Құраннан үйренейік (8)
بسم الله الرحمن الرحیم الم
Құрандағы екінші және ең ұзын сүре - «Бақара» сүресі. Сүренің «Бақара» («Сиыр») деп аталуы Израил ұрпақтарының өгізі туралы оқиғаға байланысты.
Бұл сүре ерекше құрамы бар, адам назарын аударатын әріптерден басталады: Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. «Әлиф Ләм Мим» (1)
Әдетте бірнеше әріптен сөз құрылып, мағынаны білдіреді, бірақ Алла Тағала Қасиетті кітабының 114 сүресінің 29-ын әріптермен бастаған, әр әріп жеке әрі негізгі атауларымен оқылады. Олардың бірі «Әлиф Ләм Мим» деп оқылатын «Бақара» сүресінің 1-ші аяты.
Араб тілдерінде бұрын-соңды болмаған мұндай әріптер Құранда муқатта‘а әріптері, яғни бір-бірінен бөлініп, бөлек оқылатын әріптер аталды. Көп жағдайда бұл әріптерден кейін Құранның мұғжизасы, ұлылығы мен өзіндік ерекшелігі туралы айтылған аяттар кездеседі. Мәселен, «Шура» сүресінде «Ха Мим. Айн Син Қаф» әріптерінен кейін «(Мұхаммад с.ғ.с.) Тым үстем, аса дана Алла Тағала саған да, сенен бұрынғыларға да осылайша уахи етті»,- деп айтылды.
Алла Тағала «мұғжиза саналатын кітабымда өздеріңе жат, түсініксіз кейбір сөздер мен тіркестерді емес, өздерің білетін әліпбидің әріптерін қолдандым» деп айтқысы келгендей. Ал «Құранды мұғжиза емес» дейтіндер, егер айтқандары дұрыс болса, әліпбидің әріптерін пайдаланып, Құран сияқты қол жетімділігі, шешендігімен және мазмұнымен ерекшеленетін кітап жазып көрсін.
Иә, әліпбидің әріптерінен кітап жазу Алланың өнері, адам тіпті бір ұқсас сүрені жаза алмайды. Алла Тағала жансыз топырақтан мыңдаған түрлі өсімдіктер мен жемістерді өсіреді, ал адам топырақтан кірпіш пен қыш жасайды!