надан көптеген ақиқатты түсінуден мақрұм қалған соқыр адам сияқты. Тәкаппарлық пен менмендік пердесі көзін жапқан адамдар ешқашан ақиқатты қалай бар солай көре алмайды. Бірақ көкірек көзі ашық адамдар ғылым мен таным нұры саясында ақиқатты көреді. Бұл екі топ бір-бірімен тең бе? Жоқ, ешқашан. Көретін адам өзінің кішкентай екенін де, айналадағы әлемнің үлкендігін көреді. Сол себепті өзінің орны мен қадірін біледі. Бірақ надан да көрсоқыр адам уақыт пен кеңістіктегі өз орнын да, айналасындағы әлемді де көрмейді. Сондықтан өз болмысын бағалауда қателік жіберіп, бұрыс әрі жаман істер жасайды. Әрине халықтың аз-ақ бөлігі мұны түсініп, бұл шындықтан ғибрат алады.

Аяттардың жалғасында қарсылардың қиямет күні туралы жанжалына қатысты Алла: «Қиямет күні келетіні анық. Бұған күмән болмасын. Көп адамдар қиямет күніне сенбесе де, қарсылардың теріске шығаруы илаһи уәденің орындалуына еш әсер етпейді»,-деп ашық түрде жариялады.

Бұл аяттардан үйренетініміз:

  1. Егер болмыстың үлкендігін көріп, оны түсінсек, ешқашан өзімізді үлкен санамаймыз және тәкаппарлыққа салынбаймыз.
  2. Қиямет күнін теріске шығару себептерінің бірі – халықтың Құдайдың ғылымы мен құдіретінен хабарсыздығы мен надандығы.
  3. Күпірлік пен күнә жасау адамның ақылын ғайыптық ақиқаттардан адастырады. Мұндай адам тек сезілетін материалдық нәрселерді көреді.
  4. Алланың құдіреті, хикметі мен әділеттігі қиямет күні келетіні туралы илаһи уәденің орындалуын қажет етеді. Бұған қатысты күмән келтірудің өзі лайықсыз.

 "Ғафир" сүресінің 60-аятына құлақ түріңіздер:

«وَقَالَ رَبُّکُمُ ادْعُونِی أَسْتَجِبْ لَکُمْ إِنَّ الَّذِینَ یَسْتَکْبِرُونَ عَنْ عِبَادَتِی سَیَدْخُلُونَ جَهَنَّمَ دَاخِرِینَ»

Аяттардың аудармасы:

Раббыларың: “Маған жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын. Расында Маған құлшылық қылудан паңсынғандар, олар қор болып, тозаққа кіреді” дейді. (60)

Алдыңғы аятта қиямет күнінің орнайтыны туралы айтылған. Бұл – Алланың уәдесі. Ал мына аятта: «Күнәһарлар мен қылмыскерлер ғана емес, Алланы таныса да, оған ғибадат етуден бас тартқан адамдар да тозаққа кіреді. Өйткені бұл Жаратушы алдында тәкаппарлық танытумен бірдей. Өзін үлкен санап, оған ғибадат етуден бас тартқан адам қиямет күні қорлыққа ұшырап, тозаққа жіберіледі»,-делінген. 

Әрине бұл іс Құдай біздің ғибадатымыз бен табынуымызға зәру деген сөз емес, тәкаппар әрі үстемшіл рухтың нәтижесі тозақ екенін адамның есіне салу болып табылады. Мұндай адам Жаратушыға бас июдің орнына өзінің нәпсіқұмарлығының соңынан ереді. Мұның ақыры адасудан басқа ештеңе емес.  

Аяттың басында Жаратушыға ғибадат ету үлгілерінің бірі баяндалады: дұға оқу және Құдайға құлшылық ету. Яғни Ислам дінінде белгіленген намаз бен ғибадаттан басқа адам әрдайым Құдайды еске алып, оны шақырып (атын атап) тұруы керек. Қиындыққа тап болғанда қажеттілікті жою үшін, әл-ауқат жақсарып, тыным тапқанда нығметтерге шүкіршілік ету үшін Алланы еске алып тұру керек. Құдай пенделердің дұғасын тыңдауға, оларға қолайлы тәсілмен жауап беруге уәде берді. Әрине дұға тілеушінің тілегіне тиісті жағдай жасалған кезде ғана дұға орындалады. 

Құдайдың ғылымы мен құдіреті шектеусіз, абсолютті болғанымен, оның хикметі пендесі қалағанның бәрін орындауға жол бермейді. Сондықтан ол адам мен қоғамның мүддесіне сай дұға тілеушіге ең жақсы жағдайды тудырып, оған ең қайырлысы болуын қадағалайды. Мұны адамның өзі түсінбеуі мүмкін.  

Мұнымен қоса, дұға еңбек пен талпыныстың орнын баспауы керек. Егер адам талпыныстан бас тартса, осы үшін оның дұғасы орындалмайды. Негізі көптеген дұғалардың орындалмауының себептерінің бірі – адамдардың ешбір талпыныссыз дұға жасауы.  

Кейбір дұғалардың орындалмауының басқа да себептері мен факторлары бар. Солардың ішінде адам өзіне пайдалы мен зияндыны анықтауда қателеседі. Бар жан-тәнімен өзіне мүлде пайда әкелмейтін нәрсені Құдайдан сұрайды. Мұндай жағдайларда оның дұғасы орындалмайды. 

Бұл аяттан үйренетініміз:

  1. Дұға – Құдайға құлшылық етудің бір түрі. Оны тастау – Аллаға құлшылық етуді тастап, тәкаппарлыққа салыну деген сөз.
  2. Дұғада тек Құдайға қарап, тек Одан қалауымызды сұрайық. Оған серік қоспайық.
  3. Құдай біздің қажеттілігімізді біледі. Біздің дұғамыз бен құлшылығымызға зәру емес. Шын мәнінде Құранда дұға етуге берілген бұйрықтың адамға әсері мен берекеті мол. Соның ішінде дұға адамға кез келген жағдайда Құдайға зәру екенін көруге себеп болады. Барлық бақытсыздықтар мен бәлекеттердің бастауы саналатын күпірлік пен тәкаппарлықтан бой тартуға көмектеседі.
  4. Алла алдындағы кез келген тәкаппарлық қиямет күні адамдардың қор болуына әкеліп соқтырады.

Осымен бағдарламамыз аяқталды. Баршаңызды бір Аллаға тапсырамыз.