Сәу 23, 2016 17:56 Asia/Almaty

Барлық ғибадаттардың тамыры зікір айтып, Алланы еске алу және Одан басқаны ұмытуда. Осы салада намаз ең жақсы зікір болып саналады.

 Алла Тағала «Анкабут» сүресінің 45-ші аятында: «Кітаптан саған уахи етілгенді ғана оқы да намазды орында. Күдіксіз намаз арсыздықтан, жамандықтан тыяды...»,- деп айтқан болатын. Бұл аятта пайғамбарға екі бұйрық берілген: біріншіден, Құраннан уәхи етілгенді оқы, өйткені Құранда адамның бұл дүние мен ақыреттегі қажетті барлық нәрсесі туралы айтылған. Сондықтан соны оқып, тағылымын өмірінде пайдалансаң, дүние мен ақыреттің бақытына жетесің. Осы бұйрығынан кейін тәрбиенің неігізі саналатын екінші «намазды орында» деген бұйрығын айтады. Намаздың өте маңызды әсерлерінің бірі адамды күнәдан алыстатуы. Намаз – күнәдан тазартып, илаһи тағылым үйрететін құрал. Пайғамбар өз сахабаларынан: «Егер үйлеріңнің қасынан таза және мөлдір бұлақ ағып, күн сайын бес рет оның суына жуынсаңдар денелеріңде кір қалады ма?»- деп сұрағанда, олар: «Жоқ»,- деп жауап берген. Сол кезде хазірет: «Намаз – сол ағып жатқан бұлақтың суы сынды. Адам намаз оқыған сайын екі намаздың арасындағы күнәлары кешіріледі»,- деді. Сөйтіп, күнәнің салдарынан адамның рухы мен жанында қалатын жарақаттар намаз арқылы жазылып, жүрекке қонған тат кетеді. Намаздың тәрбиелік ерекшеліктерінің бірі алдағы күнәлардың алдын алуы болып табылады. Өйткені, намаз адамның иманын нығайтып, жүректерде тақуалықтың көшеттерін өсіреді. Иман мен тақуалық – күнәлардың алдындағы ең мықты бөгет. Бұл «Анкабут» сүресінің 45-ші аятында «арсыздықтан, жамандықтан тыятынның» нағыз өзі. Намаз – сондай-ақ, білімсіздіктің алдындағы бөгет. Алланың жолына түскендердің ең үлкен мәселесі өзінің жаратылу мақсатын ұмытуы және өткінші ләззаттар мен материалдық өмірге бату. Бірақ намаз тәулік бойында бес рет орындалса адамға ескерту жасап, оның не үшін жаратылғанын есіне салады. Адамның күнделікті бірнеше рет оған ескерту жасайтын құралға ие болуы үлкен нығмет болып саналады. Намаз менмендік пен тәкаппарлықты басады, өйткені адам күні-түні 17 рекет орындап, әр рекетте екі рет маңдайын Ұлы Алланың алдында жерге қойып, өзін Оның алдында кішкентай бөлшек санайды. Ол тәкаппарлығы мен менмендігін және өзін басқадан артық санауын шетке қояды. Сол себепті хазірет Әли (ғ.с.) исламдық ғибадаттардың философиясы көрсетілген әйгілі хадисте иманнан кейінгі бірінші ғибадатты намаз деп қуаттап: «Алла Тағала иманды адамдарды шірк пен тәкаппарлықтан тазарту үшін намазды уәжіп етті»,- деген болатын. 

  Намаз – тәрбиенің құралы, адамның ахлағы мен рухани кемелдігінің себепкері. Өйткені, намаз адамды материалдық және табиғаттың төрт қабырғасына тірелген шектеулі әлемнен аспандарға көтеріп, періштелермен сырластырады. Адам намаз арқылы ешбір делдалсыз Алланың алдында тұрып, Онымен сырласып, сұхбаттасады. Бұл ғамалды тәулік бойында қайталау, Алланың Ұлылығы, Рақымдылығы мен Мейірімділігін ұмытпау және Одан көмек сұрау адамның болмысындағы ахлағын тәрбиелеуге үлкен әсер етеді. Имам Әли (ғ.с.)-ның хадистерінің бірінен: «Намаз – әр имандыны Аллаға жақындататын құрал»,- деп оқимыз. Намаз адамның басқа амалдарына рух пен құндылық сыйлайды. Өйткені намаз ықыласты жаңғыртады. Намаз – ақ ниет, пәк сөздер мен ықыласпен орындаған ғамалдардың жиынтығы. Оны тәулік бойы бірнеше рет қайталау адамның ықыласын нығайтып, оны жақсылық жасауға жігерлендіреді. Имам Реза (ғ.с.) намаздың философиясы туралы қойылған сұраққа: «Намаз оқу адамды Аллаға жақындатып, шірк және пұтқа табынудан алыстатады. Алланың алдында тұру адамның бойында қарапайымдылықты тәрбиелеп, күнәларды мойындап, кешірім сұрауға итермелейді. Сондай-ақ, маңдайды жерге қою Жаратушының алдында тағзым ету болып саналады. Намаздың мақсаты адамның жүрегіне ұмытшақтықтың шаң-тозаңын қондырмау, масаттандырмай, тәкаппарлықты жою, қарапайым болуды үйрету, дін мен дүние түсініктеріне қатысты білімін арттыру болып табылады. Сонымен бірге әрдайым намаздың арқасында Жаратушыны ұмытпау, Алланың адында тұру адамды әртүрлі бұзақылықтан алыстатады»,- деп жауап берген болатын.